«Әкеңді ауылға жиі әкеліп тұршы…»

615

0

Көлік қала мен ауылдың арасын жалғайтын тас жолдан жайдақ жолға түскелі бір жарым сағаттай болған. Тракторлардың толассыз жүрісінен әбден кедір-бұдыр болған жолда ақ жигули көк шаңды артына тастап жүйіткіп барады. Сәбеттің кезінде конвейерден шыққан көлік шұрқ-тесік. Ақтөбедегі нағашының тойына баратындар көлікке тиеліп алғанбыз. Жеті жастағы мен жол бойы әкемнің алдында отырып, айтқан әңгімелерін тыңдаумен келемін.

Сөз арасында ауылға соғып, аздап демалып алатынымызды айтқан. Жайдақ жолдан шаршаған жүргізушіге әлі төрт-бес сағат көлік айдау керек. Аптап ыстықта мынадай көлікте отырған бізге де демалыс керек-ақ. Жақындаған сайын көліктің азынаған моторының дарылдаған дыбысы ғана естілді. Артқы орындықтағылар қалың ұйқыға кеткен. Жүргізуші жолынан көз алмай жүйткіп келеді. Ал әкем айналаға қарап әлек. Туып-өскен жерінің табиғатын қызықтап, өткен шақты еске түсіріп келе жатқан секілді.

Көп ұзамай ауылға да жеттік. Ең бірінші қарашаңыраққа соғатын болдық. Әкемнің әңгімелерінен талай естіген бұл мекен маған таңсық еді. Жол жүргенде үстінен өткенім болмаса, ауыл ішіне кіріп көргенім жоқ. Бүгін бірінші рет келіп тұрмыз. Көлік тежегіші шиқылдап, ескі үйдің алдына кеп тоқтады. Сұр шипыры жаңбыр мен судан көктеп кеткен, қабырғаларынан әк түсіп, сылағы ғана қалған ескі үй. Әкем аулаға кіре сала, қабырғасын алақанымен сипап ұзақ тұрды. Құдды бір аяғандай, сылағына зиянын тигізгісі келмегендей ерекше жұмсақтықпен, мейіріммен сипағаны сезіліп-ақ тұр. Көк бояумен боялған ағаш есік әбден күнге күйіп, сықпыты кеткен. Құлыптың орнына жіп байланған есікті ашып, «бісміллә» деп кірді. Оның ізінен біз де ендік. Терезелерін әбден шаң басқандықтан күн сәулесінің жарығы сығырайып қана түсіп тұр. Басқан сайын сықырлаған едені мазаңды қашырады. Үйді бір шолып шыққан әкем әр бөлмені таныстыра бастады.

– Мынау – біздің зал. Мұнда ер балалар жататынбыз. Мына бөлме – үйдің үш қызыныкі. Ал мына жер – ата мен әжеңнің орны. Шығаберістегі бөлмеге түнде біз ешқайда шығып кетпесін деп екеуі жататын. Сықырлаған дауысты естісе, аталарың аяқ жағында жатқан балдақ ағашымен қойып қалатын, – деді сәл жымиып.

Жай ғана түсіндірген жоқ. Оның сол мезетте айтқан әңгімесі мұражайдағы жәдігерлерді таныстырған адамдай шын жүректен, бар ынтасымен айтылған-ды.

Сыртқа шығып мал қораны, монша мен сарайды да көрсетті. Құдды бір сол үйді бізге сатқысы келіп тұрған адамша барлығын тәптіштеп түсіндіріп, көрсетіп әлек. Жалпы, мұнда адам тұрмағанына 10 жылдан асқан. 2000-жылдардың басында атам мәңгілік сапарына аттанған соң, үйдің үлкендері қалаға, кішілері әжемді алып Ақтөбе жақтағы ауылға көшіп кеткен. Ал үйді сатып алатындар табылмаған соң қаңырап бос қалған. Оны да сол жерде әкемнің әңгімесінен білдік.

– Үйдің артқы жағында жыра бар. Жазда ауылдың барлығы сол жырадан аққан суға шомыламыз. Біз дәу папаң екеуміз үйдің кішкентайларын, аға-көкелеріңді суға батырып ойнайтынбыз. Қыста біздің үйдің Ақтабан деген төбеті болды, соны шанаға жегеміз, – деп әңгімесін ерекше жылылықпен айтып жатыр. Үйдің үш баласы қызыға тыңдап, көз алдымызға елестетіп үлгеруге тырыстық.

Әкем көше жақ бетке шығып, кезекті әңгімесін бастады:

– Мына үйде Қуаныш ағаларың тұрды. Құдайы көрші, түйдей құрдас екеуміз бірге өстік. Бала кезден допқа, ләңгіге жақын еді. Күннің шыжып тұрған уақытында түскі ұйқыдан қашып соған барамын. Қорғасын құйылған қойдың жүнін алып шығып маған ләңгі тебуді үйретеді. Икемі жоқ мен бес-алтаудан артық тебе алмаймын. Ол ашуланып көшені басына көтеріп: «Міне, былай» деп айқайлап, тағы көрсетеді. Мал жайлап болған соң да Қуанышқа келемін. Екеуміз бірге футбол ойнауға ауылдың шетіне барамыз. Ол жерде де допты аяғында еркін ұстап, қарсыласты алдап, көрермен қыздардың көзіне түседі. Доптан гөрі өзгенің аяғынан көп тебетін мен қызуқанды едім. Төбелес шығарамын. Онда да басында ызадан басталған тіресу кейін қыздардың көзіне түсу үшін жекпе-жек төбелеске ұласады, – деген әкемнің сөзіне аузымызды ашып қалдық.

Жалпы ол кісі – қол көтермек түгілі, дауыс көтермеген адам. Ұрмай-ақ, қабақ шытпай-ақ тәрбиеледі. Еркелейтін кезінде еркелетіп, артық кеткен кезімізде жай жымиып: «Өй, қой» деген сөзіне иланатынбыз. Міне, сол адамның бала кезінде қызуқанды, төбелеске әуес болғанын бірінші рет естіп таңғалдық.

Аула сыртында алғашқы шылым шегіп, атамыздан таяқ жегенін, бешірде болған оқиғаларын айтып, шөп өртегені, ең бірінші мал сойғаны туралы естеліктерін бөлісіп отырғанда жарты сағаттай уақыт өтіп кетті. «Бір үйге кіріп су ішіп, жолға шығайық» деген жүргізушінің сөзінен кейін ойы бөлініп кетті.

– Шерханның үйіне кірейік, – деп көршінің ауласына қарай жол сілтеді. Сол мезетте жүргізушіні жек көріп кеткенім рас. Өйткені, аса бір ыстық сезіммен айтқан естеліктер бізге қызық еді. Әкем бала болып кеткендей…

Көрші үйдің ауласына кірген кезден-ақ әкемді таныған әжей оны құшақтады.

– Үйбә-ә-әй, балаң өзіңнен айнымай қалыпты ғой. Кіші ұлың ба? – деп құп-құрғақ ернімен маңдайымнан шөп еткізді. Өз әжемнен басқаға жолап көрмегеннен ба, ол кісіні жылы қабылдай алмағаным рас. Бірақ әкеме жақын адам секілді. «Су ішеміз де, кері жолға шығамыз» дегенге қарамастан әлгі кісі көлеңкедегі сәкіге сүйреді. Бізді күткен адамдай самаурыны да қайнап тұр екен. Анам келіндік қызметін атқарып, шай құюға кірісті. Әкем бізді, үш баласы мен анамды, жүргізушіні таныстырып болып, қаладағы жағдайы туралы баяндап отыр. Ыстық шайға ыстық күнде зауқым соқпаған соң жыбырлап кеттім.

Шай ішіліп, әңгіме айтылып болған соң, дастархан басынан тұрдық. Рахметімізді айтып шығып бара жатқанда әлгі әже:

– Біздің жағдай осы. Ауылда-а-а-мыз. Бір-екі сиырымыз бен пенсиямызға күн көріп отырмыз сол. Сендер қалаға әбден сіңіп кеткенсіңдер ғой. Енді мынау емес пе, 10 жылды артқа тастап барып бір келгенің. Онда да тек жол-жөнекей соғып тұрсың. Балам, бір демалыста ауылға келсеңдерші. Қай үйге кірсең де, ешкім қуып шықпайды, өздеріңнің туған ауылдарың. Төрін ұсынып, қуана қарсы алады. Өздеріңді көрсем, марқұм Жәкөшімді көргендей боламын. Бүгін сендер сияқты балаларын жетектеп, құрдастарыңның қастарыңда жүретін кезі ғой. Әттең, Құдайға ешкім қарсы келе алмайды. Әй, айтпақшы тұра тұр, – деп көз жасын сүрте сала асыға басып үйге кіріп кетті. Үйден қолына бір орамалды ала шыққан ол:

– Мә, құлыным, қонаққа барғанда тағарсың. Импортный орамал, өткенде қаладан прадәвестер келіп сатқанда алғам, – деп анама ұстатты. Ал мынау кенже балаға деп, маған қағаз екі жүз теңге ұстатып жатқанда әке-шешем азар да безер болды. Әжей олардың қарсылығына қарамастан:

– Тиме, ала ғой. Гүлзаданың немересі – менің де немерем. Бала ғой. Әйтеуір, ақша беретін әже бар деп сені ауылға сүйреп тұрсын. Әкеңді келесіде ауылға алып келсең, тағы да ақша беремін. Көп ақша беремін, – деп күліп алды. Мен де ақша берген әжеге жүрегім жылып қалды.

Көлікке отырып, ауылдың ішін бір-екі айналып, әкемнің кезекті естеліктерін тыңдадық. Мұғалімнің алдында тақылдап сабақ айтып тұрған бала сияқты… Шынымен кішкентай балаға ұқсап кетті. Ұйып тыңдап отырған бізді көргенде шабыт алып, тоқтамастан сөйледі.

– Мынау тұрған клуб. Осында талай бидің түбін түсіріп, қызға алғаш сөз айтқанбыз. Мына жер бұрын контор болды. Анау жерде МТМ (машина-трактор шеберханасы – А.Н.), тракторлар тұратын. Мына ойда мен тракторды аударып алғанмын, – деп әкемнің ауылдан шыққанша әңгімесі таусылмады.

…Үлкен жолға жақындаған сайын әкем қайта-қайта айнаға қарай бергені есімде. Ауылдан алыстаған сайын аз ғана уақытқа оралған балалығын тағы артқа тастап бара жатқанын түсінбеген едім. Тас жолға түскен кезде терең күрсінді. Сол мезетте оның бір тамшы жасы менің бетіме түскен. Бірақ оны әкем екеуміз білеміз.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<