Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Төреахмет Жолымбетов пен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақованың есебін тыңдап, өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралады.
Төреахмет Жолымбетовтің айтуынша, басқарма қызметкерлері кәсіпорындар мен мекемелерге 134 тексеру жүргізіп, 188 заңбұзушылықты анықтаған. Нәтижесінде заң бұзған жұмыс берушілерге 30 әкімшілік шара көріліп, 3 млн теңгеден астам айыппұл салынған.
Өткен жылы кәсіпорындар мен мекемелерде орын алатын жазатайым оқиғалар 38%-ке, осы жағдайлардан қаза болу дерегі 39%-ке азайған.
Ал, басқарма басшысы Гаухар Қалмақованың мәлімдеуінше, өткен жылы 38 кәсіпорында 309 адам қысқартылса, 89 адам өзге жұмысқа орналастырылған. Жұмысынан айырылуына байланыста 64 адамға төлемақы тағайындалып, 3 адам өз кәсіптерін ашу мақсатында несие алған.
Жұмыс орындарын сақтап қалу және әлеуметтік шиеленістердің алдын алу мақсатында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы 3208 кәсіпорынмен ынтымақтастық туралы меморандум жасасқан.
Жиын соңында облыс әкімі басқарма басшыларына жұмыскерлердің жағдайын жіті қадағалау қажеттігін жеткізді. Кәсіпорындардағы әлеуметтік шиеленістердің алдын алу бағытында бірқатар тапсырма берді.
– Өңірдегі кей кәсіпорындардың, әсіресе, шетелдік компаниялардың жұмыскерлері өз басшыларымен жиі жүздеспейді. Нәтижесінде қызметкерлер өздерінің мәселелерін тікелей басшыларына жеткізе алмай, әлеуметтік шиеленістер орын алып жатады. Сондықтан кәсіпорын басшыларына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, олардың жұмысшылармен кездесіп тұруына ықпал етіңіздер, – деді облыс әкімі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<