Ақмешіт айшықтары

820

0

Сыр елі

Аз емес көрген сүргін ел,

Кең байтақ бүгін өрісі.

Кіндігі осы күллі жер,

Қорқыттың құтты қонысы.

Қаратау – қария күнгейі,

Бір шеті Арал жағасы.

Ежелден сұлу Сыр бойы,

Алаштың болған анасы.

Кенде емес әсем ән-жырға,

Сүлейлер туған Сыр жері.

Жайқалған күріш әр қырда,

Еңбекпен егіз,

Бірге елі.

Болашақ күткен сан істер,

Бойында Сырдың жетеді.

Самғатқан Айға ғарышкер,

Осынау Сырдың мекені.

Құмартқан бағзы дала әркім,

Көмейге дария-жыр кеп тұр.

Қойнауы толы «қара алтын»,

Қазыналы мұны Сыр деп біл.

Тарихтың тозбас көшінде,

Аңызақ соққан атырап.

Батырлар жортқан  төсінде,

Киелі мынау топырақ.

Жұрт жоқ қой сендей ғаламда,

Жүресің ойда үнемі.

Жасампаз мынау заманда,

Жасай бер мәңгі Сыр елі!

Ақмешіт бекінісін іздеу

Шын ақынды шыңдайтын намыс қана,

…Жоғымызды таппадық.

Алыс дала …

Археолог досым –ау, Ақмешітті,

Атапты ғой бабамыз Қамысқала.

Жолымызға нұр төккен заман жарық,

Қалдырмаған бір белгі бабам неғып?!

Ақмешіт деп аталған бекіністің,

Бұл маңайдан бір ізін таба алмадық.

Жауаптырақ қарайтын әр ісіне,

Сен не айтасың,

Осының мәнісі не?!

…Көргені мен білгенін досым менің,

Сақтамайтын жан еді ол ішіне.

…Жөткірініп алды да қарап маған,

Әңгімесін әріден сабақтаған.

-Көтер достым басыңды, күні ертең-ақ,

Мұратына жетеді талапты адам.

Өмір осы.

Жоғалған қонысымның

Таппай ізін мойынымда борышым мың,

Алма-кезек көшіпті бұл бекініс,

Қоқандық пен қолына орысыңның.

Тіл жетпейді Алаштың азабына,

Қайтқан қамал сонан соң қазағыма.

Таппағаным болмаса тас қамалды,

Тоймайды көз туған жер ғажабына.

Тап осы жер сияқты

…Үміт бағым,

Тұрдым көзбен шеңгелдің түріп бәрін.

Дедің сонда:  – жоқ адам ізгілігі,

Қалатынын іздеусіз ұмытпағын!

…Өшер емес дос сөзі санамнан түк,

Қайда кеттің бекініс, қараң батып?!

Қырсық шалды іздейтін бір кездері,

Жолымызда тас тұман заман жатып.

Шыққан болса керек тым күрсіне үнім,

Лүп-лүп соққан… жүректің дүрсілі ұғын.

Кіріп қанша шықсақ та ну тоғайға,

Кірпішінің таппадық бір сынығын.

Бір сынығы болмады белгі етуге,

…Тапсам деген ой мені тербетуде.

Тәж-Махалдар асқақтап, жермен-жексен,

Жетіасарлар жатқанда жер бетінде.

…Археолог күтпекпін достан нені?!

Аңыздағы көргендей қостан пері.

Аңтарыла қарайды маған тура,

Аптап күнге тұра қап тосқан қолы.

Лайықты аттары ұлы есімге,

Талай дарын өткенін білесің бе?!

Кеше түкке тұрғысыз қадірлі боп,

Қадірліні тастадық күресінге…

Кезең осы тауларым төбе болған,

Аласарып неліктен келеді арман?!

Қызығырақ маған да көрінеді,

Ақмешіттей бекініс …. көне қорған…

Бағзы Помпей … білесің жер жұтқанын,

Жердің тарту заңы деп келдік бәрін.

Ескі Римдей Ақмешіт бекінісі,

Жүргізбейді ел-жұртқа енді ықпалын.

Бұл дәуірдің бүгінге бәсі жетік,

Тұра алмайсың алтынды асыл етіп.

Көрер көзге өткенді ұмыттырып,

Ғасыр өтіп барады, ғасыр өтіп.

Қанша қала бар екен көл астында?!

Қанша дана бар екен жер астында?!

Қанша биік болса да көктен төмен,

Қарапайым анау бір қараш шыңға.

Археолог досыма белгілісі,

Көргенім жоқ жан-жағы тең кісіні.

Ақмешіттің жоқ деме бекінісі,

Өткеніңді ұлықтау ендігісі.

Адастырған аз емес Алашты лаң,

Тауқыметін тартқызған талас … күмән.

…Бекіністің орынын  таппай жүрмін,

Ванга әжейдің рухы, бал аш бұған!

Теңіз жұтқан… жер жұтқан қалам қанша!?

Қайтіп бұғып қаламын жамандарша.

Іздеп келем Ақмешіт бекінісін,

Ізгілігін жоймаған адамдарша.

Тосты талай қызығын алдан ғалам,

…Археолог дос алда армандаған,

…Бір төбенің басында қол бұлғайды,

Қой барайын, іздеусіз қалған жаман.

Сыр сұлуы

Сырда туған сұңғыла қайраткер қыз,

..Мәжілісте салады сайлап төрге із.

Том-том тарих сыпырсаң томағасын,

Томиристі туғызған айбатты елміз.

Бір қарасаң баурайды батыл жанар,

Сыр сұлуы, тарихта атың қалар.

Алдырмаған жоңғарға Қаратауда,

Асқар шың бар, аты оның – «Қатын қамал».

Салады еске Сыр осы сырлы ананы,

Күнге жақын қонған жұрт нұрлы алабы.

Бабаларым Гүлбаршын құрметіне,

«Баршынкент» деп атаған бір қаланы.

Баршасының қоғамда бағасы бар,

Сол бақытты баланың анасы дәл.

Қырмызыдай құлпырған Қыз Жібекпен,

Бегім ана сіңлісі тап осылар.

Ұлы еңбекте аты озған Ұлбаладай,

…Бояныпты ақ күміс нұрға самай.

Күреңіткен жүзіне кеп қонады,

Таң көзінен тамшылап тұнған арай.

Тап-тұйнақтай талай іс тап кіріссе,

Қолтаңбасы қаншама қапты ұлы істе.

Жүзі жайнап зауқайым жымиғанда,

Кетеді ұқсап тістері ақ күрішке.

Жалт қаратқан жарты әлем… құрлығыңды,

Жанарында жасампаз Сыр бүгінгі.

Жанұяда ұрпаққа үлгі етеді,

Тірлігім мен тұп-тұтас Бірлігімді.

Аты шулы күрішші … жыршы бірі,

Тұғырында құрметтің тұрсың ұлы.

Ажарына Ай мен Күн қонақтаған,

Атың мәңгі жасасын, Сыр сұлуы!!!

Қызылордадағы Қорқыт ата ескерткіші

Мінген Қорқыт мүсінін түйесіне,

Көрсем ажал түседі жиі есіме.

Қарап тұрам сондықтан сонадайдан,

Кетем бе деп ұшырап киесіне.

Көзі жетіп дүниеге сыймасына,

Көндіге алмай ажалдың иласына.

Кете барған бір күні Қорқыт ата,

Беріп ерік желмая бұйдасына.

Жерге тимей желмая төрт табаны,

Көз ұшында қыр асып кетті алабы.

Сұм ажалдан осылай қашып жүрген,

Адамзаттың Қорқыттай текті адамы.

Құшағыңды сұм ажал, сен жаясың,

Қайда барса алдынан көр қоясың.

Жер бетінен өлмейтін өмір іздеп,

Қорқыт ата желдірткен желмаясын.

Ажал тура тап басса неңді аясын,

Кезіп биік тауларын, кең даласын.

Ақмешітке ақыры шөгерген бе,

Қорқыт ата желдіртіп желмаясын.

Өмір дейтін тіріге жарқын базар,

Қарт ойлайды басынан әр күнді озар.

Қорқыт ата мен де бір сияқтымын,

Қуып келе жатырған артында ажал.

Зейнолла Шүкіров атындағы көше

Айналсаң да Айды асып, Жерді неше,

Енжар қоғам тұрмайды енді кесе.

Атқа мінген аймақтың азаматы,

Ақмешітте ақынға берді көше.

Берді көше ат қойып, айдар тағып,

Мызғымастай мүсінін сай қамдадық.

Көп ұзамай Шүкіров көшесінде,

Жас теректер жапырақ жайған-ды анық.

Өр ақынның риза өлі аруағы,

Түгелденді тірінің ол арманы.

Еншіледі есімін бір көшенің,

Аты шулы ақынға ел ардағы.

Өлең қалды өткеннің есесінде,

Бір құдірет бар және осы есімде.

Қара өлеңнің қазанын қайнатамын,

Ақмешіттің Шүкіров көшесінде.

Кол соқтырған еріксіз елді неше,

Өлеңқұмар өренге толы көше.

Өршіл рухы ақынның мәңгі өлмейді,

Жақұт жырдың жалауы желбіресе.

Бүркіт пенен сұңқарды жаратарда,

Бірге берген қарғаға қанат Алла.

Ардақ тұтқан ақынын тірісінде,

Өлген соң да сап жүр ел алақанға.

Ақын жыры ажарын жайнатты ердің,

Бақыты осы білгенге байрақты елдің.

Осы көше көшесін кеседі өтіп,

Мұстафадай мұзбалақ қайраткердің.

Кеткен бір кез өмірге еселері,

Жоғалтпаған жылдардың неше желі.

Екі алыптың ендеше осы жерде,

Тоғысқанын қарашы көшелері.

Туған жерден топырақ көп дарынға

Бұйырмаған,

Өтті өксіп от-жалында.

Біріншісі Берлиннің бейітінде,

Екіншісі Аралдың шет жағында…

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде

…Сынған құмыра сипаттап арғы жағын,

Айтқан қызға басымды сан бұрамын.

Мұражайда мұнан соң көргенімді,

Жыр етпекке мен таңды таңға ұрамын.

Болат найза алдаспан қылышпенен,

Қадым жылға қатер тұр ыдыспенен.

Қыз аузында тыным жоқ: – түйін түйіп,

Түгенше ұста мінсіз қып мұны істеген.

Әуестене қараймын әлгі қызға,

Эдельвейс көргендей мәңгі мұзда.

Асқақтайды өткеннің өрнегіндей,

Ақмешіттің макеті алдымызда.

Өркениет, тұра тұр, өткеніміз,

Естен демде шығады деп пе едіңіз.

Сап түзеген мұражай сөресінде,

Ағаш соқа қайың сап кетпеніміз.

Түлкі тымақ… сақтиян саптама етік,

Жәдігерді жұрт көрсін мақтан етіп.

Тарихын түгендеп туған жердің,

Мұражайда төбем тұр көкке жетіп.

Ақмешіт. Аптап

…Күйіп тұр қан шілденің күлше күні,

Шілденің тұтанғалы тұр шөгірі.

Жер үстін, аспан астын жандырады,

Аңызақ болмағандай мұнша өмірі.

Қайнайтын қара судың бопты шағы,

Аспанда бір шөкім бұлт жоқ нышаны.

Аптаптың Ақмешітте көп мысалы…

Жанартау сияқтанып жан-жағына,

Қан шілде көмейінен от құсады…

Шыдамай Сырға түстік,

…Сыра да іштік,

Қайтпады бойымыздан бірақ ыстық.

Буып тұр  Ақмешітті аптап бүгін,

Қырық бес … қырық алты градустық!

Толыбай АБЫЛАЕВ

*сурет ашық дереккөзден

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<