Соғыс кезінде жас болса да көргенін көңілге тоқып, естігенін қағазға түсірген Науқанбай Шуақбаевтың «Ұлы Отан соғысының шежіресі» атты естелік жанрда жазған кітабын өмірде шынайы болған ірі тұлғалар мен ел тарихында өткен елеулі оқиғалар жайындағы құнды еңбек деп бағалауға болады.
Ауыл тарихынан ел тарихы бастау алады десек, Науқанбай ақсақал соғыс кезінде өзінің туған ауылы Аққұмнан соғысқа аттанған азаматтар жөнінде де іргелі зерттеулер жүргізгенін байқауға болады. Соғыста орасан зор адам шығыны болғаны белгілі. Сол жылдары жеңіске жетудің бірінші қадамы Қызыл Армияны дер кезінде толықтыру болған. Бүгінгі деректер Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 млн 200 мың адам алынды десе, соның 601 мыңнан астамы яғни, жартысынан астамы қан майданнан оралмаған. Аққұм ауылынан 280 азамат ел қорғауға аттанған, оның 198-і, яғни, 70 проценті майдан даласынан оралмағанын байқаймыз. Бұл – бір ауыл үшін өте ауыр жағдай. Автор жас болса да есінде қалған оқиғаларды ой елегінен өткізе отырып: «Көпшілігі 1941-1942 жылдардағы соғыстың бірінші кезеңінде кеңес әскерінің шегінуі кезіндегі ауыр қантөгіс шайқастарда немесе жан алысып, жан беріскен қоршауда қалған кезде қаза тапқан. Соғыста Мәскеуді, Сталинградты, Ленинградты қорғап қалу кезінде кейін шегінуге мүмкіндіктің болмауы да адам шығындарын көбейткен. Сондықтан жарақаттанып, елге аман оралғандар, негізінен, 1943 жылдан бастап ауылға келе бастады» деп, тарихи маңызды тұжырым жасайды.
Аққұмнан аттанғандардың 82-сі жарақаттанып, елге оралып, тыл майданында еңбек еткен. Кітапта әр майдангер жөнінде нақты мәліметтер беріліп отыр. Майданда қаза тапқан 198 аққұмдық жауынгерді аты-жөнімен жазып, ұрпақтары бар майдангерлерге кеңінен тоқталып кеткен. Бұл тізімді оқи отырып, 198 жауынгердің небәрі 19-ның ғана артында ұрпағы қалғанын көреміз. Бұл да – зұлмат соғыстың ащы шындығы, жан түршігерлік зардабы.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тарихымыздың ақтаңдақ беттерінің бірі – соғыс тұтқындары туралы мәселе. Олар немістің концлагерінде болып, жаудан бір жапа шексе, тұтқыннан босаған соң советтік лагерьлерде қорлық көрді. Оған себеп Сталиннің «бізде әскери тұтқындар жоқ, сатқындар бар» деген сөзі еді. Сондай жандар – Айтуған Бекенов, Қалыбай Бекенов, Әбдірей Ембергенов. Автор ағаларының соғыс кезіндегі және соғыстан кейінгі жылдардағы қиыншылықтарын өз естелігінде ашып көрсетеді. Неміс тұтқынынан босағаннан кейін, олардың кеңес әскері қатарына қайта қосылып, фашисттерге қарсы жан аямай соғысқанын, бірнеше рет жараланып, күнәларын қанмен жуғанын жазады. Елге аман-есен оралған соң, олар соғыстан кейінгі жылдары елдегі қалыптасқан саяси репрессияға байланысты көп қудаланған. Бірі 25 жылға сотталған. Кейін ақталса да, құзырлы органдардың тұрақты бақылауында болған. Ұрпақ соғыс кезінде мемлекеті өз қорғауына алмаған, түрлі жағдайда (контузия алу, ауыр жарақаттану, оқ-дәрінің таусылып қалуы) жау қолына тұтқынға түскен әскери тұтқындарды сатқын деу тек Кеңес өкіметіне ғана тән ұғым екенін ұғынуы керек. Сонымен қатар, ІІ дүниежүзілік соғыс кезіндегі әскери тұтқындарға, әскери тұтқындардан еріксіз құрылған «Түркістан легионына» бүгінгі тарихи сана тұрғысынан саяси баға беру қазіргі кезде жұмыс істеп жатқан саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның негізгі ұстанымдарының бірі болуы тиіс.
Автордың бір ерекшелігі – соғыстан елге келген майдан хаттарын да жинақтауы. Жауынгерлердің бір мезгіл тыныс алған кезінде окопта отырып жазған үшбұрышты хаттары ауылда қалған аналары мен сүйген жарларының, іні-қарындастарының көңіл-сенімдерін нығайтып, жеңіс жолындағы еңбекке деген құлшыныстарын арттыра түскенін аңғарамыз. Жалпы майдан хаттарын соғыс жылдарындағы тарихи құжаттардың ішіндегі ерекшесі, дереккөзі деп айтуға болады. Хаттар әрбір отбасында сарғайып, жыртылғанша сақталып келген. Күніне бірнеше рет оқылып, тіпті амандық хабар сұрап келген ауылдастарға оқытылатын болған. Автор сол соғыстан қайтпаған Тәшімов Қожақтың, Қарлыбаев Қартанбайдың, Шуақбаев Ұзақтың майдан даласынан отбасына, туыстарына жазған хаттарынан үзінділерді кітапқа енгізген. Бұл хаттар ешқашан құндылығын жоймайды.
Кітапта Ұлы Отан соғысына қатысып, елге оралған, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына мол үлес қосқан соғыс ардагерлері Социалистік Еңбек Ері А.Бисенов, Ж.Доспанбетов, З.Лекеров, Е.Түменбаев, Т.Бисенбаев, М.Биманов, Б.Ешпанов, М.Ақжолов және тағы басқа Аққұм ауылы азаматтарының жауынгерлік жеңісті жолын, тарихын қызықты әрі тағылымды, мазмұнды етіп жазған.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстаннан барған жауынгерлер майдан даласында ерлікпен шайқасқаны тарихтан белгілі. Соғыс жылдары 100 мыңнан астам отандасымыз жауынгерлік ерлігі үшін орден-медальдармен марапатталды. Шамамен 500 қазақстандық Кеңес Одағының батыры, 100-ден астам адам «Даңқ» орденінің иегері атанды. Кітапта қазақтың батыр ұл-қыздары Б.Момышұлы, Ә.Молдағұлова, М.Мәметова, Қ.Қайсенов, Т.Бигелдинов, жерлесіміз Р.Бағланова және Сыр өңірінен шыққан 23 Кеңес Одағы батыры туралы, Сыр өңірі халқының көмегі, әйелдердің тылдағы және майдандағы ерлігі туралы жазбалары бар. Сондай-ақ автор «батыр» деген сөздің мағынасы туралы ой өрбітеді. Бауыржан Момышұлы туралы зерттей келе: «Сегіз қырлы, бір сырлы, жаратылыс бір басына батырлықты, ақын-жазушылықты, терең ойлы ақылды, қазақ халқының асыл қасиеттерін үйіп-төгіп берген Алланың нағыз сүйген құлдарының бірі – Бауыржан батыр» деген. Шығыс жұлдызы М.Мәметова туралы «Біз «батыр» деген сөзді естігенде, иығы қақпақтай, көзі қырандай өткір, күші мен қуаты тасыған ер-азаматты елестетеміз. Бірақ соғыс ер-азамат, әйел, жас қыз деп бөліп-жарып қарамайды. Оның айқын дәлелі – нәп-нәзік Мәншүк ерлігі» деп баға береді.
Естелік кітаптың авторы соғыс жылдары қолданылған отты сөздерді бір арнаға тоғыстырып, олардың әрқайсысының мағынасына талдау жасауға тырысқан. Соғыс кезінде қолданылған 50-ден аса сөздерді жинақтай отырып «Отанды сүю, оған адал қызмет етіп, жаудан қорғау, олардың маңызы мен мәнін терең түсіне біліп, өз жеке басының қызметінде пайдалана білу жөніндегі бұл қорытынды ұғымдардан оқушылар білім, тәрбие, ғибрат беретін көптеген пайдалы ойлар мен ұғымдарды алады» деп қорытындылайды. «Ұлы Отан соғысының шежіресі» атты естелік кітабын мектепте оқытылатын «Өлкетану» сабақтарында пайдалануға әбден болады.
Сөз соңында бұл кітаптың дүниеге келуі туралы тағы бірер дерек бере кету орынды деп ойлаймын. Қолжазбамен жұмыс жүргізіп, оны көркемдеп, оқуға лайықтап, жарық көруіне атсалысқан азаматтарға автордың айтар алғысы мол. Атап айтсақ, кітаптың қолжазбасын техника ғылымдарының докторы, профессор ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қылышбай Алдабергенұлы Бисеновтың басшылығымен жұмысшы топ өңдеп, баспаға дайындаған. Бұған Күлманова Сәуле, Жұбатырова Үрзия, Махашов Асқар және Қылышбай Алдабергенұлының көмекшісі Руслан атсалысқанына ризалығын білдіреді. Кітапқа алғысөз жазып, мазмұнын оқырмандарға таныстырып, ашып берген тарих ғылымдарының кандидаты Айтжан Оразбақұлының да есімі ілтипатпен аталады. Кітаптың жарық көріп, оқырмандарға жол тартуына тікелей қолдау көрсеткен «Ақмешіт шапағаты» қоғамдық қорының Құрметті төрағасы, Сырдың белгілі азаматы Қылышбай Бисеновке автордың алғысы шексіз.
Сағат ТАЙМАН,
тарих ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті,
Ауған соғысының ардагері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<