Театр саңлағына құрмет

1443

0

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қызылорда облысының «Құрметті азаматы» Хұсейін Әмір-Темірді қабылдап, Сыр жұртшылығының атынан мерейлі 80 жасқа толуымен құттықтады.

Кездесуде өңір басшысы театр саңлағы Хұсейін Жүсіпұлының Сыр руханиятының дамуындағы өлшеусіз еңбегін атап өтті.

– Қызылорда облыстық театр ұжымы өзіңіздің жетекшілігіңізбен республикалық фестивальдардан өзге Қазан, Түркияның Конья қаласы, Ұлыбритания, Шотландияда өткен халықаралық театрлар фестиваліне қатысып, жүлделі орындар иеленді. Ұлттық мәдениет пен өнерді қалыптастыру, дамыту мен насихаттаудағы елеулі үлесі үшін театрдың академиялық мәртебе иеленуі Хұсейін ағамыздың шығармашылық еңбегінің жемісі. Облысымыздың мәдени-рухани дамуына үлесіңізді қосып, театр өнерін көтеруге ықпал етіп, ел құрметіне бөленіп, қызмет етудесіз. Сіздердің тәжірибе, ақыл-кеңестеріңіз жастарға аса қажет, – деді облыс әкімі.

Театр саңлағына құрмет

Аймақ басшысы мерейтой иесіне Сыр елінің мәдени-рухани дамуына қосқан ерекше үлесі үшін облыстың ең жоғары марапаты – Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстады. Дәстүрге сай театр өнері сардарының иығына шапан жауып, сый-құрметін білдірді.

Жиында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Сайлаубай Жұбатырұлы Хұсейін Әмір-Темірдің 60 жылға жуық саналы ғұмырын қазақ театр өнеріне арнағанын ерекше атап өтті.

– Әр спектакльдің астарында адамдар тағдыры, ең бастысы қазақ елінің рухани өрлеу баспалдақтары жатқандай көрінеді. Сыр бойындағы шаңырақты басқара жүріп, бүкіл қазақ театр өнерінің мәртебесін көтерді. Хұсекеңді шәкірттері спектакльді қоюшы режиссер, театрдың көркемдік жетекшісі деп ғана емес, мэтр деп атайды. Мен сексеннің сеңгірінде корифей деген сөзді қосар едім, – деді ол.

Ұлттық өнердің дамуына сүбелі үлес қосқан Хұсейін Әмір-Темір 1965 жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік өнер институтын актер мамандығы бойынша, 1972 жылы Мәскеу қаласындағы Луначарский атындағы театр өнері институтының жоғарғы режиссeрлар курсын бітірген. Шығармашылық еңбек жолында Қызылорда, Талдықорған, Алматы, Шымкент, Орал театрларында жұмыс істеп, 200-ден аса спектакльді сахналады.

Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының ұжымы 2015 жылы Қазақстанның Ұлыбританиядағы күндері аясында Лондон халқына Д.Исабековтың «Ескі үйдегі екі кездесу» драмасын ұсынып, 2018 жылы Шотландияда өткен «Фриндж» халықаралық өнер фестивалінде Хұсейн Әмір-Темір сахналаған «Ақбаян» спектаклімен қатысты. Ал, 2019 жылы Өзбекстан Республикасындағы Қызылорда облысының күндері аясында Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» драмасы Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласының көрермендеріне ұсынылды.

Театр қайраткерінің құрметіне арналған кездесуде Хұсейін Әмір-Темір облыс әкіміне алғысын білдіріп, шығармашылық туындылары жинақталған бірнеше кітаптарын сыйға тартты.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<