Ортақ мақсат жолында

512

0

Ортақ мақсат жолында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Бейжіңде өткен «Бір жол, бір белдеу» екінші халықаралық ынтымақтастық форумының ашылу рәсіміне қатысты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге қонақ­жайлық танытып, форумға ша­қырғаны үшін ризашылық білдірді.

– Қытай халқында «Бай болғың келсе, жол сал» деген тәмсіл бар. Бұл дана сөз бірлесе жаңғыртып жатқан Ұлы Жібек жолының тарихына да тікелей қатысты. Екі мың жыл бұрын адамдардың батылдығы мен іскерлігінің арқасында Еуразия жолдардың бір желісіне біріккен еді. Мұны адамзат тарихындағы жаһанданудың алғашқы қа­дам­дары деуге болады, – деді Қа­зақстанның Тұңғыш Пре­зиденті.

Нұрсұлтан Назарбаев соңғы отыз жыл ішінде Еуразиядағы Жібек жолын жаңғыртудың көп­теген тұжырымдары болғанын және олардың жүзеге аспағанын атап өтті.

Тек 2013 жылы Қытай Қазақ­станға ұсынған Жібек жолы моделі қазіргі заманғы геосаяси жағдайларда өміршең ғана емес, табысты жобаға айналды.

Елбасы «Белдеу және жол» бастамасына Қазақстанның әуел бастан қолдау білдіргенін атап өтіп, бірінші форумның қоры­тындылары бойынша қол жет­кізілген жетістіктерге тоқталды.       

– Әлем жұртшылығы қарама-қайшы геосаяси тұжырымдардан шаршағаны анық. Барған са­йын геоэкономика мен бір­лесе дамудың маңызы артып келеді. «Бір белдеу, бір жол» – экономикалық ынтымақтастық үшін ашылатын жаңа мүм­кін­діктерден де ауқымды әрі маңызды жоба. Бұл – әлемдегі 120-дан астам мемлекеттің қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, кеңінен сауда-саттық жасауға және өсіп-өркендеуге деген тарихи сұранысынан туындаған бастама, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Елбасы саяси қарама-қайшылыққа, санкциялар мен сауда теке-тіресіне қарамастан, осы бастама аясындағы сауда көлемі артып, бүгінде 5 триллион доллар құрап отырғанын атап өтіп, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы жаһанданудың жаңа үлгісін ұсынғанын айтты.

– Тарихи кезең әлемдік ықпалдастық орталығын қайта­дан Шығысқа қайтаруда. Біз бүгін Азияның шын мәнінде ХХІ ғасыр өңіріне айналғанын көріп отырмыз. Әлемдік Ішкі жалпы өнімнің 28 пайызы осында шоғырланған және бұл көрсеткіш арта береді. Қазірдің өзінде шығыстандыру үрдісі ықпалдасудың жаңа бағыттарын ұсынуда, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­­денті инфрақұрылымды да­мы­ту және көлік-транзит әлеуе­тін арттыру жұмыс­тарының нә­ти­желеріне де арнайы тоқ­талды.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның бел­сене араласуымен жүзеге асы­ры­­лып жатқан логистикалық жо­балар туралы әңгімеледі.

– 2016 жылдан бастап «Нұрлы жол» бағдарламасын Жібек жолының Экономикалық белдеуімен ұштастыру жоспары табысты іске асырылуда. Еуропа мен Қытайды Ресей мен Қазақстан арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» құрлық­аралық жоғары деңгейлі автомагистраль байланыстырды. Біздің еліміз Қытайдың Лянь­юньгань портында логистикалық терминал салды. «Қазақстан – Түркіменстан – Иран – Парсы шы­ғанағы» бағытындағы темір­жол іске қосылды. Қытайдан Оң­түстік Кавказға, Түркияға және одан әрі Еуропаға Қазақстанның Ақтау және Құрық порттары арқылы жөнелтілетін жүктердің көлемі артып келеді, – деді Қа­зақстанның Тұңғыш Президенті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» арқылы тағдыры ортақ адамзат қоғамдастығын бірлесе құруға шақырып отырғанын атап өтті.   

Қытай Халық Республи­ка­сына сапары аясында Қазақ­станның Тұңғыш Президенті «Синьхуа» ақпарат агенттігі, «CCTV» телеарнасы, «Жэньмин Жибао» газеті, Қытайдың орталық радиосы, «China News Service» ақпарат агенттігі, «Хуанцю шибао» басылымы сияқты Қытайдың ресми БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.  

Елбасы «Бір белдеу, бір жол» бастамасын одан әрі жүзеге асыру перспективаларына қатыс­ты сұрақтарға жауап беріп, «Нұрлы жер» және «Жібек жолының Экономикалық бел­деуі» бағдарламаларын ұш­тас­тыру нәтижелері туралы әңгімеледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<