Ұлағат пен ұстаным саяси реформалармен ұштастырылған

3654

0

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жазылған мақаласы осы жылдар аралығындағы мемлекетіміздің жетістіктерін көрсетеді. «Бағдар мен белес», «Таным мен тағылым», «Қоғам мен құндылық» және «Ұлағат пен ұстаным» бөлімдерінен тұратын мақала айтылған көзқарастардың кілт сөзі десек те болады.


Мемлекет басшысы отыз жылды шартты түрде үш онжылдық белеске бөледі. Алғашқы онжылдық белесті еліміздің іргетасын қалау кезеңі деп атап өтіп, жүзеге асырылған шараларға мән береді. Екінші онжылдыққа Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі деп баға беріп, экономикалық әлеуетіміздің арта түскенін, тарихымызға мән бергендігімізді баяндайды. Халықаралық деңгейде атқарылған жұмыстарға тоқталады. Үшінші онжылдықта еліміздің шаңырағы биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналғандығымыз сөз болды. «Қазақстан – 2050» стратегиясы негізіндегі ең басты меже отыз елдің қатарына қосылу туралы айтылды. Алдағы төртінші онжылдықтың жүктейтін міндет те белгілі болды: қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Қуатты ел болуымыз үшін экономикамыз және қауіпсіздігіміз мықты болуы керек екендігі анық.

Әсіресе, еліміздегі тұрақтылыққа нұқсан келтіргісі келетін топтардан абай болуымыз қажет. Кемел халық болу үшін мына мәселелерге мән бергеніміз дұрыс сияқты: өзіндік сана-сезім; өзін-өзі бақылау; өзін-өзі қабылдай білу; есеп беруге міндеттілік; бой ұсынушылық; ризашылық білдіру; рақымдылық; өзгелерге бағдарлану; сананың ашықтығы; таңдану сезімі; реализмге сүйенген оптимизм; икемділік; тұрақтылық; сабырлылық; адалдық және т.б. Сондықтан еліміздің ішкі және сыртқы істердегі бағдарлары мемлекеттің жалпы бағытымен ұштасуы керек.


Таным қоршаған орта туралы құбылыстар мен заңдылықтарды білім мен ілім арқылы алынатын үрдістердің жиынтығы болып табылады. Гносеологияның негізгі зерттеу нысаны таным болып табылғандықтан ғылымның бұл саласы оның мәнін, түрлері мен қағидаларын, теориясын дәйектейді және ақиқатпен ара-қатынасын іздейді. Жалпы танымды философия ерекше нысан ретінде талдайды, дегенмен ұғымды тек философия қарастырады деу де қате пікір деп ойлаймыз. Мәселен, танымның кейбір қырлары ғылыми әдістемелерде, когнитивтік психологияда, ғылым тарихында зерттеледі. Тағылым өз мінез-құлқында барлық топ мүшелері ұстанатын ережелер, көзқарастар, үлгілердің жиынтығын құрайды.

Біздің түсінігімізше, тағылым ұрпақтан ұрпаққа беріледі және қоғамдық қатынастарды жүйелендіріп отырады. Таным мен тағылымызды дамыту бойынша «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы басталған шаралар кешені «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобалары арқылы жалғасып жатыр. Бірнеше тарихи фильмдер түсіріліп, тек отандық көрермендерге ғана емес, шетелдіктерге де көрсетілді. Бұл тұста тарихи жадыны қалыптастыратын факторларға мән берген жөн деп ойлаймыз.

Аталмыш бағытта мынадай жұмыстар атқарылғанын дұрыс көреміз: білім беру мазмұны, білім беру стандарттары, білім беру бағдарламалары, оқулықтар мен оқу құралдары, оқу жұмыс бағдарламалары және т.б. заманға сай лайықтандыруды жалғастыру; білім беру мекемелерінің заман талабына сай ақпараттық ортасын құру; оқытушылар мен мұғалімдердің кәсіби құзіреттілік біліктіліктерін арттыруды жалғастыру; ұлттық бірегейлікті сақтау бойынша ғылыми бағыттағы жұмыстарды жалғастыру; ел тұрғындары арасында тарихи жадыны қалыптастыру бойынша жұмыстарды жаңа форматта жүргізу; бұқаралық ақпарат құралдары тарихи жадыны қалыптастыру процесіндегі әлеуметтік маңызды жауапкершілігін ұстана отырып ақпараттарды ұсыну; жаңа қазақстандық патриотизм қағидалары бойынша даму даңғылын жалғастыру.


Мақалада қоғам мен құндылықтың байланысы айқындалады. Жалпы қоғам адамдардың өзара қарым-қатынастары, өзара әрекет ету және бірігу түрлерінің ерекшеліктерін білдіретін адамзат қауымдастығы болып саналады. Қоғам әлеуметтік қатынастар негізінде субъектілер қатынастарының моделі ретінде сипатталады. Әлеуметтік ғылымдарда қоғам стратификациялау тұрғысында қарастырылатынын да айтуымыз қажет. Жалпы қоғамды ұлттық, мемлекеттік, мәдени, аймақтық, өндірістік тәсіл бойынша айқындауға болады. Мемлекет басшысы мақалада Қазақстан – біртұтас мемлекет екендігін айтып, ұлтымызға, мемлекеттік тілімізге ерекше мән береді.


Құндылық әмбебап түсінік болып табылатындығы белгілі. Мұнда экзистенциялық және сапалық сипаттарды білдіретін заттай құндылықтар мен қоғамдық сананың қағидаларын түсіндіретін субъектілік құндылықтар бар. Құндылық ғылымда, қоғамда бірнеше мағыналарда айтылады. Құндылық кез келген дүниенің немесе құбылыстың маңыздылығын көрсетеді. Материалдық құндылықтар, рухани құндылықтар ұғымдарын жиі кездестіреміз. Философияда түсінік белгілі бір нысан мен құбылыстардың жеке, әлеуметтік-мәдени ерекшеліктерін көрсетеді. Экономикада тұтынушы үшін бір заттың пайдалылығы, маңыздылығы ретінде айтылады. Сондықтан құндылықтар жүйесі түсінігіне ерекше мән берген жөн деп санаймыз.
Халқымыз үшін ұлағат пен ұстаным да маңызды. Мақалада бұл түсініктер елімізде орын алып жатқан саяси реформалармен ұштастырылады. Саяси жаңғыруға қатысты да пікірлер берілген.

Саяси теорияда саяси жаңғыруға қатысты мынадай құрамдастар туралы айтылады: саяси рөлдер мен институттардың жоғары мамандануымен дифференциалданған саяси құрылымға жуықтау; егемен мемлекет құру бағытындағы саяси жүйенің эволюциясы; іс-қимыл аясын кеңейту және мемлекет пен азаматтарды біріктіретін заң шығару өрісінің рөлін күшейту; саяси және азаматтық құқықтары бар азаматтар санының өсуі, әлеуметтік топтар мен жеке тұлғаларды саяси өмірге қатысуды кеңейту және т.б.


Мемлекет басшысының жаңа мақаласы тәуелсіздіктің баға жетпес құндылық екендігін көрсетіп отыр. Тарихымызға үңілген Президент бағдарларымыз мен белестерімізді, таным мен тағылымызды, қоғам мен құндылығымызды, ұлағатымыз бен ұстанымызды тағы да айқындап берді. Қоғам мен мемлекет айтылған тұжырымдарды ұғынып, жүзеге асыру бойынша жұмыстарды жалғастыра түсуі қажет деп ойлаймыз.

Мұрат НАСИМОВ,

саяси ғылымдарының кандидаты,

қауымдастырылған профессор,

«Болашақ» ғылыми-зерттеу институтының директоры,

облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы

ғылыми сараптамалық топтың мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<