Қазақтың салт-дəстүрінде әдемі сабақтастық пен үндестік бар. Біздің ұстаным дала заңымен астасып жатады. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында да «Жаңа дәуірдің озық үлгілерін бойға сіңірсек те, біз ұлттық кодымызды сақтауымыз керек» деген жол бар.
Ұлттық код – салт-дəстүріміз, ұлттық санамыз, тарихымыздан көрінетін құндылықтар мен соларды өскелең ұрпаққа дəріптейтін алтын көпір. Оның берік болуы отбасының берекесіне байланысты. Ал, ол тал бесіктен бастау алады. Америкалық психолог Э.Бэрн «Бесік жырын тыңдамау – агрессияның бастауы» деген тұжырым жасапты. Шығыс халқы да қатігез адамды көрсе, «Бесік жырын тыңдамаған» деп сынайды. Осыған қарап, бесік жырының тәрбие беруде қандай маңызды рөлге ие екенін аңғаруға болады. Бірақ қазір заман ағымына қарай бесік жырын айтатын бұрынғының әжелері мен қазіргінің қыз-келіншектері азайғандай көрінеді. Себебі, сәбиге ұялы телефоннан әуен қосып, ұйықтатуға тырысатындар жоқ емес. Ондағы әуен бұғанасы қатпаған сәбиге қалай әсер ететінін, одан қалды баланың қаншама бактерияны сіңіргеніне мән бере бермейміз. Өзіміз сол телефонға тәуелдіміз.
Шетелдік сарапшылар баланың 3 жасқа дейін кез келген ақпаратты сүзгісіз қабылдайтынын алға тартады. Ал, отандық мамандар бесік жырын тыңдап өскен балада бірқатар артықшылық болатынын жасырмайды. Олардың жүйке жүйесі қалыпты, қабілеті ұшталған болады екен, ашық, батыл әрі өз пікірін еркін білдіре алады екен.
Қазақ тәрбие құралы ретінде «жаман болады», «ұят болады», «обал болады» деген үш сөзді пайдаланған. Бұл – қанға сіңген әдет. Бауыржан Момышұлы «Мен үш нәрседен қорқамын. Өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, өзінің немересіне ертегі айта алмаған ата мен әжеден, екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан» деген. Осыдан-ақ, біраз ой түюге болады. Жас буын мағынасы мол осы бір сөздің астарына мән берсе, атадан қалған өсиетті естен шығармай, пайдаға жаратса нұр үстіне нұр. Ұлттың ұлы болуы тікелей тәрбиеге байланысты…
Ақерке Жұмабай,
М.Мəметова атындағы педагогикалық жоғары колледжінің студенті .
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<