Жыр жауһары  Жетікөл 

193

0

Ауылға барғанда

Жауынды аңсап,

іздеймін бұлтыңды аңсап.

Дауылды аңсап,

Тұратын желіңді ән сап.

Найзағайың жарқ етпей,

қайда кеткен?

Бауыңды аңсап,

Мен келдім көңіл шаршап!

Жидеңді аңсап,

жұпарлы даламды аңсап.

Ауылды аңсап,

ағайын-бауыр барсақ?

Көлдің де,

көңілдің де көркі жадау,

Тынысы тіршіліктің кеткен алшақ.

Көктемді аңсап,

Балалық шағымды аңсап.

Жусанды аңсап,

Келгенде ауаңды аңсап.

Қайтеді жуа теріп құмға барсақ?

Рахат,

Рахат қой,

өткенді күнді еске алсақ!

Бұлтыңды аңсап,

Кеп тұрмын жұртымды аңсап.

Құрдастар күтуші еді,

мені қарсы ап.

Ғажап қой ауыл деген,

Ғажап шіркін,

Жиірек ауыл жаққа соғып тұрсақ!

Боз жусанның түбірі

Түсімде…

ауылымның құмын көрдім,

Карани, көсік қазып, гүлін тердім.

Сарықұмда жалаңаяқ жүгіремін,

Түсіме кірді ауылым бүгін менің!

Жетікөл…

Өзіңде өткен балалығым,

Ұмытпас ол кезеңді саналы ұлың.

Боз жусанның түбірі секілдімін,

Боздаладан нәр алған бала құлын.

Жетікөл…

Сенен алыс кетпеп едім,

Содан болар, түсімде көп көремін.

Сағынсам мен өзіңе барып тұрам,

Анамдай самалыңмен өпкен едің!

Түсімде…

Ақ айдында шомылғаным,

Жағаңда құмға аунап дамылдадым!

Мен сөнбей,

Сен өшпейсің қиялымнан,

Жетікөл туған жерім,

Арым-барым!

Аралымдай, тұмарымдай…

Жетікөлім,

Көп ұлыңның бірі едім,

Көптен бері көріне алмай жүр едім.

Азып-тозған кең далаңды көргенде,

Ауырады, шанши түсіп жүрегім!

Жетікөлім,

Барсам саған шат жаным,

Сенен алдым өмірімнің бастауын.

Ал жастығым кетіпті өтіп

қас-қағым,

Боп жүргенде, қызуыңа мас жаным.

Жетікөлім,

Жауһар жырсың, лағылсың,

Көңіл-мұхит тереңнен

сыр ағылсын.

Менің биік тұғырымсың, тірегім,

Маңдайыма біткен өзің бағымсың!

Жетікөлім,

Туған жерім, ұраным,

Өзің мәңгі таусылмайтын

жыр-әнім.

Биікке ұшса қол соғасың ұланың,

Заңғар көктен көрінді деп қыраным!

Жетікөлім,

Күміс суың жарқырап,

Көктемде ерте ырғалатын балқұрақ.

Жеті көлдің ішінде өзің

көркемі ең,

Сені ойласам жүрегіме жыр тұнад.

Жетікөлім,

Құс сайратқан бақтарың,

Сол бағыңды іздеген ем таппадым?

Бір кездегі сұлулығың қалмапты,

Табиғатың тамаша еді,

мақтаным…

Жетікөлім,

Жағаң ақ сор, батты мұң,

Ұясына сұлық түсіп жатты күн.

Аралымдай, тұмарымдай, Жетікөл,

Суға толып, оралса екен шаттығың!

Балқұрақ

Аңсап жүрмін Жетікөлдің

толқынын,

Жағаңда өтті, балалық шақ

әр күнім.

Қара қайық ақ айдында мініп ап,

Есуші едік, таппай әсте бір тыным.

Қайықпенен оратынбыз балқұрақ,

Қолға жұмсақ тиетін ед балбырап.

Қозы-лаққа әкеп оны салушы ек,

Біз аспаннан түскен жоқпыз

салбырап!

Жаз айында тартушы едік шалғыны,

Шабыт беріп шапағымен таң нұры.

Торсықтағы ащы айраннан

шөл басып,

Балалардың шөп шабатын барлығы.

Бала болдық, бос жүрмедік

салақтап,

Кеткен жоқпыз бет алдына

далақтап.

Қыс келгенде,

мұзға ойнадық доптаяқ,

Болатұғын дүние аппақ, жер аппақ!

Сымнан иіп жасаушы едік

шаңғыны,

Балалардың солай етер барлығы.

Мұзды ойып мал суарып алушы ек,

Балалықтың қызық еді-ау әр күні.

Ойнап жүріп, үй жұмысын

атқардық,

Бойымызды тұрушы еді от қарпып.

Абайды оқып, өлеңдерін жаттадық,

Ал, сабақтан бес алғанда

шаттандық.

Мүкәш апай қоятұғын мақтан ғып!

Жайлау кеші

Ақ айдында жүзетінбіз қайықпен,

Жел тұрғанда жүретінбіз

байыппен.

Қасқалдағы, үйрек-қазы қаңқылдап,

Ұшушы еді қанаттарын жайып кең.

Шағаласы, шүрегейі шаңқылдап,

Кешқұрымда құрбақасы

барқылдап.

Шегірткелер оркестрі шуылдар,

Сол бір кезең ең әдемі жарқын шақ.

Көл жағалай жаз жайлауға ел қонар,

Шаңырақтан қараша үйге

нұр толар.

Табысқанда төрт түліктің төлдері,

Ал, балалар тайға мініп мәз болар.

Ағалар-ай, намысыңды үрлейтін,

Жігіт болсаң, асау тайға мін дейтін.

Қызсың ба әлде, өз-өзіңе сенбейтін,

Деген кезде, бала болмас мінбейтін!

Танытасың, қорықсаң да ер кейпін,

Жігітсің ғой,

намысыңды бермейтін!

Кешке қарай көл жағасы ызғын шу,

Оты маздап ошағында сөнбейтін!

Болатұғын жайлау кеші көңілді,

Қиялымда сағыныш боп төгілді.

Көкіректі кернегенде жыр шабыт,

Бұраң белдің бұрымындай өрілді.

Жыр бағы

Жетікөлім, қолтығымнан демеген,

Құлағанда тұрғызып ап, жебеген.

Тереңінен зеренімнің ой тартып,

Саған арнап жаздым бүгін мен

өлең!

Кешір мені, мықты ақын емеспін,

Ешкіммен де келмес әсте теңескім.

«Болмасам да ұқсап бағып мен

тұрмын»,

Ақын емес, дей қоймас-ау,

мені ешкім!

Ақындықтың түсінемін сырларын,

Ақындарды талай мәрте тыңдадым.

Көкжиегін көңілімнің өрге сап,

Туған жерге тарту еттім жыр бағын!

Алыс кетсем сағындырып

жүдеткен,

Қиялымды саған әкеп түнеткем.

Жетікөлім, өзің мені түлеткен,

Құдіретің, өмірімді гүл еткен!

Сенің адал перзентің боп қалайын

Жетікөлім, сенде өсіп, жетіп ем,

Арман қуып мен қалаға кетіп ем.

Мақсаттарым алға қойған

көп-тұғын,

Олар жайлы сұрамашы өтінем?!

Қалаға кеп, достар таптым жаңадан,

Сен өшпедің көңілімнен, санадан.

Мақсатыма жете алмадым қалаған,

Арманына жетпейді екен көп адам!

Жас кезімде талай арман

бүр жарды,

Бағындырам деп ойлағам

шыңдарды.

Жетікөлім, мақтанышың

бола алмай,

Ұлың мынау қиялға еріп құр қалды.

Айналмадым, арқасүйер тауыңа,

Айналмадым, жеміс берер бауыңа!

Жетікөл де анам менің секілді,

Еш жамандық тілемейтін жауына!

Жетікөлім, қуат берген арайың,

Деп ойлағам, аспаныңда жанайын!

Кешір мені, қолдан ол да келмеді,

Сенің адал перзентің боп қалайын!

Жүгіңді арт

Жетікөлім, мен батырың

болмадым,

Зор қуаныш, бір перзентің

болғаным!

Самалыңмен желпіп өзің өсірдің,

Қандай бақыт, арқасүйер сен

барың!

Мен Спартак, Цезарь-дағы

болмадым,

Мың шүкірлік, тегі қазақ болғаным!

Қобыланды, Алпамысым

кімнен кем?

Үлкендерге оқып жырын толғадым!

Д Артаньян да, Геракл де

болмадым,

Тілім осы, тым қазақи болғаным.

Қайсенов пен Момышұлы

кімнен кем?

Нағыз батыр, мақтанышым,

ардағым!

Туған жердің құдіреті емес пе?

Қазақ деген жеңілмеген егесте!

Қошқарбаев Рейхстагқа ту тіккен,

Сақтау керек, ұрпақ мұны

мәңгі есте!

Әрбір ұлттың өз батыры бар білем,

Біреудікін таңсық етсе, ар көрем!

Қазағымда тау тұлғалар жетерлік,

Соларға ұқсау жөн дер ем!

Жетікөлім, сен өсірген ұлыңмын,

Бір кәдеңе жарауымды ұғындым.

Атам қазақ, мықты екенін білесің,

Жүгіңді арт, құлақкесті құлыңмын!

Ей, табиғат,

Жер-Ананы жүдетпе!

Жетікөлдің жағалауын сор басқан,

Көлді ойлап, көрінеді мұңлы аспан.

Бір амалын таба алады мұның кім?

Мазалайды осы сұрақ тынбастан.

Жетікөлдің желпіп өтсе самалы,

Аяулы анам сипағандай болады.

Ақ айдынның жәудіреген жанары,

Соны ойлап көңілдің көп алаңы.

Жетікөлдің жайы уайым мендегі,

Басу айтып, жұбатады жел мені.

Ақ айдынын қоға басқан бүгінде,

Не болар деп мұң кешемін ертеңі?

Құстар да жоқ, баяғыдай шулаған,

Балық та жоқ, көл бетінде тулаған.

Аққу-қазың кетті оралмай бүгінде,

Осы кейпің жанға батып тұр маған.

Қанжар сұғып алғандай-ау жүрекке,

Қиялға әкеп жаман ойды түнетпе?

Аштықтықты да, қуғынды да

өткердік,

Ей, табиғат, Жер-Ананы жүдетпе!

Кенжалы ЕРІМБЕТОВ,

«Ақпарат саласының үздігі»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<