Жеңіске жетелеген жалынды жырлар

1691

0

Қазақстаннан 1941-1945 жылдардағы қанды қырғынға 1,5 миллион азамат аттаныпты. 600 мыңнан астам қазақстандық бұл соғыстан оралмады. Солардың бірі – майдангер ақын Нұрмағанбет Жаңаев.

Ол сұрапыл соғыста ажалмен бетпе-бет келіп жүрсе де қолынан қаламын тастаған емес. Қайта көпті қанаттандырып, жалынды жырларымен, орамды ойларымен жауынгер жерлестерінің рухын көтерді.

Нұрмағанбет Жаңаев 1912 жылы бұрынғы Қазалы уезінің №12 ауылында (қазіргі Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы Тұрмағамбет ауылында) туған. Жастайынан оқуға зерек, қоғамда белсенділігімен танылады. Сыр сүлейі, ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлынан дәріс алып, хат таныды.

1905 жылы Тұрмағамбет Ізтілеуұлы «Көкілташ» медресесін тәмамдап, туған ауылына келіп мектеп ашады. 1925 жылға дейін ұстаздық еңбек еткен атақты шайыр ауыл балаларына хат танытып ғана қоймай, шығыстың жыр-дастан, толғауларын үйретті. Тұрмағамбеттен білім алған Нұрмағанбет жастайнан ақындыққа жақын боп өсті. Бірақ біздің қолымызда тек майдан даласынан жазған өлеңдері ғана сақталған.

Нұрмағанбет Бүкілодақтық лениндік коммунистік жастар одағының мүшесі болды (ВЛКСМ). Жастар комсомол ұйымына кез келген жас қабылданбайтын. Оқуда үлгілі, еңбекте ерекше көзге түскен, Кеңес үкіметінің саясатына адалдығын ісімен, қоғамға пайдалы іс-әрекетімен көзге түскендер ғана қабылданатын. 

1935 жылы Нұрмағанбет Жаңаев № 8,9,10,11,12 ауылдарына қарасты тұтынушылар қоғамында басқарма төрағасы болып сайланды. Осылай жауапты міндет жүктелді. Бұл тұрғындарға күнделікті азық-түліктің уақытылы жеткізілуін, таралуын қамтамасыз ету еді.

1942 жылы 25 сәуірде Нұрмағанбет соғысқа аттанды. Қатардағы атқыштан взвод командирлігіне дейін өскен. Ақынның майдандас досы Шәрибек Іздібаевтың естеліктері бойынша Нұрмағанбет 1943 жылы Украин майданында фашистік басқыншыларға қарсы соғысқан. 

«1943 жылдың 15 наурызында Полтава қаласынан шегініп, старый Белгород қаласына келдік. Онда Нұрмағанбетпен кездестім. Ол взвод командирі екен. Біз он адам едік. Мен Нұрмағанбеттің қарамағында қалдым. Қасымдағылар тылға қарай өтті. 1943 жылы 5 шілдеде қорғаныста болдық. Белгородты алу үшін немістер 5 күн қатарынан күніне мың самолет, түрлі қару-жарақ қолданған. Біз 30-40 шақырымдай шегіндік. 6 шілде күні Қызыл Армия неміске қайта шабуыл жасады. Белгородты немістерден босатып, Пятихатка мен Кривой Рог қаласына келдік» – деп келтіреді Шәрибек Іздібаев естеліктерінде.

1943 жылы ақын өзінің ауылдасы Шәрибек Іздібаевпен майдандағы кездесуіне қуанып, «Бекіттік уәде ауылға бірге барарға» деген өлеңін жазған.

Белгород – Украинамен шекаралас қала. Деректерге жүгінсек 1941 жылы 24 қазанда фашистер басып алған, 1943 жылдың ақпанында қаланы 183, 309, 340 атқыштар дивизиясы ауыр шайқас нәтижесінде фашистерден азат етті. Бірақ, бір айдан кейін фашистер қарсы шабуыл жасап, қаланы қайта басып алды. Кеңес әскері Белгород-Харковь операциясын бастады. Оған атқыштар дивизиясы, танкке қарсы артиллерия, зениттік артиллерия, авиация жұмылдырылды. Соның нәтижесінде 1943 жылы 5 тамызда Белгород қаласы фашистерден азат етілді.

Белгородты азат етуге қатысқан әскерлерге 1943 жылғы 5 тамыздағы Жоғары бас қолбасшылықтың (ВГК) бұйрығымен алғыс жарияланып, Мәскеуде 120 мылтықтан тұратын 12 артиллериялық салют берілді.

Бұдан әрі 1943 жылдың екінші жартысында Кеңес әскері Днепр үшін шайқасады. Кеңес және неміс жағынан шайқасқа барлығы 4 миллионға дейін адам қатысты, ал соғыс майданы 750 шақырымға созылды. Төрт айлық операцияның нәтижесінде Украинаның сол жағалауын Қызыл Армия нацистік басқыншылардан толығымен босатты.

Днепр шайқасындағы кескілескен ұрысты және кеңес жауынгерлерінің ерлігін Нұрмағанбет Жаңаев «Днепрден өтерде» деген өлеңінде жазып қалдырды.

Немісті суға батырып,

Көрсеттік ерлік, батырлық.

Днепрден өтерде.

Жанталасты фашисте,

Бар күшін салып ұрысты,

Тосқауыл бізге етерге.

Ар жақ, бер жақ болды жау,

Көпірлері жанды лау,

Таппады өткел өтерде,

Отан үшін алға деп,

Боялсын неміс қанға деп,

Сүйікті маршал наркомнан,

Берілді бұйрық нөкерге, – деп жазды ақын.

Ол жеңіске сенді, елінің болашағына сенді және сол жолда қазақтың ерлік, батырлық рухын көрсетті. «Жақында жауды жеңеміз, Жеңіспен елге келеміз. Асықпай халқым, шыдаңдар!» деп жерлестерін жігерлендіріп, үміт отын сыйлады.

«Қамықпа! Қалқам елден хатты аларсың,

Түсіңде тұлпар мінсең шаттанарсың.

Артынан қуып жетіп шықсаң алға,

Дұшпанға ақырғы рет аттанарсың.

Бәрі сай бес қаруың, белде қылыш,

Сұм жаудың ішек-қарнын ақтарарсың.

Ұшырып күлін көкке фашизмнің,

Міндетті армиялық атқарасың.

Тамаша таңырқарлық іс көрсетіп,

Жауынгер герой деген атты аларсың.

Әннен соң ел жұртыңа барып есен,

Дос түгіл дұшпаныңа мақтанарсың», – деп ақын майдандастарын өлеңмен жігерлендірді.

1943 жылы қазанда Днепрден өткеннен кейін ұрыс Пятихатка, Кривой Рог қалалары үшін шайқаспен жалғасады. Нұрмағанбет Жаңаев 2-Украин майданы құрамында 1944 жылы Уман-Боташан операциясына қатысып, Украинаның оң жағалауын, Молдованың бір бөлігін жаудан азат етуге қатысты. Бұдан әрі Украин майданының әскерлері Венгрия астанасы Будапештті фашистерден азат етуге жөнелтілді. 1945 жылы ақпанда Будапештті азат етуде Нұрмағанбет Жаңаев ерлікпен қаза тапты.

Ақынның жазған әрбір хаты, өлеңдері ауылдастарына, замандастарына рух берді, жеңіске жігерлендірді. Өлең- жырлары арқылы ауылдағы қарияларға демеу беріп, тылда еңбек еткен аналардың көңіліне үміт отын жақты, жүректеріне сенім ұялатты.  

Майданнан келген әрбір хаттың, өлеңнің өз тарихы бар. Ол – ерлік пен батырлықтың тарихы. Міне, осындай қасиетті құндылықтарымызды танып-білу және майдангер аталарымыздың мұрасын насихаттау өскелең ұрпақтың басты борышы.

Нұрбол СЕРІКБЕКОВ,

саясаттану магистрі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<