Тарихтың кемесінде, алпыстың белесінде

1992

0

Биыл «Қызылқұм» қойнауында, аудан орталығынан 70 шақырым қашықта орналасқан «Іңкәрдария» ауылының құрылғанына 60 жыл толды. Осыған орай өткен сенбіде  дала төсін дүбірлеткен  той өтті. Мерейтойға Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев, республикадан, облыстан келген құрметті меймандар, ардагерлер мен ауыл тұрғындары қатысты.

Мерейтойлық шара  ауыл кәсіпкерлерінің  демеушілігімен пайдалануға берілген жаңа нысандармен танысудан басталды. Атап айтқанда, тойға келушілер ауылдарда бірінші болып ашылған  газ құю бекеті мен балалар спорттық ойын алаңын және жастар саябағын тамашалады.

Аудан әкімі аймақ басшысы Нұрлыбек  Нәлібаевтың  елді мекендерді дамыту, оның ішінде кәсіпкерлік саласын өркендетуге ерекше мән беріп келе жатқанын атап,  кәсіпкерлерге ризашылығын жеткізді.

Елді мекен кіреберісінде орналасқан газ құю бекетін жеке кәсіпкер Мейрамбек Уәлиұлы салып берді. Бүгінде газ құю бекетінің игілігін ауыл халқы  көруде, жақын маңдағы ауыл тұрғындары үшін де маңызы зор. Ардагерлер жаңа нысандардың ел игілігіне айналғанына алғыс айтып, бата берді.

Онан соң клуб үйінде «Тарихы кенен, бірлігі бекем Іңкәрдария» тақырыбында тарихи-танымдық конференция өтті. Конференцияға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, Қызылорда қалалық мәслихатының төрағасы Ибадулла Құттықожаев, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессорлары, халық қалаулылары, ауыл тұрғындары қатысты.

Танымдық конференцияны Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаев жүргізіп, ауыл тарихына тоқталды.

Тағылымды іс-шарада аудан әкімі жиналған қауымды мерейтоймен құттықтап, атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен аймақта жарқын жұмыстар атқарылып жатыр. Аймағымыз бүгінде қарқынды құрылыс алаңына, өркенді өзгерістердің ордасына айналды. Әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштерінде оң серпін сақталып, облысымыз республика бойынша алдыңғы қатарда тұрақтады. Бүгінде Сырдария ауданы да әлеуметтік- экономикалық тұрғыда қарқынды даму үстінде. Оның ішінде «Іңкәрдария» ауылының әлеуеті жақсарған.

Ауыл сонау 1964 жылы қаракөл қой шаруашылығын дамыту мақсатында құрылды. Сол жылдары Тұрғанбай Әбдіразақов, Әбілмәжін Өтепов, Әбіш Әбдіхалықов секілді азаматтар шаруашылықтың қазіргі орнын дұрыс деп тауып, іргесін қалауға атсалысқан. Мұнда «Ақжарма», Оспан Мәлібаев, Сәкен Сейфуллин  елді мекендерінен малшылар мен шопандар қоныс аударып, «Қызылқұм» қойнауында тұрақтаған. Содан бергі 60 жыл ішінде совхоз кооператив, шаруашылық кезеңдерінен өтіп, бүгінде берекелі елді мекенге айналды. Іргелі «Іңкәрдария» ауылын ұлтжанды азаматтар басқарды. Қожабай Исаев, Құрман Ысқақов, Асарбек Тәуекелов, Әбдіразақ Байманов, Жарқынбек Асылбеков және басқа да еңбек адамдары ауыл дамуы жолында қажырлы қызмет етті. Жұрт дегенде жұмылған ардақты азаматтар ауылдың қалыптасуындағы қиыншылықтарды іскерлікпен көтере білді. Олардың жарқын істерін кейінгі ұрпақ табысты жалғастырып келеді. Бүгінде ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуында үлкен жетістіктер бар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, аймақ басшысының қолдауымен елді мекенде әлеуметтік нысандар жаңарды, көшелер жөнделді. Кейінгі жылдар еншісінде ауыл әкімдігі ғимараты, 150 орындық ауылдық клуб жаңадан салынды және дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтті. Көшелер жөнделіп, жарықпен  қамтамасыз етілді. Сапалы ауызсу тәулік бойы ағып тұр. Биыл «Іңкәрдария» ауылына қосымша барлау-өндірістік ұңғымасын орнатуға аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Мұның барлығы  – ауылда өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар. «Қызылқұмдағы» құтты мекеннің бүгінгі тыныс-тіршілігі көңілге қонымды. Ауылдық округ дамудың даңғыл жолымен өркениетке қарай бет түзеген. «Іңкәрдария» ауылының халқы еңбеккеш. Тұрғындар ала жаздай егін, бақша егіп, атакәсіп – мал шаруашылығымен тұрақты айналысады. Ауыл халқын 60 жылдық мерейтоймен құттықтай отырып, «Іңкәрдария» ауылының болашағы жарқын, тіршілігі баянды болсын деп тілек білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Конференция барысында Қызылорда қалалық мәслихатының төрағасы, философия ғылымдарының кандидаты Ибадулла Құттықожаев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, география ғылымдарының кандидаты, профессор, «Тарихы кенен, бірлігі бекем Іңкәрдария» тарихи-танымдық кітабының авторы Қали Омаров, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Айтжан Оразбақов, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Бақыт Қалиев, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінің директоры, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Абайбек Жүнісов мерекелік құттықтауларын жеткізді және елді мекеннің тарихына тоқталып, еңбек адамдары туралы хабарлама жасады.

Танымдық іс-шара соңында «Тарихы кенен, бірлігі бекем Іңкәрдария» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Мерекелік шара Ұлы Отан соғысының  ардагері Әбді Омаровтың ұрпақтарының демеушілігімен ашылған  ауылдың 60 жылдық мерейтойына орай бой көтерген Әбді Омаров атындағы жастар саябағында  мерекелік концертпен жалғасты. Іс-шарада аудан әкімі тұрғындарды құттықтады. Ауылдың өсіп-өркендеуіне, көркеюіне атсалысқан бірқатар азаматтар  марапатталды. 

Бұл күні ауыл аспанында ән әуелеп, жыр қалықтады. Еңбекпен шыныққан жастар қол күресі, қошқар көтеруден  бақ сынасса, шабандоздар көкпар тартты. Ұлттық спорттық ойындар тойшыл қауымның делебесін қоздырып, мерейтой мазмұнын арттыра  түсті.

Тойға жиылған қауым түстен кейін клуб үйінде ақындар айтысын тамашалады.  Үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов бастаған алты ақын алпыс жылдығын атап өтіп жатқан ауылды арқау етіп жыр тиегін ағытты. 

Мерейтойлық шара кешке республика, облыс, аудан әншілерінің  қатысуымен өткен гала концертпен қорытындыланды. 

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<