Грузияда түсірілім барысында Қазақстан актері Фархат Әбдірайымов қайтыс болды. Бұл ақпаратты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өкінішке орай рас ақпарат. Ол Грузияда түсірілімде болған еді. Өлім себебі – инфаркт», – деп хабарлады кейіннен «Қазақфильм» АҚ-дан.
Фархат Әбдірайымов 1966 жылы 21 қаңтарда Алматы қаласында туған. Алматы технологиялық университетін инженер-технолог мамандығы бойынша бітірген. 1999 жылдан Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның актері болған еді. Ол «Шанхай», «Ақсуат», «Омпа», «Махаббат тәлкегі», «Сиқыршы демеуші» сынды фильмдерге түскен. Фархат Нұрсұлтанұлы РФ «Үздік актер» кино басылымының бас жүлдесін, XXI Халықаралық «Святой Георгий Победоносец» кинофестивалінің Гран-при жүлдесін жеңіп алған.
2020 жылы «Алтын Адам» сыйлығының «Жыл киножұлдызы» аталымын иеленген. ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<