ҚР Парламенті Сенаты депутаттарын сайлауға 254,5 млн теңге қаржы жұмсалады. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафина айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР ОСК Сенат депутаттарын сайлауға қанша қаржы бөлінетіндігін жариялады
«ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауға республикалық бюджеттен Орталық сайлау комиссиясына 254,5 млн теңге бөлінді. Республикалық бюджет қаражаты есебінен сайлау комиссияларын ұйымдастыру және қызмет шығындары, таңдаушы саналатын мәслихат депутаттарының іс-сапар және көлік шығындары, сайлау науқанын ұйымдастыруға қажетті полиграциялық қызметтер шығындары жабылады. Сонымен қатар сайлау учаскелерін дайындау, бұқаралық ақпарат құралдарына ақпарат тарату және өзге де шығындар өтеледі. Бұл ретте, республикалық бюджет қаражатынан қаржыландыру осы мақсатта арнайы ашылатын есепшоттар арқылы жергілікті атқарушы органдардың есебінен жүзеге асырылады. Орталық сайлау комиссиясы әрбір өңірге бөлетін сома таңдаушылардың санына және Сенат депутаттығына кандитаттардың санына байланысты болады», – деді ол.
Сәбила Мұстафинаның айтуынша, аталған қаражатқа аумақтық сайлау комиссиялары иелік етеді. Ал Сенат депутаттығына кандидаттардың шығындарын қаржыландыру сомасы сәл кейінірек Орталық сайлау комиссиясының басқа қаулысымен айқындалатын болады. Жалпы, бұған дейінгі сайлау науқанында әрбір кандидатқа 400 мыңнан 600 мың теңгеге дейін бөлінген.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын 2020 жылғы 12 тамызға тағайындау туралы қаулысы шықты.
Осыған орай ҚР Орталық сайлау комиссиясының онлайн режимде отырысы өтіп, онда сайлауға қатысты күнтізбелік іс-шарлар жоспары бекітілді және ертеңнен бастап Сенат депутаттығына кандидаттарды ұсыну басталатындығы айтылды. Сондай-ақ үміткерлерге қойылатын талаптар жария етілді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<