Тарих та, тәрбие де жырда тұр

1354

0

Төл өнердің туын көтеріп жүрген ҚР Мәдениет қайраткері, жыршы Берік Саймағанбетов бала кезден жыраулық өнерді бойына сіңіріп өскен. Ол – әкеден дарыған текті өнердің шырақшысы, алдыңғы буыннан үйренген өнердің қыр-сырын кейінгі ұрпаққа насихаттау жолында еңбек етіп жүрген жан. Рухани шөліркеген ұлтты жырмен сусындатқан өнер иесімен пікірлесудің сәті түсті. Жүрекжарды лебізі мен дәстүрлі өнер тағдырына деген алаңдаушылығын тыңдадық. Жыршының орамды ойларын, пайым-парасатынан өрілген өрелі сөздерін осы орайда зерделі оқырман назарына ұсынуды жөн санап отырмыз.

– Қазақ қоғамы жырдың қадіріне әлі де жете алмай келеді. Ал, шынында тұтас руханият осында тұр. «Тарихымыз – жырымызда» деп айтамыз. Тарих жырда тұрған соң, тәрбие де сонда тұр ғой! Сондықтан дұрыстап қолға алуымыз керек. Себебі, нағыз қазақы философия, небір бейнелі сөздеріміз жырда. Жалпы, Сыр бойы жырауларының қасиеті – ана заманды айтып, осы заманды меңзеп тұрады. Өлмейтін сөз дегеніміз де сол, яғни, барлық заман үшін адамгершілік қағидалары бірдей. Сол сөз ана заманда да, қазір де өзекті. Адамның өзін-өзі тәрбиелеуі де – атадан балаға ауысып, жалғаса беретін дүние.

Халық санасында қалыптасқан ұғым бар да, сол ұғымның атқаратын міндеті бар. Ақын – өлең жазатын адам. Ал, жырау – қазақ хандығымен бірге өмір сүрген ұғым. Жырау өнерпаз емес, одан биік. Керек десеңіз, жырау – елдің ұраншысы, мемлекет қайраткері. Қазақ хандығы тұсында жыраулық – мамандық болатын. Ұлтқа рух сыйлаушы тұлға еді.

Мысалы, Бұқар жырауды алайық. Бұқармен қатар өмір сүрген талай жыршылар болған. Бірақ олардың жырау аты қалған жоқ. Кешегі Кенесарыны соңғы ханымыз деп мойындайтын болсақ, оның қасында жүрген Нысанбайды қазақтың соңғы жырауы деп айта аламыз. Себебі, Кенесарының бүкіл жорықтарына қатысқан – Нысанбай. Біз айтып отырған ұғымдағы жырау сонымен шектеледі. Себебі ол жыраудың функциясын атқарған.

Бірақ сол функцияны атқармаған, елдің ұраншысы болмаған, бірақ соған талпынған жыраулардың ішінде біз Базар жырауды қазақтың ең соңғы жырауы деп атар едік. Олай дейтініміз, оның Кенесарының баласы Сыздықпен арада келісімі болды. Сыздық әкесінің кегін алып, қазақтың басын қосқысы келді. Сол жолда жүріп ғазауат соғысына шығам деді. Сөйтіп Базармен келісті. Бірақ ол ойлары іске асқан жоқ. Мұны айтып отырғаным, қазір біз бәрін жырау деп атауға құмармыз. Сонымыздан термешілік, жыршылық, орындаушылық дегендерді аттап өтіп кетеміз. Олай болмайды, әр нәрсе өз атымен аталуы керек.

Қандай тұлға болса да, оны халық өз ортасынан өсіріп шығарады. Қай адам қандай да бір үлкен жетістікке жетсе, сол жердегі халықтың барлығының үлесі бар. Өнерпаздың өсуі де, өшуі де халықтың құзырында. Сол үшін қазір ұлттық сананы, ұлттық идеологияны қалыптастыру керек. Қоғамдық сана қалыптасқан кезде ғана өнер басқаша үрдіс алады. Біздің рухани құндылықтарымыз, дәстүрлі өнеріміз кәдімгі өгей баланың күнін кешіп жүр. Халықтың қошеметіне мұқтаж.

Біздің өнер – саналық өнер. Сондықтан ұлттың өнерін айтыс, жыр, басқа деп бөлмей, тең көзқарас қалыптастыру қажет. Әрқайсысы кезінде осы ұлтқа қызмет етті. Сондықтан бір-бірінен айырмашылығын, кемшілігін қолдан жасамау керек.

Өнер де адамға таңдап қонады. Екінің біріне емес. Мысалы, он адамға осы өнерді бұйыртатын болса, соның біреуін ғана көсемдік дәрежеге апарады. Сол өнер саласын басқарып жүру, оған қамқоршы болу да өнерпаздардың арасында екінің біріне қона бермейтін қасиет. Сондықтан өнердегі ең басты нәрсе – тазалық. Тазалық болмаған жерде өнердің адамға тұрақтауы өміршең емес. Ал, ол тазалық – көңілдің, өзіңнің тазалығың.

Былтыр Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» дастанын Жалағашқа апарып бес жыршыға жырлаттым. Соның аудиожазбасын, телевизиялық нұсқасын жасап, монтаждап дайындап отырмын. Қаржының ыңғайы болса, биылғы жыраудың 200 жылдығы қарсаңында жарыққа шығарсам ба деймін. Себебі, Нысанбай мұрасы – аймағымыз үшін қажетті дүние. Жырау туралы көп мағлұмат та жоқ. Оның мәңгілік мекені де аймағымызда екенін ешкім біліп жатқан жоқ. Зираты Жалағашта, қазіргі Еңбек ауылында.

Бір жылдары мен «Тау тұлға – Тұрмағамбет» деген айдармен әлеуметтік желіде Тұрмағамбет жырларының түсіндірмесін жүргіздім. Сонда ақынның өлеңін беріп, астына қарапайым тілмен түсіндірмесін жаздым. Сонымды кітап етіп шығардым. Жақында тұсауын кесеміз. Себебі, ақын-жырауларымыздың жырларындағы сөздер қазіргі оқырман үшін ауыр. Мағынасын ашып, түсіндіруді керек етеді. Бірақ заманында оны ешкім ауыр деген жоқ қой. Барлығы түсінді. Мұны айтып отырғаным, қазір қазақ қазаққа аудармашы болуға мәжбүр болып отыр. Бұл – ұлт үшін үлкен қасірет. Сондықтан ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлу қажет.

«Қисса сүл-әнбия» – ұлттың тәрбиешісі болған құрал. Қазақта оны білмейтін адам болмаған. Бала тәрбиесінде үлкен рөл атқарған. Ішінде аспан мен жердің, он сегіз мың ғаламның, адамның жаралуынан бастап, неше түрлі қиссалар болған. Маңызды-маңызды деген нәрселер, күнделікті көз көріп жүргеннің барлығы содан табылған. Соларды қисса есебінде балаларға айтып отырған. Соның барлығы кешегі уақытқа дейін жабық тақырып болып келді. Бірақ мен өзімді сол тәрбиені көргендердің соңымын деп айта аламын. Өйткені менің әкем 1985 жылы, жүз бір жасында қайтыс болған. Ол кісілер – «Қисса сүл-әнбияны» жатқа білген адамдар. Мен бала күнімнен сонымен қоректендім.

Елдегі «Үш күлше», «Аққұстың хикаясы» деген сияқты Тұрмағамбетте де, Омарда да кездесетін өлеңдер бар. Солардың барлығының түпкі бастауы «Қисса сүл-әнбияда» жатыр. Бұрын ауылдағылар жұма намазға барады екен де, мешітте намаздан соң әңгіме айтылатын болған. Сол әңгімені Бегім дейтін әкеміз айтады екен. Сосын отырған інілеріне: «келесі жұмаға дейін осыны өлеңге айналдырып алып келесің» деп тапсырма беретін көрінеді. Олар жазып алып келеді. Арасынан жақсы шыққан өлеңдерді Бегім әкеміз жырауларға беріп: «Жаттап, ел аузына таратыңдар» деп айтып отырған. Ел ішіндегі қалыптасқан дәстүр осындай болған. Атадан балаға келе жатқан із ғой. Қарап отырсақ, өнердің айналасында жүрген ақындар, дін өкілдері, жыраулар арасында сондай одақ болған. Ол одақ ұлтты тәрбиелеуді мақсат еткен.

Дәстүрлі өнер бағытында балаларға арнап үйірме жұмысын бастағанымызға бір жылға жуық уақыт болды. Ондағы мақсат – Мемлекет басшысының балалар шығармашылығын дамытуға байланысты берілген тапсырмасы аясындағы қолдау шараларын ұрпақ тәрбиесіне пайдалану. Өнердің ұрығын шашып, өнерпаз қатарын көбейту. Үйірме баланы кәсіби өнерпаз деңгейіне көтермесе де, есесіне балада өнер туралы мол мағлұмат қалыптасады. Қазір Төретам, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Қызылордада балаларды тәрбиелеп жатырмыз. Мыңнан астам бала би, күй, жыр, көркемсөз оқу, шешендік өнер бойынша дәріс алуда.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<