Тарихтан тамыр тартқан туынды

1018

0

Сәуір айында өмірден өткен филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегеновтің «Кете-Байсары: ататек тарихы және ұрпақтар жалғастығы» атты екінші кітабы жарыққа шықты.

Әкем бірде тарихи кітабының екінші туындысын баспаға беріп келгенін қуана айтқан болатын. Жаңа кітап – ғалымның жаңа туындысы емес, екінші жалғас кітабы еді.

Ата-бабаларымыздың қоныстанған географиялық орындарынан, атақоныстардан-атамекендерден үдере көшіп, еуроазиялық, америкалық құрлықтардағы өңірлерде мекендегені әлем өркениетіндегі жалпы адамзатқа ортақ тарихи-этнологиялық, этнографиялық зерттеу деректері арқылы дәлелденуде. Адамзаттың мәңгілік мекені Жер планетасындағы жеті миллиардтан асқан халықтың қазіргі дәуірдегі жеке ұлт, мемлекет болып қалыптасуына дейінгі ғасырлар белесіндегі деректер арқылы талай оқиғаның сыры анықталады. Көрнекті зерттеушілердің нақты деректерге негізделген тың ғылыми-танымдық тұжырымдары арқылы ғана қазіргі танымал ұлттарды құраған жекелеген рулардың-ұлыстардың ата-баба бастаулары да айқындалады.

Қазақ – әлем өркениетінің көпғасырлық тарихында антикалық дәуірлердегі скиф, сақ-массагет, ғұн бірлестіктері мен кейінгі Түрік қағанаттары кезеңдерінде негізі қаланған байырғы ұлт екенін айтқан. Ғалым рулық-ұлыстық жүйедегі Кете-Байсары ұлысы ата-бабаларының антикалық дәуірде Алтай атырабы мен Сібір өңірлерінде, сонымен бірге қазіргі Түркия Республикасы орналасқан географиялық кеңістікте өмір сүргенін жүйелі түрде зерттеген. Әлем өркениетіне, жалпытүркілік халықтарға мәлім тарихшы, әдебиетші, этнолог-этнограф ғалымдардың дерекнамалық еңбектері арқылы қазақ ру-ұлыстарының антикалық дәуірлердегі және кейінгі ғасырлардағы тарихына байланысты тың мәліметтерді де анықтаған. Тарихи-этнологиялық, этнографиялық зерттеулер аясында сөз арқауындағы ұлыстың антикалық дәуірлердегі және одан кейінгі ғасырлардағы өмір сүрген мекендері, тарихи тұлғалары туралы айтылған ғылыми-танымдық пікірлер аясында бұрын назарға алынбаған жаңа деректер айқындалып, жазылған.

Бұл кітапта отандық және шетелдік тарих, этнография, әдебиеттану, мәдениеттану ғылымдарының дерекнамалық-тарихнамалық тұжырымдары негізге алына отырып, қазақ ұлтын құрайтын Кіші Жүздің Қаракесек ру-тайпалары бірлестігі құрамындағы Кете-Байсары баба және одан тараған ататек-әулет ұрпақтары жүйеленген.

Қазақ елінің негізгі иесі қазақ халқының ата-бабалары мен кейінгі буын ұрпақтары жалғастығын жүйелеген тарихи-танымдық кітап Қазақ елінің жаңа буын ұрпақтарына арналған. Қазақ халқын құраушы бұрынғы ұлыстар қатарындағы Кете-Байсары ұлысының ататек тарихы мен даму жолы жалпыадамзатқа ортақ тарихи-этнологиялық ұстанымдар аясында жаңа зерттеулермен жалғаса береді.

Алтынарай ТЕБЕГЕНОВА,

филология ғылымдарының кандидаты (PhD),

Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің

кафедра меңгерушісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<