Жауһар жарығы жан түкпіріне түседі

1497

0

Әскербек Рахымбекұлы 1942 жылғы 22 наурызда Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылында туған. «Сырдария» газетінде, облыстық телерадио комитетінде, облыстық партия комитетінде, облыстық «Сыр бойы» газетінде қызмет атқарды.

Оның «Тұсаукесер», «Сырдария әуендері», «Тұлпар туралы дастан», «Ғашық жүрек», «Айдынынан айырылған Аралым-ай», «Алтын Арай», «Тұлпарлар тағдыры», басқа да жыр кітаптары жарық көрді. «Сырдария кітапханасы» атты 200 томдық кітаптар сериясы редакторының бірі болды.

Руханияттың алып бəйтерегіндей қаламгер тірі болғанда бүгін 80 жасқа толар еді. Ойы терең, сөзі сұңғыла ақынды мерейтойына орай еске алып, жыр жинақтарына енген бірнеше өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Есімі Сыр еліне сыйлы абзал азаматтың бірі Қазақстанның құрметті журналисі, қабырғалы қаламгер, ақиық ақын Әскербек Рахымбекұлы еді. Кеше ғана қара тұтып, алдымызға салып жүрген аяулы ағамыз бүгін ортамызда жоқ. Жаратқан бізді жақсылардың артына қалдырып, еске ала жүрсін деген шығар…

Ә.Рахымбекұлы 1942 жылы 22 наурызда Сырдария ауданының  Қоғалыкөл ауылында өмірге келген. Қызылорда педагогика институтының филология факультетін және  Алматы жоғары партия мектебінің журналистика бөлімін бітірген.

Аудандық «Сырдария» газетінде, облыстық телерадиода, облыстық партия комитетінде қызмет еткен. 1970 жылы  облыстық «Ленин жолы» газетіне келген. Сол газеттен өмірінің соңғы күніне дейін қол үзген жоқ. Бұл газет –  бүгінгі «Сыр бойы». Айтпақшы, осы газеттің 1929 жылғы төл атын қайтарып алуына да Әсағаңның тікелей әсері болды. 

1991 жылдың 24 қыркүйегінде «Ленин жолы» газетінің паспортындағы күн көсемнің есімі тарих күресініне тасталып, халық оның ежелгі «Сыр бойы» атауымен қауышты. Бұл кезде газеттің бас редакторы Әскербек Рахымбекұлы еді.  Мен бұлардың бәрін газет тарихынан білемін. Ал, 1993 жылдың тамыз айынан бері менің өмірім де осы газетпен өріле сабақтасып келеді.

Біз институт бітірген жылы қоғамда үлкен-үлкен өзгерістер болды. Соның бірі институт бітіргендер бұрынғыдай қолына жолдама алып, мамандығы бойынша жұмысқа орналасу жеңілдігінен айырылды. Өйткені, өмірге нарық заңдылықтары ене бастады. Өндіріс орындары тоқырап, мекемелердегі еңбек ырғағы бұзылды, шаруашылықтар шатқаяқтап қалды. Барлық жерде қысқару жүріп жатты. Осының салдарынан жас мамандарға да сұраныс болмады. Біз де соның бірі едік.

Бір күні «Сыр бойы» газетінен шақырту келді. Бардым. Бас редактор Әскербек Рахымбекұлы мені жұмысқа қабылдады. Бірақ, қолыма қызмет тимеді, корректор болдым. Редакцияда қызметкерлер саны көп екен. Көбі үлкен кісілер. Ол кездегі корректорлық жұмыс өте қиын болатын. Газет таралымы 41 мыңнан асатын, аптасына бес рет «Линотип» деп аталатын құрылғымен басылады. Қағазға жазуды қорғасын әріптерге май жағып түсіреді. Үсті-басымыз қап-қара болып жүреді. Жұмыстан түн жарымын аудырып қайтамыз, кейде кабинетке қонып қаламыз.

Сөйтіп, жүргенімде облыстық Тіл басқармасы қызметке шақырды. Мен редактордың алдына арызыммен бірге бір параққа өлең жазып қалдырдым да, сол жаққа кеттім. Сол өлеңде мынадай жолдар бар:

Корректорлық ұштайды екен,

Ұнайтыны сол, аға-ау.

Бес әріпі ұқсайды екен,

Редактор болам-ау.

Өзімше өкпемді айтқаным. Соған қарамастан, бір-екі күн өткесін сол өлеңім газет бетінде жарқ ете қалды. Сөйтсем, менің дипломыма тұрарлық қызмет алғаныма Әсекеңнің өзі де қуаныпты.

1996 жылы «Сыр бойына» қайтып келдім. Бұл кезде Әсағаң редактордың орынбасары еді.

Сол күннен бастап біз Әсағаңмен біте қайнасып кеттік. Талай өнер тойларына барғанда жанында жапалақтай болып еріп жүретінмін. Сол кезде мүшәйралар көп болатын. Үнемі орын аламын. Әсекең мені құттықтап, қуанып қалады. Ақындығыма да алдымен баға берген осы кісі еді. Мақтанғаным болмасын, «Мен бәйгемді бергім жоқ, озам десең озып кет» деп маған арнап өлең де жазды, Әсағаң.

Махмұтбай аға, Айжарық аға, Әсағаң үшеуі айырылмайтын. Үшеуі қосылса, мен де сол жерден табыла қаламын. Бармасам іздейді.

Еркелеп жүргенім болмаса, бұл кісілердің беделі мен құрметінің қасында біз бетегедей-ақ едік. Алматы, Астана жақтан Фариза Оңғарсынова, Тұманбай Молдағалиев, Сейсен Мұқтарұлы, Иранбек Оразбаев секілді ақындар келсе, осы кісілерді іздейді. Ағаларымның арқасында қазақтың талай игі жақсыларымен тұз-дәмдес болдым.

Әсағаңның мінезі қарапайым, жұмсақ болатын. Не айтқысы келсе де, емеурінмен ғана түсіндіретін. Әр нәрсеге мән бере бермейді. Әлдебір оғаш жағдай болса: «Аға, айтып-айтып тастасам ба екен?», – деймін ақыл сұрап. «Жүрегіңе салмақ түсіріп қайтесің», – деп күледі. Сол сөзінен бойыңа жылылық тарайды, ашуың басылып қалады.

2010 жылы қыркүйек айында «Сыр медиа» директорының бұйрығымен облыстық «Сыр бойы» газеті бас редакторының орынбасары болып тағайындалдым. Жұмысымның алғашқы күндерінде Әсағаңа барып, ақыл-кеңесіңізді айтыңыз дедім. «Жүріс-тұрысыңмен үлгі бол, қалған жұмыс өзі жүреді», – деді Әсағаң. Өйт, бүйт деп үйрету айтпады.

Ол кісі кемшілігіңді көруге жоқ еді, ал, жетістігіңе марқайып отырады. Солай болғасын, оның алдында өзің де бойыңды түзу ұстайсың.

Әсағаң өте еңбеккер жан. Қай кезде үлгеретінін қайдам, бірінің артынан бірі жыр жинақтарын шығарып жатады. Соңғы жылдары «Айдынынан айырылған Аралым-ай», «Алтын арай», «Ғұмырдария» атты кітаптары жарық көрді. Өлеңдерінің өрнегі өзгеше. Таңдайыңда еріп жүре беретін тәттідей. Әдебиетші ғалым, филология ғылымдарының докторы Бағдат Кәрібозов осыдан он жыл бұрын «Сыр бойы» газетінде «Әскербектің әсемдік әлемі» атты ақын өлеңдеріне талдау жасаған мақаласын жариялады. Әсағаң шынында көз арбаған бір әлем еді. Онан соң «Тұлпарлар туралы толғаныс» деп аталатын зерттеуі жарық көрді. Мұнда ғалым поэзия пырағының арынын айшықтап көрсетті.

Міне, осы екі мақаладан соң мен Әсағаң шығармашылығына барған әдеби толғаныс кездестірмедім. Ал, Әскербек ақын – әдебиетшілер үшін таптырмас зерттеу, тамаша тақырып. Оның поэзиясы арқылы эстетикалық сұлулықты, адам психологиясындағы жұмбақ иірімдерді адаспай табасыз. Қазіргі қасаңданған өркениет дәуірі материалдық қажеттілікті алға шығарып, адами құндылықтарды артқа ысырып барады. Бізді осы қауіптен құтқаратын рухани қуат поэзияның өн бойында тебіндеп тұр. Оған көз жеткізем десеңіз, Абай, Тұрмағанбет, Бұдабайдан бері Әскербек ақынға дейін ақтарып көріңіз. Бұл тізімді мақтанышпен созуға болады, оған менің құшағыма сыймайтын ақ қағаз керек. Өйткені, қазақ өлеңінің өр болмысы әлем поэзиясының алдыңғы сапында тұрғаны анық. Мұны біз сергек көңілмен сезіп, сеніммен айтамыз. Тек оны зерттеп, зерделейтін ұрпақ керек. Әсіресе, Әскербек ақын өлеңіне өзгеше сезіммен қарайтын зерттеушілер қажет, бізге оның жауһар поэзиясын жарқыратып ұстайтын күн туады, әлі.

Ертеректе Әсағаң «Жалын» баспасы жабық бәйгесінің екі дүркін жүлдегері болған. Онан басқа атағы жоқ. Ол атақ іздемеді де, әйтпесе мемлекеттік сыйлық алатын ақынның бірі Әсағаң еді. Ақынның бір ғана «Тұлпарлар туралы дастан» деп аталатын жыр кітабы – осы талғамнан шығатын дүние.

Менің Әсағаң поэзиясы туралы айтатын шағын сөзім осындай.

Әскербек аға 2012 жылдан бастап «Сыр медиа» ЖШС ардагерлер кеңесінің төрағасы болып келді. Бұған дейін аз уақыт арамыз алыстап қалғандай болған ағамен қайтадан жақын болдық. Жәй басып жұмысқа келе жатады. Бірінші қабатта кабинеті бар. Келді-ау дегенде біз тез басып төменге түсеміз, ол кісімен сәлемдесудің өзі бір ғанибет. Осы жұмысын сегіз жыл атқарды. Енді үйінде жатып демалса да болады ғой деп жанашырлық танытқандар табылды. Денсаулығы жақсы, тек аяғы ауыратын, жүрісі ғана қинайды. Әлгі әңгіме соған қарап шығады. Кең дүниеге сыймай жүретін ақын жаны қуықтай үйде байыз таба ма? Оның жан-дүниесіндегі әсемдік әлемі кіршіксіз күн астында жүруді ғана сүйетін. Бірақ, мұны жұрттың бәрі түсіне бере ме? Ал, серіктестік директоры, Аманжол інісі ақын жанының осы қалтарыстарын терең сезіне білді. Оның осы інілік, ізгілік ісіне көп жұрт разы болды. «Қариялар қашанғы жүрер дейсің?» дегендей, міне, асыл жанның да бұл дүниеден шын дүниеге бет алғанына екі жылдың жүзі аунап барады.

Шуақты Наурыз мерекесінде Әсағаңды туған күнімен құттықтайтынбыз. Енді дұға бағыштап отырмыз. Мәңгілік мекенің Фирдаус бақшасынан болғай, аға.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

Сол дәурен бір-ақ сәтте өтті ағып…

Қыз қуу

Қызған тойға абыржу араласты,

Құрып кетсін қызығы,

Қара басты!

Ауыздықпен алысқан  Ақтанкер ат

Албырт қызды ағындап ала қашты.

Ат қойды жұрт тұс-тұстан көтеріле,

Жеткені алмақ жүйрікті жетегіне.

Алу-далу қыз кетті аласұрып,

Еге болу қайда, ойбай, етегіне.

Ақтанкерді сан атты саумалады,

Құламады,

Қыз да жан сауғалады.

Көпшілік қой, қойсын ба,

Тосты ақыры,

Ағынды атты жан-жақтан қаумалады.

Мінезді екі Ақтанкер,

Бөлек те еді,

Жаратпады-ау жануар желөкпені.

Тізгініне егелік ете алмайтын

Қызға жүйрік мінгізу керек пе еді?!

Көрініп тұр көзіңнен қысылғаның,

Кеу-кеуге ерме, қарындас,

Күшің мәлім.

Сені қуған жігіттің түсін халін,

Налып тұр ғой жабының құшып жалын.

Қыз қуу бар болсын,

Парқы кетті!

Қыз ағасы сол тұста артық етті.

Шабыс тілеп орнында шырқ айналған

Ақтанкерді басынан тартып өтті.

Ақылыңа болайын,

Ақылыңа!

Бүйрегіңнің бұрғаны-ау жақыныңа.

Айналайын, Ақтанкер,

Қор болдың-ау,

Ер жігіттің түспей бір тақымына.

Бас киім

Болса аман мына ми мен

Мына басым,

Дүние, өз-өзіңнен құраласың.

Осы оймен тіккізіп ем бас киімді,

Бас киім болғанда да, жүдә, басым.

Жақсы еді жанарыңнан жайды ұрлайтын,

Кісі жоқ киіп шықсам қайрылмайтын.

Кей-кейде тесірейген кейбір көздер

Басымнан көрген сайын айрылмайтын.

Сол дәурен бір-ақ сәтте өтті ағып,

(Ізімді әлдекімдер кепті бағып).

Кешкісін бұрышынан бір көшенің

Айтулы құлақшынды кетті қағып.

Кетті олар жүрегімді жаралай бір,

Сол ашу әлі күнге тарамай жүр.

Көз алмас құлақшыннан кейбіреулер,

Басымды қайтсін енді,

Қарамай жүр.

Жарым бар қара қасы қияқтанған,

Үлбіреп ақ жүзінен ұят тамған.

Зәрем жоқ соны тонап кете ме деп

Құлақшын ұрлайтындар сияқтанған.

Мына бас барым еді,

Бағым еді.

Жігіт боп топқа түсер шағым еді.

Көзіне көп көрінсем базбіреулер

Кіріптар етпес пе екен тағы мені?..

Тұсаукесер

Қара шал елдегі егде қарттың өзі,

Қартайып, қаһарының қайтқан кезі.

Құданың құдіреті, қалыпты есте,

Сол шалдың маған сонда айтқан сөзі.

Жеңгенге жаңғақ, кәмпит үлестіріп,

Деуші еді:

– Өскен дұрыс күрес біліп.

Баянның бауырында бар баланы

Кешкісін қызықтайтын күрестіріп.

Біреуде күш,

Біреуде айла басым,

Күреспей енді қалай жайланасың?!

Өзіңнен көп күштімен сайысуға

Қара шал қабақ қақса сайланасың.

Шабытты шағымыз ғой шарқ ұратын,

Алыстым қаным қызып,

Қарқын атып.

Кенеттен шалынысып кеттім құлап,

Тобықтан қағар жерде қалтыратып.

– Тоқтағын!

Қара бала қапы кетті!

Қара шал осы ойды мақұл етті.

Түнеріп түрегелдім түсім қашып,

Тұстасқа намыс кетті,

Ақы кетті.

Қара шал келесі күн жарыстырды,

Жазықта жүрек тулап,

Жан ышқынды.

Алдыға түсіп сонда ағындадым,

Маңдайға ап таныс төбе,

Таныс қырды.

Қалғанда қара шалға бір адым кеп,

Тағы да қара басып құладым кеп.

Бетімді қара жерге басып сонда,

Еңіреп,

Ағыл-тегіл жыладым кеп.

Ал содан жыладым кеп,

Жыладым кеп.

Шал айтты:

– Қайда кеткен шыдамың? – деп.

Сонан соң маңдайымнан сипай берді:

– Тұсауың кесілмепті-ау, шырағым! – деп.

Сол күні шалың тұсау ескен еді,

Мен жүрдім түсіне алмай ештеңені.

Ауылдың қариясы ырым жасап,

Кеш демей тұсауымды кескен еді.

Содан ба,

Кештеу жидым есімді де,

Өзгеден кеш қозғадым көшімді де.

Өмірдегі сияқты өлеңде де

Кім білсін,

Тұсауым кеш кесілді ме?..

Көп этаждағы кемпір

Шілдеде өткен шалының жылын берген-ді,

Ерімен бірге қуанышы оның жерге енді.

Қазанға қарай қаңырап жалғыз қалған соң,

Қайтеді енді?

Қалаға көшіп келген-ді.

Жалғыздық жаман,

«Көтер, – деп шеше, кеудені», –

Босатты қызы төрдегі кеңдеу бөлмені.

Аспанмен мынау астасып жатқан үйден ол

Таңырқап тұрды тірлікке сонау жердегі.

Күйеу мен қызда жұмыс көп,

Тірлік жетеді.

Құп-құйттай ұлды жетектеп кезек кетеді.

Бақшаға соны бермей-ақ қойса болмас па,

Кемпірге сеніп қалдыра қойса нетеді?

Жиһазды бөлме,

Жататын бөлме,

Асхана.

Пейіштің өзі, теңдессіз ғажап баспана.

Жасаулы үйде күн ұзын босқа жатады,

Жатса да көңілі кетеді-ай мүлде басқаға…

Алдында көздің көлбеңдеп кейде қыр таңы,

Сап-салқын самал желпінтіп тұрар қырқаны…

Ауылдан мұнда келгені кеше емес пе,

Апыр-ау, неге осынша алабұртады?

Бір күні содан,

Аңсары ауып бір күні,

Қолына алды шалынан қалған дүрбіні.

Шалғайдан шыққан түтінді шалып қалғанда,

Жасаурай берді көз деген мына құрғыры.

Келген-ақ екен,

Келген-ақ екен бекерге!

Тең болсын қайдан мынау үй атамекенге?!

Көктеме келсін,

Құс болып сонда ұшар-ау,

Кім білсін, оған өмірі қалған жетер ме?..

Баласы-ау, шалдың…

Баласы-ау, шалдың,

Жатырсың күтіп кісіңдей.

Келін боп,

Сен боп алақаннан мені түсірмей.

Қинайсың келіп:

«Қалды-ау, – деп, – шарап ішілмей»,

Мен болсам далмын мына бір жайды түсінбей.

Өлгелі шешең босағаңнан мына өтпеп ем,

Өкпелей көрме,

Кемшілік болды ептеген.

Әкеңе бүгін бергелі сәлем беттеп ем,

Төсегі оның төріңнен неге шеттеген?

Еге еді елге,

Алдынан ешкім өтпеген,

Кісі еді-ау, пай-пай, таласып жүрген көкпенен.

Жатыр ғой терлеп,

Терді әкең босқа төкпеген,

Ал мұндай шалға қолымыз біздің жетпеген.

Бір қауым елдің арқаға жүгі батқанда,

Ұйқысы қашып қонатын атқа ақ таңда.

Баласы-ау, шалдың,

Ішемін қалай шарапты,

Сол адам қазір жабырқап,

Жасып жатқанда?..

Сырқат па өзі?

«Ал, – дейді, – тағдыр қинамай!»

Ажалыңнан да айылын жатыр жинамай.

Шал кеткен күні сені бір сезім қинар-ау,

Астында жердің жарылмай қалған минадай.

Баласы-ау, шалдың,

Өтінем, шарап құймашы.

Сыйласаң мені,

Алдымен шалды сыйлашы.

Тірлігі бардың дәм-тұзы бітер дейсің бе,

Береке жауғыр,

Дастарханыңды жинашы…

Осы ғой өмір,

Отырсың ойлап, парық қып,

Кәрілік, шіркін, қояды екен  кәріп қып,

Ауласай көңілін әкеңнің,

Өмірден мына өксімей кетсін жарықтық.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<