Институтта қатар оқыған Ахан атты досымыз болған. Жұртпен көп араласпайтын, бірақ білімге құштарлығы жоғары, қақ-соқпен онша ісі жоқ, оқу орнын алдыңғы қатардағылармен жағаласып тәмамдады. Анда-санда кезігіп тұрдық. Кейін байланысымыз үзіліп кетті. Біраз болды. Жақында сол өзінен-өзі телефон шалды. Шетелден. Айтуынша, жұмысты қойған, жиһанкез көрінеді. Бармаған, болмаған, көрмеген жері мен елі жоқ.
Мен де кезінде жаман оқыған жоқпын. Содан болар студенттік шағымызда екеуміздің арамыз әжептәуір еді. Ол соны ескеріп хабарласқан-ау, шамасы.
– Адам мінезі бөлек ғой, шіркін! Маңайыңда, жаныңда ойыңмен, жүрек жарды сырыңмен бөлісетін, ақылдасатын, тіпті таласатын, жоралас, жақын қатарың болуы керек екен. Әйтпесе, ішің өзінен-өзі жарылып кетуі мүмкін ғой! Ендеше, бүлінбей тұрғанда бір кереметпен бөлісейін. Жақында ерек елде болдым. Сонда қызық, таңғажайып, ертегідей жағдаймен таныстым. Осындайларға біртабан жақындау едің ғой, – дейді.
– Ал айт көргеніңді, – деп қызығушылық таныта бастадым мен де. Төмендегінің бәрі Ахан аузынан естігенім.
Сол мемлекет ғылымның дамыған тұсы екен. Әсіресе, денсаулық мәселесінде. Өзің ойлап қара! Адам саулығының шыңына жеткен десе де болады. Ғалымдары мен дәрігерлері бірігіп жүректі зерттейтін, емдейтін, тіпті өзгертіп жаңартатын керемет қондырғы ойлап тауыпты. Сол емдеу құрылғысында жатқан сырқат жүрегін судай жаңартып алады екен. Ол аз болғандай жүрекке мінездеме беріп, атын атап та беретін көрінеді.
Алайда, осы ел азаматтары емделгенде анау айтқандай таңданыс пен қызығушылық байқалмапты. Шамасы, мұның бір жағы олардың жоғары сауаттылығы мен білімдарлығында шығар. Мемлекет онша үлкен емес. Тұрғындар саны жеті-сегіз миллионның ояқ-бұяғында ғана. Соған қарамастан бәрі білімді, өнегелі. Бәлкім, мәселенің түбірі осында жатқан болар? Кім білген, «Аздың ашпын, көптің тоқпын дегеніне сенбе» дегендей, осы ел азаматтары жүректері кеңдігі мен жылылығында болар мұның бір сыры. Қондырғыға шыққан жүрек атаулары көпшілігінде шамалас, оңды, жағымды көрсеткіштерге сай болғанға ұқсайды.
Жақсы хабар жата ма, шалғайдағы елдер сырқаттары осы қондырғыға жетуге асығыпты. Алыс жердегілер мұнда келе бастағанда қалыптасқан жағдай күрт өзгеріп сала берген. Сырттан жеткен аурулар жүрегін зерттегенде күтпеген нәтижелер ашылыпты. Олар сол қондырғыға жатысымен-ақ айна бетіне: «Адал жүрек», «Қарау жүрек», «Пысық жүрек», «Аңқау жүрек», «Ашық жүрек», «Есірік жүрек», «Момын жүрек», «Қу жүрек», «Немқұрайды жүрек», тағы сол сияқты жазулар тоқтамастан шыға бастапты.
Мұндайда кім де болса самарқау қалмасы анық. Жұрт ойлана түсіп, іске кірісіпті. Мысалы, «Аңқау жүректі» адам «Пысық жүрек» иегері болуы үшін шамалы ем алса болды, өзгеріп шыға келеді екен. «Қарау жүрек» иелері қымсынып, «Адал жүректі» болу үшін ұмтылады екен. Бірақ олардың кейбіреулері оралып, «Қарау жүрегім» жақсы екен деп бұрынғысына ауыстырып жатады екен. Көпшілік шатақсыз қалай жүрсін? «Сұм жүректі» атанғандар жата қалып айқай шығаратын көрінеді. «Кәне, маған осыны дәлелдеп беріңдер» деп. Қондырғы жанында тұрған дәрігерде не қауқар болсын? Олар қатты сасып: «Уа, ағайын, өз-өзіңді талдап, зерттеп, бүкіл өміріңді екшеп неге қарамайсың, бізге бәлеңді жапқанша деп, ағынан жарылатын көрінеді.
«Жемқор жүректілер» де ашу шақырып: «Не сұмдық, қайдан көрдің менің жемқорлығымды» деп бас салатын көрінеді. Бұған да дәрігерлердің тұшымды жауабы болмасы анық. Арасында Құдайына қарағандары ойланып, сәлден соң қайта кіріп, жүрегімді жұмсартып, өзгертіп бер деп өтінетін көрінеді. «Есірік жүректі», «Қу жүректілер» де шатақ шығармай емдеу бөлмесінен шықпайды екен. Баршасынан тыныш, момақандар «Аңқау жүректілер» мен «Момын жүректілер». Солардың кейбіреулері ғана адам аз кезде оралып, сәл пысықтау болғым келеді дейтін көрінеді. Дәрігерлер сырттан жеткен аурулар жүрегінің көзге көрініп тұрған ерекшеліктерін байқап, аң-таң!
Алыс елдерден жеткен сырқаттар жүрегінің осы ел адамдарымен салыстырғанда соншама өзгеше болуы дәрігерлерді қайран қалдырыпты. Адамның басты міндеті өзгеге көмектесу болғандықтан олар осы таңданарлық мәселенің түбірін амалсыздан зерттей бастапты. Алдымен ем алып жатқан азаматтармен пікірлесіпті. Оларға жай сауалдар қойыпты. Отбасыңыз, жақындарыңыз, әріптестеріңізбен арақатысыңыз қандай? Өмірлік ұстанымыңыз қандай? Айналаңыздағыларға қояр талабыңыз қандай? Осы жеңіл сұрақтардың өзіне ем алушылар мандытып жауап қайтармапты. Жалпылама, жалтарма жауаппен құтылыпты. «Маған осының керегі не, ертең естіген жұрт не дейді» деп, үйреншікті сарынмен шектеліпті. Олардың айтысы бойынша бәрі жақсы, баршасы дұрыс. Дәрігерлер одан сайын таң-тамаша!
Ахан сөзін жалғастырды: «Осы жағдайлармен жетік танысқасын жолын тауып сол емханаға бардым, біршама еңбектеніп қай елден сырқаттар көп келетінін біліп алдым» деді ол. Алыстағы құрлықта орналасқан, халқы жаңағыдан бес-алты есе көп ел екен. Бірден сол елге аттандым. Өзіммен әйелім және ұлым бірге жүреді қайда барсам да. Қазір менен қай елде болдың деп сұраса, нақты жауап бере аламын деп айта алмаймын. Өйткені бір елде бір, біржарым, екі жылдан артық тұрған емеспіз. Соған әбден үйрендік, өзім де, отбасым да. Осы неге сүйеніп дүниені шарлап жүр деушілерге жауабым дайын. Мен алғашқы кезеңде төрт-бес елден соң әлемнің алдыңғы елінде жеті-сегіз жыл қозғалмай еңбектендім. Нәтиже жаман болған жоқ. Жеке үй алдым, әжептәуір қор жинадым. Үйімді жалға беріп қойдым. Уақытша аялдаған елде де қарап отырмаймын. Содан қаржылық жағдайым, шүкір, жаман емес.
Мына елде ұзақ тұрақтадық. Жалпы отбасым мүшелері ағылшын тіліне жетікпіз. Қажеттілік туғасын үйреніп алдық. Сөйтсек, көп ел осы тілді мықты біледі екен. Бізге де керегі сол. Жоғарыда айттым ғой, егер алты айға жетпей жүрек қасиетін өзгертіп алуға болады деп. Ендеше, осы мерзім өтіп кетсе онда адам өмірінің соңына дейін сол жүрекпен өмір сүреді екен. Мысалы, «Қу жүректі» адам «Адал жүректіге» ауысқандарының талайын көріп жүрміз қатты өкініп жүргендерін. Олар табыстарының күрт азайып кеткендеріне реніш білдіруде. Ал адал жүректен қу жүрекке ауысқандардың да арызы аз емес. Олар – өміріміз қиындап кетті, достарымыздан айырылдық, көбісі қазір бұрынғыдай емес, теріс қарайтын болды деп шағынады.
Тұрағымыз шағын қала. Мұнда бірін-бірі жыға танымаса сәлем бермейді екен. Ал алғашқы көп тұрақтаған елімде кез келген бейтаныс адам қарсы келе жатқан кісіге қолын көтеріп, жылы жүзді сәлемін береді. Күн өте ыстық болатын. Шөлімді басайын деп шағын сусынханаға кірдім. Іште екі-үш адам ғана. Алдымда жасы өзімнен біраз үлкен кісі отыр екен. Мен оған күле қарап сәлем бердім. Ол да сәлемімді жылы жүзбен қарсы алды.
– Көке, амансыз ба! Мыңның түсін танығанша, бірдің атын біл дегендей, Сіздің көп көргеніңіз байқалып тұр. Айтарыңыз мол болар, – дедім.
– Е, бұл болмыстың жұмбағы көп қой. Өзіңдей інім, ықылас білдірсе неге жөн айтпасқа. Қилы-қилы заман өтті. Оңын да, терісін де көріп, байқадық. Қызығы сол, теріс дегеніміз кейін оң боп шықты ғой, – деді сол кісі, амандық пен жай-жапсардан хабар алып болғасын. Қария ныспысы Муфтах екен.
– Сонда талап өзгерді ме, әлде адам өзгерді ме?
– Сен, не деген көреген едің? Біздің елде тұрғаныңа шамалы-ақ болды дедің жаңа ғана. Сонда мұның бәрін қайдан көріп, қалай сездің? Ендеше, екеуі де өзгерді. Өзің қай жақтан боласың. Түріңе қарасам бұл жердікі емессің, – деді ол жымия күліп.
– Менің елім алыста, өзге құрлықта. Қазіргі кәсібім ел көру, жер көру. Біраз болды осы елде тұрып жатырмын деп, келген мақсатымды білдірдім оған. Ол ойланып қалды. Түріме таңдана да, таңырқай да қарағандай болды. Қарап тұрмай, менің қолыма, айналаға қарап қояды, біртүрлі секем алғандай.
– Адам денсаулығы үшін не істемейді, қайда бармайды? Оған таңданудың қажеті не? – деп, сауалыма сұрақпен жауап берді.
– Дұрыс қой айтқаныңыз. Бірақ сіздің елден көп болып тұр ғой жүрегі ауыратындар, – дедім мен қосарлана. Оның енді ғана шешіле сөйлеп келе жатып, себепсіз өзін тоқтатып, кідірткендейін байқап.
– О жағын білмедім, шүкір, жүрегіме өкпем жоқ, – деді тағы да салмақпен.
Одан әрі айтар сөз қалмағандай көрінді. Екеуміз екі жаққа бет алдық. Содан не керек, тығырыққа тірелгендей болып жүрдім бір уақ. Кімге барарымды, кіммен сөйлесерімді білмей.
Мұндағы дүкендер жұрт көп жүретін орын. Келушілер, ішінде әсіресе жасы келгендер шамалы демалып, сусын ішіп, күш жинап, бірге жүрген балаларын, серіктерін күтіп отыратын ыңғайлы, кең алаң бар. Сол дүкенге кірдік. Мен ұлыммен қосыла, оған ұнайтын ойынды көреміз деп жаңағы жерге кештеу келдім. Сөйтсек, әйелім бір қарт кісімен шүйіркелесіп отырған үстінен түстік. Былай бопты. Ертелеу келіп демалып отырады жұбайым. Сол уақта алдында отырған қарт кісінің көзін қадап отырғанын байқапты. Ыңғайсызданыпты. Сосын ойына қалай келгені белгісіз, үлкен кісіге кез болсаң ізет көрсет деген есіне орала кетеді ғой. Ол орнынан тұрып жаңағы қадала қарап отырған қария алдына жақындап, иіліп сәлем салады ауылдағыдай. Қария жанары жаңа көзі ашылған жас баланікіндей кәдімгідей жарқырай түседі.
– Қарағым, қай ауылдың баласысың? Менің есіме өз даламды түсірдің-ау, айналайын! Алла тілеуіңді берсін! Осы қалаға қоныс аударғалы біраз уақыт болды. Мұндағы болмыс даланікіндей емес екен. Өзгешелік көп. Елде баршасы сөзім тыңдар еді, мұндағы күйім онша емес. Жаңа сені көріп, біртүрлі жақын тұтып, даладағы ауылдастарым есіме түсіп, бір рахаттанып қалдым. Сөйтсем, оным негізсіз емес екен, сен өнегелі бала екенсің, – депті қария. Дәл осы сәтте мен де ұлыммен қосылдым жандарына. Сәлемдестік. Келіншегім мені таныстырды. Қария аты Ахмад екен.
– Дұрыс болған екен. Ерлі-зайыптыны Құдай қосады дегендей, екеуің де бір топырақтан жаралған екенсіңдер, – деп, ақсақал сөзін жалғастыра түсті.
– Шынымды айтсам, сенің көзқарасың маған бірден ұнады мана. Содан болар сенен көзімді айыра алмай қалғаным. Сен де маған көзің салдың. Оны байқадым. Жалпы, адамды адамға жақындататын жанар ғой. Көзді алдай алмайсың! Ол сенің айтқаныңа көнбейді. Жүрегің не деп тұр, көзің соны айна қатесіз ашады. Өмір көрген адам осы құпияны жақсы түсінеді. Өзгенің не ойлап, нені мақсаттап тұрғанын оның жанарынан-ақ оп-оңай байқайды. Әдетте пейілі тар, ойы көлеңкелі адамдар сәлем бергенде көзін тыққыштайды, түпкі ойымды біліп қоймасын деп. «Қудың көзі қысыңқы» дегендей. Біліп қой, қолын берген адамның көзін алып қашқаны ойының таза еместігі. Ендеше, мен сенің жақсы адам екеніңді бағана көзіңнен-ақ көріп білдім, – деп сөзін жалғай берді байымды ақсақал әйеліме қарап.
– Мен осы елдің ежелгі тұрғынымын. Ата-бабам да осы елден. Елім мен туған халқым үшін жаным қатты ашиды. Бірақ соңғы жылдары ахуалымыз нашарлап кетті. Бұрын бір-бірімізбен ашық-жарқын сөйлесуші едік, қазір олай емес. Білмеймін, не болғанын?! Бірімізге біріміз сырымызды ашық айтудан қалдық, – деп сөзін жалғады қария.
– Ия, неге соншама түңілдіңіз? Онда мұның себептерін де білетін боларсыз, – деп, сөзге мен де қосылдым.
– Себебін білсем шағынып нем бар? Сенің аужайың менің түпжайымды қозғады ғой. Адам қанағатшыл болу керек. Бірақ бұл көбінің қолынан келе бермейді екен. Барлық бәле осы мінезден туындаған-ау? «Жаман айтпай жақсы жоқ» дегендей осыған мен бірден жеткен емеспін, мұны бір заматта көріп, ұғынған жоқпын. Қарапайым күнделікті өмір үйретті. Жақын адамым бар. Онымен жастайымнан дос, жақсымын. Кейінгі уақытта сол өзгеріп сала берсін. Жақында алыс елге барып емделіп келді. Бұрын жағдайы абақоңыр болса, қазір адам қызығардай. Кәсібі сәтті жүрген сияқты. Дұрыс қой. Кім оған қарсы. Әркімнің жолы бөлек, бағы өзге. Бірақ жұртпен бұрынғыша, ақ жарқын бола беруді кім тыйыпты? Мұңдасарға кісі жоқ сөз ұғарлық дегендей.
– Ия, сонымен не болды?
– Не болғаны бар болсын! Күнәра өзі хабарласып, жағдай сұрасып, не қажет деп, епелектеп тұратын сабазың қазір жөнді жауап бермейді ғой сауалыңа!
– Бұған не себеп болды екен?
– Соны өзім де таба алмай шаршап отырмын ғой. Бірақ сеземін қайдан бәле келгенін. Семіздікті аң көтереді деген.
Осыны естігенде мен еріксіз күліп жібердім. Ақсақал ұнатпай қалды.
– Ия, шырағым, не болды соншама күлегештеніп, – деді ағаман азамат қатыңқы. Мен үлкен кісінің алдына түсіп епелектей жөнелдім.
– Жоқ, көке, жаңағы «Семіздікті аң көтереді» сөзіңіз біздің еліміздегі «Семіздікті қой көтереді» дегенге қатты ұқсағасын күліп едім, кешіріңіз дедім. Қандай тамаша теңеу! Мағынасы жақындап, ұқсап тұр ғой. Сіздерде далада өріп жүрген аң көп екен. Шамасы, сол жануарлар кейде адамның жеке қорасындағы малы іспеттес те болар?
– Сөзіңнің жаны бар. Бұрын дәл солай болған. Ауыл күнкөрісі сол маңайда өріп жүрген аң болғаны рас. Аңның көптігі сонша, оны аулауда қиынға соқпайтын. Жұрт аздап егін егетін. Қалған күнкөрісі сол аңның арқасында іске асатын. Қазір, әрине, жағдай өзгерген. Осы мәселе мені көп болды толғандырғаны. Бұрынғымен қазіргіні салыстырамын. Ендеше, сенің сұрағыңа жауабым да дайын! – деп, маған қуақылана қарап қойды.
– Уақыт ұзарды, заман өзгерді. Талап-талғам ұлғайды. Көңіл өсті, толқыды. Пейіл мен мақсат та бір орнында тұра алмады, дамыды, шалқыды. Пенде қатынасы мен араласы жұқарды, ұсақтанды, қажыды. Сөздер үстірт, жалаң, таяз, шындықты ашпайды, жасырады, сырын бүркейді, ертең қалай болар екен деп сақтанады. Ауыз бен асқазанның күйлері оңалып, ауқымдары өрледі. «Ас адамның арқауы» деген расқа айналды! Жүректің жұмысы мүлдем жеңілденді. Жеңілдеу ме, қиындау ма? Оған тек ағзаға қан айдау ісі ғана қалды. Ойлану мен кеңесу, шайысу мен болысу, достасу мен жақындасу жадынан кете бастады. Сөйтіп, ол да өзгере бастапты. Өзінің атам заманнан келе жатқан басты міндетін, негізгі жұмысын, түбегейлі ісін жүрек амал жоқ ұмыта бастапты. Қараусыз, тәрбиесіз, білімсіз қалған жасөспірім не болушы еді? Ол сөз жоқ, ойсыз, талғамсыз, қауқарсыз, түкке жарамайтын пенде болып шықпасқа амалы бар ма? Жүрекке, көңілге мән берілмей тасада қалды. Тыста, қараусыз, қиналды, қапаланды, жүдеді. Осыдан соң ауырмай қайтсын жүрек! – деп қорытынды сөзін ақтарды қария.
Осы сәтте: «Дұрыс-ақ! Бірақ, мұнымен сөз аяқталмайды!» деген салмақты дыбыс шықты шекемізден. Жалт қарадық. Артымызда жайғасқан орындықтан орта жастағы азамат тұрды. Қасымызға келіп отырды.
– Сол шағын елде жасалған емдеу қондырғысы адамзат жүрегі мәселесін шешеді дегенге өз басым сенбеймін! Ол бер жағы ғана. Өйткені, адамды жаратқан Ұлы Жаратушы. Алла адамға туғанда пәк, ешбір күнәсіз жүрек сыйлады. Түбінде жүректі құртатын да, қорғап аман алып қалатын да адамның өзі, – деп, сөзін жалғастырды ол. Сөйтсек, бағанадан бергі әңгімемізді мұқият тыңдапты. Есімі Заид екен. Сөзіміз жұртты осындай қызықтырады деп ойламаппыз. Іштей риза болдық. Қасымызға жайғасқан азамат ойын айшықтай түсті.
– Мен солтүстіктегі нән теңіздің арғы жағалауындағы елдің азаматымын. Осы мәселеге біздің көзқарасымыз тіптен бөлек. Адам жүрегінің сырқаты негізінен сана кемшілігінен туындайды. Біздің елде осы зерттеліп дәлелденген. Басты себеп адамдар қатысындағы күрделі кемшіліктер. Тікелей айтқанда өзге жанның адам санасына түсіретін зиянды әсері мен қарымды салмағы.
– Жарайды, түсінікті онда. Ғаламда қанша адам болса да, олар біріне-бірі ұқсамайды. Сонымен аса құнды. Сендер барша адамды бір бағытқа келтіріп, тәрбиелеймін дейсің. Ал мұның бір шеті адамның жеке құқығын шектеуге соқтырмай ма? – деп, Ахмад сөзге араласты.
– Дұрыс айтасыз. Кейде болымсыздау, теріс мінездінің сыртынан «Жақсы болса да өзі үшін, жаман болса да өзі үшін» деп жатамыз. Ал енді осы дұрыс па? Қатты ренжігенде тар пейіл, өзгенің жетістігін көре алмай күндейтін азаматты ұрып-соққың да келеді. Дұрыс па? Жоқ, әрине. Онда төмен қарап тыныш отыра берейік. Болымсыз пенде осыдан кейін қанша азаматты жағымсыз мінезбен, салқын да қатал жүрегімен қинайды, бүлдіреді, бұзады екен? Сөйтіп, олардың біразы соның жолына еріп, теріс бағытына түседі. Осыдан азаматтар мен қоғам жүдейді. Бұған көніп, теріс құбылысты бетімен жіберуге бола ма? Сондықтан, сол бұрыс мінезді азаматқа көмек беру, қолдау, тәрбиелеп дұрыс жолға салу баршамыздың парызымыз!
– Сөзің жақсы, жылы екен, інім! Бірақ, бас нобайыңды ұстай алмадым. Тәрбиені адам мектепте, жоғары оқу орындарында алады. Ересек, ұстанымы қалыптасқан, өмірлік тәжірибесі әбден орныққан адамды қалай өзгертіп, оған қандай тәрбие бермекшісің? Бұл өте қиын, ауқымды, орындалуы мүмкін емес жұмыс қой! – деді Ахмад алқымдап.
– Мінезі теріс адамдар жөнінде толық ақпарат болуы тиіс қоғамда. Өзімбілемдік пейілді, ешкімге жаны ашымайтын қатал, маңындағыға жүрдім-бардым қарайтын, үлкен болсын, кіші болсын болмашыға дүрсе қоюға даяр, тек жеке қамын күйттейтін адам қоғамның досы емес. Мінезі теріс, жүрегі салқын адамдар қоғамға көп зиян келтіреді. Демек, оларда кінә бар, бірақ аз, бас кінә теріс тәрбие бергендерде. Сондықтан ол азаматтарға ел түсінушілікпен қарайды, барынша көмектеседі, түсіндіреді. «Қалауын тапса қар жанар» дегендей, данышпан айтқандай игілікті тәрбиеге көнбейтін жан жоқ. Біздің елде адамның мінез-құлқы жөнінде министрлік бар. Ашылғанына біраз болды. Сол маңызды ұйым өзінің түрлі ауқымды жолдары мен әдістері арқылы әр азаматтың дерлік мінез-құлқын зерттеп талдайды, соған байланысты іс-шаралар орындайды, азаматтарға арнайы жәрдем-көмек беріп, оңалту жұмыстарын атқарады. Өйткені, әрбір азамат, құй ол жақсы болсын, мейлі жаман болсын, мемлекет тірегі, онда оның мінезі мен құлқы, ниеті сол қоғамның негізгі байлығы мен қазынасы. Осы ұйым ел азаматтарын тәрбиелеуге жауапты. Мана тәрбие жоғары оқу орнымен біту керек дегенді естіп қалдық. Адам баласы өмір бойы рухани қазына жинауы тиіс. Тәрбиенің көкесі осында жатыр! Тәрбие тоқсандағы қарттың өзіне де қажет! Жүргізілген зерттеулер экономикалық ахуалға адамдар мінезінің кемшілігі өндірістің өзге мәселелерінен анағұрлым зор кері әсер ететінін анықтады. Сондықтан азаматтар мінезінің бір-біріне жағымды, үйлесімді болуының мәні өте жоғары. Соның нәтижесінде соңғы жылдары елдің экономикалық ахуалы айтулы өсті, жүрегі ауыратындар саны күрт төмендеді, – деді Заид.
– Адамда екі білім болады. Біріншісі мектепте, одан арғы білім беру ошақтарында алғаны мен кітап оқып жинағаны. Екіншісі өз көзімен көргені, білгені. Бірінші біліммен ешкіммен таласа алмаймын, бірақ екінші білім өзімдікі. Осыған дейін көргенім де бар. Талай ауыл маңында болмағырларды байқадық. Біразының ақыры анау айтқандай болған емес. Өйткені, Алла адамның пейіліне береді ғой. Олардың пейілі тар. Сондықтан бұларды тәрбиелеп ел қатарына қосамыз дегенді қолдаймын. Егер тәрбиеге көнер болса. Көнбей қайда барады? Ауылда балалары көп отбасыларда бір-екі еркелері болатын баяғыда, тәртіпке көнбей өз бетінше жүретін. Келе келе, есейе, ақыл кіре олар да көптің тәртібіне бас сұғатын – деп, Ахмад қария аталы сөз қозғады.
– Бетің, жүзің бар демей, өзгенің кемшілігін бетіне басатын азаматтарды ардақтаймыз. Өйткені, олар қоғамның шын жанашырлары. Ал өзге не істеп, не айтса да, бұғып, бәлесінен аулақ деп төмен қарап отыратындарға құрметіміз шамалы. Олар ешкімге жаны ашымайды. Жүрек ең күшті және ең нәзік мүшесі ғой пенденің. Оны күтіп, мәпелеу керек. Бұл сол адамның ғана міндеті емес. Керек болса қоғамның міндеті. Кез келген адам қоғам қамқорлығында болуы тиіс. Сонда ғана жүрек шалқиды, дамиды, өседі, ашылады, жан-жағына қасиеті мол жылу шашады. Өзі жәрдем, көмек, жылу көрмеген жүрек айналасына қандай көмек беруші еді, тәйірі?! Жақсы, өнегелі, болымды істер атқарып жүрген адамды сыртынан жұрт мынау көргенді екен деп жатады. Ендеше, сол адам істеген ісі алдымен оның жүрегінен шығып жатады. Бұл ақиқат. Онда өзгенің өнегелі қимылдарын көрмеген жүрек өз-өзінен біреуге жақсылық пен жылуды қалай төгеді? Ендеше, әрбір азаматтың мінез-құлқына қолайлы әсер ету қоғамның басты міндеті, – деп, жауап қайырды Заид. Сөз тізгінін қолынан тіпті шығарар емес.
– Адамның жан жолдасы деген достары болады. Көп емес. Олар әдетте бірінен-бірі ешнәрсесін аямайды, барынша көмектеседі, бар тірлігіне жанашырлықпен көмектеседі. Ендеше, сол көңілдері жақын азаматтарды біріктіріп жатқан қандай күш екенін білесіңдер ме? – деп Ахмад ақсақал сөзге тағы араласты.
– Дұрыс-ақ! Егер елдің барша азаматтары игілікті, өнегелі, адам қоғамына сай жайлы қатынаста болып, нағыз достар сияқты болып жатса кімге пайда, кімге зиян?! Сонда шындап келгенде олардың бәрі бір-біріне жаңа сіз айтқандай жан жолдас болмай ма? Ендеше, біздің ел осындай жаңаруға бет алды, жаңа адами қатынас үлгілері өмірге енгізілген соң. Тіпті қоғам мүлдем жаңарды деуге болады. Ел азаматтары құдды бірімен-бірі Құдай айырмаса, жан айыра алмайтындай дос болуда, бірінің бірі сөзін, ықыласын жерге тастамай, мол жанашырлықпен көмек көрсетіп, бұрынғы майда пендешілік көлеңкелі мінездерден алаңсыз құтылды. Бірінің жетістігіне өзінікіндей қуанады, олқылығын көрсе, бетіне басады дос жылатып айтады дегендей.
– Бұрын өмірдің кез келген қиындығына байланысты адамдар ауыратын аурулар жойылды, сол сырқатты емдеуге кететін қаржы мен адамның күш-қайраты өзінің игілігі үшін жұмсалатын болды, адамның ойы мен санасы тынышталып бостандық алды, рахат тауып кеңіді, бар болмысын игілікті істер атқаруға барынша толық жұмсайтын болды, қоғам бірлігі артты, азаматтар шығармашылығы күрт өсті. Егер ел болымды, өнегелі, кең, жылы жүректі азаматтарға толы болса, онда олардың бәрі сенің жан-жолдасың емес пе?! Онда сенің болмысың сапасы ертегідей жақсы болмай ма?! Онда әр адам иелігінде бар ақылы мен санасын, жігері мен қайратын, ықыласы мен пейілін қоғам мен ел үшін төгеді. Ендеше, осы нағыз дамыған, өскен, өркендеген, әр адам үшін түгін аямас қоғам емес деп қай жүрек жұтқан айтар екен? – деп, демін әзер алды ғой Заид.
– Осы ауқымды істерді бастаған кезеңде біреулер: «Адам құқығына қол салып жатқан жоқпыз ба?» деп, күмән білдіргендер де болғанын мойындауымыз керек. Адам құқығына қол сұғу ма, әлде адам құқығын қайтарып беру ме? Осыған жауап ретінде мен өз ауылдасым Инаят атты азаматпен арамызда болған әңгімені ортаға салғым келіп тұр осы сәтте. Бұл азаматпен жоғарыда айтылған жұмыстар өз кезінде жүргізілгенін мен жақсы хабардармын. Сол жерлесіммен осы жаққа аттанар алдында ойда жоқта кезігіп қалдым. Қазір ол сол шағын қаланың белді азаматы, өзінің жұртқа жақсы қызмет жасап келе жатқан жеке мекемесі бар екен. Екеуміз бала кезімізден бірге жүріп, қатар өскен едік. Шамасы содан болуы керек, ол сонда маған ағынан жарылып бар сырын ақтарды.
– Заид, осы уақытқа дейін сүрген өмірімді екі кезеңге бөлуіме болады. Алдыңғы ұзақ бөлігінде нақты айтар болсам, шала мас адам сияқты жүріппін. Біреуді сыртынан көрер көзге жамандау, соны өзің сияқтыларға тарату, өзгеден тек жаман қасиеттер іздеп табу, оның жақсы тұстарын әдейі, қасақана көрмеу, өзімізге қарасты азаматтардан менің сондай «тамаша» сөздерімді естігенде оңды адамның бұзылған түрін көз алдыма елестетіп рахат табу, кезіккен адамнан кемшілік іздеп, соны таба қойсам көңілімнің соншама жай тауып көншуі, өзім сияқты бір-бірімізге қыршаңқы істеріміз нәтижесін таласып-тартысып жеткізуден мол береке тапқандай болыппын. Сөйтсем, бұл бұлыңғыр, тұманды, шала өмір екен. Соны өздеріңмен тікелей араласып, адамдық көзқарасымды күрт өзгертіп, ел мен жұртқа қолдан келген адал ісімді атқара бастағасын түсіндім! Аллаға шүкір, нағыз өмір жаныңдағыға шамаң келгенше азды-көпті жақсылық жасап, азаматтардың шынайы ықыласына ие болу екенін түсіндім ғой, – деді Инаят. Мына сөздерді естігенде, көңілім қатты жылып, биікке самғап, не айтарымды білмей де қалдым! Ұялған тек тұрмас деп оны дереу құшағыма алдым.
– Осы сәтте мен де қызып кетіп, сөзге араластым, – деді Ахан: «Бізде Қадыр Мырза Әлі атты атақты ақын болған. Ақынның мынадай өлең жолдарын білмейтін қазақ жоқ: «Адам жылап туады, жатады жұрт жұбатып, және жылап өледі, өзгені де жылатып. Жылайтыны туарда – жамандар бар қинайтын, жылайтыны өлерде – жақсылар бар қимайтын». Ендеше, адам о дүниеге аттанар алдында жыласа оған ешкім қарсы бола қоймас. Бірақ, қазақ балапаны дүние есігін ашып жатып неге жылауы керек? Бұған кінәлі жаман адамдар екен, Қадыр ағамыздың айтуынша. Онда баршамыз сол пәс мінезді жандарға назар аударып, ақыл-кеңес беріп, көмектесейік, жөнге салайық. Оларды кемсітпейік, өйткені нашар мінезді болғанымен бауырларымыз ғой жүрегі бар. Содан амалының жоғынан, басқа жолы қалмағанынан, барар жері таусылғанынан, лажының ада болғанынан, амалсыздан жақсы адамдар қатарына қосылады. Мұның бәрі «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген ел даналығының өзі шығар.
– Мен елден алыста жүргеніммен тілегім туған жерімде. Шет жерде көрген жақсылығымды өз Отаныма жұғысты болғанын қалаймын! Осы еді саған айтарым, – деп сөзін қорытты Ахан досым.
Серікбай ҚОШҚАРОВ





