«Болмаған балалық шақ немесе әр бала бақытты болуы тиіс»

148

0

Фото: автордан

Соңғы кезде көпбалалы отбасылардағы бала тәрбиесі қоғам тарапынан жиі талқыға түсіп жүр. Оған себеп жоқ емес. Біріншіден, баланың әлеуметтік-материалдық жағдайы үйдегі бала санына да байланысты. Екіншіден, мұндай отбасыларда үйдің тұңғышы өзінен кейінгі бауырларын бағып, өсіретін «көмекші» рөліне енеді де, өзінің балалық шағы болмайды. Үшіншіден, «қыз – қонақ, ұл – ұрпақ» деп білетін кей отбасында ұлға «жету» үшін бірнеше қызды дүниеге әкеліп жатады. Нәтижесінде қоғамда өз құнын білмейтін қыздар мен «жалғыз ұл» болғаны үшін қалағанына оңай қол жеткізіп үйренген ұлдар көбейіп келеді. Таразыға қай-қайсысын салсақ та, көпбалалы отбасындағы бала тәрбиесіне толық көңіл бөлетін ата-ана аз.

Үш баласын көпқабатты үй терезесінен лақтырып, артынан өзі де секіріп қайтыс болған алматылық ананың жағдайы қоғамға ой салуы тиіс. Жыл өтпей жатып, мұндай оқиғалардың біршамасы тіркелді. Осы орайда көпбалалы отбасында өскен баланың жайын жан жақты қарап көрелік.

Жәрдемақы үшін бала жоспарлау

Биыл Қазақстанда халық саны 20 миллионнан асты. Алайда саны көбейгенімен, бала туу көрсеткіші төмендеп барады. Былтыр елімізде 387 991 бала өмірге келсе, 2022 жылғы көрсеткіш – 403 500 баланы құрап отыр. Ал көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы жыл сайын көтеріліп, қоғам тарапынан «алтын», «күміс алқалы» аналарға құрмет бөлек екені байқалады. 2022 жылы көпбалалы отбасыларға берілетін жалпы сомасы 346,8 млрд теңге мемлекеттік жәрдемақыны орта есеппен 501,2 мың отбасы алды. Демек, 501 мың көпбалалы отбасы бар деген сөз. Аталған мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады. Мойындау керек, 3 баланы дүниеге әкелген соң, 4-іншісіне ұмтылып, «көпбалалы» статусына иелену үшін ғана баланы қалайтындар бар. Әрине, 2000 жылдан бері қарайғы буынның ата-аналары үшін бұл қалыпты нәрсе болуы мүмкін. Себебі олардың өздеріне ата-анасы жеке уақыт бөліп, әр баланы махаббатпен тәрбиелеген жоқ. 10 шақты бала болу да қалыпты дүние еді. Осылайша, бірбіріне сүйеніп, ересектік өмірге аттанып кетті. Балалық шағы болмаған адамға өз сәбиінің балалығы да болмауы – қалыпты дүние. Әрине, өткенді електен өткізіп, бүгінді бағамдайтын саналы азаматтар бала мен оның болашағына бей-жай қарамас.

«Ана рөліне қалай кіріп кеткенімді білмеймін»

Қазақстанда жыныстық теңсіздік, патриархалды тәрбие жоқтың қасы дейміз. Алайда оған дәлел – қоғамдағы Ұлболсын, Ұлмекендердің көптігі. Иә, айналаға мән берсек, бірнеше қыздан соң ұлды болған отбасыларда осындай есіммен аталған қыздар бар. Есімнің де болашаққа әсері бар десек, қыз тағдырына қан¬шалықты қолбайлау болатыны белгісіз.

 «Алты қыздың үлкенімін. Ата-анам бір ұл болғанын армандапты. Дегенмен ұл бұйырмапты. Бірақ қыз бала бар жерде береке бар. Өзім тұрмысқа шыққан соң ұл-қыз деп бөле-жарғым келмейді. Себебі бұл қолыңда барға риза болмай, жоқ нәрсені сұрау сияқты. Студенттік тобымның «анасымын». Бастапқыда солай атаса, ұялатынмын. Бірақ өзімнен кейінгі балаларды бағып-өсірем деп, бәрінің жағдайын жасайтын, көбірек көңіл бөлетін, еркелететін ана рөліне қалай кіріп кеткенімді білмеймін. Мен үшін қалыпты нәрсеге айналды. Өкінетінім – өзім ешкімге олай еркелей алмаймын, осы сәттен ләззат ала алмаймын. Үнемі әр нәрсені уайымдап, өзгелердің жауапкершілігін өзіме аламын. Өйткені ата-анам солай үйреткен. Соғыс кезі емес, ашаршылықтың беті аулақ, жай ғана үйде 6 қыз тетелес өскендіктен, менің балалық шағым болмады», – дейді ақтөбелік Әсел Сағындық.

Адамды малмен салыстыруға болмайды

Жыл санап халық саны өсіп жатыр, туу коэффициенті неге төмендейді деген сұрақтың санада туатыны анық. Елдегі тұрғын саны тек туудың есебінен өспейді. Мәселен, 2023 жылдан бастап өлім-жітім деңгейі азайды. Көші-қон ағыны байқалуда. Сондықтан егер туу коэффициенті тұрақты түрде төмендей берсе, бұл міндетті түрде республика халқының жалпы санының азаюына әсер етеді. Ал туу көрсеткіші неге азайып жатыр? Біріншіден, табиғи өсім көрсеткіші төмендеген. Екіншіден, өлім-жітім жоғары. Үшіншіден, миграция көрсеткіші де ұлғайған. Қазақтың саны көбейгені әр қазақтың қуанышы десек, артық емес. Алайда санмен қатар сапаны да ойлайтын кезге жеттік.

«Еліміздегі 1000 жүкті әйелдің 23-і 15-19 жас аралығындағы жасөспірім қыз болса, оның 15 пайызы кездейсоқ жүкті болып қалған соң түсік жасатады немесе жетімдер үйіне өткізеді. Яғни әр алтыншы жүктіліктің соңы түсік жасатумен аяқталады… Бұл – жүктілікті жоспарламағанның нәтижесі. Баланы жоспарлап дүние әкелу десең, көпшілік «әр баланың өз несібесі бар», «бір қозы туса, бір жусан артық шығады» деп мақалдатып кетеді. Адамды малмен салыстыруға болмайды. Малда сана жоқ, ол жүктілігін жоспарлай алмайды. Біздің малдан айырмашылығымыздың өзі санамыздың барында емес пе… Оның үстіне малға тек жем, шөп, жайлы жер болса жеткілікті. Ал адам баласының қажеттілігі жоғары. Мысалы, тамақ, киім, баспана, білім. Әйелдер бала керек деп денсаулығына қарамай туып жатады. Ондай жағдайлардың көбі ана немесе бала өлімімен аяқталады. Балалардың арасы кем дегенде 2 жыл болуы керек. Бір жыл баланы емізсе, екінші жылда әйел денсаулығын түзеуі керек» дейді репродуктолог Салтанат Байқошқарова.

Баланы қалай тәрбиелеу керек?

Абай: «Біреулер Құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады?» дей келіп, «Артымнан құран оқысын деп тілейді» дейді. «Артымнан балам құран оқысын десең, тірлікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, өлген соң кім құран оқымайды? Егер жаманшылықты көп қылған болсаң, балаңның оқыған құраны сені неге жеткізеді? Тірлікте өзіңе-өзің қылмаған істі өлген соң саған балаң кәсіп қылып бере ала ма?» дейді. Демек, баланы тәрбиелеп, баланы өмірге дайындамас бұрын, алдымен өзің жақсы болуың керек. Сонда балаң өзі-ақ жақсы болады. Бірінші өзіңді тәрбиеле. Абайдың бала тәрбиесіндегі ұстанымы осындай.

 – Демографиялық өсімді көздеген кезде сапалы ұрпақты қалауымыз керек. Саны бар, сапасы жоқ болатын болса, әрбір бала әлеуетті проблемаға айналады. Мәселен, бүгінгі педофильдер, отбасында түрлі зорлық-зомбылық әрекет жасайтындар, ұрлықшылар да бала болды. Әрине, олар да демографиялық өсімнің жемісі. Бірақ уақытында атаанасы дұрыс көңіл бөлмегендіктен, дұрыс тәрбие берілмегендіктен осындай жағдайға түсіп жатыр. Сол себепті адам баласының ең басты парызының бірі – толық отбасы институтын құру. Біз өмірге әкелген әр бала он балаға, жүз балаға татитындай сапалы білім, тәрбие беруіміз қажет. Соған байланысты жауапкершілік арқалауымыз керек. Пандемия кезінде көпбалалы отбасылардың аналарын көрдік. Барлығы әкімдік жағалап, министрлік алдына жиналып, «төрт балам бар, бес балам бар, асырай алмай жатырмын» деп шу көтерді. Бір жағынан, баласын «асырай алмай жатырмын» деген ата-ана ұрпағына қаншалықты дұрыс тәрбие бере алады? Қаншалықты сапалы білім алуына жағдай жасай алады? Осындай түйткілді мәселелердің барлығы біздің әлеуетті ұрпақ, сапалы адам тәрбиелеп шығуымызға үлкен әсері бар. Толық емес отбасында өсіп жатқан баланың көбеюі – қауіпті үрдіс деп ойлаймын, – дейді педагог-психолог Ержан Мырзабаев.

«Капернаум» көрінісі

«Капернаум» фильмін көрмеген адам кемдекем шығар. Басты кейіпкер Зейін деген 10 жасар баланың ата-анасы материалдық жағдайының мәз емес екендігіне қарамастан, бірінен соң бірін кезекпен дүниеге әкеле береді. Оларды тәрбиелеуге уақыты да жоқ. Нәтижесінде Зейін де, басқа бауырлары да оқымайды, мектеп жасынан-ақ жұмыс істей бастайды. Түрлі жағдайдан соң ол өзінің туған әке-шешесін сотқа береді. «Мені дүниеге алып келгені үшін ата-анамды соттағым келеді. Енді бала тумаса екен. Мен мына өмірде қорлықтан басқа еш нәрсе көрген жоқпын» дейді. Иә, ата-ана баланы, бала ата-ананы таңдай алмайды.

 Ал дүниеге келген әр бала – бүтін бір бөлек жауапкершілік. Баланы таңдамағанмен, оған сапалы, жайлы өмірді таңдау ата-ананың қолында. Әлеуметтік желілерде де бұл тақырып қызу талқыға түсіп жүргені жасырын емес. Фейсбук қолданушысы Гүлдана Жетпісбайқызы: «Қазақтың санын көбейту туралы пікірдің бәрі орынды. Бірақ кей жастардың басында үйі жоқ, қолында жұмысы жоқ. Өмірге келген баланың несібесі болады деу артықтау. Қазір бұрынғыны айту артық. Ол кезде пәтерақы жоқ еді, қорада малы болған, ауылда отырып-ақ асырауға болатын. Қазір бәрі басқаша, нан табудың өзі қиын болып тұр. Заманына қарай амалы демекші, көп бала тауып, олардың қажеттіліктерін өтеуге қиналып жатқанда, кедей санын көбейтіп керегі жоқ» дейді әлеуметтік желіде.

Қытайлық саясаттың салдары

Осыған дейін «Бір отбасы – бір бала» саясаты бойынша қытайлық ерлі-зайыптылар 1 ғана сәби сүюге міндетті еді. Қысқасы жалғыз бала есейіп, үйленгенше оның әке-шешесі қартайып үлгеретін. Әкеден бөлек үйде ата-әжесі бар. Еңбек жасына жеткенде 1 бала 4 зейнеткерді асырауға тиіс болады. Нәтижесінде, ата-анасын қарттар үйіне қуғандар көбейді. «Бір баласы бардың шығар шықпас жаны бар». Бетінен қақпай, өсірген үйінің жалғыздары қатігез буынға айналды.

Қытай билігі «Бір баланың» осындай кесірге әкеп соққанын көрген соң, екіншіге рұқсат бермеске амалы қалмады. Тууды шектеу саясаты тек ата-ана мен баланың арасындағы қатынасқа әсер етіп қоймай, әйел мен еркектің тепе-теңдігіне әсер етті. «Жалғыз» деп шектеген соң жұрт тек «ұл тусам» дейтін. Жаңа туған 100 қызға 250 ұл баладан келеді. Енді осыны миллиардқа есептеп көріңіз. Шамамен 18-20 жылдан соң 24 миллион жігіт қалыңдыққа зәру болады. Отбасын құрмағандықтан, айналып келіп қолда барын ойын-сауыққа жұмсайды, маскүнемдікке салынады. Оның-соңы төбелес, ұрлық-қарлық, қылмыс. Өткен жылы ғана қытайлық отбасыларға 3 бала тууға рұқсат етілді. Қазақ қоғамында баланы шектемегендіктен, ұл болғанға дейін 6-7 қыз босанып, Ұлболсын, Ұлмекендерді көбейту әдетке айналды. Қытайда да ер бала тарихты, ұлтты жалғаушы тұлға болса, әйел – басқа әулеттің ұрпағын көбейтуші құрал ғана. Қызға қажеттілік жоқ екені түсінікті. Алайда жынысы үшін жазықсыз қыз баланың тағдырын, балалығын «ойыншық» етпей, әр бала балалық шағын қамсыз өткізуге лайық екенін ұмытпаған жөн. Сәбилер бақытты болу үшін ғана жаралған.

Дина Бөкебай

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<