Бұл біз таңдайтын жол емес

2419

0

Көрші ағайын Қыр­ғыз Республикасының тарихына «Қазан төңкерісі» атымен енген күрделі саяси дағдарыстың басылғанына бір ай болға­нымен, ғаламтор беттерінде әртүрлі жаңалықтар, хабарламалар, қызу пікір-та­ластар әлі жарияланып жатыр. Мысалы, бұрынғы ел президенті мен оның жақ­тас­тарының түзету колониясында аш­тық жариялауы, Ыстықкөл облысында әлде­кімдердің қару-жарақ пен жарылғыш заттар қоймасының табылуы, елде діни-экстремистік «Хизбут-Тахрир» пар­тиясының өкілінің ұсталуы, жақын, алыс шетелдерге қашып кеткен елдің олигархтары мен жоғары лауазымдағы адамдары мен олар­дың байлықтары, ел президенті міндетін атқарушы С.Жапаровтың елге шетел инвес­тициясын тартуы жолдарын жариялауы және т.б.

Мені мазалағаны – қырғыз ағайын­ның бүлігі емес, қазақ ағайынның, әсі­ресе жастар жағының Бішкек пен басқа қалаларда орын алған «Қазан төңкерісіне» көңілдері толып, конститу­циялық төңкеріске апаратын елді ой­раңдап, берекетін, тыныштығын бұза­тын бұзақылық әрекеттерін ақтап, олардан үлгі алмақшы болып талпынуы. Жастар бұл әрекеттерді демократиямен тікелей байланыстыруда. Тіпті соңғы кезде әлеуметтік желілерде арам ниетті біреулердің  қасақана «Қырғыз сценарийінің» алдағы уақытта біздің елімізде қайталануы туралы сандырақтары да пайда бола  бас­тады. Қырғыз еліндегі орын алған заң­сыз­дықтарды қазақстандықтар қалай қабылдады? Көршілерде орын алған саяси бас­сыздық туралы қазақстан­дық­тардың не ойлайтынын білгіңіз келсе, ФБ парақшаларын оқыңыз. Қа­зақстан­дықтардың көпшілігінің, әсіресе жастар жағының жазбаларына қана­ғат­­танбадым. Осыдан кейін кейбір отан­дастар туралы ойым, пікірім өзгер­ді, көңіл-күйім құлазыды. Азамат­тардың көпшілігі қыр­ғыздағы орын алған кө­теріліс, шеру, заң­сыздық, тағы­лық әре­кеттерге қолдау білдіріп, Қыр­ғызстанға қарағанда біздің еліміздің саяси күш­тері мен демократиялық дамуы­ның кешеуілдеуі туралы өз ойларын ашық білдіруде. Осыған байланысты өз ойымды айтуды жөн көрдім.

Сонымен Қырғыз Республикасында не болды? Көршіміз неге тағы бүлінді? Иә, Қырғыз Республикасында кезекті сая­си дағдарыс конституциялық төңкеріс орын алды. 15 қазандағы кезекті Жогорку Кенеш Парламент сайлауының нәтижесімен 4 саяси партия  өкілдері (оның үшеуі билік партиялары) Парламентте орынға ие болды. Жалпы Парламенттегі 120 депутаттық орынға 16 саяси партия таласқан (Қырғыз Рес­пубикасы Әділет министрлігінде 223 сая­си партия тіркелген). Сайлаудан кейін 12 оппозициялық партияның сайлаушылары дауыстардың мемлекеттік ресурстар көмегімен сатып алынған деп, Парламент сайлауы заңдылығын мойындаудан бас тартты. Депутаттардан қайран жоқ және елде жақсы өзгерістер болмайды деп санаған оппозициялық партия жақтастары күш қолдану арқылы елде тәртіп орнатпақ болды. Осындайда АҚШ-тың 35-президенті Д.Кеннедидің «Келіссөздер тік жар шетінде жүргі­зілгеннен гөрі жоғары деңгейде жүргі­зілгені жақсы»   деген сөздері еріксіз еске түседі.

5 қазанда сайлау қорытындысын хабарлап үлгірместен оппозициялық партияларының 1000-дай жақтасы Біш­кектегі парламент үйі мен мемлекеттік телеарна ғимаратына басып кіріп, астан-кестеңін шығарды. Кешке олардың саны 2000-ға жетіп, Үкімет үйіне шабуыл жасаған. Алайда, полицияның арнайы жасағымен қуып тарқатылғанмен, кешке Президент пен премьер-министр резиденциясына шабуыл жасап, қақпаларын қиратып, терезелеріне тас лақ­тырып, 2 полицей, 1 өрт сөндіру автокөлігін өртеген. Көтерілісшілерге көзден жас аққызатын газ, резеңке таяқ қолданылған.

Ертеңіне 6 қазанда наразылыққа қатысу­шылар Үкімет үйіне, одан кейін Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің абақтысына басып кіріп, елдің бұрынғы  Президенті А.Атам­баев­ты, оппозиция басшыларының бірі С.Жа­паровты босатты. Кейінірек наразылық біл­дірушілер қысымымен Орталық сайлау комиссиясы Парламент сайлауының нәти­жесін заңсыз деп тауып, артынша Сайлау ко­миссиясының таратылатынын хабарлады. Пре­мьер-министр К.Боронов өзін отстав­каға жіберуін сұрады. Парламент төрағасы Д.Джумабеков, Бішкек пен бірнеше қалала­рының әкімдері отставкаға кетті. 6 партиядан тұратын оппозиция күштері елде тәртіп орнатпақшы болып «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес демократтық күштері Альянсы» мен Үйлестіру Кеңе­сін құрды. Бішкек пен басқа қалаларда халық сақшылары  құрылды. Бүлікшілер жолда кездескен сауда үйлері мен кафелерді тонап, мүліктерін жойып пре­зидент резиденциясына барып, С.Жээн­бе­ковтың отставкаға кетуін талап етті.

7 қазанда абақтыдан босатылған С.Жапаров өзін республиканың бірден-бір легитимдік заңды премьер-министрі деп жариялады. Бұған  қарсылық білдірген «Ата-Мекен» партиясының өкілі Т.Тоқтағазиев Үкімет Үйі алдында болған шерулер барысында өзінің оппозициялық партиялар Үйлестіру кеңесінің мәжілісінде бекітілген Қыр­ғызстанның бірден-бір жалғыз лиги­тимдік Үкімет басшысы екенін жариялады. Себебі,  С.Жапаровтың бірнеше жүз партиялық әріптестерінің Парламент мәжілісінің өткізілуі барысында депутаттарға қысым жасап, премьер таңдау барысында парламенттік кворум болмағандығын және премьер таңдау рәсімі бұзылғандығын хабарлап, наразылығын білдірді. Елдің бірнеше облысында халық прокурорларға шабуыл жасап, олардың  қызметтерінен кетуіне мәжбүр қылды. Сол түні халық шеруінен кейін түнімен қаланы тазартуды, тәртіпке келтіруді ұйымдастырумен айналысқан Бішкек әкімі таңертең үйіне барып киім ауыстырып қайтып келгенінде қызметтік кабинетінің есі­гіне «бөтен адамдарға кіруге тыйым салынғандығы» туралы белгі ілініп қо­йып, лауазымын басқа кісінің  иелен­генін көрген. Артынша оның орнын басқа үшінші адам тартып алып,  заңды мэр тек бірнеше күннен кейін ғана өзін-өзі тағайындаған екі адамнан  кейін өзінің орнына қайтып барған.

8 қазанда депутаттар тобы Президентке импичмент жариялау туралы бастама көтерді. Ішкі істер министрлігі Президенттің із-түссіз жоғалғандығы туралы хабарлама таратты, ал Президент баспасөз хатшысы оның Бішкекте саяси күштермен келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Шекара қызметі  елдің жоғарғы шенділерін елден сыртқа шығармау туралы бұйрық алды. Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы К.Асанов елдің бұрынғы ішкі істер министрін қорқақ деп, оның наразылық басталғаннан кейін елден  қашып кеткені туралы хабарлады.

9 қазанда Президент төтенше жағ­дай енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Нара­зылық, Бішкекте атыстар жал­ғас­ты. Белгісіз кісілер экс-президент А.Атам­баев пен бұрынғы премьер-министр С.Исаковтың автокөліктеріне оқ атқан. Ала-Тоо алаңында болған қақтығыстар барысында елдің бірінші вице-пре­мьері, оппозиционер Т.Тоқтогазиев дене жара­қатын алды. Президент премьер-министр К.Боронов отставкаға жіберу, Үкімет құрамын тарату туралы Жар­лыққа қол қойды, өзінің отставкаға жаңа Үкімет құрылғаннан және елдегі жағдай тұрақталғаннан кейін кететінін жариялады. Бішкекке әскери техника енгізіліп, 5 қазаннан бері көшелерде көрінбеген милиция кезекшілікке шықты.

10 қазанда  Парламент  үкіметтің  жаңа құрамын және С.Жапаровты премьер-министр қылып бекітті. Жаңа премьер 2-3 күн ішінде С.Жээнбековтың  отставкаға кететінін мәлім етті. Пре­зидент отставкаға кетсе оның  мін­детін уақытша Парламент спикері  М.Аб­дылдаев атқаруы тиіс, ал ол өз кезегінде отставкаға кетуіне байланысты бүкіл билік абақтыдан босатылып алынған С.Жапаровқа тиесілі болды. Бұрынғы президент А.Атамбаевтың босатыл­уы заңсыз деп танылып, оған жаппай тәр­тіпсіздік ұйымдастырды деген айып тағылып, қайта қамалды. Сол күні дәл сол айыппен Бішкектің коменданты, ішкі істер министрі міндетін атқарушы К.Асанов  қамалды. 

11 қазанда Бішкекте  халық толқу­лары тоқтағанмен, саяси дағдарыс жал­ғасты. Президент С.Жээнбеков С.Жапа­­ровты премьер-министр лауазымына та­ға­­йындау  туралы Жарлыққа қол қой­маса да, соңғы ішкі істер министрі ла­уа­зымына полковник У.Ниязбековты тағайын­дады. Бұл жиһаз-мүліктері қира­ған қызмет бөлмесінде бата беру арқы­лы министр орындығына отырғызу көрінісі кезінде  әлеуметтік желілерде кең тарады.

13 қазанда Президент Үкіметтің  жа­ңа құрамы мен С.Жапаровты премьер-министр қылып бекіту туралы Пар­­ламенттің шешімін заңсыз деп тап­қаны­мен, ертеңіне 14 қазанда шешіммен ке­лісіп қол қойды.

14 қазанда Үкімет үйі алаңында ел Президентін отставкаға кетуін талап еткен жақтастарымен кездескен премьер-министр С.Жапаров  Президенттің отставкаға бір күннен кейін кететіні туралы келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлады. Бұған жауап ретінде Президент баспасөз хатшысы оның отставкаға Парламент сайлауынан кейін кететінін мәлімдеді.

15 қазанда Президент С.Жээнбеков отставкаға кететінін жариялап, С.Жа­паров пен басқа саясаткерлерге  жақтас­тарын  астанадан алып кетіп, елді бейбіт өмірге көшіруге шақырды. Прези­денттің отставкаға кету мәселесі 16 қазанда қаралатын болып шешілді. Біш­кек көшелерінде наразылық акция­сы жалғасып, халық Президенттің отс­тавкасын тойлап, енді Парламенттің  отставкаға кетуін талап ете бастады.

16 қазанда Парламент Президент С.Жээнбековтың отставкасына келісім беріп, С.Жапаровты Президент міндетін атқарушы қылып тағайындады.

Хұсайын Қоразбаев,

Қазақстан Журналистер және Заңгерлер одағының  мүшесі,

облыстық полиция департаментінің бөлім басшысы,

полиция полковнигі. 

(Жалғасы бар)

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<