Ұшы-қиырына көзің жетпей жанарыңды талдыратын қазақтың даласында өнегелі даналар көп болған. Әсіресе, Сырдың бойын жайлаған жайсаң жұртта жарқын бейнелі жандардан қалған өнегелі сөздердің әлі күнге құны жойылмай, қасиеті өшпей келеді. Әрбір адамның туған топырағы – сол адам үшін жер бетінде жұмақ мекен. Ал, әлгі адамның бойындағы бүкіл қасиет те сол топырақтан болады. Сондықтан да адамзат баласы кіндік қаны тамған жерін қастер тұтады.
Бұл әлем – ішкі және сыртқы сырлары толық ашылып болмаған құпия. Осы туған жерде де біз білмейтін үлкен сыр барына өз басым иланамын.
Өткенде белгілі ақын Байбота Қошым-Ноғай ағамыздың әлеуметтік желідегі парақшасынан «ішің білсін» деген қазақтың сөзінде терең мән болатыны туралы оқығаным бар. Ұққаным, адамның ащы ішегінде, сырттай жобаласақ, кіндік тұсында жұқа пленка болады екен. Сол пленканың, әр адамға төнетін қауіпті, болмаса қуанышты алдын ала сезетін қасиетке ие екені таң қалдырды. Қазақ «ішім сезіп тұр» дегенді ықылым заманнан айтады және тұрақты сөз тіркесі болып қорымызға еніп кеткен. Дүние жүзі ғалымдары биыл әлемге айқайлап, сенсация қылып жатқан жаңалықты баба қазақ бұдан бірнеше ғасыр бұрын білген. Бұл бабаларымыздың даналығы емес пе?!
Сол сияқты туған топырақта да бүккен сыр барына күмәнім жоқ.
Өткеннен ойысып келе жатқан асыл тек белгілі жырау, ҚР Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Руслан Ахметовтің де бойында тулап жатыр. Ол бала күнінен өнерге бейім болды, дарынды баланың бойындағы талант өнердің ауылына қосын тігуге итермеледі. Онжылдықты бітіргеннен кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің музыка факультеті «Халық әні» кафедрасына оқуға түсті. Осы жерде жүріп, өнердегі алдыңғы толқын ағаларын тыңдап, тыңдағанын көңіліне тоқып, алдаспандай шыңдалды. Оның жыр орындаудағы ешкімге ұқсамайтын екпіні, таудан төмен қарай төңкеріле аққан бұлақты есіңе салады. Домбыраны шебер орындауының өзі қатарлас жыршыларда кездесе бермейтін қасиет. Русланның тағы бір ерекшелігі – Батыс пен Жетісу дәстүріндегі мақам-саздарды жатсынбай сала беретіндігінде. Мұзбалақтың осы кезге дейінгі өмірі Сыр елінің көз алдында десе де болады. Өнердің хан базарының көрігін қыздырып, талай-талай аламанда еліне олжа салған ақтаңгер өнерпаз, негізгі міндетім – кейінгі ұрпаққа қас өнерді үйрету деп біледі. Өзі де осы салада жемісті еңбек етіп, көптеген шәкірт тәрбиелеп келеді. Шәкірттерінің көбісі облыс өнерінің жалауын жықпай, халыққа қалтқысыз қызмет етуде. Ұрпақ тәрбиесіне атсалысу елдің дамуына қосып жатқан үлестің ең үлкені деп білемін. Кейде оңаша отырып, болмыс туралы қиялыңды қияға ұшырып, өзіңше ой кешесің. Сонда ғана «тек» деген ұғымның тамыры терең екенін және өмірді мәнді сүрмектің өзі сол текте жатқанына шүбә келтірмейсің. Русланның әр жағдайда өзін бірқалыпта ұстауы, сабырдың суынан қанып ішкен болмысы арғы тегінде бар қасиеттің айғағы секілді.
Жыраудың жыр қорында Балқы Базардың «Әмина қыз», исі түркінің ортақ жыры – «Көрұғлы» және де басқа дастандар мен терме-толғаулар бар. Осы жерде тыңдармандар мәселесі толғандыратынын айналып өте алмайтынымызды да айтудың реті келіп тұр. Өйткені тыңдау мәдениеті бірінші кезекте тұрады. Ұлы Абай жарықтық «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» дегенде, тыңдалмаған сөздің жетімдігін айтып еді. Алқалы топқа түскен жыраудың көзі тұманданып, жүзі қызарып өзі тыңдаушының ортасында отырғанмен, рухы басқа әлемде жүретінін айтушыдан басқа ешкім білмесе керек. Бұл арқалы жырауда кездесетін жағдай және ол – біздің сөз етіп отырған кейіпкерімізге тән қасиет.
Ақпараттар ағыны тасқын судай қаптаған заманда құлаққа да өкпе жүрмейді, ақиқатында көсегемізді көгертетін саналы ұрпақ тәрбиелейміз десек, сол өскелеңдерді жырдың тыңдарманы ету керек. Руслан жырау – жырды жанына серік еткен, жауһар жырмен өмірін өрген майталман. Алдағы уақытта мұзбалақ өнерпазға шалқар шабыт, ұрпақ тәрбиесіндегі қызметіне толағай табыс тілейміз.
Берік САЙМАҒАНБЕТОВ,
жырау, ҚР Мәдениет қайраткері.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<