Тұщы су

3609

0

Тоқсаныншы жылдары облыстық телеарнада қызмет істеп жүрген кезім еді. Жұмыс аптасының соңында «Қызылордаға Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Экология министрі Серікбек Дәукеев келеді. Демалыс күні облыс басшысы Бердібек Сапарбаевпен «Құландыға» ұшады, таңертең әуежайда болыңдар» деген тапсырма келді.

Телеоператор Нұрлыбек екеуміз белгіленген кезде әуежайда болдық. Біршама уақыттан кейін мәртебелі меймандар келіп, тікұшақпен «Құландыны» бетке алып ұшып шықтық. Борттың төр жағында әкім, жазушы, министр үшеуі иллюминатордың түбіндегі шағын столды ортаға алып, қызу әңгімелесіп отырды. Қыстың соңғы айы болатын, төменде тақталанған алқап пен ирелеңдеп мұз құрсанған дария жатты. Жолай Аралда жанар-жағармайын қосымша құйып алып, түс әлетінде «Құландының» орталығы «Ақбасты» ауылына ұшып келдік.

Ауыл халқы меймандарды қуанышпен қарсы алды. Сапарымыздың мақсаты мұнда ауызсу қиыншылығы болғандықтан, жер астынан шығып жатқан ыстық суды тұшытып, халыққа пайдалануға беру, кәдеге жарату екен. Ол үшін министрлік бірнеше миллион теңгеге су тұшыту қондырғысын орнатып, ауыл тұрғынын қажетті мамандыққа оқытып, дайындап беріпті. Буы бұрқырап жатқан алпыс градустық  ыстық судың жанына сарай салынып, электр желісі тартылып, іске қосуға дайын екен.

Әбең су жаңа қондырғыны айнала көріп шығып, әр жерін бір ұстап, механик пен министрден жай-жапсары жайлы біраз мағлұматқа қанықты. Қондырғының лентасы қиылып, іске қосылды. Бұлақтың кермек суы аңсаған тұщы суға айналып, жұрт жапырласа дәмін татып көріп жатыр. Қуанған халық алғысын білдіріп, бір жағынан қаншама жыл босқа ағып жатқан судың пайдаға жарағанына таңғалысты. Тұщы судан таршылық көрген жандар қуанбағанда қайтсін?! Өркениет шалғайдағы елді мекенге осылай жетті.

– Әкім де, министр де жағдайларынды жақсы біледі. Енді Бердібек інілеріңіз жаңа су таситын машинамен көмектеседі, – деді Әбе қаумалаған халыққа қарап. Қыр астындағы құдықтан су таситын көлік те көнеріп, жағдайы кетіп жүр екен. Ауыл қуанып қалды.

Халықпен жылы қоштасып, жазушының туған қарындасының үйіне келдік. Қарашаңырақта Әбе молдас құрып жіберіп, жанға жайлы қоңыр даусымен әңгіме өрбітті. Қайтар жолда «Беларанның» үстімен ұштық. Шыңның басынан кезінде теңіз шалқып көрініп жататын. Әбе иллюминатордан ұзақ қарап, серіктеріне әңгіме айтып отырды.

Алдымен белгілі екі азаматтың жазушыға деген зор құрметі, сыйластығы тәнті етті. «Қарлығаштай қанатымен су сепкен» демекші, Алматыда отырса да алыстағы ауылының жағдайын ойлап жүрген суреткерді көріп, риза болдық.

Әбенің батасы

Баспасөз күні мерекесінде аудандық «Толқын» газетінің 70 жылдығына байланысты шағын музейді ашуға дайындалып жатыр едік. Аудан әкімі Айтбай Көшербай хабарласып, шараға классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов қатысатынын айтты. Бір жағынан қуанып, бір жағынан толқып, абыр-сабыр болдық.

Ардагер қаламгерлер Шәкірат, Омар, Кеңес және ел ағалары Балтабай, Алашыбай сынды азаматтардың қатысуымен Әбе музейіміздің лентасын қиып, тілек кітабына лебізін қалдырды. Сталиннің суреті бар «Екпінді балықшының» 1939 жылғы санын үлкейтіп іліп қойғанбыз. Жазушы тарихи суретке байыппен қарап, алғашқы туындылары жарық көрген газетті еске түсірген болар.

Басқосуда Әбең «Қан мен тердің» орысша аудармасының жаңа редакциясымен айналысып жүргенін айтты. Төс қалтасынан қатты дискіні көрсетіп, «бәрі осында» деп қойды. Мәскеулік достары Юрий Казаков, Георгий Пряхинді Аралға шақырып, туған жері «Беларанды» көрсетпек ойы барын жеткізді. «Мені Шолоховтың Вешенскісіне апарыңдар» деп қолқа салдым, олар да келісті деп қойды. Жалпы, орыс жазушылары Әуезовті Толстойға, Әбеңді Шолоховқа теңейтінін енді түсінгендей болдым. Ұлы суреткерлердің рухани үндестігі тереңде екенін бағамдайсың. Әбенің қоңыр, жанға жайлы, жүрекке жылы дауысы бәрімізді елітіп, кездесуден ұмытылмастай әсер алдық.

Жиналған жұрт «Бата беріңіз, бата беріңіз» деп қаумалады. Сонда Әбе «Мұхтар Әуезов Оңтүстік Қазақстанда сапарда жүргенде, «Мұха, бата беріңіз» деп қолқа салыпты. Мұхаң көпшілікке қарап тұрып «Тәңірім жарылқасын!» деген екен. Жазушы орнынан тұрып, «Сендерді де Тәңірім жарылқасын!» деп батасын берген еді.

Париж жиыны

1998 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының ұйымдастыруымен Арал проблемалары жөнінде донор мемлекеттердің Париж конференциясы өтетін болды. Сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Халықаралық Аралды құтқару қорымен келісіп, делегация құрамына қызылордалық мамандарды енгізіпті. «Сендер құрқол бармаңдар, тартылған теңіздің, апатты өңірдің жағдайын көрсетіп, үш тілде фильм дайындап апарыңдар деп» өзінің кеңесшісі А.Көшербайға тапсырма береді. Телекомпания басшылығы оны дайындауды маған жүктеді. Аралдың бейнекөріністерінің таспаларын жинап жүретінмін. Онда самолетпен, тікұшақпен түсірілген теңіз көріністері, ауылдың, тұз ұшқан боранның, құмда қалған кемелердің мол кадрлары бар еді. Дайындалған телефильмді Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Кеншімбаев бастаған ғалымдары орыс және ағылшын тіліне аударып, әзірлеп берді.

Ондаған шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың, қорлардың және банктердің қатысуымен Париж конференциясы табысты өтті. Жиында сол кезде әзірленіп жатқан «Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру және Сырдария өзенінің арнасын кеңейту» жобасы таныстырылыпты. БҰҰ-ның бұл шарасы қолға алынған жұмыстарға үлкен серпін берді. Араға біршама уақыт салып Дүниежүзілік Банк САРАТС жобасын жүзеге асыруға 65 млн долларға жуық қаржы бөлді. Жобаны шетелдік мамандар әлемдік үздік үлгілерді, халықаралық тәжірибелерді ескеріп, дайындады. Соның нәтижесінде «Көкарал» бөгеті жағажай тәсілімен салынған бірегей нысан еді. Теңіз толған кезде тау толқындардың бөгетке жеткенше екпіні басылып, қос жағалаудың деңгейі бірқалыпты арнасынан аспайтын, мол су жинауға да қолайлы еді. Кіші Аралдың акваториясы бірнеше есе ұлғайып, айдынның байырғы балықтары пайда болып, кәсіпшілік өндірістік негізге көшті. Шетелдіктер жобаның нәтижесін «Теңіздің қайта оралуы» деп жоғары бағалады. Қазіргі су тапшылығының қиындықтарына қарамастан, жағалау жұрты жобаның екінші кезеңінен де үлкен үміт күтіп отыр.

Жұматәли ӘБДІРАМАН,

жазушы-журналист

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<