Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы барлық саладағы ынтымақтастық көңілден шығады», – деді. Алыс-беріс баяу емес. Өткен жылы Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы тауар айналымы 486,9 млн долларға жеткен. Қазір Қазақстанда Әмірліктер капиталының қатысуымен 240 бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Өз кезегінде Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян шақыруын қабыл алған Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, конфессияаралық келісім орнату ісіндегі Қазақстанның рөліне ерекше тоқталды. «Біз Қазақстанды үлгі тұтып, 2019 жылды толеранттылық жылы деп жарияладық», – деді Абу-Дабидің тақ мұрагері. Қазақстанның бітімгерлік қасиеті туралы бұл күні әлемдегі алты алып мешіттің бірі шейх Заид мешітінде де айтылды. Абу-Даби қаласындағы ең көрікті жерлердің бірін аралап көрген Елбасы осы елдің негізін қалаушы әрі тұңғыш Президенті шейх Заид бен Сұлтан Әл Наһаянның рухына тағзым етті. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев мешіт ғимаратының архитектуралық ерекшелігімен танысып, Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
Дереккөз: 24.kz





