Өмір бір орнында тұрмайды. Ол өзгереді, жаңа бастамаларға жол ашады. Сол сияқты биыл Қазақстан өз тәуелсіздігінің жылнамасындағы айтулы күнді атап өтпекші. Тәуелсіздігіміздің символына айналған Қазақстан Конституциясына – 25 жыл.
Елдің көз алдында, 1991 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заң қабылданды. Одан кейін, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынып, оны Қазақстан халқы 1995 жылы 30 тамыздағы Республикалық референдумда бір ауыздан мақұлдады. Конституция Президент лауазымына үлкен міндеттер мен зор жауапкершілік жүктеді. Ата Заңда атап көрсетілгендей, Қазақстан Республикасының Президенті – халықтар бірлігі мен ынтымақтастығы, азаматтар және адамдар құқығы мен бостандықтарының нақты кепілі деп нақтыланды.
Ал, Ата Заңда еліміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп анық көрсетілген еді. Яғни, біздің елімізде қандайда бір қылмыс жасалса да барлығы Заң шеңберінде шешіліп, тіпті қылмыс жасағанның да құқықтары қорғалады.
1995 жылы Конституцияда адамның табиғи құқықтары мойындалып, оларды негізгі конституциялық құқықтар мен бостандықтарда бекітіп, Ата Заң оларды қорғау механизмін қамтамасыз етті. Республика Конституциясымен құқықтар мен бостандықтарды қорғайтын екі маңызды тәсілі бекітілді. Ол сот арқылы және әкімшілік жауапкершілік арқылы жүзеге асырылады.
Сондықтан елімізде адамның бостандығы олардың жасаған әрекеттері тек заңға қайшы келгенде ғана, Қазақстан заңнамасына сәйкес, сот арқылы шектеу қойылмақ. Өйткені, біздің Заңның ең бірінші міндеті адам өмірін сақтау және оның құқығы мен бостандығына нұқсан келтірмеу. Қазақстан Республикасының азаматы болсын немесе басқа елден келген қонақ болсын мейлі, біздің еліміз адамға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін әрқашан қызмет атқарады.
Көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 Конституцияның бірі болып саналады екен. Бұның өзі Ата Заңымыздың үлкен әлеуетін білдірсе керек.
Айта кетейік, тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған да, елдің көптеген пікірі ескерілген Негізгі Заң да осы – 25 жыл бұрын қабылданған Конституция. Қазір келтіріліп жүрген ресми мәліметтерге қарасақ, құжатты талқылауға 3 млн 345 мың адам қатысыпты. Жұртшылық тарапынан сарапталған 31 мың 886 ұсыныс түссе, соның бір мың бір жүзі Конституция жобасына енгізілген. Бұл жөнінде Елбасы «Қазақстандық жол» атты кітабында: «1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда Конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да, кімде-кім еліміздің Негізгі Заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек», – деген болатын.
Шынымен де бүгінгі Ата Заңымыздың басты ерекшелігі қандай? Қоғам қайраткерлерінің сөзіне сүйенсек, мұны Елбасы ұсынысымен енгізілген төрт ұстанымға, біріншіден – қоғамдық келісім және саяси тұрақтылық, екіншіден – экономикалық даму, үшіншіден – қазақстандық патриотизм, төртіншіден – маңызды мәселелерге референдум жасау және Парламентте дауыс беру арқылы шешу принциптерімен негіздейді. Ата Заңымыздың бірінші бабына енгізілген осы төрт мәселе арқылы Қазақстанның жан-жақты дамуына жол ашылған.
Қалай десек те, Ата Заңымыз егемен еліміздің дамуына даңғыл жол салып, елдің бетке алған бағдарының тұтастай бөлігін қамтып, демократиялық жолмен даму бағытын айқындап, нәтижесінде бүгінгі жеткен жетістіктеріміздің баршасы Ата Заңымыздың тиімділігінің арқасы екеніне көз жетіп отыр. Оның ішінде құқықтық мемлекет қалыптастыру қағидалары қоғамда және азаматтардың санасында түпкілікті бекітіліп, өз жемісін беруде.
Ал ондай дағдарыстар туындауының бір негізі конституциялық қайшылықтардан, даму бағытын айқындаудың олқылығынан туындап жатқаны да белгілі болуда. Керісінше, қазақ даласында орта қол шаруасын айналдырған халықтың ақжарқын жүзі мен ертеңге деген сенімін байқаймыз. Осының бәрі – қолданыстағы Ата Заңды алтын арқау ете отырып, оның ережелерінен еш ауытқымай, елге, халыққа қызмет етіп отырған Тұңғыш Президент- Елбасының дәйекті саясатының жемісі.
Бұл орайда Елбасы «Конституцияны қатаң ұстану – бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру – бұл демократияның ең жоғары мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау. Өзіміздің елімізді, өзіміздің тарихымызды, өзіміздің жетістіктерімізді қалай құрметтесек, оны да солай аялауымыз керек» деп атап көрсеткен болатын.
Бұл Мәңгілік Елдің тұғыры бекем, шаңырағы берік болуының кепілі болып табылады.
Сәкен СЕРІКБАЕВ,
тарих ғылымдарының кандидаты,
«Өрлеу» ұлттық орталығы
Қызылорда филиалы директорының орынбасары
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<