«Еділ – Жайық»

864

0

сурет ашық дереккөзден

Ол – композитор, жазушы әрі ақын, әнші, қылқалам шебері. Ол – өнер зерттеуші, радио-телехабарлар жүргізген сарабдал журналист, «КСРО телевидениесінің үздігі», қара сөздің қаймағын сүзіп айтатын шешен, халық құрметтеп төрінен орын беретін абыз. Ол – Қазақстан мен Қырғызстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Халықаралық Жамбыл және Айтматов сыйлығын алған. Журналистер, Жазушылар және Суретшілер одақтарының мүшесі, Көркемсурет академиясының академигі, «Парасат», «Отан» ордендерінің иегері. Қазақстанның Еңбек Ері. Ендеше жазайық, Илья Жақанов 1936 жылдың мамыр айында Жамбыл облысы Сарысу ауданында дүниеге келген. Нәрестенің ат қою рәсіміне Мәделі қожа, Смағұл молда, Сәрсен ата есімді ауыл ақсақалдары келеді. «Осы Ленин көсемнің әкесінің аты кім?» дегенде, сауаты бар үй иесі Жақан «Лениннің әкесі Илья» депті. «Бәрекелді, онда бұл баланың аты Илья болсын!» Бұл сөз әуелі Мәделі қожаның аузынан шығып, өзгелері мұны қоштай кеткен.

Қазақ зиялылары мен көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарының басқан ізін аңдудың басталған шағы. Шолақ белсенділер мен олардың «құлақтары» ауыл-ауылдан жала сөздер теріп, тіміскілей бастаған кез. Сөз жата ма, «Жақанның жаңа туған нәрестесіне ауыл ақсақалдары жиналып, ұлы көсем Лениннің әкесінің есімін беріпті» деген хабарды аудандағы НКВД агенттері естіп, бұған дейін тергеуде жүрген үш ақсақалды жайына қалдырыпты. Бұл оқиға туралы Илья Жақанов «Зәузатымның баяны» эссе-элегиясында жазыпты.

1944 жылдың қысында Отан соғысынан жарадар болып, аман оралған Жақан көп жылдар мектепте ұстаздық етеді. Ата-бабалары Еділ мен Жайықты қатар қоныстаған қалың жұрт екен. Ел басына күн туған аласапыран кезеңдердің бірінде олар Арқаға қарай ауа көшіп, Сарысу бойына келіп тұрақтаған ғой. Ес білгеннен Махамбет ақынның:

– Еділ мен Жайық жер еді-ау,

Мекен еткен шаруаға

Жағасы қорған жай еді-ау,

Біз бір қаңғып жүрген қараша, – деген аянышты өлең жолдары мен Доспенбет жыраудың:

– Айналайын, Ақ Жайық

Ат салмай өтер күн қайда?

Еңсесі биік ақ орда,

Еңкейе кірер күн қайда? – деген зары немесе

Асан қайғының:

– Еділ бол да, Жайық бол

Ешкімменен ұрыспа.

Жолдасыңа жау тисе,

Жаныңды аяп тұрыспа, – дейтін жыр жолдары санасына берік орнығады. Осыдан болар туабітті Еділ мен Жайықты көрмесе де оған арнап керемет ән шығарған ғой. Оған сәл кейінірек тоқталамыз.

Илья Қаратау қаласындағы орта мектептің 10-сыныбында Мырзатай Жолдасбековпен бірге оқиды. Екеуі мектептің қабырға газетін шығарып тұрады. Мырзатай мақала жазса, бұл суретпен көркемдеген. Мектептегі барлық әдеби-музыкалық кештердің ұйымдастырушысы Мырзатай екен. Ол музыкалық аспаптарда еркін ойнайды, өлең жазады, ән айтады. Жоғары сынып оқушыларына вальс, факстрот, танго билерін үйретеді.

Илья Жақанов 1954 жылы С.Киров атындағы Алматы Мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Университет қабырғасында атақты Мұхтар Әуезовтен дәріс алады. Осында Сапарғали Шәріпов деген режиссердің жетекшілігімен драма үйірмесі ұйымдастырылып, Өмірзақ Айтбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Илья Жақанов, т.б. өнерпаз студенттер осы үйірмеге тартылады. Келе-келе олар Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» пьесасын сахналауға талаптанады. Кемеңгер жазушының үйіне барып, 1934 жылдан бері ешкім қол тигізбей мұрағатында сарғайып жатып қалған, тозыңқыраған пьеса қолжазбасы тігілген папканы Илья Жақанов пен Еркімбай Әкімқұлов екеуі (Еркімбай Әкімқұлов – белгілі журналист) алып қайтады. Пьеса әуелі университет сахнасында, одан соң жасөспірімдер театрында қойылады. Оны Мұқаңның өзі келіп көріпті.

Илья ағамыз 1956 жылдан бастап ән жаза бастаған. Алғашқы әні «Түн ортасы болғанда» деп аталыпты. Онан кейін «Салтанат», «Ақ қайың», «Жан сәулем» әндері туады. Ақын Қадыр Мырзалиев Салтанат есімді қызбен бас қосып, үйлену тойын жасағанда алғаш рет «Салтанат» әні орындалады.

Ілекеңнің досы, академик Өмірзақ Айтбайұлы былай дейді: «Ильяның шығармашылық өміріне сонау студенттік кезеңнен куәгер жанның бірімін. Оның әндерінің қайсысы қай кезде, қандай жағдайда, нендей оқиғаға байланысты дүниеге келгені есімде. Олар – біздің жастық дәуреніміздің ескерткіші іспетті дүниелер. Қазақы рухты айқын танытатын әндері әуез бен ойдың, һәм сезімнің өзара қабысып, тұтасуынан туындап жатады…».

1959 жылы университетті бітірісімен Серік Қирабаев Ильяны «Қазақстан пионері» газетінің редакциясына ертіп апарып, жұмысқа орналастырады. Редакторы Сансызбай Сарғасқаев екен. Сөйтіп, Жақановтың алғашқы еңбек жолы журналистік қызметтен басталған. Балалар газеті болғанымен редакцияға сол кездегі белгілі жазушылар Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, ғалым Әлкей Марғұлан, композитор Ахмет Жұбанов мақалалар жазып, бастырып отырған. Ахмет Жұбановпен газет редакциясында жете танысып, жақсы сыйласқан сыңайлы. Ол кісінің біраз ақыл-кеңесін алған. Атақты қобызшы Ықыласты зерттеуіне Жұбанов себепші болған. Содан да болар «Ықылас» романын жазған, Балқадишаның өмірін зерттеген. Көкшедегі Зерендіге барып ұрпақтарымен кездескен. Әйел теңсіздігі делінген кеңестік керітартпа идеологияның кесірінен бұрмаланған ән мәтініндегі «Күйеуің сексен бесте шал Қадиша» деген өлең жолдарының мүлдем теріс екенін, Балқадиша өзінен бір жас ғана үлкен Сүлеймен деген кісіге тұрмысқа шыққанын, екеуінің екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіргенін, Сүлейменнің 1943 жылы, Балқадишаның 1954 жылы өмірден озғанын айғақтайды.

1961 жылы Алматының «Тастақ» деген шет аймағындағы екі бөлмелі пәтерде Илья мен өмірлік серігі Тиышкүл Әлтайқызы бас қосады. Шәмші Қалдаяқов тойға Тиышкүлге арнап «Бәрінен де сен сұлу» әнін әкеледі. Әнді Майра Жүрсінова деген әнші Шәмшінің мандалинада сүйемелдеуімен орындайды. Ильяның асыл жарына шығарған «Меңді қыз» әнін белгілі әнші Сәжида Ахметова келістіре шырқаған. Бұл тамаша әндер арада қаншама жыл өткенімен, ұмытылған жоқ.

Илья ағамыздың қалың тыңдармандары ықыласпен қабылдаған әнінің бірі – «Жайлаукөл кештері». Әнді бабына келтіре орындаған Қазақстанның Халық артисі Қайрат Байбосынов. Кейінгі жылдары «Жайлаукөл кештерін» «Музарт» тобы айтып жүр. Бұл жайлы композитор: «Бірде маған әншілердің бірі телефон шалып, «Жайлаукөл кештерін» орындауға рұқсат сұрады. «Әуелі өзіңіз келіп тыңдасаңыз жақсы болар еді» деген. Мен оған: «Бұл әннің бағын ашқан Қайрат Байбосынов, Қайратты мен деп біліңдер, сол ағаларың тыңдасын» дедім. Қазір ән «Музарт» тобының негізгі репертуарына енген. Концерттік сапармен қайда барса да, жұрт «Жайлаукөл кештерін» сұрайтын көрінеді.

Осындайда ойды ой қуады. 1950 жылдардың аяғына таман композитор Соловьев-Седойдың «Подмосковные вечера» («Мәскеу түбіндегі кеш») деген керемет әні шығып, талайды таңырқатқаны, сосын қалың елдің қосыла шырқағаны есімізде. Ол кезде мектеп оқушылары болсақ та, осы бір сырлы да сазды әуен радиодан беріле қойса ықыластана тыңдап, отыра қалушы едік. Әнді Владимир Трошин деген әнші орындайтын. Музыка тілді де, ұлтты да таңдамайды. Құлаққа жағып, жүрекке жылы тисе жетіп жатыр. Жуырда «Подмосковные вечераны» Еуразия университетіндегі қытай тілі кафедрасының доценті Айнұр Әбілдақызының қытай тілінде орындағанын тыңдағаным бар. Керемет! Шамасы, Илья Жақановтың ой түкпіріндегі «осындай бір ән жазсам» деген арманынан «Жайлаукөл кештері» туған болар… Қытайдың Шыңжаң өлкесінде «Жайлаукөл кештері» қазақша да, қытайша да орындалады екен.

Сәл ілгерілеп кеттім білем, «Қазақстан пионері» газетінде 4 жыл қызмет атқарған Илья Жақановты «Қазақ радиосы» қызметке шақырады. Осында жүріп, шығармашылығы шыңдалады. Талай ән мен әншінің бағын ашады. Ел аралап, өнер зерттейді. Жоғарыда айтқандай Қытайдағы Шыңжаң және Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында тұратын қазақтардың 40-қа тарта әнін таспаға жазып әкеліп, әңгіме-концерт өткізеді. Бірде Алматыдағы кітап дүкеніне бас сұққан Илья ағамыздың қолына сөрелердің арасынан көкшетаулық ақын Еркеш Ибраһимнің шағын ғана жыр жинағы түседі. Кітапшаны әрлі-берлі парақтап тұрып, көзі «Жалғыз қайық» деген өлеңді шолады. Оқиды, ұнатады да сатып алады. Арада екі-үш күн өткенде радиоға келген Шәмші Қалдаяқовқа: «Шәке, мынаны оқыңызшы, сіздің «Қайығыңызға» қарағанда мына қайық жүрек тебіренткендей екен, – деп кітапты қолына ұстата қояды.

Айлы түн. Көл жағасы. Тып-тыныш табиғат. Ал өлеңнің өн бойынан кейіпкердің ғашығына деген мөлдір сезімін аңдауға болады. Осы қайықпен екеуі армансыз жүзіп, серуен құрғанға ұқсайды. «Музыкасы ғана жетпей тұр екен» дейді Шәмші.

Көп ұзамай Жақановтың «Жалғыз қайық» романсы әуе толқынына шығады:

– Қараңғы түнде мұңайып,

Толқынға малып тұмсығын.

Жағада жалғыз тұр қайық,

Маңайда меңіреу тыныштық.

Менің де сәулем жабығып,

Ойлардан небір айықпай,

Отыр ма екен сағынып,

Осынау бір жалғыз қайықтай.

1995 жылы Тұрсынбек Кәкішев бастап Иран еліне сапар шегеді. Мақсат – Иран қазақтарының ән-жырын зерттеп қайту. Осы сапарда Илья Жақанов Қашаған ақынның шығармашылығы туралы біраз материалдар табады. Қазақстанның Ирандағы елшісі Мырзатай Жолдасбековтің үйінде болып, оның «Тотықұс» деген әнін тыңдайды. Торда тұрған екі тотықұс Мырзатай домбыра тартса, бірі-бірін иықтап, бірін-бірі итеріп домбыраға жақындағысы келетін көрінеді. Елді сағынған Мырзекең кішкене құстардың бостандыққа шығуға талпынғанын көріп, өзінің де елге деген сағынышы жүрегін тербейді. Ән осы көңіл-күйден туса керек. Бертініректе Илья ағамыз Жолдасбеков жайлы «Шіркін, дүние!» атты кітап жазыпты. Осы жерде Жақановтың көркем шығармасы жайлы да айта кету қажет. Оған дәлел, оқырманның көзайымына айналған «Қайта оралған ән», «Хош бол, вальс», «Үзілген ән», «Бірінші концерт», «Тау мен дала әндері», «Екі жирен», «Аққу әні». Бұған қоса тарихи танымдық кітап «Қарабураны» атау орынды.

1981 жылдың 7 қазаны – «Еділ-Жайық» әнінің туған күні. Сәті келейін десе қиын ба, бір жолдасы қонаққа шақырып, соған жиналады. Илья ағамыз ертерек киініп алып, Тиышкүлді күтіп отырғанда осы «Еділ-Жайық» көмейіне лықсып келіп, құйыла береді, құйыла береді. Сәл кейінірек сөзін қазақтың ақиық ақыны Жұбан Молдағалиев жазып, бұл ән ел арасына лезде тарады. Әрбір өнер адамының, оның ішінде композитордың да шырқау биігі болады. Бізше «Еділ-Жайық» сондай туынды. Ән автордың есімін асқақтатты, мерейін үстем етіп, мәртебесін биіктетті, қалың қазақ разы болды. Кезінде әнді Бибігүл Төлегенова шырқаса, одан кейін Майра Ілиясова, бертінде Айгүл Қосанова орындады. «Еділ-Жайықты» айтушылар көп. Олардың атын атап, түсін түстеп жатпайық. Расында, жан толқытар әсем әрі кең тынысты әнді шырқауға кім құштар болмасын?! Мұндай ән туа қойса, ғасырда бір-ақ рет туатын болар?! Содан да шығар, Нұрғиса Тілендиев «Еділ-Жайықты» алғаш тыңдағанда: «Шіркін! «Сарыарқа», «Сарыжайлау», «Еділ-Жайығы» бар ел құдіретті ел ғой» десе, Шәмші Қалдаяқов: «Мощно! Бұдан кейін бізге не қалды» деп бағалаған екен. Оқырманның бір кәдесіне жарар деп «Еділ-Жайық» әнінің мәтінін ұсына кетуді жөн көрдік:

– Құлпырады дала, гүлдейді орман,

Емізеді егіз – Еділ мен Жайық,

Ақ шағала айдын, ақталған арман,

Тербеледі кеме, ойнайды қайық.

Ағады шалқып,

Аққулары қалқып,

Еділ мен Жайық.

Шырқалады әндер, жан-жүрек іңкәр,

Сылқылдайды сұлу Еділ мен Жайық,

Әуелейді адам, самғайды сұңқар,

Шығандарға, шыңға қанатын жайып. «Еділ-Жайық» әнін тыңдаған Шыңғыс Айтматов: «Қазақтың ұлы даласының құдіреті күшті рухы» деп бағалаған.

Бүкіл қазақ даласын тербеген «Еділ-Жайық» тақырыбымен композитор 2004 жылы Алматыдағы Республика сарайында, Астанадағы Конгресс холда, 2016 жылы өзінің 80 жылдығына байланысты Атырау қаласында шығармашылық кештерін өткізіпті. Белгілі опера әншісі, Еуразия университетінің профессоры Кенжеғали Мыржықбаев Ілекеңнің 15-тен аса ән-романсын орындайды екен. Енді сол Кенжеғалиды тыңдайық: «Опера театрында концертмейстрмен бірге дайындалып жатқанымда бөлмеге жазушы Ғабит Мүсірепов, композитор Сыдық Мұхамеджанов, ақын Ғафу Қайырбеков және бір жас жігіт кіріп келді. Сасып қалдым. «Қысылма, қайталап айтып берші» деді Ғабең. Шамасы есік аузында тұрып, тыңдаған болуы керек. Мен қайталадым. «Сөзін берші» деді, сөзін бердім. Көз әйнегін киіп мәтінге үңілді. «Өй, мынау елегізу ғой. Көрдің бе, ендігі жерде мұны элегия деп орындарсың» деп қалды Сыдық Мұхамеджанов. Мен Ғабит Мүсіреповтің музыканы түсінуі мен сезімталдығына қайран қалдым. Бұл Илья Жақановтың «Сол бір шақ қайда, сол бір шақ» атты ән-романсы еді» дейді.

Жасырақ кезімізде «Балқантау» атты әнін радиодан керемет әнші Зейнеп Қойшыбаеваның шалқыта салғанын естігенбіз. Кейін білсек, Ілекең «Балқантау» циклімен төрт бірдей ән-романс жазыпты. Соның екеуінің жұлдызын осы Кенжеғали жандырған. Мақала басында Илья Жақановтың Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері екенін жазып кеткенбіз. Енді осылай ойысайық.

1963 жылы «Адамзаттың Айтматовы» атанған қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматов «Жәмила» повесі үшін Кеңес одағы бойынша ең жоғары әдеби марапат – Лениндік сыйлыққа ие болады. Міне, осы повесті оқып, одан алған әсері Илья Жақановқа «Даниярдың әнін» жазуға шабыт береді. Повестегі басты кейіпкердің бірі, яғни Жәмиланы жанындай жақсы көріп, ғашық болған Даниярдың жүрек сырын әнмен әспеттеген шығарма қырғыз-қазақ арасында үлкен резонанс туғызды. Әнді тыңдаған Айтматов композиторға разы болып: «Өте жақсы шыққан, көп рахмет! Енді осындай етіп Жәмиланың да әнін жазсаң» дегенді айтады. Ілекең келесі, яғни 1964 жылы «Жәмиланың әнін» дүниеге әкеледі. Қазақ-қырғыз тыңдармандары «Даниярдың әнін» Кенжеғали Мыржықбаевтың және Қырғызстанның Халық артисі Керім Тұратовтың орындауында зор ілтипатпен қабылдады. Қазір де Қайыржан Бердібаев деген әнші айтып жүр. «Жәмиланың әні» көп сұраныс пен үлкен қолдауға ие болды. Оны келістіре орындағандардың арасынан Қырғызстанның Халық артисі Дариха Жалғасынованы ерекше атап кетуге болады… Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» повесінің әсерінен шыққан «Әселім» әні кезінде дүйім жұртты дүр сілкіндірді.

1965 жылы Илья ағамыз Ыстықкөлге барады. Бірнеше күн демалып, қайтар жолда артына бұрылып қараса, Ыстықкөл толқындап, тулап жатыр екен. Ән сазы осы сәтте туады. Қызғаныш жетегіне еріп, Әселдей ару қыздың мөлдір махаббатын бағалай алмай, одан айрылып қалған Ілиястың өкініші. Ән күні бүгінге ел аузында, ұмытылмайтыны ақиқат.

Айтпақшы, ән шыққаннан кейін өмірге келген сәбилердің арасында Әсел есімді қыздар көбейді. Ән құдіреті деген осы емес пе?! Бұл әнді құлпырта орындаған әуелі жоғарыда атап кеткен Кенжеғали Мыржықбаев, сосын Мақсат Базарбаев болды.

Илья Жақановтың өзге композиторлардан ерекшелігі – Абайға бет бұруы. Бұл қай кезден басталды? Ол үшін Илья ағамыздың өз жазғанына назар аударайық: «Әкейдің қоңыр үні мені ерекше баурайтын еді. Әсіресе «Қараңғы түнде тау қалғып» әнін айтқанда. Әкей соғысқа кете сала туған Жарылқасын деген ұлын өте жақсы көрді. Осы ұлы қызылша індетінен шетінеді. Сол бір қапалы күндерде кеш батқан шақта қараңғы бөлмеде қисайып жатып, осы әнді естілер-естілмес баяу үнмен ыңылдайтын-ды. Осы ән жүрегіме шер-шемен болып орнықты. Ауылдағы бірде-бір бала бұл әнді білген жоқ. Ән сабағында мен осы әнді орындайтын едім. Сонда мұғаліміміз үнсіз ойланып қалатын. Бірте-бірте білдім, бұл ән Абайдікі екен. Мен Абай музасына осылай ендім…».

Осы ретте абайтанушы, философия ғылымдарының докторы, мемлекет және қоғам қайраткері Ғарифолла Есімнің мына бір сөзін келтіре кеткіміз келді: «Ілекеңнің үлкен бір ерлігі – Абай әндеріне ықылас танытып, оны зерделеп-зерттеп, насихаттауында. Философиялық тұрғыдан алатын болсақ, Абай әндерінің астарында терең пәлсапа жатыр. Бірде біз 10-15 сенатор Ілекеңмен кездесіп қалып, оның Абай әндері жайлы айтқан әңгімелерін 4-5 сағат бойы тапжылмай отырып тыңдағанымыз бар…».

Естуімізше бір жылдары Илья ағамыз Есентуки шипажайында Абайдың Лермонтовтан аударған «Бір жым-жырт жолға шықтым түнде жалғыз» деген өлеңіне жазылған ән-романсын Қаныш Сәтбаевқа тыңдатыпты. Сәл кейінірек мұны Алматыда Анатолий Молодов 100 адамдық хор каппелласына орындатқан.

Илья Жақанов 78 жасында Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Бейнелеу өнері және графика» факультетін үздік дипломмен бітіреді. Ал бұған таңғалмай көріңіз?! Майлы бояумен салынған картиналары, пейзаждары, этюдтері, портреттері көздің жауын алады. Бір ғана мысал: Көркем табиғатты бейнелеген «Толағай» атты картинасын қарасақ, ол шағын тау-төбе, төңірегі көк шалғын, жасыл жайлау, етегінде жайылып жатқан үйір-үйір жылқы. Айтпақшы, «Толағай» деген керемет әні де бар. Бұл әнді Нұрлан Өнербаев, Баян Нұрмышева, Сәуле Жанпейісова мен Қарақат Әбілдина орындап жүр. Ән мәтінінің бір бөлігі есіме түсіп отыр:

– Жылқы жүр Толағайдың етегінде,

Ақбоз ат өзің көрген жетегімде.

Сен жоқсың әлі, сағындым еркем,

Мұратқа жеткізгендей шаттандырып,

Қол қысып қалып едім кетерімде,

Сертіңе сол бір бағындым еркем.

Асыл еркем, асыл еркем,

Толғанып салған әнім жетер ме екен?

Ғажайып суреткер, көсіле сөйлейтін шешен, өн бойы тұнған шежіре, бір басына жеті өнерді меңгерген Илья Жақанов – қалай айтуға да, қалай жазуға да тұрарлықтай аса биік тұлға!

«…2000 жылы Атырауға ақын Жұбан Молдағалиевтің 80 жылдығы аталып өтілетін болып, сонда бардым. Облыс әкімі Иманғали Тасмағанбетов сол жолы маған: «Сіз, «Еділ-Жайықты» көрмей жаздыңыз, ата-бабаларыңыз аумалы-төкпелі заманда осы жерден кеткен екен. Енді атақонысқа оралыңыз. Бұл өңірде жазуға да, зерттеуге де сұранып тұрған дүниелер жетерлік. Кейінгі ұрпақ оларды оқып-біліп өсуі қажет. Үйіңіз жабдығымен дайын» деді. Мен келістім. Алдын болжап, ел қамын ойлайтын қайраткер Иманғали Тасмағанбетов тек Илья Жақановты ғана емес, академик-жазушы Зейнолла Қабдолов, әншілер Хафиз Есімов пен Сәуле Жанпейісова, күйшілер Әзидолла Есқалиев пен Қаршыға Ахмедияров, дирижер Шамғон Қажығалиевқа үй-жайларын дайындап, атақоныстары Атырауға көшіріп әкелген. Алматыдан Атырауға көшіп келгеннен кейін, Ілекеңнің шығармашылығы үдейді. Қаншама деректер жинайды. Небір құнды материалдарға кенеледі. Ашылмай жатқан ән-күйлерді іздеп-тауып, ел игілігіне асырады. Өмірлік серігі Тиышкүл апамыздың айтуынша зерттеу еңбектері мен жазбалары жетерліктей көрінеді. Соның бәрін машинкаға, компьютерге терген Тиышкүл апай екен. Илья ағамыз ән шығарып, сурет салуды жалғастыруда көрінеді. Оған дәлел ретінде толқындай тербетілген, әуезді «Ағады Жайық», «Доссор вальсі», «Құлсары», т.б. әндерін атап кетуге болады. Өнер әлемінен ойып алған орны бар айтулы азамат, исі қазақтың ардақты ақсақалы Илья Жақановқа: «Жасай беріңіз аға, халқыңызға береріңіз таусылмасын!» дейік.

Темірбек ЕСЖАНОВ,

Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<