Қоғам мен мемлекет диалогы

2160

0

Халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуы қашанда маңызды. Облыста үкіметтік емес ұйымдар саны жылдан жылға көбейіп, азаматтық белсенділік деңгейі артып келеді. «Қоғам және мемлекет: серіктестік пен дамудың 30 жылы «Birgemiz» атты ІХ облыстық Азаматтық форумның алғашқы күнінде саладағы маңызды қадамдар мен жетістіктер талқыланды. Ауқымды шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет қатысты.

Форумда өңірлік сарап­тамалық диалог алаңдары ұйымдастырылып, өзекті проблемаларды шешуге азаматтық сектордың ықпал етуі, ҮЕҰ-дың бәсекеге қабілеттілігін дамыту мәселелері айтылды.

Өткен жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы аймақта 165 әлеуметтік жоба жүзеге асырылса, биыл 154 әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Жуырда облыстық ішкі саясат басқармасы әлеуметтік жобалар жәрмеңкесін ұйым­дастырды. Аталған шараның ауқымы кең, маңызы жоғары.

– Әлеуметтік жобалар жәр­мең­кесі өңірдегі ҮЕҰ ара­сын­дағы бәсекелестікті  арттырып, ал­дағы жылы жүзеге асырылатын әлеуметтік жобалардың тақы­рыптарын қалыптастыру мақса­тында ұйымдастырылды. Осы жәр­мең­кеде Сыр өңіріндегі азаматтық қоғамның потенциалын көрдік. Мұндай шаралардың өңірдегі аза­маттық қоғам өкіл­дерінің белсенділігін арттырып, қоғамдық институттарды дамытуда маңызы өте зор. Сондықтан бұл бағыттағы шаралар алдағы уақытта да ассоциациямен бірлесіп тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады.

Облыстағы  ҮЕҰ саны жыл­дан жылға көбейіп келе­ді. Бұл да қоғамдағы аза­мат­тық жауапкершілік пен белсен­діліктің артқанын көр­­се­теді. Осыдан он жыл бұрын облыстағы қоғамдық ұйымдардың саны 150 ғана болды. Бүгінде олардың қатары 1000-ға жуықтады. Нақты айтсақ, 996. Біздің облыстың ерекшелігі ауылдық жерлердегі ҮЕҰ-ның үлесі қаладағыдан жоғары, – деді С.Ахмет.

Облыс әкімінің орынбасары күрделі кезеңде елге көмек көр­сеткен азаматтық қоғам өкілдерінің жұмысына ерекше тоқталды. Айта кету керек, пандемия кезінде тұр­мысы төмен 3800 отбасыға азық-түлік  өнімдерін үлестіріп, 30 млн теңгеге облыс ауруханаларына 200 дана оттегі концентраторын алып берген «Ел Арай» қоғам­дық қоры облыстық «Жомарт жүрек» сыйлығының иегері атанып, «Жыл­дың үздік ұйымы» номинациясымен марапатталды. Мұнан бөлек, сындарлы шақта халыққа жан-жақты қолдау көрсеткен «Қамқорлық» дағдарыс орталығы, «Ұмай» қайы­рымдылық үйі, «Шапағат» қоғамдық қорының да көмегі ел есінде.

Форумда облыс әкімінің орынбасары алдағы уақытта бұл саланың алдында ауқымды мақсат барын, тың жобалар мен мақсатты бастамалар облыс экономикасын қалпына келтіруге бағытталатынын атап өтті.

Шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрбол Серікбеков онлайн қатысып, биыл азаматтық сектор саласында біршама жетістіктер барын атап өтті.

– Осы саладағы бас­ты стратегиялық құжат – елдегі үкіметтік емес секторды дамы­тудың жаңа векторын қамтитын 2020-2030 жылдарға арналған азаматтық қоғамды дамыту концепциясы қабылданды. Қазіргі уақытта концепцияны жүзеге асыру үшін іс-шаралар жоспары әзірленуде, – деді Н.Серікбеков.

Сондай-ақ,  ҚР Президенті жанынан құрылған Ұлттық қоғам­дық сенім кеңесі шын мә­нінде жоғары деңгейдегі диалог алаңына айналғанын жеткізді.

Нұрбол Серікбекұлы ҮЕҰ-лар мемлекеттік тапсырыс арқылы қаржылай қол­дауға ие болатынын, мемле­кеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберіндегі жобалар биыл 4,4 процентке артқанын атап өтті. ҮЕҰ-лар сапалық әрі сандық жағынан да өсіп келеді. Қазір елімізде 22 мыңнан астам ҮЕҰ тіркелсе, оның 16 мыңы белсенді ұйымдар қатарына кіреді.

Форумға ҚР Азаматтық Альян­сының президенті Бану Нұрғазиева онлайн қатысып, Сыр еліне сапар барысы туралы сөз қозғап, ҮЕҰ өкілдерімен кездесіп, маңызды жұмыстармен танысқанын атап өтті.

Биыл облыста ҮЕҰ жұмысы сер­пінді дамуда. «Қызылорда облы­сы­ның Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» ЗТБ-ның төр­айымы Анар Ізденнің айтуынша, әр ауданда альянстың өкілдіктері ашыл­ған. Өкілдіктер бүгінде жергілікті мем­лекеттік органдармен тығыз жұмыс істеуде. Олардың басты миссиясы – қо­ғамдық бақылау механизмдерін орнату.

Шарада Қорқыт ата атындағы Қызылорда универ­ситетінің ректоры, филология ғылымдарының кан­дидаты Бейбіткүл Кәрімова, облыстық мәслихат депутаты Ибадулла Құттықожаев, қалалық мә­дениет және тілдерді дамыту бөлі­мінің басшысы, айтыскер ақын Мұхтар Ниязов облыстағы ҮЕҰ жұмысы, маңызы туралы сөз қозғады.

Форумның алғашқы күні мұнан бөлек, «Азаматтық бақылау: мәселелер мен бола­шағы», «ҮЕҰ бәсекеге қабі­лет­тілігін дамыту. Қоғам мен мемлекет диалогы» тақырыбында сессиялар өтті.

Айта кету керек, бес күнге жос­пар­ланған форум Азаматтық қоғам апталығы форматында өткізілуде.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<