Адам баласының, оның ішінде өнер адамының өмір жолы әрқилы. Біреулері салғаннан сара жолға түсіп, балалық шақтан бауыр басқан арманына сапар шегеді. Екіншілері болса сол арман-мұратына асықпай, алдынан шыққан асулардан арып-ашып өтіп, толысып, толғанып жетеді. Біздің кейіпкеріміз – осынау екінші белестен әбден төселіп, ысылып барып өткен өнер иесі.
Қызылорда облысының теңіз аттас ауданының қиян шетіндегі Қаратерең елді мекенінде 1948 жылы дүние есігін ашқан Сыр бойындағы белгілі прозашы Бегімбай Ұзақбаев қоян жылы жетпіс бес жастың биігіне шықты. Алғашқы еңбек жолын ауылдағы балық өңдеу зауытында жұмысшы болып бастаған Бегімбай онан әрі №82 сегізжылдық мектепте вожатый, тарихшы ұстаз, кейін комсомол, партия, кеңес органдарында жауапты қызметтер атқарды.
– Бала жастан өнерге, өлеңге бүйрегім бұрып тұратын. Соның әсері шығар, 1966 жылы Аралдағы Қазанғап атындағы ұлт аспаптар оркестрінің құрамында сол кездегі республика астанасы Алматы қаласында өнер көрсету бақытына алғаш рет ие болғаным әлі есте. Бізді республикалық байқауға аупартком хатшысы Қ.Қартақов бастап апарып, өнер жарысына атақты композитор Нұрғиса Тілендиев пен дәулескер күйші Сәдуақас Балмағамбетов дайындаған болатын, – дейді ол бір сәт алыста қалған жылдарға ой жіберіп.
Иә, сол бір балалық шақта болашақ қаламгер ақ параққа алуан түрлі бейнелерді айшықтап суретші болуға құлаш ұрған болатын. Оның үстіне салған суреттері мектеп қабырға газетін безендірген оның өнеріне ұстаздары түгілі, сонау Ленинградтан Қосаралға келген экспедиция мүшелері де тәнті болған еді.
Қосарал бұл – патшалық Ресей тұсында Қаратерең ауылының іргесіндегі айдауда жүрген Украина халқының озық ойлы перзенті Т.Шевченко болған тарихи мекен. Сол жерге келген экспедиция мүшелері Ресейдегі суретшілер мектебіне баруға Бегімбайды біраз үгіттеген көрінеді. Алайда үйдегі жалғыз анасы арманшыл баланы алысқа жібермей алып қалыпты. Бәлкім, қонақтардың қолқасына құлақ асқанда бұл күндері Әбілхан Қастеев, Сахи Романов сияқты қазақтың атақты суретшісі болып шығар ма еді, қайтер еді?
Бір кездегі бозбала күйші әрі әнші Бегімбай Ұзақбаевтың Арал аудандық «Толқын» газетінде ауылдан жазған хабар-ошарлары, оймақтай суреттемелері жарық көріп жүргені мектеп қабырғасындағы біздің есімізде әлі күнге. Соның әсері шығар, бұрынғы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, онан кейін Алматы Жоғарғы партия мектебін, Мәскеудегі СОКП жанындағы Одақтық ғылым академиясының қысқа мерзімді курсын ойдағыдай тәмамдағаны бар. Сол тұстары облыс орталығындағы жауапты қызметке орналасқан Бегімбай ағамыз бала жастан жүрегіне от тұтатқан мақсатына жетуге асығады. Бұған себеп, ауылда жұмысшы болып жүргенде «Тілші бала» атанғаны түрткі болған тәрізді.
Ол осы мақсаттың жетегімен облыс орталығына қоныс аударады. Бұл 1973 жыл болатын. Қалада атақты ақын, парасатты прозашы, жерлесі Зейнолла Шүкіров тұрып жатқан еді. Сырттай аға қаламгердің шығармаларына қанық, оның үстіне Мұзафар Әлімбаевтың ол туралы жазылған «Құрыш қазақ» поэмасын, Бек Тоғысбаевтың «Жаңбырлы күз еді» кітабындағы көлемді көркем очеркін он мәрте қайталап оқыған. Ол – жазу-сызуға бейімі бар жастар ақынның А.Чехов көшесі, 29 үйдің 1-пәтерінен күндіз-түні шықпайтын тұсы. Зекеңнің жастарға есігі ашық, тілегі түзу.
Бір күні Бегімбай да тәуекелге бел байлап жазушы ағасының есігін жасқаншақтана, жүрексіне қақты. Ар жағынан «бұл кім-ай?» деген ақынның таныс дауысын естігенде ағасының жанынан бір-ақ шығады. Келген шаруасын айтып құс төсекте жаралы қырандай жамбастаған Зейнолла Шүкіровке тырнақалды туындысының қолжазбасын ұсынады. Бұған дейін де аудандық, облыстық газеттерде тұңғыш әңгіме-очерктері жарық көрген Бекеңнің көңілі көпке дейін алаң болған. Зейнолла Шүкіровтен әлгі «Ақ түн» деректі хикаятының бағасын алғанша байыз таппай, пәтеріндегі қара телефонға қарауыл болғандай талай күн, талай түн көз ілмегені күні кешегідей есінде.
Аға қаламгер «Ақ түн» хикаятына айтулы лебізін ауызша да, жазбаша да берген сәттегі жас жазушының шаттық кернеген жүзін көрсең… Көп ұзамай осы шығармасы облыстық газеттің айқара бетіне басылып, оқырманның ыстық ықыласына бөленген. Кейінірек «Ақ түн» хикаяты автордың басқа да әдеби дүниелерімен бірге «Тағдыр» деген атпен республикалық баспалардан кітап болып басылып, жетпісінші жылдардың бас шенінде жарық көрген. Сол жетпісінші жылдардың алғашқы ширегінде емес пе, Бегімбай Ұзақбаевтың алғашқы әңгімелері республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеттерінің бетінде жарияланып, айды аспаннан шығарған тұсы.
Жазу-сызу – өнер. Мұнымен аш құрсағыңды жұбата алмайсың. Оның үстіне алған азғантай қаламақың қара басыңнан артылмайды. Бегімбайдың шиеттей жеті перзенті бар. Соларды бір қараға жеткізу үшін қызметтен қол үзбеуі шарт. Ол сөйтті де. Кезінде облыстық партия комитетінде нұсқаушы, КСРО Министрлер кеңесі Дін істерінің облыс бойынша уәкілі, Тәуелсіздік алғалы облыс әкімі аппаратында бөлім, сектор меңгерушісі, бас инспектор болып абыройлы қызмет атқарғаны қызылордалықтардың есінде.
Көркем прозада роман жанрын кешегі соғыс көрген майдангер қаламгерлер ауыр артиллерияға теңейтіні әсте тегін емес. Айтпаса да әдебиет ауылына келетін жас талап қаламгер әуелі өлеңнің есігін имене қағады, сонан соң әңгіме-новелла, сонан соң хикаят жанрына қарай қадам басатыны бәрімізге белгілі.
Сол сияқты теңіз жағалауындағы ауылда жүріп ақ қағазға алғашқы әңгіме, мақалаларын шимайлаған болашақ қаламгер келе-келе біржола әдебиет ауылына аттың басын байлап, оқырмандарына отызға жуық прозалық кітап ұсынып үлгерді. Оның 21-сі көркем және деректі повестер, 67-сі әңгіме, хикаялар, 27-сі ертегі болып ерекшеленеді. Оның ішінде «Тағдыр», «Қилы-қилы заман-ай», «Сырлы сезім», «Бұтақтан өрген бәйтерек» және басқа повестері мен әңгімелері топтастырылған кітаптары кезінде қалың оқырман көзайымына айналғанын білеміз. Бұған қоса Бекең бір мезгіл өзі қаузап жүрген дін тақырыбында салмағы атан түйеге жүк боларлықтай салиқалы ғылыми мақалалардың тізбегін туындатуды да ұмыт қалдырған жоқ.
Жазушы Бегімбай Ұзақбаев Тәуелсіздік жылдары тарихи тұлғаларға тұғыр болған тақырыпты да айналып өткен жоқ. Кеңестік кезеңдерде қазақ прозашылары қатарында бұл тақырыпқа түрен салған Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш», «Қаһар», Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романдары қызыл империяның қыл тұзағында қылғынған қазақ оқырмандары үшін айды аспанға шығарғандай тың жаңалық болды десек, бұл асыра айтқанымыз емес. Бірыңғай кеңестік жетістіктерді жіпке тізген жібектей кестелеген көркем фильмдерді тамашалап, көркем әдебиет көлеңкесін паналаған басқалар сияқты сол тұстағы қазақ оқырмандары да өткенін білуге құмартып өскендер қатарынан болатын.
Қазақ прозасына лайықты олжа салған жоғарыдағы тарихи романдардың авторы Арал теңізінің құяр сағасына қоныс тепкен Қаратерең ауылындағы көптеген оқырмандарының қашаннан ардақтысы атанған жан. Себебі, бұл ауылдағы оқырмандары үшін жерлес жазушының «Жалаңтөс баһадүр», «Сартай батыр», «Байқазақ», «Марал баба», «Қара бура», «Сопы Әзиз пір», «Байқазақ», «Алдаспандар рухы» атты тарихи романдары таптырмас рухани азық болғалы қашан.
Осы арада кезінде оқырмандарының ыстық ықыласына, көркемдік кестесімен көзайымына айналған автордың «Жалаңтөс баһадүр» романы жайында азды-көпті тоқтала кеткен жөн болар. Бұл романның алғысөзін аса көрнекті қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев жазғаны оқырман қауымға кеңінен аян болса керек. Әбіш ағаның әдемі батасын меншіктеген, мемлекеттік тапсырыс аясында «Отырар кітапханасы» сериясымен жарық көрген романның алты мәрте басылып шыққаны қаламгер қарымын біраз байқатса керек.
«Жалаңтөс баһадүр» романының жазылу формасы тарихи деректі шығарманың табиғатына көбірек келіңкірейтіндігіне ешкімнің дауы болмас. Бас кейіпкері – тарихта өзіндік қолтаңбасы бар қаһарман қолбасшы, Самарқан аймағының әкімі Жалаңтөс Сейітқұлұлы. Атамекені – Алаш даласы, Сыр бойындағы Қазалы өңірі. Қазіргі Өзбекстан Республикасының Нұр Ата өңірінде өсіп-өнген. Ұрпақтары да сол аймақта өмір кешіп жатқан көрінеді.
Жазушы заманында айналасындағы үлкенді-кішілі хандықтар түгілі, Парсы, Үнді, Орта Азия патшалықтарына есімі мәшһүр болған Жалаңтөс баһадүрдің батырлық бейнесі мен адами келбетін көркем тілмен кестелей білген. Тілі қарапайым, қаламгерлік қолтаңбасы айқын. Оны мына төмендегі шығарманың шырайлы, шұрайлы жолдарынан әбден айқын аңғаруға болады.
«…Жалаңтөстің назарында қоңтайшы мен қалмақ әскерлері қатар жүреді. Күн өткен сайын күшейе түскен бұлардың бір күні тұтқиылдан тиіп, қазақ пен қырғыз біткенге қырғидай шүйілетінін аңғарады.
Мұның алдында қалмақ елшісі Бахтый келіп кеткен. Сықи көздің түлкі жанары қадалғанда көкіректен өтіп ішкі жан сезімі нені аңғарып, жұмбақтай түйіп сыртқа шығармай отырған сырыңды оқып отырғандай үңіледі.
Білімдарлығында шек жоқ. Осы өңірдің ғұлама ғалымы әрі ақыны жазушы Ахмад әл-Мутанабби жайлы мақтауын келістірді. Онымен ешкім де үзеңгі қағыстырып, тең келе алмайды деген сыңай танытты. Оның түпкі ойы нені меңзеп, нені айтып арбап отырғаны бұған мәлім…»
Жазушы Жалаңтөс баһадүрдің ішкі ойы арқылы басты кейіпкеріміздің үлкен ақыл-парасат иесі екенін аңғартады. 1643 жылы әйгілі Жәңгір хан ескі Жаркент қаласынан күншілік жердегі Қосқолаң тауының арасында 600 сақадай сайланған сарбазымен жоңғардың 50 мың әскерімен шайқасып жатқанда, Жәңгір ханның хабарына орай Самарқаннан 20 мың әскерімен жедел жетіп, жаудың төбесінде жай ойнатқан осы Жалаңтөс баһадүр болатын.
Қаламгер шығармашылығының ортасынан ойып орын алатын салмақты романы «Сартай батырды» оқып шыққан кез келген оқырман мұның да басты кейіпкері жайлы жақсы білетіні анық. Себебі, ХVІІІ ғасырда ғұмыр кешкен сол заманғы орыс-қазақ қатынастары құжатында аты бар Сартай батыр – әйгілі «Мың бала» қозғалысы тарихынан белгілі бейне. Кейін «Жаужүрек мың бала» көркем фильмі дүниеге келгені қазақтың үлкен-кішісіне түгел мәлім болса керек.
Жазушы Бегімбай Ұзақбаев негізінен тарихи тұлғалар туралы тақырыпқа біртабан бейім. Онысы сәтті шығып жүр десек жаңылмаймыз. Мұны Бекеңнің қаламынан бүгінгі жетпіс бес жастың жотасына шыққанда туған жоғарыда біз атап өткен қос романнан басқа «Байқазақ», «Марал баба», «Қара бура», «Сопы Әзиз пір», «Алдаспандар рухы» романдарынан көзіқарақты оқырман жазбай, жатырқамай таниды деп ойлаймыз. Бұған біз жоғарыда атап өткен айтулы шығармалары толықтай дәлел бола алады.
Жауапты мемлекеттік қызмет маңайында жүріп-ақ, кезінде ел-жұртқа елеулі шығармалар ұсынған Төлен Әбдіков, Әбіш Кекілбаев, Марал Ысқақбаев, Кәкімбек Салықов, Садықбек Хангелдин және басқалар сияқты Бегімбай ағамыз да талай татымды, тәуір дүниелерінің тамырына ресми ғимаратта жұмыс істеп жүріп қан жүгірткеніне менің ешқандай шүбәм жоқ.
Шынайы қабілет-дарын иесі етпеттеп жатып-ақ есесін жібермейді. Тас қорғанның тас түнегінде де елді елең еткізетін елеулі шығармалар туындай береді. Бұған бірнеше жыр жинақтары жарық көргенге дейін көрпе үстінде көсіліп жатып тамаша өлеңдер жазған кешегі Қадыр Мырза-Әлі, сегіз жасынан бастап елу екі жаста өмірден өткенше төсекке таңылған Зейнолла Шүкіров, Қытай түрмелерінде қырық жыл тұтқын болған Қажығұмар Шәбденұлы, түрме қабырғасында «Моабит дәптері» сияқты талантты дүние қалдырған татар ақыны Мұса Жәлел тағдырлары дәлел болса керек.
Қазір базарлы нарық балақтан тартып, етектен елі қалмай жүрсе де, шын талант иелері қаламын кідірткен жоқ. Аш қарындарын өзі жазған шығарманың шырайымен-ақ жұбатып, барша қаламдас біткеннің арманына айналған ақжарылқап мезгілді асыға күтеді. Әрине, әрбір адал еңбектің өтеуі, моншақтап төгілген маңдай тердің қайтарымы болуы тиіс. Мұны қызылордалық қаламгер Бегімбай Ұзақбаевтың да ұстанымы деген жөн болар.
Жалықпай жазып, жақауратқанға жалбақтамай мақсат тұтқан биігіне құласа да сүрінбей, сүрінсе де бүгілмей жететін талант иесі болу – кез келген қаламгерге бұйыра бермейтін бақыт. Осы үдеден жазушы Б.Ұзақбаев қолтаңбасын көрсек дейміз. Бұған қаламгердің кез келген тарихи романын бас алмай оқып, көңіл тезінен өткізген оқырманының көзі жетеді.
Қазақстан Жазушылар одағының жыл сайынғы әдеби жыл қорытындысында проза жанры бойынша қызылордалық қаламгер Бегімбай Ұзақбаевтың жаңа кітаптары жайлы жағымды пікірлер айтылып жүргенін білеміз. Бұл оның қабілет-қарымының, еңбекқорлығының қайтарымы болса керек. Қайбір жылы өткен Қазақстан жазушыларының кезекті құрылтайында Бегімбайдың жаңа кітабына проза жанры бойынша хабарлама жасаған белгілі жазушы Нұрдәулет Ақыш басқа да қалам иелерімен бірге өз лебізін білдіргенін құлағымыз шалды. Демек, Бегімбай прозашының тарихи тақырыпқа түрен тартқан тың туындылары да оқырман оясынан табылды деген сөз бұл. Ендеше Бекең жетпіс бес жасқа құралақан келген жоқ. Барша саналы ғұмырын қазақ әдебиеті атты киелі шаңырақтың тарихи проза арнасына таңдау жасаған Сыр бойындағы қалам иесінің әлі де бергенінен берері мол екеніне күмәніміз жоқ. Тарихта жасаған тұлғалардың өмірінен көркем шығарма туғызу – кез келген қаламгердің маңдайына жазыла бермеген бақыт, талантына бұйыра бермеген талап. Сол салада қаламын – қайық, шабытын – желкен етіп әдебиеттің шалқар айдынында жүзіп жүрген Бегімбай Ұзақбаевтың ұзақ жылғы шығармашылық еңбегі жеміссіз, талабы табыссыз емес. «Ерен еңбегі үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» және ҚР Тәуелсіздігіне 10, 20 жыл, ҚР Конституциясына 10 жыл, Халықаралық Жазушылар одағының М.Шолохов атындағы медальдарының иегері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері. Облыс әкімінің грамотасын 4 мәрте, стипендиат атағын сонша рет иеленген қалам иесі ол.
Арал, Қазалы аудандарының Құрметті азаматы.
Бұл күндері зейнет жасындағы қарт қаламгер қаламын қолынан әзірге тастаған жоқ. Тастамайды да. Журналист-жазушы исі қазаққа танымал Тұмар ханым, Бақтыбай батыр сияқты тарихи кейіпкерлерін сырлы сөзбен сомдау үстінде. Осыдан үш жыл бұрын бес томдық шығармалары жарық көрген жазушының тарихи романдары Алматыдағы Абай атындағы университет қабырғасында оқытылып жатқан көрінеді.
Бұрынғы Одақ тұсында КСРО Министрлер Кеңесінің Қызылорда облысы бойынша дін істері жөніндегі уәкілі қызметін атқарған Бегімбай Ұзақбаевтың «Мектеп» баспасынан 4 баспа табақтық «Дін және жастар» кітабы, бұған қоса діни экстремизм, террористік қауіптің алдын алу мәселелері туралы мазмұнды мақалалары жинақтарда, газеттерде жарық көрген еді.
Қайбір жылдары құқық қорғау тақырыбын қаузаған «Тағдыр» атты хикаяты республикалық жабық конкурста жүлделі бірінші орынды иеленген қаламгердің қаламы қолында, қағазы алдында. Келер күндерге үкілі үмітін артады. Бұған қоса ол – үлгілі отбасының ақсақалды қариясы. Жеңгеміз Күнила екеуінің бас қосқанына биыл елу бес жыл. Жеті бірдей перзентінен өрбіген немере-шөберелерінің өзі – бас-басына отау тіккен бір-бір ауыл.
Толыбай АБЫЛАЕВ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<