Қазақ халқында адам өмірінің барлық қырын қамтып, кез келген мәселеге қатысты дөп айтылған дана сөздер өте көп. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қанатты сөздің түп негізінде бала отбасында қандай тәрбие алады, қандай бағытта тәрбиеленеді, өмірде де отбасында алған тәрбиеге сәйкес ұстанымда болатыны айқындалған.
Бала тәрбиесі мәселесі кімді де болса ойлантпай қоймайды. Мен де осы мәселе жөнінде сансыз ойлардың шырмауынан шыға алмай, санамдағы сан сұрағыма жауап іздеп, өзімше бір тұжырымға келдім. Осы көңілге түйген көкейтесті ойларымды қағаз бетіне түсіріп, сіздермен бөліспекшімін.
Бұл пікірім көптің көңілінен шыға қоймайтын да болар деп ойлаймын, дегенмен қарсы пікірлестер болса тіпті дұрыс деп шештім. Турасын айтамын деп туғаныма жақпасам да, әңгімем әке тәрбиесін көрмей өскен балалар, оның ішінде ер балалар туралы болмақ. Бабаларымыздың «молдадан мектеп, атадан тәк-тәк көрмеген» дейтін мағыналы сөзі әр ержеткен азаматтың есінде шығар. Осы күні жасыратыны жоқ, күйеуінен ажырасып, баласымен қайтып келген келіншек көп, яғни әкесіз өсіп жатқан бала көп. Өйткені, елімізде ажырасу коэффициенті тым жоғары, жастар құрған шаңырақтың 40 процентке жуығы ажырасуда. Балалар аш-жалаңаш бола қоймас. Әрине, басқа жағынан да тәрбиесіз болмас, олардың мәдениеті, білімі, ойы жоғары да болуы мүмкін. Дегенмен, бала әкеден батылдық, қаталдық, бірсөзділік, көп сөзге үйір болмау секілді қасиеттерді бойына сіңіреді. Оттың басындағы жақсылы-жаманды қылықтарды көріп өссе, мінезі тура, барлық уақытта шындықты айтатын, айтқанынан қайтпайтын, жылпостық пен екіжүзділікке, жағымпаз бен жылмақай, өтірік сөйлейтіндерге жаны қас жан болып қалыптасар еді.
Көпке күл шашпаймыз әрине, дегенмен осыларды көрмей, тәрбие алған кейбір ер балалар, менің ойымша, әлсіз, жұмсақ, жылы сөзге жақын, тиянағы аздау болып келетін сияқты. Шынында да, қазіргі қоғамымыздағы жастардың арасынан осындайлар көптеп кездеседі.
Ер балалардың барлығы төбелесқұмар, ашушаң, тәрбиесіз дегенім емес. Қазір тәрбиесі аздау бала әкесі бар отбасында да, әкесі жоқта да кездесетіні сөзсіз. Дегенмен, оқырманға тарихтан таныс әдет-ғұрып бойынша күйеуі қайтыс болған әйелді де, оның балаларын да сыртқа жібермей, сол ағайынның ортасында қалдырып, інісі не ағасына әмеңгерлік жолымен қосып отырған. Ондағы негізгі мақсат – өсетін бала әке тәрбиесін көрсін, ер адамның қасиетін бойына сіңірсін, ағайынмен аралассын, әулеттің тәрбиесін көрсін деген ой.
Бұл жерде әйелді еркектен төмендету не кемсіту ойым жоқ. Алла тағаланың ер адамды ерекше етіп жаратып, оған айрықша күш-қайрат және өзгеше сезім беруінде мән бар. Әрине, олардың арасында ішкіш, қайырымсыз және басқа жағымсыз мінездері барлары да кездеседі. Бірақ, табиғаттың заңы бойынша жастар отбасы құру үшін өздерін алдын ала дайындау керек. Ата-ана әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді және олардың мағынасын, өмірде алатын орнын жастардың құлағына құюы қажет. Үйлену оңай, үй болу қиын екенін, осы қиындықтарға төзу керегін ұғындыруы қажет. Өйткені, қазақта «Отан отбасынан басталады» деген қанатты сөз бар. Жастар құрған әр шаңырақ берік болуы үшін онда дана халқымыздың керемет әдет-ғұрпы, салт-дәстүрлерімен қатар әлемдік өркениеттің озық үлгілері де орын алуы қажет. Әр шаңырақ биік болса, Отанымыз да берік болады.
Халық арасында жастай берген тәрбие, жас шыбықты игендей деген сөз бар. Баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік қасиеттерін сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасының орны ерекше. Оның ішінде ер адамның, әкенің орны айрықша екенін баса айтқым келеді.
Бақыт САПАР,
еңбек ардагері, Қазақстанның еңбек
сіңірген аудиторы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<