Қызылордалық ұстаз Айдана Әлайдарова кенже қалып бара жатқан киіз басу өнерін жастарға кеңінен дәріптеп жүр. Кейіпкеріміз мұны бала күнінде үйреніп, қызығушылығынан әлі күнге қол үзген емес.
Айдана Әлайдарова – педагогика ғылымдарының магистрі, Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі. Киіз басудың дәстүрлі және заманауи технологиясын ұштастырып, креативті, декоративті бұйымдар дайындайды. Дайындап қана қоймай, оның қыр-сырын Қорқыт ата атындағы университет студенттеріне жеткізуге күш салып келеді.
– Барлық бұйымды тек қойдың жүнінен жасаймын. Киім, панно үшін Алматы, Тараздағы зауыттардан меринос қойының жүнін алдырамын. Жергілікті қойдың жүнінен текемет басып, байпақ жасаймын, – дейді қолөнерші.
Жалпы киіз басу және киізден бұйымдар жасау көшпелі халықтарға тән екені тарихтан белгілі. Одан кебеже, сандық қаптайтын әбдіреқап, ыдыс-аяқ салатын аяққап жасаған. Ұмытылуға таяған қолөнер түрін кейіпкеріміз ауылда әжесінен, анасынан үйренген.
– Кезінде барлық үйде киіз төселетін. Отыз жылдай болды, «шаң жинайды» деген сылтаумен оны далаға шығарып тастадық. Орнын синтетикалық палас, кілем басқалы небір ауру пайда болды. Екінің бірі аллергия, тізесі сырқырайды. Киіздің шаңды жұтып алатын, ауаны тазалайтын қасиеті барын ешкім ескерген жоқ. Киіз төсеменің артықшылығы, жылы, адам денесіне жұмсақ, оны қысы-жазы пайдалануға болады. Йодтың шамасы жетпей, киізді өртеп, жарақатқа басып қан тоқтатқанды көргенмін, – дейді Айдана Әлайдарова.
Қолөнерші ерінбеген адам мұны кәсіпке айналдырса, әжептәуір табыс таба алатынын жеткізді.
– Сұраныс жақсы. Үлкен текеметтерді сапалы етіп жасаса, 50-ден 150 мың теңгеге дейін сатуға болады. Баға жұмыстың күрделілігіне, бұйымның көлеміне байланысты белгіленеді, – дейді ол.
Назерке САНИЯЗОВА
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<