Биыл «Сыр медиа» ЖШС құрылғанына – 10 жыл. Осыдан тура қырық күн бұрын өмірден озған Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, белгілі ақын Әскербек Рахымбекұлы серіктестікке жеті жыл толғанда «Жемісті жеті жыл» атты жазбасын дайындаған еді. Белгілі себептерге байланысты сол уақытта жарияланбай қалған еңбекті онжылдық орайында оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Редакциядан
Әр адамда әртүрлі қасиет болады. Ол әркімде әрқалай, әр түрлі жағдайға байланысты қалыптасатын секілді. Менде де елден ерекшелеу қасиет барын беріде білгендей едім. Ол жеті санына байланысты. Сонда қалай?
Нағашы әжем Шолпан деген кісі еді. Өмірде көргені де көп, көңілге түйгені де көп зерделі көнекөздің бірі болатын. Мен мектепке баруға дайындалып жүрген күндердің бірінде сол кейуананың айтқан сөзі күні бүгінгідей есімде.
– Әскержан, жеті айлық болып дүниеге келген едің, Жаратушы жарылқап, енді, міне, жеті жасқа да жеттің, – деп әңгімесін әріден бастандыратындай сыңай аңғартты. – Отан соғысындағы қанды қырғынның қызып тұрған шағында жеті айлығыңда жарық жалғанның есігін аштың. Әкең атыңды өзі қойып, көп ұзамай соғысқа аттанды. Сенің алдыңда айы-күні толып туған бір ұл, бір қыз шетінеп кеткен еді. Соның салқыны ма, кім білсін, әкең: – Әскербекке өзіңіз бас-көз боларсыз, – деп маған жаутаңдап жолға шықты.
Ана жақта атандай азаматтар оққа ұшып, жер жастанып жатқанда шала туған сәбидің жай-күйі қайдан бола қойсын. Анаң болса, күні-түні колхоздың жұмысында, саған қарайлайтындай шамасы жоқ. Шала шарана қолға ұстауға келмейді, тымаққа салып керегенің басына іліп қоямын. Жылап мазаны да алмайсың, үн-түнсіз жатасың да қоясың, арагідік емізікпен сүт беремін, бар қорегің сол. Шынымды айтайын, сені ұзамайтын шығар, әкесінің өтінішін орындай алмайтын болдым-ау дегендей ауыр ойларға кетіп жүрдім. Құдайдың құдіреті, бекер үрейленген екенмін, солайша жылға жуықтағанда ауыр жараланып әкең соғыстан оралды. Ұлымен аман-есен ұшырастырғаныма мұндай қуанбаспын. Бұрынғылар жеті айлық нәресте жетіліп кетеді, ал алты айлық немесе сегіз айлық сәбиге сенім жоқ деуші еді. Соған көзім жеткендей болды.
Әкең шаруашылық жұмысына қызу кірісіп кетті, бірде есепші, енді бірде ауылдық советтің төрағасы секілді қызметтер атқарып жүрді. Солайша ауыр жылдардағы ауырлау өмір ауанымен жалғасып жатты. Айналасы екі-үш жылдың дидарында тоғыз ай, тоғыз күнін толтырып бір ұл, бір қыз отбасын толықтырды. Өкініштісі сол, неге екені белгісіз, олардың да өмірі ұзақ болмады, шетінеп шептен шықты. Қайран қаларлығы сол, шала туған саған сыйлаған ғұмырды Жаратушы толағай толғап туған оларға қимады. Отбасында саған деген салқындық сыр бергендей еді. Жан-жағын жалмап туған мына шалғайдан не қайыр дегендей сыңай сезілгендей. Бірақ ешкім тіс жарып, тырс етпейді. Не болса да ішкі жан дүниелерінде әлдене жүріп жатқандай.
Ал сен болсаң ойыңда ештеңе жоқ, жаймашуақ жетіліп келесің. Сенің сол қарапайым қалпыңа қарап кей-кейде ойға батамын. Тілеуін тілеп, жаппарға жалынып жүріп көрген төрт ұл-қыздың тағдыры тым қысқа болды. Сонда бұл қалай? Ойланып, толғана келіп тоқтағаным жеті саны болды. Оның қандай қасиеті бар екенін білмеймін, бірақ тегін емес.
– Әскержан, жеті саны қастерлі, қасиетті, – деп Шолпан әжем әңгімесін аяқтаған еді.
Содан бері де біраз жылдың жүзі ауды. Бұл күнде әжей де жоқ, ал жеті санының сыр-сипатына жеткен мен де жоқ. Бірақ ол кісінің айтқанын ұмытпақ емеспін.
Кей-кейде айлы түнде жұлдыздардың ішінен жеті қарақшы жұлдызын іздеймін, жеті қарақшы аспан әлемінде қайдан жүр деп қиялданам, бір аптаның жеті күннен тұратынын ескеріп, ол неге алты, болмаса сегіз күннен қайырылмайды деп қайран қаламын, қайтыс болған кісінің жетілігін береді, оны неге он күнде, не он бес күнде бермейді деп ойланамын. Жеті санына байланысты мұндай сауалдар менде жетіп артылады. Оларға әркімнен әрқилы жауаптар да алып жүрген жайым бар. Ал солардың көбісіне күмәнмен қараймын, күдіктенемін.
Қысқасы, жеті санына саяр әңгіме, сөз болса елең етемін, соның сыр-сипатына көз жеткізгенше көңілім көншімейді. Бұған не дейсіз?
Осы жақында әлдекім: – «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылғанына жеті жыл толғалы отыр, – деп қалды.
– Ойпырмай, оған да жеті жыл болып қалғаны-ау деп оқыстан ойға кеткендей едім.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері енапат жарамды жаңалықтар өмірге еркін еніп жатты. Соның мерзімді баспасөзге қатыстысы медиалар болатын. Жер-жерде ту тіккен бұл медиа жағалап Сыр бойына да жетіп еді. Сонымен осыдан жеті жыл бұрын «Сыр медиа» ЖШС құрылып, оның басшысы болып Аманжол Оңғарбаев тағайындалды деген ақпарат тез тарады.
Жаңа медиа басшысын студент кезінен білемін. Оқу бітірген соң ол менің досым Әділхан Бәйменовтің «Ақмешіт апталығы» газетіне қызметке орналасты. Бұл аймағымызда алғаш жарық көрген тәуелсіз басылым еді.
Қайран Әділхан, өз газетіне жаза-жаза саусақтары жауыр болған байырғы журналистерді жолатқан жоқ, жалындаған жастарды алды. Оларды жалықпай жазуға баулыды, үздіксіз үйретуден жалыққан жоқ. Қызметке қабылданған жастар аз уақыттың ішінде газет жұмысына үйренісіп, үйлесіп жүре берді. Әңгімені жар жағалатып, не мақтап отырғанын, не мазақтап отырғанын білдірмей, жымдастырып жіберетін Әдекеңнің қарамағындағы жас журналистер сенім үдесінен табыла білді. Көп ұзамай сол газетте бас редактордың орынбасары болып жүрген Аманжол басшысының келісімін алып, «Халық» атты тәуелсіз газет ашты. Алдымен жаңа редакцияның мекен-жайын қамдады, қызметкерлерін қарастырды. Не айта беретіні бар, «Халық» алғашқы сандарынан бастап, өзінің бағытын, бет -бейнесін айқындап алған баянды басылымға айналды. Сонысымен оқырмандарының ойынан шықты. Жаңа XXI ғасырдың бірінші жылынан бастап жарық көріп келе жатқан бұл басылым бір сәтке де оқырманын жалықтырған емес. Мен өз басым «Халық» газетінің белсенді оқырманының бірімін десем де болады. Оның әр санын әліге дейін асыға күтемін. Бұл, сөз жоқ, оның бас редакторының жақсы журналист қана емес, ойы өткір, байламы берік, іскер ұйымдастырушы екенін айғақтағандай еді.
Ал енді осыдан жеті жыл бұрын өзінің бел баласындай болған «Халық» газетін қызметкері Нұржан Әбжанұлына тапсырып, «Сыр медиа» ЖШС-на бас директор болып қызмет ауыстырған ініміздің жаңа лауазымына қуанғанымызбен, күдігіміз де жоқ емес еді. Олай болатын себебі бұның алдында басқа облыстарда құрылған бірер медианың тарап, қайтадан қалпына келгенінен хабарымыз болатын және оларды басқарған кісілердің тәжірибесі де, атқарған қызметтері де, абырой- беделі де биік болатын.
Сонымен жаңа медианың жұмысы басталып та кетті. Оның басшылығы алдымен еліміздің әр өңірінде құрылған медиаларға барып, тәжірибелерін тәлім етіп, үлгілі істерін үлгі етпек ниетте болды. Ешнәрсе оңай қалана қалған жоқ. Жаһандану үрдісі белең алған уақытта жаңа медианы аяққа тұрғызу, шын мәнінде оның басшылығының табанды түрде еңбек етуіне тура келді. Әсіресе алғашқы жылдары көп уақытты ат үстінде өткізгендей күй кешті. Бертін келе, аудандық басылымдар медиаға қосыларда аудандарды аралап, сондағы редакциялар мен баспаханалардың жұмысымен жан-жақты танысты. Әрине, оның баршасын жіктеп, жіліктеп жеткізу міндет те, мүмкін де емес. Біздің мақсатымыз – көзіміз көрген, немесе көңілге түйген жайларды оқырман назарына ұсыну ғана.
Солайша жанталас еңбектің нәтижесінде облыс әкімдігінің тап қарсысынан жаңа баспасөз үйі салынып, пайдалануға берілді, жанында баспаханасы және бар. Мекеменің жеке баспаханасы болғаны қандай қолайлы десеңізші?! Оның өзі қолың ұзарғандай, жұмыс біршама жеңілдегендей әсер етті, қаржы жағынан да тиімділігі жоқ емес. Енді облыстық және аудандық газеттер осында басылады. Шетелдік жабдықтармен жарақталған оның өнімі сапалы, түрлі-түсті бояулармен көркемделген газетті қолыңа алғанда көңіліңді көрікті сезім билегендей әсерде боласың.
Іскерлік деген іс үстінде, ізденіс барысында қалыптасады екен. Осының баршасында медиа облыстық әкімдікке арқа сүйеді. Ретті жерінде өтінішті өткізуге ұмтылыс болды. Бұл бағыттағы әрекет-қимылдар басшылықтан қолдау тауып, өз жемісін берді де. Сондай бір игілікті іс-шараның куәсі болған да едік.
Сол күні облыстық әкімдік ғимаратының алдында онға жуық жеңіл автокөлік сап түзеп тұрды. Бұлар аудандық газет редакторларына сыйланатын көліктер еді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев редакторларға автокөліктердің кілтін тапсырды, содан соң оларды құттықтап, жұмыстарына жеміс тіледі.
Салтанатты басқосуда журналист ардагерлер атынан сөз сөйлеу маған тиесілі болды. Мен алдымен аудандық газет редакторларын көлікті болуымен құттықтадым, содан соңғы сөзім облыс басшысына бағышталды.
– Құрметті Қырымбек Елеуұлы, Сіз бізді қайран қалдырып тұрсыз, – дедім, одан әрі: – мынадай қатардағы аудандық газет редакторларына тобымен автокөлік мінгізу бұрын-соңды көрмек түгілі, естіген де емеспіз. Бұл – сөз жоқ, еліміздің егемендік алғанының жемісі. Ау, кезінде біз де облыстық газеттің редакторы болдық. Алдымыздағы ағалардың да, менің де мінгенім обком мен облисполкомның ескі-құсқы машиналары болатын, – дей келіп, қанат бітірердей қамқорлығы үшін әкімге алғысымды айтқан едім.
«Сыр медиа» ЖШС ғимаратына көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің есімі берілген тұста облыс басшысы арнайы келіп құттықтап, ескерткіш тақтаны ашқаны да есімізде. Қысқасы, «Сыр медиа» ЖШС ұжымы оған дән риза.
Жаңадан құрылып, қаз-қаз қадам басқан мекеменің проблемалары жеткілікті еді, бір жағына тартсаң, екінші жағына жетпейді. Мемлекеттің қаржысын бір қалтасынан екінші қалтасына ауыстыра салатын кеңестік кезеңнің жұмыс жүргізу режимі келмеске кеткен. Нарық заманы нақтылықты, қалтаңдағы қаржыны қайта-қайта санап, барынша үнемді, үйлесімді жұмсауды қалайды. Бәрінен бұрын жанға бататыны – баспаханадан шыққан газетті жер-жердегі оқырманға жеткізу жағы еді. Не істеу керек?
Бұл «Сыр медиа» үшін өзіндік қиындық әкелді. Серіктестік басшылығы тың тәжірибе, үйренетін үлгі болар ма екен деген үмітпен ойға шапты, қырға шапты. Алайда ден қойып біржола беріліп кетердей ештеңені қолға түсіре алмай, дал болды. Әріптестерімен ойласа отырып, почта қызметінен бас тарту жағын жан-жақты қарастырды. Содан не керек, баспаханадан басылып шыққан газетті алдымен аудан орталықтарына, одан әрі шаруашылықтардағы оқырмандарға жеткізудің жолдары зерттеліп, зерделенді. Солайша «Сыр медиа» ЖШС өз газеттерін өздері таратуға шешім қабылдады. Алғашқыда бұрын айналыспаған кәсіптен ши шығып, кемшіліктер кетті. «Көш жүре түзеледі» демекші, бірте-бірте үйренісіп, бұл күнде қалыпқа түскендей жайы бар. Бұл істі бұлайша ұйымдастыру мекеменің қаржылық жағдайын да біраз жақсартқандай еді.
Осылайша аз ғана жылдың ішінде істің беті бері қарай бастады. Ең бастысы, жаңа баспахана жүйелі жұмыс істеп тұр, газеттің таралуына оқырмандардың көңілі көншігендей, ал қызметкерлер мен жұмысшылар айлық жалақысын уақытылы алуда. Бұдан басқа мерекелі күндері өндіріс озаттары мен зейнеткерлерге құрмет көрсету дағдыға айналған. Осының баршасы ұйымшылдықты, іскерлікті талап етері сөзсіз.
Әу баста жаңа құрылған мекемеге күпір-күдіктен бұл күнде біз де арылғандаймыз. Әрине, мұның бәрі – ұйыса білген ұжымның, басшылықтың қолдауының жемісі.
Жасымыз үлкен болғасын кей-кейде серіктестік басшысы құшақтап амандасып, жай-күйімізді қалдырмай сұрастырады. Біздер соған мәз боламыз, риясыз ризамыз. Заманымыз бір болған соң ептеп әзіл қашыратын да кезіміз болады.
– Кезінде біз бір газетті басқарғанда қиналып, қипақтап жүрдік. Ал сен болсаң, облыстағы оннан астам мемлекеттік газетті дөң асырып, дөңгелентіп жүре бердің ғой, – дейміз. Ондай назымыздан ол саспайды:
– Заманына қарай адамы деген, асығып-аптықпай нарық дәуірінде тумадыңыздар ма?! – деп қалжыңмен жауап қайтарды. Ал енді оған не дейсіз?
Осы тамыз айының бас жағында Астанада Қызылорда облысының мәдениет күндері өтетін болды. Ұмытпасам, тамыздың жетісі күні оған қатысатындар жолға шықты. Қызылорданың темір жол вокзалы қайысқан халыққа толы еді. Олардың дені шығарып салушылар. Арасында біз де бармыз. Алдымен шағын митинг өткізіліп, «ЭКСПО-2017» көрмесіне бара жатқандарға ақ жол, ақ тілектер айтылды. Мұндағы жұрттың бәрі көңілді, жұрттың бәрі ақжарқын. Әсіресе, жол жүретіндердің көңіл күйі ерекше.
Пойыз қозғаларға сәл қалған сәтте жас жігіт сәлем берді.
– Сіз «Сәлем, Астана!» атты өлеңнің авторы емессіз бе? – деді.
– Болсақ болармыз, – деп сырт айналғандай сыңай танытып едім. Әлгі жігіт:
– Аға, өтініш, сол өлеңіңізді оқыңызшы, – деп жата кеп жабысты. Жанары жаудырап, үзіліп тұр. Жолға шығып бара жатқасын көңілін қимадым.
Мың сәлем
Ақмешіттен Ақмолаға,
Арқаның төріндегі
ақ қалаға.
Мың сәлем, миллион
сәлем астанаға,
Арманы асқақтаған
бас қалаға.
Мың сәлем Сыр елінен –
жыр елінен,
Жұртының жыр саулаған
жүрегінен.
Мың сәлем
Байқоңырдай киеліден,
Сөздерін сертке
ұстаған сүлейінен.
Мың сәлем сұлу
Сырдан – Есіліме,
Есілдің бойындағы бесігіме.
Есілден самал
соғып есілуде,
Ел риза Арқа атты есіміңе.
Арқалап елдің жүгін
асқан қырдан,
Арыстар бұл мекенде
ат шалдырған.
Сәлем деп Сарыарқаға
мақтан қылған,
Сыр елі бізді
мұнда аттандырған.
Армысың ақ астана
Арқадағы?!
Армысың Қараөткел мен
Қарқаралы?!
Армысың Арқа елі
алқалаған,
Мың сәлем Қаратау мен
қарт Аралдан.
Байқасам, бейтаныс жігіт қалта телефонына жазып тұр екен. Сол сәтте пойыз қозғала берді. Бейтаныс жігіт: – Аға, өлеңіңізді жаттап алып, ЭКСПО-ның төрінен жаңғыртып оқимын, – деді де, вагонға ұмтылды. Қап, мына баланың ең болмаса есімін де сұрап үлгірмедім-ау деген ойда ұйқыдан енді оянған кісідей мәңгіріп тұр едім.
Сол сәтте ту сыртымнан әлдекім: – Оу, ардагер аға, үйге қайтпайсыз ба? – деді. Серіктестік басшысы екен.
Осымен мақаламызды қорытындылап, сәл де болса сергісек те жарар еді. Ал бұған бала күнімнен қасиет тұтып ерекше бағалайтын жеті санының желігі себепкер болды. Оның үстіне бұл күнде желпінтіп жеті жасқа жеткен «Сыр медиа» ЖШС сәбилік дәуірден өтіп, балалық кезеңге аяқ іліктіргенде қалам тартпай, қалай қарап қаламын деген сипаттағы ойлар иектеді.
Құрметті оқырман, мақалада іргелі ұжымның жеті жылда қол жеткізген жетістіктері жайлы азды-көпті, тиіп қашып баяндағандай болдық. Соған орай материалға «Жемісті жеті жыл» деген ат қойып, айдар таққанды жөн көрдік. Оған сіздер де келісер деген ойдамыз.
Әскербек РАХЫМБЕКҰЛЫ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<