Үйлесімді үштаған

1454

0

(Мұғалімдер күніндегі мерейсөз)

Өмірде ұстаздан кенде болмаппыз. Солардың ішінде жазу өнеріне баулыған үш ұстаздың орны бөлек. Шанжархан Бекмағамбетов, Сәмен Құлбарақ, Бибайша Алпысбаева…

Бұлар – бір кездегі Қаратерең орта мектебінің өрімдей жас мұғалімдері. Үшеуі де кез-келген шәкіртінің кеудесіндегі «жанайын деген бір шырақты» (Ғали Орманов) тұтата білетін-ді. Сол тұста олардың жасы жиырманың шамасында ғана болатын. Теңіз қолтығындағы Қаратереңге бірі КазГУ-ді, екіншісі КазПИ-ді бітіріп келді. Үшіншісі Қызылорда пединститутында оқып жүрді.

Олар әр жылдарда бір баласы штурвал, бір баласы қалам, бір баласы сазан ұстаған балықшы ауылға келіп, сол ұғымтал ұландардың жүрегіне шығармашылықтың отын жақты.


Әуелі небәрі он жеті жастағы сәмбіталдай бойжеткен Бибайша апайымыз жазған-сызғанымызды бағалап, сол күйінде қалдырмай, газет-журнал редакциясына жолдаудың жөн-жобасын көрсетті.

Ширығып тұратын Шамхан (Шанжархан) ағай әбден сілікпемізді шығарып, ертелі-кеш шығарма жаздырды. Көп ұзамай бүкіл класс бірі қалмай көркем дүние кестелеп, шабыттың желкенін көтеріп кетті. Ал әйгілі былғары қолғап шебері Шоқыр Бөлтекұлының шәкірті, бірінші разрядты боксшы Сәмен ағайымыз бізді күндіз класта, кешке рингте тынымсыз төпелеп, қамау терімізді алып, әдебиеттің ұңғыл-шұңғылын үйретті.


Соның пайдасын кейін ауылдың балалары көрді. Қарап жүрмей қара өлең құрастыра жүретін Қаратереңнің қаламгерлері бізге дейін де жеткілікті еді. Бізден кейін тіпті қаулап кетті. Осыған мәнері бөлек ұлағатты үш ұстаздың ықпалы болғаны айдан анық.
Қазір олардың өздері де көштің алдында келеді. Есімдері елге танымал.

Бірі публицист, екіншісі лингвист, үшіншісі сыншы. Үшеуінің жазған дүниелерін жинақтаса, шағын кітапхананың бір бұрышын толтыруға болар.
Бибайша Алпысбаева – Қызылордада шығатын «Ақпарат kz» газетінің бас редакторы, жүйрік журналист, мықты медиаменеджер.


Шанжархан Бекмағамбетов – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, тіл генетикасын зерттеп жүрген білікті ғалым.
Сәмен Құлбарақ – М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, әлеуетті әдебиеттанушы.


О баста мектеп қабырғасында қаламымызды дұрыстап ұштап берген осы үш ұстазды қазақтың үш биіндей қадір тұтсақ, артық болмас.

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<