Жүрісінен жаңылмаған жүйрік

989

0

Фото: ашық дереккөз

Ол – жазба әдебиет пен ауыз әдебиетінің тоғысқан тұсындағы бос кеңістікте қалыптасып, өлеңді жазып та шығарған, табан астында суырыпсалып та айтқан аралық дәуірдің өкілі, ескіден келе жатқан терме жанрын дамыта жырлаған шайыр. Шығармашылығы Кеңес Одағының қасаң идеологиясы тұрғысынан талданып, діни сауатты болмысы таразыға діни бейсауаттылар тарапынан тартылғандықтан, талайсыз тағдыры өзі өмірден өткеннен кейін құдайшыл ақын деген жалғыз қазыққа байланған сөз иесінің жыр мұрасы ел арасындағы көнекөз қариялардың көкірегінен мұрағат сөрелеріне көшкен күннен бастап тас қабырғада тұншыққан Құланның терме, толғау, мінәжат, арнау, көңілқос, мысал, аралық сөз, айтыстары зерттелмеген күйде қала берді.

Жүрісінен жаңылмаған жүйрік

Құлан Алдабергенұлының кейбір термелері академик Рахманқұл Бердібай мен Мардан Байділдаевтың ыждағатты әрекетінің арқасында өңір жыршыларының орындауымен грампластинкаға түсірілді, шығармалары «Бес ғасыр жырлайды» (1989), «Айтыс» (1988) сияқты ұжымдық жинақтарға енді, ғұмырбаяндық деректері «Ай, заман-ай, заман-ай» (1991), «Ақын-жыраулар» жинағы мен «Қазақ Совет Энциклопедиясында» (1975) жарияланды. Ал шығармаларының зерттелуіне келсек, ел арасынан өлеңдерін жинап, пікір білдірген ғалымдардың қай-қайсына да ілтипат білдіруіміз керек. Өлке тарихын түгендеп, Құланның ғұмырбаянын жазып жүрген журналист інісі Файзулла Сахиевке берген сұхбатының бірінде Манап Көкенов «Ұмытпасам, сонау 1965 жылдың жазы болар. Академик-жазушы Сәбит Мұқанов Құланның өлеңдерін менен тыңдағаннан кейін ғалымдар Рахманқұл Бердібаев, Мардан Байділдаев, Нысанбек Төреқұлов, Ханғали Сүйінішәлиевтерді шақырып алып, Құлан ақын шығармаларын шұғыл зерттеу қажет деп тапсырма берді»дейді.

Расында да, «бір өзі бір театр» атанған Манап Көкеновтің нәшіне келтіріп жырлағанын көргеннен кейін Сыр сүлейінің сүбелі сөздеріне таңырқаған Сәбит Мұқановтың тапсырмасына орай, Құланның шығармашылығын зерттеуге бетбұрыс жасалғаны рас. Сәтті күні айтылған Сәбеңнің уәлі сөзінен кейін оның өмірі мен өлең өрнегіне қатысты профессор Ханғали Сүйінішәлиев «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері» деген еңбегінде алғашқылардың бірі болып пікір білдірсе, жазушы Жолтай Әлмешов бірнеше мақала жазып, ақынның өмірдерегіне қатысты беймәлім түйіндердің тарқатылуына септігін тигізіп, Құлан ақынның болмысын көркем шығармаларына арқау етті.

Сыр саңлағының жыр мұрасы хақында Есіркеп Қоңқабаев, Орынбасар Бәйімбетов, Жұмабай Әбіловтер де қалам тербеді. Әсіресе, ақынның тумасы журналист, ақын Файзулла Сахиев бұл тақырып төңірегінде тынбай ізденіп жүріп тер төкті. Құлан Алдабергенұлының толыққанды өмірбаяны, өлеңдерінің шығу тарихы, өмір сүрген ортасы, дәуірі, замандастарының келбеті, өлең өріміндегі сын жебесінің нысанасы болған ел арасындағы сүт бетіне шығар белгілі бай, би, болыстардың өміртарихы осылайша қайта тірілді. Солардың арасында халық ақыны Манап Көкеновтің ересен еңбегіне тиесілі бағасын беруге тиіспіз. Файзулла інісіне айтқан естелік әңгімелерінің тағы бірінде Манап ақын «Там-тұмдап жинастырғаным үш мың жолдай өлең болды. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына табыс еттім… Менен өзге Есіркеп Қоңқабаев 350 жол өлеңін, жетісайлық Қайыпназар Әйтпенов 650 жол шамасындағы өлеңін тапсырған… Әлде біреудің туындысы болып қала ма екен деп елден жиналған өлеңдерін алдымен өзім жаттап алып, жүрген ортамда әдейі айта жүретін болдым. Ел іші емес пе, кей-кейде халық арасынан Құланның бірлі-екілі өлеңдерін білетіндер де шыға бастады. Жаңақорғандық Ә.Садықбеков, Е.Сариев, мақтаралдық К.Данияров сияқты бірқатар азаматтардан төрт-бес шумақтан жазып алдым» дейді, инемен құдық қазғандай машақаты көп, сауапты тірлігінің барысын баяндай келе.

Әдейі ұзақтау келтіріп отырған Манап ақынның осы сөзіне көпшілік пен мұра жинаушылардың көңілін аударғым келеді. Рас, халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, жазып алу кезінде адам айтса нанғысыз ауыс-түйістер болып жатады. Оны жинаушы әдейі жасамайды, дерек берушілердің де бәрін бірдей білуі, білгенін салғастырып отырып іріктеуі мүмкін емес. Біреулер қасақана өз күлшелеріне шоқ тарта сөйлесе, енді біреулері «білмеген у ішедінің» керін кешеді. Сөйтіп, жаттампаз жыршылардың жады арқылы ұрпақтан буынға таралып отыратын қасиетті халық мұрасы кейде бір автордан екінші біреуге көшкенде, мүлдем адам танымастай болып өзгеріске түсетін кездері болады. Халық ақыны Манап Көкенов пен жазушы Тынымбай Нұрмағамбетов жинап тапсырған қолжазбаларда «Терме» деген ортақ атаумен ұшырасатын «Ағасы жақсы қандай-ды» деп басталатын жеті-сегіз буынды өлеңнің:

…Сөзге азбайды милы адам,

Милы адамның белгісі,

Шықпайды сөзі шашауға,

Балта ұрмайды қашауға.

Білімсізге үйреткен,

Салғандай құрық асауға, –

деген тұсындағы жалпақ жұрттың көңіл көкжиегінде әлдеқашан тұрақтанып кеткен жыр жолдары кердері Әбубәкір шайырдың термесі ретінде «Қазағым» (1993) жыр жинағында да ұшырасады. Әбубәкірдің өлең өрнегін зерттеп, шығармашылығын таразылап жүрген ғалымдар бұл терменің осы авторға тән екенін айтады.

Манап сияқты, сөзге мәттақым, реті келсе ызалы жерді баспауға тырысатын зерде иесінің «…әлде біреудің туындысы болып қала ма екен деп елден жинаған өлеңдерін алдымен өзім жаттап алып, жүрген ортамда айта жүретін болдым» деген ескертуіндегі аңдатпа сөзі Құлан ақынның болашақ зерттеушілерінің санасының түкпірінде сартап болып жүруі тиіс. Өйткені, Әубәкір мен Құланға қатар телініп жүрген әлгі жалғыз терме екі бірдей сөз иесінің де ақындық тағдыры мен арына тіреуіш бола алмайды. Бұл терменің Құлан ақындыкі болуы да, болмауы да мүмкін. Мұндай түйткілдердің тінін тарқату үшін екі ақынның да стильдік ерекшелігі, сөз қолданудағы айырым қолтаңбалары болашақта салыстыра зерттелуі тиіс. Мысалы, Құлан мен Шегір қыздың арасында өтті делінетін, күрмелер тұсы бұлыңғыр сөз қақтығысында қыздың бастапқы сөзі болып саналатын:

Шапқанда боз озбай ма буырылдан,

Өлеңге тіл-көмейім суырылған… –

деген жыр жолдар «Боз шапса боз озбай ма буырылдан, / Мен шапсам жер танабы қуырылған…» деп басталып, ұйқастық және кейбір сөздік қайталауларымен дүйім жұртқа белгілі Әсет пен Кемпірбайдың бақұлдасуында Кемпірбай ақынның атынан айтылатыны белгілі. Міне, Құлан ақынның шығармашылығында да осы сияқты абайлай қарап, ерекше көңіл аударатын түйткілді мәселелер баршылық. Бұдан «Сонда бұл өлең жолдары кімдікі болғаны?» деген қарабайыр сұрақ туындамауы керек. Бұған ғылыми пайым, ортақ түсіністікпен келіп, халық мұрасын жинау барысында кететін ауыс-түйістер ретінде жайбарақат қарағанымыз абзалырақ. Қазіргі дамыған әдебиеттану ғылымы жеткен биіктен өлшеп, өткен күндерден еншіленген өлең тарихынан бұған қатысты көптеген ұқсас мысалдар келтіре беруге болады. Ендеше, Құланның шығармашылығын зерделегенде баса назар аударуды талап ететін мәселенің бірі – осы.

Сондай-ақ, «Қоңқабаевтың жинағаны 350, Қайыпназардың тапсырғаны 650 жол, өзімнің жинастырғаным 3000 жолдай» деген деректердің де әуел баста нендей мәліметтерге сүйеніп айтылғанын анықтаңқырау қажет. «Манап айтты» деп белгісін нақты бекітуге қолымызда ақынның аузынан жазып алынған үнтаспа айғақ жоқ. Олай болса, бұл мәселені де ауызекі айту кезінде үстемеленетін «шерімбет жоба» өлшеміне жорығанымыз дұрысырақ сияқты. Нақтысы мынау: өмірінің ақырында жазу машинкасына бастырып, түптеп, түбегейлеп, баласы Үбайдуллаға табыстап кеткен нұсқадағы Құлан өлеңдерінің ұзын-ырғасы 1472 жол, оның алпыс алты жолы айтыс арасындағы қарсылас ақындарға тиесілі.

Расында да, Құлан Алдабергенұлының шығармаларын жинап, мұрағат қоры мен зерттеушілердің қолына табыстағандардың бірі – Қайыпназар Әйтпенов. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорында Қайыпназар шығармалары жазылған №872 бумадағы 3-дәптердің 1-10-беттері аралығында «Құлан ақынның Әбділдаға айтқаны» деген арнау өлеңнің араб графикасымен жазылған мәтіні кездеседі. Ел азаматтары Тұрғанбай мен Әбділдаға қаратып айтылған аталмыш аралық сөз 1974 жылы институт қорына Манап Көкенов тапсырған нұсқамен негізінен бір ізді басатыны анықталды. Қайыпназар қолжазбаларының арасынан бұл өлеңнен өзге Құлан ақынның «Өткір сөз наркескендей қынаптағы», «Дүние жаралғалы қанша заман», «Баршаға атың мәлім жалғыз Құдай» деген шығармаларының қазіргі кириллицамен жазылған нұсқалары кездесті және №79 бумадағы қолжазбаның 15-32-беттері аралығына жазылған өлеңнің соңында «Қайыпназар Әйтпеновтің берген дерегі бойынша, Құлан ақынның өлеңдерін жазып алғандар Қыдырәлі Саттаров, Қалдыбек Отарбаев» деген жазу бар. Барлығы 587 жолдай өлең. Соған қарағанда, көзіқарақты халық ақыны есімі елеулі сөз зергерінің көңіл зердесінде қалған осы өлеңдерін жаттап алып, халық алдында мақамына қосып айтып, насихаттап жүрген сияқты.

Құланнан қалған әдеби мұраның негізгі жинаушылары Манап Көкенов, Қайыпназар Әйтпенов, Есіркеп Қоңқабаев, Тынымбай Нұрмағамбетовтерден жеткен қолдағы бар материалдарды салыстыра келе, нақтылағанымыз 2155 жол өлең. Оның алпыс алты жолы Құлыншақ, Перне, Шегір сияқты ақындарға тиесілі. Бұл Сыр сүлейі Құлан Алдабергенұлының Өзбекстан мен Тәжікстан топырағын жайлаған қоңырат ағайындар мен кіндік кескен киелі жұрты Сыр бойынан жиналған шығармаларының бүгінгі таңдағы тиянақталып, белгісі бекіп тұрғандары.

Есесіне, күні бүгінге дейін Құлан шығармашылығын зерттеушілердің назарынан тыс қалып келген деректің бірі – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорындағы № 1023 бума. Бұл сол жылдары Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтында оқып жүрген бірінші курс студенті Тынымбай Нұрмағамбетов тапсырған «Құлан халпенің өлеңдері» деп аталатын қолжазба. Аталмыш бумадағы 4-дәптердің 1-бетінде Құлан ақынның өмірбаяндық деректерін айта келе, «Халпе – жалған аты. Ақынның өлеңдері тек жеке адамдардың аузында қалған. Сол ауызекі сақталған өлеңдерінің бір тобын жазып алып, сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмын» депті.

Осы қолжазбаның екінші бетінде фольклортанушы Нысанбек Төреқұловтың «31.03.1965 жылы жауап жіберілді» деген бұрыштамасы және қазақ ақындары шығармашылығының білгірі, профессор Есмағамбет Ысмайыловтың өз қолтаңбасымен Тынымбай Нұрмағамбетовке жазған хаты сақталыпты. Онда былай делінген: «Қазақ ССР Ғылым академиясының Әдебиет институтына сіз жіберген Құлан халпенің өлең-термелерімен таныстық. Құланның сөзге жүйрік, ойға тапқыр ақын екені байқалады. Осы уақытқа дейін Қызылорда облысынан жиналып, біздің қолымызға жеткен атақты ақындар қатарында бұл кісінің есімі де, шығармалары да кездескен емес. Сондықтан сізден өтінеміз, осы Құлан ақынның өміртарихын және басқа да өлең-жырларын жинап жіберсеңіз екен. Фольклор бөлімінің меңгерушісі Е.Ысмайылов. 31.03.1965».

Хаттың жазылу мерзіміне қарап, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорына Құлан ақынның өлең-термелерін алғаш тапсырған Тынымбай Нұрмағамбетов екеніне куә боламыз. Ал Манап Көкеновтің қолжазбасы аталмыш қорға тоғыз жылдан кейін келіп түскен. Оған дейін көптеген әдебиеттанушылар қауымы Құланның өлеңдерінен бейхабар болған. Талайсыз тағдыр иесінің ақындар шығармашылығының білгір мамандарының еңбектерінен тыс қалуының негізгі бір себебі осы болса керек.

Сонау жылдары, бозбала студент шағында-ақ халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинай бастаған жазушы Т.Нұрмағамбетовтың қолжазбасынан Құлан ақынның «Ағасы жақсы қандай-ды», «Аузымда өлең деген алмасым бар», «Босымбек байға айтқаны», «Қадірмен сізге өтініш жаздым хатты», «Қырғызалы Құлан (Қызыл) ақынның көшек руынан Қараша Нарынбай биге көңіл айтқаны» деген көңілқосының үзіндісін ұшыраттық. Нұрмағамбетов тапсырған қолжазбада «Хат» деген атпен берілген «Қадірмен сізге өтініш жаздым хатты» деп басталатын Құлан ақынның ғашықтық сарындағы арзу хаты бұдан басқа еш жерде кездеспейді, бұрын-соңды жарияланған басылымдарда да болмай шықты.

Күні бүгінге дейін жарияланған деректердің ешбірінде Құлан ақынның халпе деген діни атақ-дәрежесі туралы тілге тиек етілмеді. Әрине, Кеңес Одағы тұсында ол мүмкін емес еді. Халпе атағынан біз оның сопылық болмысына қатысты көп жайттың анығын аңғара түсеміз. Далалықтар мәдениетіндегі дәстүрлі діни ұғымнан ойып орын алып, халпе атағын алғандар кім? Халпе немесе қазақы сөз қолданысымыздағы кәлпе – арабтың халифа деген сөзінен шығады. Түп мағынасы (этимологиясы) – орынбасар (ізбасар) деген ұғымды білдіреді. Пір немесе ишан жоқ жерде кәлпе солардың тапсырмасын іске асырып отыратын белгілі бір өлкедегі уәкіл қызметін атқарған. Ишаны жоқ ауылда сол ишандардың кәлпесі пірдің атынан оның сөзін, ілімін тарату бағытында әрекет ете береді. Ал ишан (ишон) – Орта Азия халықтары арасында сопылық ілімдегі рухани жол – тарихат мектебінің жолбасшысы мен піріне (ұстазға) қолданылған парсы сөзі. Бүгінгі ұғымымыздағы діни мағынасына емес, нақты аудармасына бағатын болсақ, кәдуілгі тіл заңындағы есімдік, яғни бірінші, екінші жақтағы «мен», «сен» ұғымы сияқты, үшінші жақта айтылатын «ол» деген сөздің ишарасы.

Сонда ілкі кезде ишандарды не себепті «ол» деп атаған?

Бұрынғы заманда аты мен заты белгілі пірлер діни және дүнияуи сауалдарға байланысты халыққа пәтуә бергенде саналы түрде «мен» деген сөзден бойын аулақ салып, «ол» деген сөзді жиі қолданатын болған. Осылайша пәтуасының түйіндемесі мен тұжырымдамасын өзі білсе де, «Ол кісі былай деді, ол осылай жасады» деп, үлгі көрген ұстаз-пірінің атынан айтады екен. Қызық жайт, осылайша тіл қолданысы заңының қарапайым есімдігі кейін құбыла келе, «ишон» яғни «ол» (ұстаз, пір) деген діни атаққа айналып кеткен.

Олай болса, Құлан жырларындағы Алла тағалаға жасаған шағымдары, ерке мінезі мен назынан оның әулиетап көңілін, құдайшыл болмысын, діндарлық дәрежесін тануға болады. Көкірегінде діннің өрнегі жоқ, Құдайға деген сенімі селкеулі бірде-бір жұмыр басты пенде Құдайға бұлайша еркінсіп, назын айта алмаған болар еді. Әрине, мұнда ақынның бірінен соң бірі дүние салған перзенттері мен зайыбы, мінген атының өле бергендегі азалы күйігі, пенделік пиғылы да бар екенін терістеуге болмайды.

Өзін «Құдай» санау – сөз киесіне жанасқан ақындардың, ал Құдайға базынасын басып айту – Алла тағаланың тылсым күші уәхи болған пайғамбарлардың, болжам жасау – жүрегіне илхам келген әулиелердің ғұмырнамасында жиі кездесетін жайт. Қиял әлемінде Құдаймен бетпе-бет келіп, Онымен сөз таластыру – қазақ сөз өнерінде сирек те болса бар құбылыс. Ендеше «Құдай-ау, құдіретіңе болдым ғашық» деп Жаратқан жалғыздың дидарына құмартқан, «Атыңнан айналайын, жалғыз Құдай» деп құдіретті күшінен айналып-толғанған құдайшыл ақынның арызы мен назына құлақ түріп көрейікші.

Тұратын жерің болса барар едім,

Алдыңа бар сөзімді салар едім.

Қалдырмай ішімдегі мұңымды айтып,

Алдыңда армансыз боп қалар едім.

Дәлел айтпай әншейін зорлық қылсаң,

Жағаңнан арыстандай алар едім…

Жалпы, тікелей арызы мен назын Жаратқан Иенің жамалына шексіз ғашық, руханият ілімінің маңыз-мәйегін меңгерген кәміл адамдар ғана айта алса керек. Бұл – жүрегі тазармаған қарапайым пенденің қолынан келмейтін наз. Аталмыш өлең Құланның рухани ілім дәрежесіне орай, жеке-дара жеткен жетістігі мен ерекше батылдығының куәсі. Сондықтан да оны қарабайыр ұғымға салып, тура мағынасында түсінуге әсте болмайды. Олай болса, Құлан Алдабергенұлының болмысын Алла тағаладан илхам келгендіктен, Құдайдың еркесіне айналған, сопылық ілім арқылы көзі ашық әулие дәрежесіне көтерілген киелі сөз иесі ретінде қабылдағанымыз дұрысырақ болар.

Ол өлеңді қарапайым ұйқасты тіркес деп емес, ақынның (яғни өзінің) аузымен айтылып тұрған құдіретті күштің уәзипасы деп түсінген, сөздің бәсін де осы тұрғыда пайымдаған. Бұл пікірімізге оның көкірегінен көктеп шыққан жыр көгенін асқақтата ұлықтап, көкке көтере әспеттеуі дәлел.

Мақтасам, өлеңім бар мақтағандай,

Даңқ болып кейінгіге ат қалғандай.

Алыстан ән шырқасам келеді өлең,

Қосын боп жауға әскерім аттанғандай.

Қалады өлеңіме жұрт жиылып,

Құс көріп ұзақ қарға топтанғандай.

Кейбіреу сөзімді естіп мүжіледі,

Қарқын ап жарға соққан ақпарлардай…

Ақберен жырдың иесі бұдан әрі ұшпасы биік тау басынан ақ көбік атып, күркірей аққан асау бұлақтай алды-артына қарамай, арындай түседі. Өніп тұрған өткір сөзін наркескенге, аққан суға, найзагерге, өртке, дертке, ажалға, қоңыраулы тажалға, самалға, балқытқан сынапқа, сәуірдің жауынына, қазанның дауылына, лоққы болған жылқының жауырына, қолқа құртқа, күллі яумин мақұлықатқа, сауынға, құтырған итке, бойжеткен қызға, тал түсте шабатын жолбарысқа, алтын баққан айдаһарға, қойға шапқан қасқырға, сұрмергенге, аспан мен жерге, қара көрге, қара құрттың бүйесіне теңейді. Кей өлеңінің жүйріктей шекелейтінін, ерлерді желкелейтінін, тал түсте адасатынын, түнде де төтелейтінін, бекпатша нардай бірін-бірі жетелейтінін, қыздай күліп келетінін, судай жұлып ағатынын, жүйріктей қырындайтынын айтып асқақтайды. Содан соң:

Мінеки, сол ақыннан өлең тыңда,

Әдейі айтайын деп келдім мұнда.

Қойқаптан жын шақырсам, қосын келер,

Кездесіп қап жүрмеңдер біздің жынға… –

деп, көңілінің қошы келмей тұрған шағында кездесіп қалып, сау бастарына сақина тілеп алудан сақтандыра сөйлейді. Өзінің және жүрекжарды сөзінің бәсін білген ақын ғана айтар сөзін осылайша, қасқайып тұрып жеткізе алатын болса керек.

Құлан ақын өлеңдерінің өресі өлшеусіз биік. Сол асқар болмыс иесінің дер кезінде өзі өмір сүрген қоғамынан, кейінірек көбік сөзге әуестеніп, жақсының бәрін жат санаған Кеңес заманынан әділетті бағасын ала алмағаны өкінішті, әрине. Олай болса, қазыналы қазақ әдебиетінің қоржыны Құлан сияқты жасындай жанып өткен құдайшыл жандардың жауһар жырларымен толыға бергей.

Берік ЖҮСІПОВ,

фольклортанушы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<