Тереңнен тамыр тартқан

1453

0

«Рухани жаңғыру» – тақырыбының өзі тарихымызды қозғап, тереңнен сыр тартатын, салиқалы да салмақты бағдарлама. Бұл бағытта жыл басынан бері әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын орданың 750 жылдығы және ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай жалпы республика көлемінде жоспарлы мәдени-көпшілік шаралар өткізіліп жатқаны белгілі. Айта кетерлігі, елдегі қалыптасып отырған эпидахуалға байланысты карантиндік талаптарды сақтай отырып, жоғарыда аталған шаралар онлайн режимде жүзеге асырылуда.

Облыс әкімдігінің баспасөз орта­лығында БАҚ өкілдерімен жүздескен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысы­ның орынбасары Нұршат Наурыз­баева және «Рухани жаңғыру» орта­лығының директоры Уәлихан Ибраев аталған бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті.

– Өздеріңізге белгілі, Абай Құ­нанбайұлының 175 жылдық мерейтойы Сыр елінде Е.Төлеубайдың «Абай» спектаклімен басталған болатын. Одан кейін облыстағы мәдениет ұйымдарында республикалық ақын­дар айтысы, жазба ақындар мү­шәй­расы, поэзия кештері, кең кө­лемде кітап көрмелері, сол сияқ­ты, «Абай оқулары» мен Абай әндерін орындаушылардың кон­курс-концерт­теріне ұласты. Осы шаралардың ішін­де шоқтығы биік өнер туындысы – Сыр елінде тұңғыш рет қо­йылған «Абай» операсы болды. Қойылымға 100-ге жуық өнерпаз қа­тысып, аймағымыздың мәдениеті мен өнерінің мәртебесін бір биікке шығарды.

Жуырда облыстық филармония­ның ұйымдастыруымен өткен «Абай жұлдызы» атты музыка және поэ­зия кеші де көпшіліктің көңі­лінен шықты. Сондай-ақ, А.Тоқма­ғамбетов атындағы мәдениет үйі «Жастар» театрының режиссері О.Нұрма­ха­нов­тың сахналауымен «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым…» атты қойылымының премьерасы өтті. Ұлы ойшыл Абайдың ұлт мүд­десі жолындағы толғаныстарын арқау еткен қойылым көрерменге  ой са­ларлық мазмұнды шараның бірі болды. Жалпы ақын мұрасы өнердің барлық жанры бойынша насихатталды – дейді Нұршат Наурызбаева.

Иә, ұлы ақынға арналған мәдени шаралар әлі де жалғасын табады. Айталық, «Абай әлемі» атты об­лыстық өнер фестивалі мен халық театрларының облыстық бай­қауы, «Абай жырлары – Сыр мақам­дарында» атты жыр фес­тивалі ұйымдастырылады деп жоспарлануда. Фестивальда өңірімізге белгілі 15 жыршы Абай жырларын Сыр сүлейлерінің мақамдары арқылы халыққа жеткізеді. Өзіндік ерекшелігі бар тың жобаның тыңдарман үшін әсері де бөлек шығар…

Сырдың саңлақ перзенттері – Сәр­ке Өмірқұлұлының 340 жылды­ғы­на, Ақтан Ақайұлының 250 жылды­ғы­на арналған жыршы-термеші­лердің республикалық байқауы және Жап­парберді Тілеубергенұлы­ның 125 жыл­дығына арналған «Сұлу саз­дың жүйрігі – Жаппарберді» атты жыршы-жыраулар фестивалі өткізілді. Сондай-ақ, «Qazaqstan» ұлттық арна­сының дәстүрлі өнерді дәріптеуге арналған «Күміс көмей» музыкалық телебағдарламасына өңірімізге бел­гілі жыршы-жыраулар қатысып, бағ­дарламаның екі шығарылымы біздің Сыр өңірінің жыраулық дәстүріне арналды. Айта кетейік, барлық шаралар онлайн форматында өткендіктен, көрермендер оларды Youtube желісі­нен арнайы ашылған «Сыр шаңыра­ғы» каналы арқылы тамашалауда.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөнінде облыста биылға  арналған кешенді іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілген. Бұл жос­пар бағдарламаның басым бағыт­тарын және қоғамдық сананы жаң­ғыртуға бағытталған түрлі фор­мат­­­тағы 200-ден астам іс-шараны қамтиды. Қа­зіргі таңда аудан, қала әкім­діктері мен облыстық басқар­малар «Рухани жаңғыру» бағдарлама­сының 6 негізгі бағыты және 17 арнайы жобасы аясында жұмыстар атқаруда.

«Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Уәлихан Ибраевтың айтуынша, әлемді алаңдатқан пандемия кезінде елге тынымсыз қызмет еткен дәрігерлердің, полицейлердің, меценаттар мен волонтерлардың жұмысын кеңінен насихаттау әрі қолдау мақ­сатында «Бүгінгі күннің батырлары» жобасы қолға алынған. Жоба аясында бейнероликтер мен ақпараттық материалдар дайындалып, әлеуметтік желілерде және мерзімді баспа бет­терінде үздіксіз жарияланып отыр. Сонымен қатар, «Менің жетістігімнің тарихы» жобасы аясында өз білі­мімен, еңбегімен жетістікке жеткен танымал тұлғалардың жастармен, волонтерлармен кездесулері ұйым­дастырылып, жастарды жігерлен­діріп, олардың өмірден өз орындарын табуына жәрдемдесу бағытында «Тұлға» жобасы жүзеге асырылуда.

Сырдың бас қаласының тарихын, маңызды тарихи нысандары мен ескеркіштерінің қадір-қасиетін әрбір перзенттің бойына сіңіру, құпияға толы сырын ашу мақсатында қоғам белсенділерімен және тарихи-өлкетану музейімен бірлесіп «Менің қалам – Қызылорда» атты экскурсиялар ұйымдастырыла бастады. Бүгінде бұл жоба қала тұрғындары тарапынан ерекше қолдауға ие болды. Сол секілді, қала күніне орай «Жырым сенсің, Қызылорда!» атты поэзия апталығы ұйымдастырылып, Сырдан шыққан ақындар туған жерін жырға қосты.

– Жергілікті шағын және орта кә­сіп иелерін қолдау, олардың өнімін танымал ету арқылы аймақ бренд­терін қалыптастыру мақса­тында «Сыр өнімі» жобасы өткізілуде. Бұл орайда «Дәстүр мен ғұрып» және «Үнем – қоғам қуаты» атты жаңа жобалар бойынша біршама жұмыстар қолға алынған. Мысалы, «Дәстүр мен ғұрып» жобасы аясында «Отбасы – ұлт тірегі» атты жас отбасылардың онлайн байқауы ұйымдастырылып, жастар арасында отбасылық құн­ды­лықтар дәріптелсе, қолөнер шебер­лерінің онлайн шеберлік сағат­тарында ұлттық өнердің қыр-сыры насихатталды. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде ұмытылған дәстүрлер, ұлттық тағамдар мен ұлттық киімдер тарихы туралы бейнероликтер мен постерлер жариялануда.

«Үнем – қоғам қуаты» арнайы жобасы аясында Қызылорда қаласы Сайып­назар ахун көшесі тұрғындарының қоршаған ортаны, қаланы және тұрғылықты жерін таза ұстау туралы үндеуі жарияланды. Осыған байланысты ақын Ержеңіс Әбдиевтің қала тұрғындарын көшелерді таза ұстауға шақырған өлең-постері орталықтың әлеуметтік желісінде жарияланып, кейін облыс, республика көлемінде қызу қолдауға ие болғанын айтып өткенміз жөн, – дейді У.Ибраев.

Орталық басшысының ай­туын­ша, «Еңбек – елдің мұраты», «Құқық­тық мәдениет», «Білімнің салтанат құруы»,  «Ұлы даланың ұлы тұл­ға­лары» жобалары бойынша да көптеген шаралар іске асырылған. Оның ішінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай апталық ­ұй­ым­­дастырылып, Абайдың қара сөз­­дері жазылған кітаптар, ақын шы­ғар­­машылығы жазылған үнтас­палар қоғамдық көліктерде қала тұр­ғындарына таратылды. Шара көп­шіліктің көңілінен шыққан.

Филология ғылымдарының кандидаты С.Қосанов «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының Абай нұс­қасы» тақырыбында тікелей эфир жүргізіп, көпшілікпен ой бөліссе, орталық жанындағы еріктілер Абай шығармашылығын жырға қосты. Ал облыстық Қазақстан халқы  ассамблея­сымен бірлесіп ұйым­дас­тырылған «Абай сүйіп ойнаған тоғыз­құмалақ» тақырыбындағы түр­лі этнос жастары ара­сындағы ше­берлік сағатына  ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт қайраткері Е.Иманбаев, ҚР еңбегі сіңген спорт шебері, 3 дүркін әлем чем­пионы Х.Елеусінов, Халық­аралық дәрежедегі спорт шебері Б.Бос­тандықов қатысты. Бұдан бө­лек, «Туған жер» жобасы аясында «Жомарт жүрек» байқауының облыс­тық кезеңінің  жеңімпаздары марапатталды.

Бүгінгі таңда «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін…» тақырыбында қазақ ұлтының адамгершілік-этика­лық болмысы жайлы жас ақындар арасында онлайн мүшәйра өтуде.

 Тамшы тас жарады. Сондықтан осындай үлкенді-кішілі шаралардың өзі жас ұрпақтың рухын оятуға ықпал етеріне күмән келтіруге болмас.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<