Қазақ сөз өнерінің алыбы, ғұлама, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы елімізде кең ауқымда аталып өтуде. Бүгінде ақын шығармалары әлем халқына танылған. Соның ішінде қара сөзбен жеткізген терең философиялық ой-тұжырымдары бүгінгі уақытпен де үндеседі.
Айтулы іс-шара аймақ көлемінде жалғасын тауып, жас оқырмандар ақын жырларын жарыса насихаттауда. Соның бірі, «Талсуат» ауылдық округі әкімдігі мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы болды.
Байқауды «Талсуат» ауылдық округінің әкімі Е.Бейсенбаев пен Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Тажмаханов ашып, Мемлекет басшысы қолдау танытып отырған ақын тойының елдің рухын көтеруге бағытталған маңызды іс-шара екенін атап өтті.
Абай өлеңдерін оқыған жастар ақынның түпкі ой-толғанысын жеткізуге тырысты. Байқау қорытындысымен, Қазалы ауданы Абай ауылынан Аида Сазанбай бас жүлдені иеленсе, І орынды «Талсуат» ауылынан Нариман Талғат, ІІ орынды қазалылық Нұрасыл Әділбекова, ІІІ орынды Жалағаш ауданы «Жаңадария» ауылынан Әли Рысбек иеленді.
Осы күні қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен шаһар іргесіндегі кент, ауылдық округтердің бірлесе ұйымдастыруымен «Абай күні – Абай ауылында» атты әдеби-музыкалық кеш өтті.
Кештің ашылуында сөз алған қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Жағыпар Тажмаханов қазақ тарихында, әдебиетінде, жалпы руханиятында айрықша орны бар ақын, ағартушы, ғұлама Абай мұрасын халық арасында насихаттаудың маңызы зор екенін атап өтіп, осы айтулы іс-шараға атсалысып жатқан барша қауымға алғысын білдірді.
Абай ауылының шетіндегі көл жағасында ұйымдастырылған кеште ақын шығармашылығы әрі қарай насихатталып, тыңдаушыларын тәнті етті. Айталық, «Талсуат» ауылында өткен көркемсөз шеберлері байқауының жеңімпаздары ақынның әр тақырыптағы өлеңдерін оқыса, мәдениет үйлерінің өнерпаздары «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Бойы бұлғаң», т.б. әндерін шырқады. Әсіресе, «Желсіз түнде жарық ай» әні кешкі табиғат көрінісімен үйлесіп, көрермендер көңіліне ерекше әсер етті. Сонымен қатар, жас ақындар айтысып, ақын болмысын жырға қосты.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





