Торы төбел

2831

0

Ертеректе Арқаның кең жазығын жайлаған Бөрібай деген бай болыпты. Сол байдың өзі еркеше қамқорлықпен қарайтын торы төбел байталы болады. Әлгі байталдың үнемі ішін тартып, өзін-өзі жаратып жүретін қасиетін Бөрібай байқап жүретін. Көп жылқының ішінен көзіне ерекше түскен торы байталды сыншыға көрсетеді. Сонда сыншы:

–Бұл байталдың қасиеті жатырында. Аман болса талай тұлпар туғалы тұр екен. Бірақ, алғашқы шапқан айғыры жабы болса кейін қандай жақсы айғырға салсаңда жабы туады. Ал, бағыңа қарай жақсы айғырдан қашса кейінгі тұқымдары түгелдей тұлпар болады. Сондықтан әлі үйір көрмеген байталыңа абай бол -деп ескертеді.

Мұны естіген Бөрібай енді байталын байлап ұстайды. Өзі сыншыны ертіп ел арасынан торы байталға лайықты айғыр іздеуге шығады. Сол арада торы байтал байлаудан босап жоғалып кетеді. Ат аяғы жетер төңіректі түгел қаратсада торы байтал табылмайды. Бөрібай мұның жөнін тағыда сыншыдан сұрайды. Сыншы:

–Торы байтал түс көрген болуы мүмкін -деп топшылайды. Бұл өзі ежелден ел аузында бар әңгіме. Байтал түсінде ғажайып айғыр көрсе үйірден бөлініп сол айғырды іздеп кетеді. Торы байтал өзге жылқыдан ерекше жаратылған жануарғой, түс көріп түсіндегі айғырды іздеп кеткен болуы әбден мүмкін. Егер солай болса айғырын таппай тоқтамайды. Тек ит құстан аман болса болғаны -дейді.

Бөрібай енді жақын төңіректі іздеуді қойып алыс елдергеде ат шаптырып қарай бастайды. «Азулы айғырлар тісін батырып үйіріне қосып алдыма» деген уайымы дар бар. Құрығы ұзын Бөрібайдың адамдары қойсынба, арада екі ай өткенде «Байталың Қаратаудың теріскейінен табылды» деген хабар келеді. Байталын танып алуға Бөрібайдың өзі аттанады. «Сонау арқаның даласынан Қаратауға дейін барғанда торы байталдың тапқаны қандай айғыр болды екен» деген қызығушылығыда бар. Сұрастыра келе Қаратаудың қойнауында отырған бір қойшының үйіне жетеді. Үй егесінен жөн сұрағанда, «торы байталдың келгеніне бір айдай болғанын және мұның күнделікті малға мініп жүрген қой торысына үйір болғанын» айтады. Мұны естіген Бөрібай күйіп кетеді. «Тұлпарға салсам» деген арманы орындалмай ашуланған Бөрібай қой торыға сүйкеніп тұрған байталын қамшымен бастан бір тартып бұрылып жүре береді. Сонша жерден келгенде тапқаның сүйегі ырсиыған, топан аяқ қой торы болғаныма деп өкінеді. «Алғашқы шапқан айғыры жабы болса кейін қандай жақсы айғырға салсаңда жабы туады» деген сыншының сөзін ескеріп әрі алдағы алыс жолды ойлап торы байталын қойшыға сатып еліне қайтады. Торы төбел байтал осылай теріскей өңірінде қалып қояды. Бірақ, ашуға булыққан Бөрібай байталын сатып тым асығыс шешім шығарған еді.

*****

Үнемі елден таса тау қойнауында отыратын астында жалғыз торы аты бар Сарман есімді қойшы бар. Бірақ, Сарман жәй қойшы емес. Кезінде Теріскей өңіріне танылған сері әрі аламанның алдын бермейтін жүйрік мінген айтулы жігіттің бірі еді. Сондай бір ірі аламнның алдында жүйрік торысына қаскөйлер қастанық жасаған. Аттың алдыңғы аяғына шеге қағылғанын көріп Сарман сері ішін өртеген күйіктен күйіп, құсалықтан өліп кете жаздаған еді. Содан бері елден жырақ жүргенді ұнататын. Жабырқау жаны жалғыздықты қалайтын. Қарт Қаратау қойнауынан өзіне жайлы мекен тауып, азын аулақ шаруасын күйттеп өмір сүріп жүрген жайы бар. Тауда жүргеніне талай жылдар өтіп, кезіндегі сері жігіт қойшы, аламанның алдын бермейтін жүйрігі бүгінде топан аяқ қой торы аталып кеткен.

Сарманның қой торысын іздеп келген байтал жалғыз бұл емес. Кезінде Атан торы атанған алып денелі жүйрікті басынан бағы тайған күні -ақ адамдар ұмытқан. Бірақ, ерекше қасиет дарыған байталдар иісін алып іздеп келіп тұратын. Ат танитын қасиеті бар Сарман олардың еш қайысына көзі түсіп көңіл бөлмеген. Атына да жақындатпай кері қайырып айдап жіберетін. Бір күні түнде шұрқырай кісінеген атының даусын естіп далаға атып шықты. Айдың жарығымен маңдайында теңгедей төбелі бар торы байталды байқады. Айдап жібермекке қолына ұзын құрығын алып жақындап бардыда торы байталдың ерекше тұрпатына таңданып тұрып қалды. Қамшыдай қатқан байталдың тұлпарға тән мүсініне арбалып, таң атқанша қасында айналшықтап жүрді де қойды. Айдың жарығыммен жылт-жылт еткен теңгедей төбелі болашақ жүйріктің жарқыраған жұлдызындай көрінді. Әлі де құлын мүсіні бұзылмаған жас байталдан Сарманның байқағаны сонау Арқалық сыншының айтқанымен дәл келді. «Құдай жатырана берген екен жануардың. Бұйыртса талай тұлпарды туғалы тұрсың» деп болжам жасады. Торы аттыңда ноқтасын сыпырып қоя берді. Енді екі жылқыны бақылап алыстап кетпеуін қадағалап қарап жүрді. Арада ай өткенде байталдың егесі Бөрібай іздеп келіп бұған сатты. Енді торы байталдың егесі Сарман болды.

Торы байтал келгелі Сарманның көңілі көтеріліп, жаны жадырап қалды. Сөнген үміті тұтанып өмірге деген құлшынысы артты. Таудан түсіп төменгі ауылдан өзіне керек жарағымен, аттарына біраз жем әкелді. Өзін ұмыта бастаған ел-жұртыменде қайта табысып араласа бастады. Сарманның ертеңгі күнге деген үміті оянып, тіршілікте екінші тынысы ашылғандай болды.

Торы байтал Сарманның қартайған Атан торысынан бір құлын туды. Маңдайында теңгедей төбелі бар торы құлын. Кейін Сарман торы биені басқа жас айғырлардың алдына салды. Жақсы деген айғырларды таңдап жылда ауыстырып салады. Бірақ, торы бие қанша айғыр ауыстырсада торы төбел құлын туғанынан бір танбады.

Арада ондаған жылдар өтіп Сарманда талай аламанға аттарын қосты. Қандай алыстан шаптырған аламан болсын бәйгенің алында торы тұлпарлар жұлдыздай ағып келе жатар еді. Алыстан болсын аңғарып қараған адамға маңдайындағы теңгедей төбелдерін байқауға болады. Өз дәуірінде торы төбел жүйріктер бәйгенің алдын берген емес.

Сарман енді торы төбел айғырларын үйірге салып тұлпардың құлындарын пұлдап сата бастады. Кейін, түбі Теріскей өңірінен өрбіген торы төбел жүйріктер Тұран даланың төрт бұрышына түгелдей тарап кетті. Теріскей өңірін жайлаған қазақтар арасында, «Тортөбел ат шаппай қалмас» деген сөз бүгінге дейін айтылып жүр. Берегіректе «Атан торы» атанған жүйіктерде ел аузына ілікті. Қазақта, текті тұлпардың тұқымын үзбей жалғайтын үрдіс бар. «Түбің тұлпар болғанда, бір тартарсың тегіңе» деп түскен құлынға үмітпен қарайды. Көбіне үміті ақталыпта жатады. Сондықтан теріскей өңірінің жергілікті торы төбелдерінен әліде тұлпар шығарына сеніммен қарауға болады.

«Алып анадан, тұлпар биеден» дейді дана халқымыз. «Құлын жатырына, бала нағшысына тартады» депте айтады. Дей тұра, бәйгеден келген жүйрікті тектегенде алдымен «қай айғырдың тұқымы» деп сұрайды. Содан барып биенің тегін түгендеп жатады. Бұл қазақ оза шапқан аттыңда, жарқырай көрінген жақсыныңда тікелей тегіне үңіледі. Тегіне көңілі толса ғана, «Асылдың сынығы, Тұлпардың тұяғы екен ғой» десіп қолпаштай қолдап жатады. Ал, тегіне көңілі толмаса қомсына қарайды. Қанша жерден жақсы көрінседе «Жаманнан туған жабы» деп жақтырмайды. Адам болсын ат болсын шыққан тегі жақсы болмаса қазақтар оны «мықты» ретінде ешқашан мойындамаған. Бұл дала заңы.

Айдар ТЕМІРБЕКҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<