«Терме» жинағының терең тағылымы

40

0

Сурет ашық дереккөзден

Осыдан 90 жыл бұрын Темірбек  Жүргеновтің ұсынысымен Тұрмағамбет Ізтілеуұлы Әбілқасым Фирдоусидің «Шахнамесін» аударды. Облыс әкімдігінің қолдауымен, Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қордың бастамасымен, облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен 18 желтоқсан күні «Терме –тәрбие, жыр – рух» атты республикалық жыршылар байқауы өтеді.  Осы байқауға Сыр өңірінің жыршылары және  еліміздің жеті өңірінен өнерпаздар қатысады. Сыр өңірі жыраулары мен ақындарының, би-батырларының ұрпақтары 18 жүлде тағайындады.

Биыл Темірбек Жүргенов құрастырған «Терме» жинағының шыққанына 100 жыл болды. Ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар қорынан «Терме» жинағының көшірмесін тауып, кирилл қарпіне түсіріп, сипаттамасын алып ұсынып отырмыз.  Толық нұсқасын алу үшін жұмыс атқарылуда.

Ұлттық кітапхананың «Сирек кітаптар мен қолжазбалар» бөлімінде сақталған «Терме» жинағы 127 беттен тұрады. Ені 16,5 см болса, ұзындығы – 24 см. Шифрі – Ж.894.342. Бұл жинақтың толық нұсқасы емес. Оған дәлел, бірінші беті бірден «Тәрбие бөлімі», яғни алғашқы бөлімдегі мақаладан басталады.

Біздің ойымызша, алғашқы беттерде құрастырушының сөзі, сипаттамасы берілуі қажет еді. Бұл реттен келгенде толық нұсқа мен осы нұсқаны өзара салыстырып, жарық көргеніне 100 жыл толатын жинақты ескі қаріптен қазіргі қаріпке түсіру қажет. Өйткені мұнда қазақтың арғы-бергі тарихынан құнды дүниелер жарияланған.

Жинақтың «Тәрбие» бөлімінде Алаш қайраткерлері Жүсіпбек Аймауытұлының «Жиынды (комплекс) әдісі іс жүзінде» мақаласы мен Абдолла Байтасұлының «Мектеп басқару жайы», сонымен қатар, «Таңашбай» есімді бүркеншік есімді автордың «Шағылыс мәселесі» атты мақаласы берілген. «Таңашбай» – Жүсіпбек Аймауытұлының бүркеншік есімдерінің бірі. Бұл туралы ғалым Бейсенбай Байғалиев 1989 жылы «Жүсіпбек Аймауытовтың бүркеншік есімдері» деген мақаласында анық көрсеткен. Демек, алғашқы бөлімде Жүсіпбек Аймауытұлының қос бірдей мақаласы жарияланған.

«Білім» бөлімі «Адам тегі» (Арқалық), «Тарих туралы жалпы ұғым» (Даниал), «Халық әдебиеті, оны жинау жолдары» (Мағлұмат жинаушы: Сарбай ұлы Шамғали), «Жалаң-төс батыр» (Д.Қ), «Едіге бидің тұқымы» (Мұқамет-жан) сынды ғылыми-танымдық мақалалардан тұрады. Алғашқысы аударма болса, қалғандары – тарихи-танымдық мақалалар. Әсіресе, «Д.Қ» (Досмұхамедұлы Қалел) бүркеншік есімімен жарық көрген «Жалаң-төс батыр», Мұқамеджан Тынышбайұлының «Едіге бидің айтқаны» мақалаларында батыр Жалаңтөстің өмірі мен ерлігі, ата-тегі мен Едіге биден тарайтын тұқымның шежіресі сызба нұсқада берілген.

«Көркем әдебиет» бөлімінде «Әнші» (Жүсіп-бек), «Орташылдықтың ұшқындары.«Өткен тұрмыстан» (Қошке), «Жол үстінде» (Қызылбас), «Қоншылар» (Ілиас), «Балаларға базарлығым» (Мағжан) туындылары жарық көрген. Мұндағы «Қызылбас» – Жүсіпбек Аймауытұлы. Ал қалған авторлардың Қошке Кемеңгерұлы, Ілияс Жансүгірұлы, Мағжан Жұмабай екені түсінікті.

«Халық әдебиеті» бөлімі «Базар жырау» (Д.Қ), «Шер-ниаз» (Жан-сүгір ұлы Ілиас), «Шер-ниаз кім?» (Д.Қ), «Баймағамбет кім?» (Д.Қ), «Сексен мен Тоқсанның билікке таласқаны» (Жанталы ұлы Ақымет), «Байдалы бидің сөздері» (Ақымет-бек, Балау бай, Қасен ақсақалдардың аузынан алған Сәлкен) сынды халық әдебиеті үлгілерінен тұрады.

Халел Досмұхамедұлының «Базар жырау» атты мақаласында: «Қазақтың ішінде атақты жыр айтқыштың бірі – Базар жырау. Базардың руы – Шөмекей (Шөмен). Шөмекейдің ішінде Бозғыл, Бозғылдың ішінде Балқы. Базардың туған жері – Қазалы үйезі, Көшербай болысы. Жүрген жері – Арқа мен Сыр бойы. Жасы жетпістен асып өлген. Өлгеніне он бестей жыл болған. Базардың сөзі көп. Үлгі үшін қолға түскендерінен бір-екеуін келтірелік» деп жыраудың жырларынан үзінділер қосқан.

Ілияс Жансүгірұлының «Шер-ниаз» туындысында: «Біздің жақта (Жетісу губерниясы, Талдықорған үйезінде) бұл «Шер-ниаз» әңгімесін Жүсіп жинағынан толығырақ айтады. Және ел арасында қызбалықты көрініп, маңызын жоймай сақталып қалған әңгіме. Сондай қолыма түскен ел аузындағы материалдармен «Шер-ниаздың» тарихын емес, әңгімесін толықтырмақшымын», – деп жан-жақта шашылып, халық аузында мақалға айналып кеткен ақынның әңгіме, өлеңдерінен мысалдар келтіреді. Ал одан кейінгі мақалада Халел Досмұхамедұлы «Шер-ниаз кім?», «Баймағамбет кім?», «Исатай кім?» деп тұлғалар өмір тарихынан мол дерек береді.

«Халық әдебиеті» бөліміндегі құнды туындылардың бірі – Сәлкен есімді бүркеншік есімді автордың Ахмет-бек, Балау бай, Қасен қатарлы ақсақалдардың аузынан жазып алған «Байдалы бидің сөздері». Бұл туынды әсіресе, шежіретанушылар үшін аса құнды деп ойлаймыз.

Өкініштісі, Ұлттық кітапхананың «Сирек кітаптар мен қолжазбалар» бөліміндегі «Терме» жинағының түпнұсқасында «Сын» бөлімінің тек «Аударма туралы» атты мақаласының алғашқы беті ғана көзімізге түсті. Бұл кітаптың толық нұсқасы емес екенін білдіреді. Оған әртүрлі себеп болуы мүмкін.

Осы сипаттамаға бірер ой қосқанды қош көріп отырмыз. Темірбек Жүргенов бұл кезде, дәлірек айтқанда 1923 жылдан Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің студенті әрі Қазақ Республикасының Түркістан Республикасындағы толық өкілетті өкілі. Содан бастап он жыл бойы Түркістан өлкесінде түрлі жауапты қызмет атқарып, Қазақстанға 1933 жылы келді. Ағарту комиссары, мәдени революция штабының жетекшісі болып, аңызға лайық істер тындырды. Алайда 1937 жылы «Үлкен террор» құрбанына айналғаннан кейін адал есіміне күйе жағу қалыпты шаруа болған. Кітапханадағы «Терме» жинағының сол ретпен «тазалануы» ғажап емес. Алғашқы бет ретінде аталып, сипатталып отырған «Тәрбие бөлімі» кітаптың бесінші бетінен басталады. Егер кітаптың алғашқы екі беті титулдық мәліметтер болар десек, үшінші-төртінші беттерде кіріспе мақала жарияланғаны, оны жинақты құрастырушы Темірбек Жүргенов жазған болуы әбден мүмкін. Демек сол төрт бет (екі парақ) «халық жауы» атын өшіру үшін жыртылып тасталған секілді. Соңғы беттерінің де жыртылғаны сондай күдікті ойға жетелейді.

Алдағы міндеттердің бірі – жинақтың толық нұсқасын табуға тырысу. Бұған жер-жердегі жанкүйерлер атсалысар деп үміт артамыз.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

«Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, жазушы,

тарих ғылымдарының кандидаты,

Ертай БІЛӘЛ,

жас зерттеуші

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<