Таң асырған кеудемде тұлпарым бар

1570

0

Сәрсенбек Бекмұратұлы – оннан астам өлең-жыр жинағы мен деректі прозалық кітаптың авторы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Халықаралық «Михаил Шолохов» медалінің иегері.

Ән мен дәннің мекеніне айналған Сыр бойының әрбір тұрғыны ақын жанын бейжай қалдырмайды. Ақын жырының негізгі арқауы – тәуелсіздік, туған жер, отанды сүю, ұлттық салт-дәстүр тақырыбы.

75-тің белесіне шығып отырған ақынның көңіл-күйді білдіретін, адамның ой-өрісін кеңейтіп, қиялын шыңдайтын лирикалық, пәлсапалық және сыршыл жырлары бұл пікірімізді қоштап тұрғандай.

АБАЙДЫҢ СЫНЫ

Ұлы Әбiштi шақырды да ұлы Абай,

Сынау үшiн қойды сұрақ мынадай:

– Ақ түстi ме,

әлде қара зат асыл?

Тапқыр болсаң өтшi сыннан құламай.

– Ақ зат асыл, – дедi Әбiш ойланбай,

Күнiбұрын жауап тауып қойғандай.

– Ал менiңше, қара түстi зат асыл…

– Айғағыңыз бар ма дәлел болғандай.

Бұл сөзiме бар төрт түрлi айғағым,

Мысалы: адам туып-өскен аймағын,

Көзiменен көрiп, тамашалайды

Ойы-қырын, жазығы мен сайларын.

Көретұғын аласы емес, қарасы,

Күмәндансаң өзiң байқап қарашы.

Сол себептi қара түстi зат асыл,

Ешкiмнiң де болмас бұған таласы.

Не болмаса ақ қағазды алайық,

Әдемiлеп оған назар салайық.

Қағаз аппақ, бiрақ онда жоқ бiлiм,

Түспейiнше бетiне әрiп қарайып.

Өнер, бiлiм, сол қарайған әрiпте,

Кәусарынан қанып iш те, дәрiпте.

Дүниеге тұтқа болған ғылымның,

Анасы – әрiп, ал атасы – әлiппе.

Қай кезде де шындық жатар егесте,

Сүрлеу түспей шыға алмайсың дөңеске.

Қара түстi заттың асылдығына,

Мына мысал нақты дәлел емес пе:

Сақал-шашың қара болар жасыңда,

Ақылың да көп болады басыңда.

Қартайғанда сақал мен шаш ағарып,

Азаяды миың менен ақыл да.

Тағы дәлел – Исламның көсемi,

Алла елшiсi – хақ Мұхаммед кешегi.

Раббының асыл жүзiн көруге

Жарықта емес,

түнде барған деседi.

Адамзатқа иман сұрап сабылып,

Бiр Аллаға құлдық ұрып, жалынып.

Қара түстiң қасиетi болмаса

Неге барған қара түндi жамылып?!

Мiне, менiң саған айтар айғағым,

Сен де, ұлым,

жауабыңды сайлағын.

Төрт дәлелдi сарабыңа сал-дағы,

Өзiң айтшы әдiлдiгiн, байламын.

– Парасатты ой жүгiртiп бәрiне,

Қанықтым мен көп дәлелдiң мәнiне.

Сiз бұларды немен ойлап бiлдiңiз,

Әйтсе-дағы таласым бар әлi де.

– Төрт айғақты таптым ойлап басыммен,

Сезiмiммен, зердемменен, ақылмен.

Өнер, бiлiм ғылымдарға бастайтын,

Ақыл деген адамдағы асыл кен.

– Олай болса еш қисын жоқ егеске,

Ақыл деген ми iшiнде емес пе?

Ал, ми аппақ, демек онда ақылды,

Бар ма шара аппақ емес демеске.

Ақыл – сәуле ағайыны жасынның,

Ақыл – жарық, ақыл – нұры асылдың.

Нұр мен сәуле еншiсiне тиген соң,

Бұл да дәлел ақтығына ақылдың.

– Сынау үшiн айтып едiм, құлыным,

Жеттi көзiм, толық екен бiлiмiң, –

Дедi-дағы тәнтi болған ұлы Абай,

Маңдайынан иiскедi ұлының.

АҚЫН БОП ЖАРАЛҒАНДЫҚТАН

Тарыққан шақта, ей, адам,

Берсем деп саған қол ұшын.

Ақпанда ақ қар бораған,

Гүл көктем iздеп сен үшiн.

Көк дауылға да ұрынып,

Көзiмнiң жасын бұласам.

Сүрiнбес жерде сүрiнiп,

Құламас жерде құласам.

Омбы қар кешiп малтықсам –

Ақын боп жаралғандықтан!

Ей, адам!

Саған бақ тiлеп,

Тағдырдың тәлкек тезiнен,

Теперiш көрсе пәк жүрек,

Өз мұңым сынды сезiнем.

Ағытып сонда жыр селiн,

Мың жығылып та мың тұрып,

Бақытың үшiн бiр сенiң,

Iлгерi жүрсем ұмтылып.

Сен үшiн мұңға шалдықсам –

Ақын боп жаралғандықтан!

Алаулап тұрса қыр гүлi,

Жайнаса балғын жапырақ.

Төгiлiп көктен күн нұры,

Жайқалса шалғын атырап.

Теңiздей тасып толармын,

Жаным бiр жазға кенелер.

Шаттығын жырлап солардың,

Шалқып та жүрсем мен егер,

Өмiрден нәзiк әндi ұққам –

Ақын боп жаралғандықтан!

ШАР

Бүгiн мейрам күлкi де көп, гүл де көп,

Алтын нұрға тұр алаңды күн бөлеп.

Шаттанып жүр шар ұшырып заңғарға,

Жауқазындай желкiлдеген кiл бөбек.

Қызыл-жасыл шарлар ұшты қалықтап,

Ал, балалар әсем әнге салып шат.

Көк жүзiнен көзiн алмай қарайды,

Шармен бiрге қиял-құсы шарықтап.

Бiр қызыл шар өзгелерден бөлiнiп,

Әуеледi күн нұрына көмiлiп.

Жүз құбылып сан аунады

Бейне бiр,

Жас қырандай көкте құрған серiлiк.

Жаулап алған, баурап алған жанарды,

Мыңдаған көз тек өзiне қадалды.

Жалт-жұлт етiп Күнекей қыз секiлдi,

Қылығымен таңғалдырды адамды.

Арай таңда аспан толып ұранға,

Дейдi халық:

– Шар ма әлде қыран ба?

Мұзбалақтай басылмаған құмары,

Қалай-қалай шарқ ұрады шығанға?!

Көп қадалған,

Дөп қадалған көзден бе,

Бәлкiм, әлде әлгi асылық сөзден бе:

Қенет сол шар жарылды да ауада,

Жанарымнан ғайып болды тез, демде.

Ей, адамдар!

Бұзылмасын ел сәнi,

Естiлмесiн ендi мұңның шер сазы.

Жарылса сол шар жарылсын, бiрақ та,

Жарылмасын,

Жарылмасын Жер шары!!!

ҚЫДЫР ҚОНҒАН

Шиелі ауданының 95 жылдығына

О, менің қыдыр қонған, ырыс-далам,

Мен де бір перзентіңмін жыр ұштаған.

(Жыр жазбаса жауырыны құрыстаған)

Ұлан-асыр той болып жатқан кезде,

Мен қалай жыр арнамай тынышталам?!

Шиелі жұмбақ ғалам өз алдына,

Күн сайын құлпырады көз алдымда.

Әлемге аты мәлім жұмақ жерім,

Жастықпен қадіріңді сезе алдым ба?

Қастерлі Қаратаудың жалғасы бұл,

Өңірім – өмірі жыр, албаты дүр.

Бір тынбай күні-түні ағып жатыр,

Дария – асау өзен, арнасы нұр.

Әр беріп төңірегіне, көрік беріп,

Бозадай буырқанып, көбіктеніп,

Тулайды жарға соғып көкжал толқын,

Жағада тұрған жанға желік беріп.

Бар әлем бағалайды күрішіңді,

Күріш барда неғылсын мырышыңды.

Көлге біткен нар қамыс бизнес болып,

Кеңейтті бұрынғыдан тынысыңды.

Экспорт қарқындатты жұмысыңды,

Бүкіл ел қуаттады бұл ісіңді.

Тәнті боп заманауи тірлігіңе,

Қарт ақының жүректен жыр ұсынды.

Төрт түлік асыр салған атырабың,

41 Ер шығарған топырағың…

Туған жер,

Өркенің жай, ал мен саған –

Тәңірден бақыт тілеп отырамын.

Шығардың әлем білген ердің ерін,

Еңбеккерге сыйладың елдің төрін.

Қашанғы өткенді айтып мақтанамыз,

Тағы да Ер туғызар келді кезің!

Шиелім – бақ дарыған құт мекенім,

Ежелден белгілі ғой мықты екенің.

Даңқыңа дақ түспесін биіктей бер,

Осы ғой менің-дағы түпкі есебім.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<