Бүгінде аймақтағы өнер ұжымдары алыс-жақын шетелге де шығып, Сыр елін танытып жүр. Соның бірі, онжылдық тарихы бар «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі. 12 өнерпаздан құралған ұжым сәуір айында ғарышкерлер күніне орай Мәскеудің Кремль сарайында өткен шарада өнер көрсетсе, өткен жылы Лондонның «Victoria Embankment Gardens» саябағында өткен Наурыз тойына қатысып, екі бірдей концерт қойды. Осылайша, өнерпаздар Ұлыбритания аспанын Дәулеткерейдің «Көрұғлы», Ықыластың «Жезкиік», халық күйі «Ел айрылған» сынды шығармалары мен әлемдік классикалық туындылар және жыр-термемен көмкерді.
Сондай-ақ, аталған өнерпаздар соңғы жылдары облыс басшылығының қолдауымен Өзбекстан, Ресей, Түркия елдерінде де гастрольдік сапарларда болып, ел мерейін одан әрі асқақтатуда. Ерекше атап өтетін жайт, аталған ұжым жуырда ғана Ақтөбе қаласында өткен «Жұбановтар әуені – 2019» халықаралық ұлт аспаптар оркестрлері мен ансамбльдер фестиваль-байқауында бас жүлдемен оралды.
Бірегей өнер арқылы ұлттық өнерді дәріптеп жүрген ансамбль 2009 жылдан бері көрерменді Сыр бойының төлтума өнерімен сусындатып келеді.
Тарихқа көз жүгіртсек, еліміздегі ұлттық кәсіби театрдың шымылдығы 1925 жылы Қызылордада М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасымен түрілген. Ал, Сыр өнерінің қара шаңырағы Н.Бекежанов атындағы театр сонау 1955 жылы Талдықорған жерінде ұйымдастырылып, 1960 жылы өңірге көшіріліп әкелінді. Содан бері өнердің қара шаңырағы өз тұғырынан түскен емес. Керісінше, биіктен көрініп, алпыс төрт жылдық тарихында халықаралық, республикалық өнер додаларында талай жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен, өткен жылы Шотландия елі, Эдинбург қаласында өткен халықаралық «Фриндж» өнер фестиваліне қазақтың халық жазушысы Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» трагедиясының желісімен режиссер Х.Әмір-Темір сахналаған «Ақбаян» спектаклімен қатысты. Нәтижесінде спектакль режиссері Х.Әмір-Темір, Мақпал ролін сомдаған Залипа Төлепова және Қодар роліндегі Қанат Архабаев фестивальдің алтын кітабына енсе, театр әлемнің ең үлкен өнер фестивалі «Фринджке» «Еркін қатысу» құжатына ие болды. Бұдан бөлек, 63-маусымында бес мемлекетке үлкен гастрольдік сапармен барып, оның ішінде Татарстан, Түркия, Әзербайжан және Ұлыбританияда өткен өнер додаларына да қатысып, үлкен жетістіктермен оралды. Ал, Талдықорған қаласында Астана қаласының 20 жылдығы мен мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығына арналған Қазақстан және Орталық Азия елдерінің VII халықаралық театр фестивалінде Рақымжан Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» қойылымын сахналап, театр ұжымы «Ұлттық авторлардың үздік драмасы» номинациясымен, Жүргеновтің әкесі Қара рөлін сомдаған Бақытбек Алпысбаев «Ең үздік екінші пландағы ер адам бейнесі» номинациясымен және Темірбек Жүргенов бейнесін үздік сомдағаны үшін Сырым Әбдразақов марапатталды.
Міне, осылайша, өнер ошағы айтар ойы салмақты күрделі шығармаларды сахналауда айтарлықтай табысқа жетіп, қарқынды дамудың үлгісін көрсетуде.
Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен осы жыл – Жастар жылы деп жарияланды. Осыған орай, аймақта түрлі шаралар өтуде. Соның бірі «Feerie Dance – 2019» халықаралық би турнирі. Бұл шара өңірімізде екінші мәрте өтіп, алыс-жақын шет елдер мен еліміздің әр аймағынан 500-ге тарта талант бақ сынасты. Мұнан бөлек, аймаққа Нұр-Сұлтан қаласының Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры мен «Astana Musical» мемлекеттік театры облыста іссапарда болып, түрлі туындыларын Сыр жұртшылығына ұсынса, Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрме жобасының аясында ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің мерекелік концерті де өңірде алғаш рет өтті. Сондай-ақ, Сыр сүлейлерінің мақам-саздарын жаңғырту, жаңа термелердің жаңа тынысын ашу үшін «Жыр мұра» жобасы қолға алына бастады.
Жалпы, биылғы жыл аймақ өнерпаздары үшін табысты басталды. Олай деуге негіз жоқ емес. Мәселен, Жамбыл облыстық филармониясының ұйымдастыруымен өткен Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, аса көрнекті халық композиторы, ақын Кенен Әзірбаев атындағы ІХ республикалық «Шырқа, даусым!» дәстүрлі әншілер конкурсында облыстық филармония әртісі Бисенбек Төлеубаев жүлделі ІІ орын иегері атанды. Ал, Жастар жылы аясында Ақтау қаласында өткен Б.Рзаханов атындағы «Сиқырлы таяқша» атты республикалық дирижерлар байқауында дирижер Руслан Балмасов жүлделі ІІІ орынды иеленді. Сондай-ақ, Атырауда болған «Саз пернесі – Сарайшық» халықаралық домбыра фестивалінде жерлесіміз Абылайхан Ысқақов жүлделі І орынды алды. Мұның барлығы өңірде өнерге деген қолдаудың бар екендігін көрсетсе керек.
Өнер бар жерде, мәдениет, ұлттық құндылықтың болары сөзсіз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек… ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс…» деген болатын. Сондықтан салт-дәстүріміз мен әдебиетімізге, мәдениетімізге қамқорлық танытып, құрметтегенде ғана келешек ұрпақтың бойында ұлттық рухтың сақталатыны анық. Бұл ретте Сыр өңірі рухани құндылықтың нағыз ортасы, айнасы десек болады.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<