Астанада Қазақстан-Қырғызстан үкіметаралық кеңесінің кезекті отырысы өтті

566

0

Астанада Қазақстан-Қырғызстан үкіметаралық кеңесінің кезекті отырысы өтті Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен Қырғызстан Республикасының Премьер-Министрі Мухаммедкалый Абылгазиев Қазақстан-Қырғызстан үкіметаралық кеңесінің VII отырысына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сілтеме жасап.

Үкіметаралық кеңес отырысы аясында Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен Қырғызстан Премьер-Министрі Мухаммедкалый Абылгазиевтің екіжақты кездесуі өтті. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейтудің және транзиттік-көлік, су-энергетика, туризм және өзге де салалардағы бірлескен жобаларды іске асырудың алдағы жоспарларын талқылады. VII отырыс барысында Қазақстан-Қырғызстан үкіметаралық кеңесінің VI отырысының хаттамасын орындау қорытындылары шығарылып, сауда, көлік, инвестициялар, энергетика, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ туризм мен цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықтың алдағы кезеңдері қаралды. Бұдан өзге, Қазақстан мен Қырғызстан ынтымақтастығының 2018-2020 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы қаралды. Отырысты ашқан Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков арасындағы өзара сыйластық, достық қарым-қатынас екі ел арасындағы байланыстарды жаңа сапалы деңгейге көтеріп, ежелден «ауылы аралас, қойы қоралас» халықтарымыз арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға мүмкіндік бергенін атап өтті. Екі мемлекеттің сауда-экономикалық қатынастарында оң қарқын байқалады. 2017 жылы өзара сауда 13,4%-ға артты, ал 2018 жылғы бес айдың қорытындысы бойынша өсім 9,8% құрады. Индустрияландыру жылдары ҚР-да жаңа өндірістік қуаттылықтар пайда болды, сыртқы нарықтарға табыспен шығарылып жатқан өнімдерді өндіру алуандығы ұлғайды. Қазақстандық өндірушілердің металлургия өнімдерін, азық-түлік өнімдерін, дәрі-дәрмектерді, құрылыс материалдарын, сондай-ақ цифрландыру өнімдерін экспорттауға әлеуетті мүмкіндіктері бар. «Бүгінгі таңда Қазақстанда көтерме және бөлшек сауда, өңдеу өнеркәсібі, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет, құрылыс және қызмет көрсету салаларында жұмыс істейтін 824 бірлескен кәсіпорын бар. Бұдан өзге, экономиканың басым секторларына шетелдік инвесторларды тарту мақсатында «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы Deloitte компаниясымен бірлесіп, қырғыз тарапына қатысуға болатын «50 тауашалы жоба» дайындады. Әлбетте, өзара сауда айналымын $1 млрд дейін ұлғайту жөніндегі жоспарларды іс жүзіне асыруға болады», – деді Премьер-Министр. Отырыс барысында 2017 жылғы 2 желтоқсанда Астанада қол қойылған Екіжақты экономикалық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі жол картасының тармақтарын орындау жұмыстарының нәтижелері аталып өтті.  Жол картасының толықтай іске асырылуы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың басты басымдығы, бұл екі ел арасындағы өзара сауда-саттықты кеңейтуге жол ашады, ал жақында құрылған Қазақстан-Қырғызстан іскерлік кеңесі алға қойылған міндеттерді шешу жолында ұтымды құралдардың біріне айналуы тиіс. Осы жылдың соңына дейін Іскерлік кеңестің І отырысын өткізу, сондай-ақ, қазақстандық экспортшылардың Қырғызстанға сауда-экономикалық миссияын өткізу жоспарда бар. Тараптар әскери-техникалық ынтымақтастықты дамыту, трансшекаралық суды пайдалану саласындағы өзара іс-қимылды дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, отырыс барысында Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасында өзара іс-қимылды дамыту келешегі қаралды. 2017 жылғы 25 желтоқсанда қол қойылған Демаркация туралы келісімшарт пен Мемлекеттік шекаралар режимі туралы келісім ратификациялауға берілген. «Қырғыз тарапының ұсынысы бойынша «Сартөбе» (Тоқмақ) және «Ауқатты» (Кеңбұлын) өткізу пунктерінің мәртебесін өзгерту туралы хаттамаға екіжақтыдан көпжақты ретінде қол қоюға дайынбыз. Бұл олардың өткізу қабілетін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, аталған шешімді орындау осы өткізу пунктерінің және оларға апаратын кіру жолдарының инфрақұрылымын қосымша жаңғыртуды талап ететінін түсінеміз. Шекараның жоғары сапалы қызмет көрсетуін қамтамасыз ету – басым міндеттердің бірі», – деді ҚР Премьер-Министрі.

Өңірлік туристік бағыттарды дамыту өзара әрекеттестікте әлеуеті мол тағы бір бағыт болып табылады. Өзара тиімді ынтымақтастықтың көрнекті мысалы екі елдің аумағы арқылы өтетін Хан Тәңірі шыңына туристік бағыттардың ашылуы бола алады. Өз кезегінде Қырғызстан Премьер-Министрі М. Абылгазиев баяндамасында сауда, көлік, транзиттік және туристік салалардағы ынтымақтастық мәселелеріне тоқталды. ЕАЭО-тың бірыңғай цифрлық күн тәртібінің негізінде экономиканы цифрлық трансформациялау аясында өзара іс-қимыл әлеуетін атап өтті. Сонымен қатар М. Абылгазиев салықтық әкімшілендіруді, тауарлардың сәйкестігі мен оларды таңбалауды жетілдіру мәселелерін қозғады. Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қою рәсімі өтті. Екі елдің Премьер-Министрлері деңгейінде Қазақстан-Қырғыз үкіметаралық кеңесінің VII отырысының хаттамасына қол қойылды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы 2003 жылғы 25 желтоқсандағы мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы Келісімге және Қырғыз Республикасының Экономика министрлігі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға өзгерістер енгізу туралы Хаттама қабылданды. Қазақстан-Қырғызстан Үкіметаралық кеңесінің келесі VIII отырысы 2019 жылы Бішкек қаласында өтеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<