Әу баста «Орысша оқымаса, нан тауып жей алмайды» деп баламызды өзге тілді меңгеруге итермелеп, қолынан жетектеп апарған өзіміз кінәліміз. Керісінше, «қазақ тілін білмесе, несібесінен қағылуы ғажап емес» деген қанатты ұғымға салғырт қарағанымызды тәуелсіздік жылдары ойлана бастадық.
Қазір тіліміз даму үстінде. Мемлекеттік тілге деген құрмет арта түсті. Біз ана тіліміздің жанашырлары болуға тиіспіз, сүтпен сіңген қасиетті қадірлеуге борыштымыз. Өйткені қазақ тілі – менің ана тілім! Ол орамды әрі бай тіл. «Тіл байлығы – ой байлығы» деген екен М.Карамзин. Карамзиннің сөзін тілге тиек етуімнің себебі, біз ана тіліміз арқылы ғана халқымыздың, Отанымыздың тарихын, сонымен қатар болашағымызды болжап, келешекке жарқын жол саламыз.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» деген даналық сөз ұрпағының емес, өзге ұлттың ұл-қыздарына ой салған секілді. Теледидардан қазақ тілінде бұлбұлдай сайраған басқа ұлттарды көргенде, бір марқайып қаласың. Ал қаны қазақ, жаны қазақ біздің жастарымыздың кідіріп, орысшалатып ойын жеткізе алмайтынын көріп, қуанышың басылып қалады. Ананың сүтімен, атаның қанымен, әженің әлдиімен бойына сіңген қазақ тілін қорлайтынына қарның ашады.
– Өзге тіл емдер басқаларыңды,
Мен онымен айта алмаймын әнімді.
Егер тілім ертең болса құрымақ,
Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ! – деген ақын Расул Ғамзатов тіл мен ұлт тағдырына қатысты астарлы ойды айқын жеткізеді. Осының өзі – тіл туралы тағдырлы сөз.
Бүгінгі күні әлеуметтік желідегі тіл жайы толғақты мәселеге айналды. Әрі сақау, әрі қысқарған сөз күйін күйттеген қолданушылар грамматика, стилистиканы былай қойғанда әріпті әжуа етіп бітті. «Сәлем» «салем», «не жаңалық» «не жан» немесе «не жаналык», т.б. түрдегі жетім сөз етек алып кетті. Мұны айтыскер ақын Балғынбек Имашов сөзімен келтірсек: «Әлеуметтік желіге кіреміз деп тілімізді былай қойғанда, пернетақтадағы әріп теретін саусақтарымыз да сақауланып барады». Бұл біреуге ұсақ-түйек болуы мүмкін. Алайда, тіл – ұлт қазынасы емес пе?
Жалпы, «Адамға екі нәрсе тірек – тегі, бірі – тіл, бірі – ділі жүректегі» – деген Ж.Баласағұн сөзі нағыз қазақ болам деген қазақтың көкірегінен орын алуы тиіс.
Ақдана РЫСОВА,
№14 «Самал» бөбекжай бақшасы тәрбиешісі,
Қызылорда қаласы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<