Ұлттық құрылтай – елдің қоғамдық-саяси дамуына серпін беретін, халықтың көкейіндегі мәселелер ашық талқыланатын маңызды диалог алаңы. Алдыңғы жылдары өткен құрылтай отырыстарында мемлекет дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын өзекті мәселелер көтеріліп, нақты шешімдер қабылданды. Бұл бастамалар бүгінгі таңда жүйелі реформалармен сабақтасып, санаулы күнде Қызылордада өтетін Ұлттық құрылтайдың күн тәртібін айқындауға негіз болады деп сенемін.
Ұлытауда өткен алғашқы құрылтайда «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы негізгі өзекке айналды. Саяси жүйені жаңғырту, суперпрезиденттік басқару моделінен бас тарту, Парламент пен мәслихаттардың рөлін күшейту, азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуын арттыру мәселелері көтерілді. Сонымен бірге ұлттық тарихты жаңаша зерделеу, киелі орындардың мәртебесін көтеру, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жөнінде ұсыныстар айтылды.
Түркістанда өткен жиында әлеуметтік әділдік пен өңірлік даму басты назарға алынды. Білім беру мен денсаулық сақтау сапасын арттыру, ауылды қолдау, жастардың жұмыспен қамтылуы, тұрғын үйге қолжетімділік, әлеуметтік әлсіз топтарды қорғау мәселелері кеңінен талқыланды. Мемлекеттік тілдің мәртебесін күшейту, рухани құндылықтарды сақтау, ұлттық тәрбие мәселелері де құрылтай күн тәртібінен түскен жоқ.
Алдыңғы жылы Атырау қаласындағы басқосуда Мемлекет басшысы қоғамның кеселіне айналған есірткі саудасы және нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және агрессиямен, вандализммен, ысырапшылдықпен бүкіл ел болып күресіп, тосқауыл қоюға шақырды. Сонымен қатар Президент ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға жеке-жеке тоқталды. Олар – тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық. Мемлекет басшысы еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керегін айтты. Президент ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды.
Бурабайдағы құрылтайда елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуына қатысты бірқатар маңызды бастамалар көтерілді. Сол жиында келесі Ұлттық құрылтайды Сыр өңірінде өткізу туралы ұсыныстың қолдау табуы – Қызылорданың тарихи, стратегиялық және қоғамдық маңызын ескерген салмақты шешім болды деуге болады.
Қызылорда – қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу жолында айрықша орны бар өңір. Ел астанасы болған бұл аймақ – Алаш қайраткерлерінің ізі қалған, ұлттық рух пен тарихи жады терең сақталған өлке. Сондықтан Ұлттық құрылтайдың бесінші басқосуы біздің өңірде өтуі ұлттық бірегейлікті нығайту, тарихи сабақтастықты жаңғырту тұрғысынан маңызды.
Бұл шешімнің оң қабылдануының тағы бір себебі – Ұлттық құрылтайдың аймақтық ерекшеліктерді ескере отырып өткізілу дәстүрінің жалғасуы. Бұған дейін Ұлытау, Түркістан, Атырау, Көкшетау секілді тарихи мәні бар қалаларда өткен Құрылтайлар әр өңірдің өзекті мәселесін елдік деңгейде көтеруге жол ашты. Келесі отырысты Қызылордада өткізу туралы қабылданған шешім – елдің тарихи жадына құрмет, өңірлік дамуға көңіл бөлу және ең өзекті мәселелерді ашық талқылауға бағытталған оң қадам.
Сондықтан бұл құрылтайда бұрын көтерілген бастамаларды нақты іске асыру, өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып жүйелі шешімдер қабылдау маңызды. Ұлттық құрылтайдың Сыр жерінде өтуі – үлкен абырой. Бұл жиын қоғам мен билік арасындағы сенімді арттырып, өңірлік дамуға жаңа серпін береді деп ойлаймын.
Сондай-ақ барлық құрылтай отырыстарында қоғамдық әдеп, ақпараттық қауіпсіздік, жастар тәрбиесі, отбасы құндылықтары, әйелдердің қоғамдағы рөлі секілді мәселелер тұрақты түрде көтеріліп келеді. Бұл – тек саяси емес, рухани-әлеуметтік маңызы бар институтқа айналғанын көрсетеді.
Сонымен қатар, Қызылорда өңірі – бүгінгі таңда экологиялық, әлеуметтік және экономикалық мәселелер тоғысқан аймақ. Арал теңізінің тағдыры, су тапшылығы, климаттың өзгеруі, ауыл шаруашылығын жаңа жағдайға бейімдеу мәселелері тек бір өңірдің ғана емес, бүкіл елдің ортақ проблемасына айналып отыр. Бурабайда қабылданған маңызды шешім осы түйткілдерді Ұлттық құрылтай деңгейінде жан-жақты талқылауға мүмкіндік береді деген сенімдемін.
Имамзада ШАҒЫРТАЕВ,
«Қазақстанның Еңбек Ері»
Ұлттық құрылтай мүшесі





