Адамның балалық шағында болған оқиға ұзақ жылдар бойы санасында сақталып қалатыны рас. Бүгінгі әңгіме өзегіне айналған мына жайт арада 50 жылдан астам уақыт өтсе де әлі күнге жадымда тұр. Ауылымыздағы №94 мектептің бастауыш сыныбында оқып жүрген кезім. Оқыған әдеби кітаптарымыздың мазмұнын ортаға салу, түсінік айтып беру – отбасымызда қалыптасқан дағды.
Бірде тетелес ағам, марқұм Темірбек өзі оқыған кітаптың мазмұнын бізге баяндап берген-ді. Шұрайлы тілмен жазылған кітап бәрімізге қатты әсер етті. Тіпті бұл туындының жазушы Өтебай Қанахиннің «Жер басып жүрсем» деген кітабы екені санамызда берік сақталып қалған. Әке-анамыз күнұзағына жұмыста жүретіндіктен үйде әжем мен немерелері, яғни біз ғана боламыз.
Сол тұста 8-сыныпта оқитын Темірбек «Жер басып жүрсем» туралы, ондағы кейіпкерлер хақында өзінің ойға түйгенін қағазға түсіріп, кітаптың бетіндегі көрсетілген мекен-жайға хат жазып жіберген еді. Әрине, ол кезде жазушыдан жауап келеді деп ешкім де ойламаған шығар. Десе де біршама уақыттан соң Темірбек ағамның атына арнайы хат келді. Конверт бетінде көрсетілген жіберушінің «Өтебай Қанахиннен» деп жазылғанын көргенде сенер-сенбесімізді білмедік. Неткен ыждағаттылық! Көпке танымал тұлғаның бар-жоғы 8-сынып оқушысына ықылас білдіріп, жауап жазуының өзі зор құрмет-тұғын.
Әке-анамыз жұмыстан келген соң Тәкең жазушыдан келген хатты зор қуанышпен жеткізді. Ондағы «мектебіңді жақсы бағаға аяқтап, әдеби кітаптарды көп оқы, журналистика саласын таңдасаң, біршама жетістікке жетесің» деген пікірге Темірбек қатты әсерленген-ді.
Бірақ ағам журналистика саласын таңдай алмады. Олар мектеп бітірер тұста «Мектептен – өндіріске» деген бастама белең алып, өзге құрдастарымен бірге комсомол жастар бригадасын құрып, шопан ретінде жұмысқа араласты. Ал Қанахиннен келген хат бертінге дейін үйде сақтаулы тұратын.
Сол кезеңде ауылда жаңадан мектеп ғимараты салынды. Бір қабатты, ұзынша, жаңа мектеп үйі бізге еңселі де өте әдемі көрінетін. Оқу жылы басталды. Едені жарқырата сырланған бөлмелерді, ұзынша залды көргенде қуанышымыз қойнымызға сыймады. Және бір кереметі, сол кезеңде жоғары оқу орнын бітірген бір топ жас мұғалім ағайлар мен апайлардың келуі ауылымыздың өміріне соны серпін әкелгендей болды. Сол шағын мектептен түлеген қаншама шәкірт қазір еліміздің түкпір-түкпірінде ғұмыр кешіп, жемісті қызмет етуде.
Бүгінде ауылымызда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 300 орындық мектеп ғимараты салынып жатыр. Ұрпақтар сабақтастығы дегеніміз осы шығар.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
«Сыр бойы».
Қазалы ауданы,
Жанқожа батыр ауылы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<