Бабалардан жалғасқан жыраулық дәстүрдің алтын арқауының үзілмеуіне үлес қосып жүрген жандардың бірі – Қармақшы ауданындағы Көшеней жырау үйірмесінің жетекшісі, Жиенбай жырау мектебінің өкілі Әйгерім Ешбаева.
Әйгерімнің өнерге деген құштарлығы бала кезден басталды. Оған туған әпкесі, республикаға танымал жыршы Айнұр Ешбаеваның салған жыр-термелерінің әсері де бар. Одан қалды қанмен берілген бұл өнерден әкесі Бостан да құралақан емес болатын. Жүрген жерінде күй тартса, үлкендер атасы Мақантайдың шертпе күйлердің шебері екенін айтатын. Ал үлкен атасы Күндебай Алдоңғаров уақытысында Н.Бекежановтың бригадасында әнші-термеші болған. Осындай дарындылардың ортасынан шыққан Әйгерімнің өнерден алыс болуы мүмкін емес.
Кішкентайынан домбыраны серік еткен жыршы қыз ең алғаш Кете Жүсіптің «Ер жігіт» термесін тартып үйренді. Домбыраны үйренісімен аудандық әуез мектебінің «Жыр-терме» сыныбына қабылданып, Жиенбай жыраудың немересі Бидас Рүстембековтен бес жыл білім алды.
– Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ жырға әуес болдым. Домбыра шертуді Айнұр әпкем үйретті. Ол Б.Рүстембековтің шәкірті болатын. Өкінішке қарай, әпкем өмірден ерте озды. Кейін мен де Бидас ағайдың жыр-терме сыныбынан өттім. Өсиет, термелерден бөлек бес жыл бойы «Көрғұлы» дастанын жаттап үйрендім, – дейді жыршы.
Бірақ мектеп бітірген соң Әйгерім өнерді емес, қаржыгерлік мамандықты таңдап, «Сейхун» институтының «Қаржы және несие» мамандығы бойынша білім алды. Алайда өнерге қайта оралды. Осылайша, жыршы қыздың еңбек жолы 2002 жылы аудандық мәдениет саласында көркемдік жетекші, костюмер болудан басталды. 2004 жылы сол кездегі аудан әкімі Р.Нұртаевтың қолдауымен жыр-терме үйірмесі ашылып, соған жетекшілік етті. Мұнан соң 2006 жылы К.Рүстембеков атындағы аудандық «Жыраулар үйінде» Көшеней жырау үйірмесінің жетекшісі болып, шәкірт тәрбиелей бастайды. Қызмет ете жүріп Әйгерім 2010 жылы Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Дәстүрлі музыка өнері» мамандығы бойынша А.Алматовтан дәріс алады.
Бүгінде Әйгерім Ешбаеваның жыр қоржынында көптеген терме, толғау, дастандар бар. Сырдың ақын-жыраулары Омар Шораяқұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Дүр Оңғар Дырқайұлы, Балқы Базар, Кете Жүсіп, Ешнияз сал, жергілікті ақындар Талайлы Досымова, Сәнтөре Пірманов, Нағима Торманованың шығармаларын нәшіне келтіріп орындайды. Репертуарындағы Тұрмағамбеттің аудармасымен жарыққа шыққан Фердоусидің «Шаһнамасының», Заметдин Ибадуллаевтың «Түлкібай батыр» дастанының орны бір бөлек.
Әңгіме барысында Әйгерімнен жыраулық өнерге деген жастардың қызығушылығы мен шәкірттерінің жеткен жетістіктерін де сұрадық.
– Жыраулық өнер өміршеңдігімен ерекше. Қанша тарихи дүрбелеңдерді өткерсе де, өзегін жоймай, бүгінге дейін атадан балаға беріліп келеді. Біздің жерде туып-өскен ұрпақтың бұл өнерге қызығушылығы болмауы мүмкін емес. Сондықтан кейде ата-аналар өздері әкеліп жатса, кейде талантты балаларды өзіміз сұрап аламыз. Бүгінде шәкірттерімнің алды ұстаздық етуде. Солардың бірі – Гүлжазира Құрақбаева Қазанғап атындағы музыка колледжін бітіріп, Тұрымбет Салқынбайұлы атындағы әуез мектебінде мұғалім. Малика Алдамжарова Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Дәстүрлі музыка өнері» мамандығы бойынша тәлім алуда. Жыршы-термешілердің үлкен додаларына қатысып келеді. Мұнан бөлек, Айдана Амантай, Рәбия Ибрагим, Аяулым деген кішкентай шәкірттерім бар. Олар да түрлі байқауларға қатысып, биіктерден көрінуде. Басты мақсатым – ендігі жерде осы шәкірттеріме үлкен көлемді дастандарды үйретіп, жетістікке жеткізу, – дейді жыршы.
Әйгерімнің өзінің жетістіктері де бір төбе. Тәуелсіз елдің төрін әсем жырымен тербеткен ол әлі талай белестерді бағындырып, ән мен жырға бөлері анық.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<