Жаратушының жалғыз көркемі

985

0

Бірде бай-қуатты мұсылман емес бір ғалымнан «Аңсаған арманыңыз бар ма?» деп сұрағанда, «Мұхаммед пайғамбарды көргім келеді» дегенді айтыпты.

Адамзат арманының ұлысына айналған Мұхаммед (с.ғ.с.) пай­ғам­ба­рымыз­ды келемеждеген кешегі Франция елінің шимай-шатпағы әлем мұсылмандарының  ызасын келтіргені хақ. Ал, мен үшін жаманнан үлгі алу яғни сол бір арсыздық Оған (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігімді арттырды. Жаратушым жібітті ме, хабарды көрген сәтте, көзге еріксіз жас келді. Ер адамға көз жасын сығу сырт көзге ерсі, алайда әр адам өзінше бір бала. Десек те, Алладан уахи (хабар) алған, Оның әмірін мүлтіксіз орындаған, пе­ріш­телермен дос болған, жеті қат Миғражға көтерілген, дүниелер әлемін кезген, тылсым әлемді сезген, қасиетті Құранды жүзіне қарамай оқыған осы бір ғана жалғыз адам.

Жаратушымызды танытқан, сәждемен қауыштырған, ғибадатқа ша­қырған, құлшылықты үйреткен, біздер шырт ұйқыда болғанда, Ол (с.ғ.с) таңға дейін намаз оқыған, Алладан біздер үшін кешірім сұрап өткен осы бір ғана жалғыз адам. Жаманды дос, залымды туыс, жауын жақын еткен, тас лақтырғанға да үндемеген, жуынды төккенге де күлімдеген, көкірегінен итергенге де, өзін жек көргенге де нұрлы жүзімен қараған осы бір жалғыз ғана адам. Кешіріммен қараған, игілікке ұмтылған, жақсылықты таратқан, жа­мандықтан тыйған, жетімді арқалаған, жесірді жылатпаған, жалғыз­дың серігі, адасқанның бағыты, көршісін тояттандырған осы бір жалғыз ғана адам.

Мінезі Құран, өмірі тәлім, жүрісі жұмсақ, тұрмысы қарапайым, жүрегі сабыр, көңілі жайсаң, рухы тақуа, жаны жомарт, «Үмметім, үмметім, үмметім» деп, ақырғы демін бізге арнаған осы бір жалғыз адам. «Осы бір жалғыз ғана адаммен» қауышу мұсылмандар үшін теңдессіз бақыт. Оның ұлылығын жеткізу, бейнесін толыққанды суреттеу ешбір тірі пенденің қолынан келмейді. Оны (с.ғ.с.) қорлағысы келгендер қияметте Оның (с.ғ.с.)  әзіз жүзін көргенде қандай өкініште болар екен? «Осы бір жалғыз ғана адам» үшін, жаннан бір тамшыны сығымдамау мұсылман ар-намысына қаншалықты сыйымды? Оны келемеждеу – Алланы келекелеу. Жаратқанын күлкі ету – өз ата-баба сенімін мазақ етуден бетер, өткенге опасыздық жасау. Әр нәрсенің қайырымы болады, кешегі жексұрындық – қияметтегі зор өкініш. Пайғамбарды сүю – зомбылыққа бару емес. Шіркеулерді қирату, көшеде тобырмен айқайлау, елді дүрліктіру пайғамбарға құрмет емес, керісінше (с.ғ.с.) Оның жолын ұстану – Оған (с.ғ.с) деген махаббат! Себебі, Ол (с.ғ.с) Жаратушымыздың жалғыз Көркемі!

Нұрлан Байжігітұлы, 

дінтанушы, имам

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<