Биыл «Сыр бойы» газетінің жарыққа шыққанына 90 жыл толды. Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесі жақындап келеді. Адамзат баласына қайғы-қасірет әкелген фашизмге қарсы азаттық пен бостандық үшін күрескен біздің халқымыз соғыстың бар ауыртпалығын бастан кешті. Жеңіс біздерге оңайлықпен келген жоқ. Жеңіс бізге бұрынғы Кеңес Одағының көпұлтты халқының бір жұдырықтай жұмылып, сан миллиондаған жауынгердің төгілген қанымен, құрбандығымен келді.
Соңғы деректер бойынша майданда, концлагерьлер мен казаматтарда, жау басып алған жерлерде, жазалаушылардың қолында хабар-ошарсыз кеткендері, айдалып кетіп жоқ болғандарды қоса есептегенде 34 млн адам опат болды делінген. Мыңдаған өндіріс орындары мен қалалар, елді-мекендер қирады. Халықтың байлығы – мал-жан, бағалы дүниелері талан-таражға түсті. Соғыстың зардабы ел экономикасын бірнеше он жылға шегеріп тастады. Батыс сәуегейлері Кеңес Одағы өзінің экономикасын соғысқа дейінгі деңгейге жеткізу үшін отыз жыл керек деп жазды. Жеңісті жақындату үшін майдан мен тыл қоян-қолтық бірігіп ортақ жауға, жауынгерлер майданда жан беріп, жан алып шайқасты. Тыл еңбеккерлері бейбіт еңбектің көрігін қыздырды.
Халқымыздың жеңіске деген сенімін арттырып, олардың рухын көтеруде, майдандағылар мен тылдағылардың жанқиярлық еңбегін халыққа жеткізуде төрт жыл бойы дамыл таппаған, әр әрпі жауға атқан оқтай болған «Сыр бойы» («Ленин жолы») газетінің еңбегі ерекше. Алаш алыптарының көшбасшысы, ұлт қайраткері, қазақ алфавитінің негізін салушы, ғалым-педагог Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі һәм құлағы» деген сөзі өміршеңдігін жойған жоқ. Біз баспасөз заманымыздың мұңын мұңдаушы, жоғын жоқтаушы, жақсының жаршысы, ұлы істердің бастамашысы, дем берушісі, ел байлығын арттыруда жарқын істерге қолдаушы, адам жанының тәрбиешісі деп білеміз. Сонымен қатар өмірдегі, тұрмыстағы келеңсіз оқиғалар мен жағдайларға пікір тудырды. Біз, газет оқырмандары баспасөзді осылай бағалаймыз, қадір тұтамыз. Сүйікті газетіміздің өзінің 90 жылдық ғұмырында Алаш алыбының бағасына лайықты қызмет атқарып келе жатқанына қуанамыз.
Тоқсан жыл аз уақыт емес. Осы жылдарда парақтар сарғайғанмен тарихи деректердің құндылығы арта түсуде. «Сыр бойы» («Ленин жолы») алғаш рет өткен ғасырдың 50 жылдарының басында бастауыштың үшінші оқып жүргенімде қолыма алып, оқи бастағаным әлі күнге дейін көз алдымда.
Бізді соғыс балаларын, ауыр тұрмыс еркелеткен жоқ. Балалықтың бал дәуренін көре алмадық. Басымыздан сипап адам болыңдар деп, ақыл-кеңес беретін, қолдайтындар да табылмады. Болашаққа деген сенім мен білімге деген құштарлығымыздың арқасында ер жетіп, есейдік. Оқушы деген атымыз болғанымен үлкендермен бірге колхоздың науқанды жұмысына жегіліп, еңбек еттік. Кешкісін қара жұмыстан шаршап келген әкем ас-суын ішіп болғаннан кейін, өзіне-өзі келген соң:
– Балам, газеттер не жазды екен? – деп, оқыта бастайтын. «Екпінді» колхозшы атанған әкемнің сауаты аз болғанымен көзі ашық, көкірегі ояу, елдегі болып жатқан оқиғаларды, хабарды біліп отыратын кісі еді. Ол кездегі колхозда басқарманың жазылмаған заңындай екі нәрсе мүлтіксіз орындалатын. Біріншісі – халық ұзақ жылдарға заемға, екіншісі баспасөзге жазылушы еді. Колхоз есепшілері ешкіммен келіспей, колхозшылардың еңбекақысынан ұстап, жүзеге асыратын. Үйге күн сайын аудандық газеттен бастап сонау Мәскеуден шығатын «Правда», «Сельская жизнь» газеттері бума-бума болып келіп жататын. Радио аудан орталығында болатын. Сондықтан, елдің жаңалық көзі – газет еді. Кешкісін әкемнің талабымен сабағымды шала орындап, жетінші шамның білтесін көтеріп, аудандық газеттен бастап, бас мақалаларына шолу жасап оқи бастайтынмын. Үшінші сынып оқушысы не жөнді оқитын еді. Әкем ашу шақырып:
– Осы мектеп сендерге нені оқытады? Ежелеп оқи алмайсың. Үш жыл молданың алдын көрген біз «Құран Кәрімді» жатқа оқитын едік, – деп ұрысатын. Намыстанып қолым боста өз бетімше газеттерді оқып жаттыға бастадым. Міне, осылайша «Сыр бойының» оқырманы болған едім. Әкем соғыста орысшаға тіл сындырып келгендіктен, орысша газеттерге де шолу жасатып оқытатын. Мен тілім келмей қиналамын. Сонда жарықтық әкем мені үйренсін дейді екен ғой.
«Сыр бойына» қызығушылығымды арттырған сонау отызыншы жылдардан бастап газеттің тұрақты тілшісі, басылымның қалыптасуына, өсіп-өркендеуіне, өлшеусіз үлес қосқан, өмірінің соңына дейін қаламы қолынан түспеген, халық ақыны Төлеубай Үркімбаев еді. Т.Үркімбаев 1914-1916 жылдары Бірінші дүниежүзілік соғысқа шақырылып, Беларусьтің батпақты орманында саз кешіп, майданның алдыңғы шебінде окоп қазған. Елге денсаулығынан айырылып, мүгедек болып оралған кісі еді. Бізбен көрші тұрды. Табиғатымнан пысық, елгезек өскен мені ақын әкем қасынан тастамайтын. Ол кісі екі тілде жазып, еркін сөйлейтін. Араб, латын, қазақ, орыс тілдерінде жазатын. Ауырып, төсек тартып жатқанда өлең, мақалаларын маған көшіртетін. Почтаға салып газеттерге жіберіп тұрдым. Осылайша ақынға хатшы болдым. «Жақсыдан шарапат» дегендей, газетке, баспасөзге қызығушылығымның артуына сол кісінің әсері болды-ау деймін. Арада алпыс жыл өтсе де біреу-жарым сарғайған дүниелерді қолыма алғанда кеулім босап, ақынның аруағына құранымды бағыштаймын.
1945 жылы ақпанның 2-4 күндері, Жеңіске санаулы ай қалғанда Қызылорда қаласында облыс ақындарының 2-слет айтысы өткен. Айтыстың материалдары мен қорытындысы «Ленин жолы» газетінде жарияланған. Бұдан 74 жыл бұрынғы мақаланы қаз-қалпында беруді жөн көрдім. Газеттің бас мақаласы былайша баяндалады: «Февральдің 2-4 күндері (1945) Қызылорда қаласында ақындардың облыстық 2-слеті болып өтті. Бұл слетке аудандардан 50-ге тарта ақын-жазушы және жырау келді, мұнымен қатар ондаған партия, кеңес қызметкерлері де қатысты. Ақындардан жасы 80-ге жеткен қарт ақын Тұрымбет Салқынбаев қатысты. Ақындар айтысын жұртшылық көптен күткен еді. Февральдің 2-сі күні пионер үйі адамға лық толы болды. Сахнаға киіз үй тігіліп, ол барлық сәнмен безендірілген екен. Жұрт аса көңілді. Слетте «Ақындар айтысы және олардың алдағы міндеттері» туралы орденді ақын А.Тоқмағамбетов баяндама жасады. Ақындардың газет бетінде жарияланған айтыстарының қорытындысы туралы жюри атынан ақын Ә.Оңалбаев өлеңмен қосымша баяндама жасады. Баяндамалардан кейін 80-дегі қарт ақын Тұрымбеттің ақындар слетін құттықтап жазған өлеңі оқылды. Қарт ақынның тамаша өлеңі жұртшылықты сүйсіндірді. Мұнан кейін ақындардың айтысы басталды. Шиелінің ақыны Күлжамал мен Сырдарияның ақыны Бәйкенов Әлібек, Жалағаштың ақыны Әбілда мен Шиелінің ақыны Апуза, Сырдария ауданының 14 жастағы жас ақыны Смағазым мен Бибіхатша, Шиелінің жас ақыны Палайым мен Жаңақорғанның 70 жастағы қарт ақыны Әбілхан, Сырдарияның ақыны Хадиша мен Шыныбек (Шиеліден), тағы басқа да ақындар айтысты. Айтыстар өте қызу өтті. Әсіресе Хадиша мен Шыныбектің, Апуза мен Әбілданың айтыстары, 14 жастағы ақын Смағазымның айтыстары мен тапқырлығы халықты өте сүйсіндірді. Айтыста озған 41 ақын мен жырауға бәйге берілді. Оның ішінде: Үркімбаев Төлеубайға бір киіз үй, бір ат, бір пальто. Салқынбаев Тұрымбетке бір үй, бір пальто. Баймағанбетов Қуанышқа бір үй, бір киім. Өтепов Байназарға бір үй, бір киім, Бекежанов Нартай мен Байкенов Әлібек жолдастарға бір-бір үйден сыйға тартылды. Өтеғұлова Апуза, Жүргенбаев Әбілда, Сейдалиев Шыныбек, Дабылов Молдахмет, Оңалбаев Әбдікәрім жолдастарға бір-бір ат мінгізілді. Жолмағанбетов Шапай, Смайлов Қуаныш және Палайым жолдастарға бір-бір сиыр берілді. Мұнан басқаға бірқатар ақындарға қой, қымбат заттар мен грамоталар берілді. 2 облыстық ақындар айтысын КСРО Жазушылар Одағының мүшесі «Құрмет белгісі» орденінің иегері, халық ақыны, облыстың «Төбе ақыны» атанған Төлеубай Үркімбаев «Ақындарға» деген арнауымен ашқан:
Ақындарым, келіңдер,
Ой мен қырдан жиылып,
Маған заказ беріңдер,
Айтуға өлең бұйырып.
Екі етпеймін бұйрықты,
Бойды көптен жиырып,
Халық алдында қақалып,
Қалмасын сөзге түйініп.
Төбеммен қызмет етемін,
Келіншекше иіліп,
Тыңдаусыз сөзім қалмаса,
Ақсабындай үйіліп.
Алқа топта сөйлесем,
Қызыл тілге сыйынып,
Бауырға тартып
алушы ем,
Тыңдаушыны иіріп.
Ұнаса сөзім нақ солай,
Отырасыздар сүйініп,
Ұнамаса лаж жоқ,
Қаларсыңдар күйініп.
Ерлерім жүр майданда,
Төрт жыл бойы сабылып,
Төсегіне мұз төсеп,
Қардан көрпе жамылып.
Қаптағанда қатыгез жау,
Қара құрттай жабылып,
Қарсы ұмтылды
айбатпен,
Арыстандай шабынып.
Тұтасып келген
қалың қол,
Тұс-тұсынан жарылып,
Тас-талқан болып
жарылды,
Жалынды өртке
шалынып,
– деп басталып, соғыстың алғашқы жылдарында жау басып алған жерлердегі халықтың аяныш күйін, эвакуациямен қазақ жеріне келгендерге ағайынның берген көмектерін, ұлттардың достығын жырға қосып, мұндай халықты жаудың жеңе алмайтынын, Айбынды Қызыл жауынгерлердің тойтара соққы беріп, жауды өзі апанына талқандайтынын ерлік пен батырлықтың символына теңеп жырлаған. Тыл еңбеккерлерінің жанкешті еңбегін мадақтап, қарқынға қарқын қосуға шақырады. Шаруашылықтардағы кемшіліктерді, жалқаулар мен бойкүйездікті әшкерелеп жігерлендіре жырлайды. Бұл ұзақ дастан, арнау былайша аяқталады:
Кел, ақындар, келіңдер.
Сондайларды көріңдер,
Кемшілікті солай айт,
Асқындырып жібермей,
Алдын ала орай айт.
Қалтарыста қалмасын
Асты-үстіне қарай айт.
Бет-жүзіне қарамай,
Қаламыңды қадай айт.
Солай айтсаң, ақындар,
Батыл алға басасың,
Баттасып жатқан
былықтың,
Жемқорлықтың бетін
ашасын…
Төлеубай Үркімбаевтің қармақшылық Қасқырбаевпен, қазалылық ақын Өтеп Байназаровпен айтысы «Ленин жолы» газетінің 1945 жылдың 18 февраль №87 санынан бастап үздіксіз жарияланып тұрған. Айтыс халықтың қызығушылығын арттырып, газетті қолдан-қолға тигізбей, жұртшылықтың сұранысымен қосымша беттер шыққан. Бұл өз алдына әңгіме.
Рысбай КӘРІМОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Жалағаш ауданының құрметті азаматы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<