Ұлт ұстазының музыкалық мұрасы

3653

0

Ахмет Байтұрсынұлының ағартушылық, публицистикалық қыры көпке таныс. Ал оның музыкалық мұрасы туралы не білеміз? Көркемдік қуаты, мазмұндық ерекшелігі бай туындыларының тасада қалуына не түрткі?

Әрине, тұлғаның мол мұра қалдырған бағыты – тіл, әдебиет, журналистика. Алайда бұл ұлт ұстазы музыка өнеріне түрен салмады дегенді білдірмесе керек. Кейінгі жылдары жарияланған тарихи деректер  сазгерлік қырын ерек зерттеу қажет екенін көрсетті. Мәселен, этнограф-ғалым Александр Затаевич «Қазақ халқының 1000 әні» кітабында Ахаң туралы да дерек келтіреді. Ол: «Қазақ әндерін шын сүйетін және білетін жан ретінде, оларды нақышына келтіріп орындаушы және тамаша домбырашы ретінде Байтұрсыновты отандастары да өте жоғары бағалайды» деп жазады.

Кейінгі зерттеушілер де осы мазмұндас баға берген. Мысалы, Гүлнар Дулатова «Бес арыс» кітабында «Қыз Жібек» операсындағы «Қаракөз» ариясы Ахмет Байтұрсынұлына тиесілі деген пікір айтады. Ахаңның көзін көрген Самырат Кәкішев «Аққұм», «Қызыл бидай», «Қараторғай» атты әндерді Ахаңның өз орындауында тамашалағанын жеткізген. Ал Ғалым Ахмедов «Ахаңның өмір кезеңдері» атты естелігінде: «… А.Затаевич қазақ әндерін, оның ішінде Ахаңның әні дейтін, жастар көп айтып жүрген «Қаракөз» әнін фортепианода ойнады» деп жазады. 

Аманқос Мектептегі мен Ғарифолла Әнес құрастырған «Бес арыс» атты кітап бар. Онда: «Ахмет Байтұрсынұлы – Абайдан кейінгі көрнекті ақын, аудармашы, публицист-журналист әрі қоғам қайраткері, ағартушы ұстаз. КазПИ-дің профессоры, этнограф, фольклорист, композитор әрі орындаушы» деп жазылған. Демек, ұлт ұстазының сазгерлік қырының болғанын, көптеген әннің авторы екенін жоққа шығара алмаймыз.

Ендігі кезекте Ахмет Байтұрсынұлына тиесілі күй мұраларын тарқатсақ. Себебі мол мұраның ішінде әнмен қатар күй де жетерлік. Тіпті ел арасында ұлы қайраткер туған жеріне соңғы рет келгенде шығарды делінетін «Арманды» орындаушылардың саны артуда.

Осы орайда «Арман» күйіне ерекше тоқталғым келеді. Аталған күйдің қалай жеткенін қайраткердің рухани-мәдени мұрасын зерттеп жүрген ғалым, «Тобыл-Торғай әуендері» жинағының авторы Батырлан Сағынтаев былай баяндайды: «Арман» күйін руы әлімбет Ғаббас деген кісі Ахметтің өзінен үйренген екен. Кейін ол топжарған ақын Нұрхан Ахметбековке аманат етіпті. Ал жыр дүлдүлі осы туындыны Торғайға қызметке келген Сағын Жалмышовқа орындап берген. Сағын күйші мұны қанша жылдар бойы сақтап, баптап жүріп, Ахаң ақталған соң жарыққа шығарады» дейді зерттеуші.

Есте болса, Қостанайдағы Ахмет жылының ашылуына  орай  өткен  концерттік  іс-шарада  Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның Назымбек Молдахметов атындағы халық аспаптар оркестрі Ахмет Байтұрсынұлының «Арман» атты күйін тұңғыш рет орындаған болатын. Содан бері күйге деген қызығушылық толастаған емес.

Сағын Жалмышовтың аталған шығарма туралы «Қайта оралған күй» деген атаумен мақала жариялағанын білеміз. Ол осы естелігінде күйді Нұрхан Ахметбеков ақыннан 1960 жылдары үйренгенін баяндайды.

«Бұл – бұрмалаушылықтың шырмауында кеткен Ахмет Байтұрсынұлының «Арман» атты күйі. Ол кісі ғұлама ғалым, аудармашы, ағартушы, қоғам қайраткері болған, халқының болашағы үшін көп жұмыс істеген, халқы үшін талай жақсы істің басын бастағанымен, сол кездегі саясат, тар заман Ахаңды еркіне жібермей, қолын байлаған. Ойындағысы жүзеге аспаған соң «Арман» күйін шығарған» дейді дәулескер күйші.

Бір білетініміз, ұлт ұстазының музыкалық мұрасы мол. Автор қолы жетпеген арманын, орындалмаған мұрат-тілегін сазға сыйдыруға тырысқан секілді. Шығармалардағы ішкі арпалыс тұлғаның ғана емес, ұлт арманының да көрінісі іспетті ой қалдырады.

С.ЖОЛШОРАЕВА,

№211 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<