Гималайдан Көкшетауға дейін

684

0

(Сәкен Сейфуллиннің әйгілі поэмасындағы бір сюжеттің түп-төркіні туралы)

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі Бауыржан Жұмаханұлы Омаров асқаралы 60 жасқа толып отыр. Ол С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейін еліміздегі басылымдарда, өзі түлеп ұшқан оқу орнында, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде еңбек етті. Мәдениет министрлігінің департаментін, Тіл комитетін басқарған.

Қазақстан Республикасының Президенті Баспасөз қызметінде сектор меңгерушісі, Баспасөз хатшысының орынбасары қызметін атқарған. «Парасат» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Президент Әкімшілігінің «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

Б.Омаровтың «Гималайдан Көкшетауға дейін» тақырыбындағы еңбегін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Бақ сынасқан батырлар

Арқа жеріндегі аңыздар желісіне құрылған «Көкшетау» поэмасы – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Сәкен Сейфуллиннің шоқтығы биік шығармасы. Көкше аймағындағы Жеке батыр, Бурабай, Оқжетпес хикаялары баяндалған дастанның ең тағылымды тұсы – Абылай жорығы кезінде қолға түскен қалмақ қызының қалың әскер алдында жұмбақ айтуы. Жаудан олжаға келген хас сұлудан батырлардың бәрі дәмеленіп, бір-біріне қимай таласқа түсуі – заңды құбылыс. Сөз өнерінің теңдессіз шебері Сәкен ақынның:

Сол қыздың он жетіге келген жасы,

Оралған аш беліне қолаң шашы.

Қап-қара қарлығаштың қанатындай,

Иілген ақ маңдайда екі қасы.

Аш белі көк шыбықтай солқылдайды.

Қолаң шаш бейне жібек толқындайды.

Батырлар сол сұлуға салыстырған –

Жалғыз-ақ аспандағы Күн мен Айды, –

деп суреттеуінен-ақ қазақтың жаужүрек сарбаздарының есін шығарған қалмақ қызының бойжеткен біткеннің бәдендісі екені аңғарылады. Оның үстіне ол ажарына ақылы сай саналы сұлу болып шығады. Осыны сезген Абылайхан жар таңдауды тұтқын қыздың еркіне салады. Қыз қалың қауымға үш түрлі шарт қояды. Алдымен, құзарт шыңның ұшар басына орамалын байлатып, соны атып түсірген мерген жігітке тиетінін айтады. Бірақ сарбаздардың бірде-біреуі шың басына ілінген жаулыққа жебесін жеткізе алмайды. Поэма авторы шыңның «Оқжетпес» аталуын осылайша түсіндіреді. Қыздың екінші шарты – батырлардың төрт кісіні көтеріп жарысып, тастың үстіне алып шығуы. Сайысқа түскен жігіттердің ішінен сегізі іріктеліп, қыз тұрған тасқа қатар жетеді.

Қалмақ аруы енді үшінші шартын баяндайды. Онысы – аңызға бергісіз жұмбақ еді. Қыздың әдепкі сынағына қарағанда бұл шарт маңыздылығы жағынан да, ерекшелігі жағынан да өзгеше-тін. Бастапқы екі сынақ соңғы күрделі сынаққа жол ашатын алғышарт болатын. Хан рұқсат берген соң қалмақ қызы бір кептердің хикаясын баяндауға кіріседі. Қысқаша мазмұны мынадай: Терек басына ұялаған кептер мен оның төрт балапанына аяқастынан бір қарақұс тап береді. Оның шеңгеліне түскен төрт балапан жыртқыш құсқа: «Анамызды жегенше, оны қоя беріп, бізді талғажау ет», – деп жалынады. Сол сәтте көктен құлдилап түскен лашын қарақұсты мерт қылып, бұларды құтқарып қалады. Балапандар лашынға ризалық білдіріп, «Сенің жақсылығыңды қалай ақтаймыз?», – деп аяғына бас ұрады. Сонда лашын бұларға: «Ұшқан соң төртеуіңнің ең үлкенің, Бал уыз нақ төсіңнен тоят жегіз», – деп талап қойыпты.

Сертіне берік бала кептер өскен соң әлгі лашынды іздеп жолға шығады. Алдымен ол бір сұңқарға тап болады. Өзіне шүйілген сұңқарға лашынның алдындағы уәдесі туралы айтып, әупірімдеп азаттық алады. Одан әрі қарай жолға шыққан бала кептер тоғай ішінде үш жапалақтың қармағына ілінеді. Бас салып жұлмалауға ұмтылған жапалақтарға жағдай айтып көрсе, олар бұның сертке беріктігіне разы болып, босатып қоя беріпті. Жай, қоя бермей, үшеуі үш жақтан қаумалап, лашынның мекеніне дейін жеткізіп салыпты. Бұл кептерді баяғыда-ақ есінен шығарған лашын оның берген сертін әлі күнге дейін сақтап жүргеніне көңілі жібіп, басына бостандық сыйлайды. Алайда, кептердің бұл бақытты өмірі ұзаққа созылмайды. Таудан ұшқан бір бүркіт оның бас сауғалауына шамасын келтірмей ұстап алып, шеңгелін салады. Соның бәрін ұзын-сонар әңгіме еткен қалмақ қызы сөзінің соңында ел-жұртқа мынадай сауал тастайды:

– Бұл сөзді төрелікке жыр ғып тартып,

Сын тілеп, бәріңізге тұрмын артып.

Тау бүркіт, сұңқар, лашын, үш жапалақ, –

Айтыңыз, қайсысының ерлігі артық?

Бұл әрине, адамдар тағдырын арқау еткен, аса шеберлікпен өрілген аллегориялық толғау екені белгілі. Тек қана ізгі қасиеттерді дәріптейтін осынау аңыздың тағылымды тұспалдары жеткілікті. Тегінде, осы жұмбақтың көркем баяндалуының өзі тұтқын қыздың жазасын едәуір жеңілдетері анық еді. Ал оның нақты шешімі санасы сергек сұлуға азаттық алып берді. Кескілескен шайқасқа толы жаугершілік заманның фонында гуманистік идеялардың үстем болуы ептеген шарттылықтың белгісін байқатқанымен, шығарма желісінде жорық жолдары екінші кезекке ығыстырылып, адами қасиеттер алға тартылады.

Бастапқы дода кезінде төбе көрсетпегенімен, шаршы топтан суырылып шығып, ең алдымен оқ жетпес шыңның басындағы орамалды атып түсірген қазақ батыры Адақ қалмақ қызының қатпары қалың жұмбағын былай шешеді:

– Тұтқын қыз өз басының жырын айтты,

Жүректен жарып шыққан шынын айтты.

Кептерді мысал қылып өз басына,

Не көрген бала күннен сырын айтты.  

Адақтың аңғаруы бойынша, кептер – қыздың өзі, қарақұс – шапқыншы, лашын – одан құтқарғаны үшін қыздың уәдесін алған ер жігіт, сұңқар – қызға көңілі құлаған күйеу жігіт, үш жапалақ – лашынға берген уәдесін орындаймын деп іздеп жүргенде ұшырасқан үш ұры, бәрінен құтылып бостандық алған кезде шеңгелін салған бүркіт – елді шапқан Абылайдың әскері… Осыны бәрін тиянақтап түсіндірген қазақ батыры сертіне адал болғаны үшін барлық пәледен құтылған қалмақ қызына бостандық беруді сұрайды.

Тереңнен тартқан тамырлар

Жалпы, «Көкшетау» поэмасында ізгіліктің мысалдары жетіп артылады. Абылай шапқан қалмақ жұртының бейкүнә бейнеде («Тыныш жатқан қалмақ елі қас қаққанша, У-шу боп шаң астында қалды ойбайлап»), керісінше қазақ сарбаздарының қатыгез кейіпте («Олжалап қыз-қатынын атқа өңгеріп, Бауыздап алдарында еркектерін») көрсетілуі – осының айғағы. Сондай-ақ, бұл шығармада жаугершілік жорықтың сипатынан гөрі, адами қарым-қатынасты көбірек дәріптеу сарыны айқын аңғарылады.

Академик С.Қасқабасов осы поэмадағы қыз жұмбағының сюжеттік құрылымына назар аударып, оның төркінін көне жәдігерліктерден іздейді. «Бұл өзі – жеке сюжет және өте ескі сюжет. Ол ежелгі Үндістанның «Веталаның жиырма бес әңгімесі» (бізде «Калила мен Димна») атты көне кітаптарында әңгімеленеді. Мұнда төрт күннен кейін тойы болайын деп тұрған қызды бір жігіт тоғайда ұстап алады да зорламақ болады. Қыз жалынып, «Тойдан кейінгі күні өзім келейін, сен менің обалыма қалма, жібер» – дейді. Жігіт жібереді. Той өтеді, түнде күйеуі құшақтайын десе, қыз болған жағдайды айтады. Күйеуі: «Рас болса, жарайды, бар» – дейді. Қыз уәдесін орындау үшін жолға шығады. Оны бір қарақшы ұстап алады да, әшекейін тартып алып, өзін қорлайын деп ойлайды. Қыз оған басынан кешкендерін түгел баян етеді. Қарақшы «бұл қыздың махаббат қуанышын қалайша бұзам», – деп ойлап, қызды жөніне жібереді. Қыз уәдесі бойынша өзін тоғайда ұстап алған жігітке қайтып келеді. Ол риза болып, қызға тиіспей, үйіне қайтарады», – дейді фольклортанушы ғалым. 

Біздің дәуіріміздің алғашқы ғасырларында өмірге келген, үндінің санскрит тілінде жазылған әйгілі «Веталапанчавимшати» («Веталаның жиырма бес әңгімесі») – дүние жүзінің әдебиетіне әртүрлі ыңғайда ықпал еткен рухани жәдігерліктің бірі. Бұл шығарманың «Панчатантрадағыдай» қара сөзбен және өлеңмен баяндалған Шивадаса нұсқасын Р.Шор, ал 1873 жылы бенгал ғалымы Дживананда Видьясагара бастырған Джамбхаладатта нұсқасын И.Серебряков санскрит тілінен аударған. Соңғы нұсқаға алғы сөз бен түсініктеме жазған И.Серебряков «Веталаның жиырма бес әңгімесінің» Оңтүстік Азия елдеріне, Моңғолия мен Тибетке кеңінен тарағанын, тіпті парсы нұсқасы бар екенін айтады. Моңғолдар бұл шығарманы өз табиғатына бейімдеп, соған ұқсас жаңа дүние туындатқан.

С.Қасқабасовтың дерегін нақтылай түссек, «Веталаның жиырма бес әңгімесінің» (Р.О.Шор аударған нұсқасы) «Қайырымды қарақшы» деген тоғызыншы хикаясының ұзын-ырғасы былайша баяндалады. Маданавира патшаның билігіндегі Маданапура қаласын мекен еткен Хираньядатта көпестің қызы Маданасена тоғайда серуендеп жүргенде оны Сомадаттаның ұлы Дхармадатта  көпес ұстап алады. Маданасена оған «Төрт күннен кейін Амадаттаның көпес баласына тұрмысқа шыққалы жатыр ем, той өткен соң келіп алғашқы түнімді сенімен өткізем», – деп уәде береді. Көпес күйеу түн ішінде қалыңдығын бауырға тартса, ол тартынатын көрінеді. Себебін сұраса, болған жайды баяндап береді. Жүрегі ізгі күйеу жігіт: «Мұның әділетті шешім екен, барсаң барып келе ғой», – депті. Қыз байғұс алып-ұшып келе жатса, алдынан жол торыған қарақшы жолығыпты. Маданасена шынын айтып, оның да жанына жылылық ұялатып, босанып шығады. Ең ақырында Дхармадаттаға жетіп, сертімді орындауға келдім десе, ол да жүрегі жібіп, қызды еркіне қоя беріпті. Сөйтіп, өз күйеуіне қосылады.

Ал «Веталаның жиырма бес әңгімесінің» И.Серебряков аударған нұсқасында бұл сюжет былайша өріледі. Виракешари патшаның Артхадатта деген вайшьясы (көпес) болыпты. Оның Дханадатта деген ұлы, Лаваньявати деген қызы бар екен. Әкесі қызына күйеу іздеуді ұлына тапсырады. Ол бір көпестің қайырымды әрі ауқатты ұлы Кандарпаны лайық деп деп табады.  Осы кезде тағы бір көпестің ұлы Дхармадатта Лаваньяватиді көріп, ғашық болып қалып, көңілін білдіреді. Қыз оған күйеуге шығайын деп жатқанын айтса, «Той өткен соң күйеуіңнен сұранып, алдымен маған келіп кет», – деп қиылады. Қыз уәде береді. Тойдан кейін Кандарпа келіншегін бауырына тартса, ол Дхармадаттаға уәдесі кеткенін айтады. Сол сәтте күйеуі оны жібере қойыпты. Қыз жігітке кетіп бара жатқанда жолда бір ұры кездеседі. Қыз: «Мен уәдемді орындап келейін, әшекейімнің бәрін саған берем», – дейді. Ұры да оны босата салады. Әрі қарай ағаш арасында бұғып отырған ракшас (жын-пері) шығады. Лаваньявати шынын айтып, оның да жанын жібітеді. Дхармадатта қыздың адалдығына тәнті болып, оны еркіне қоя береді. Қыз қайтар жолда әлгінде жолыққандарға тағы да барады. Жын да, ұры да бойжеткеннің ниеті таза екенін көріп, оған тиіспейді. Тек мұндағы айырмашылық, күйеу жігіт Кандарпадатта «Сен маған лайық емессің», – деп, басына бостандық сыйлайды.

Бұл сюжет кейінірек дүние жүзіне кең тараған әйгілі «Тотынама» әдеби ескерткішінің он бірінші түніндегі оқиғаға негіз болған. Бір шаһарды мекендейтін үй сыпырушы топырақ арасынан жарқыраған меруерт тауып алады. Ол біреулердің кеңесі бойынша меруертті беріп көп алтын алу үшін Бходжа-раджаға аттанады. Жолда кездескен төрт жолаушы оның меруертін ұрлап алады. Үй сыпырушы сезік тудырмау үшін оларға ештеңе демей, патшаның өзіне келіп жүгінеді. Патшаның бір ақылды қызы бар екен, бұл істің мән-жайын анықтау соған тапсырылыпты. Сол қыз оларға бір хикаяны баяндайды. «Көкшетау» поэмасындағы сюжеттің түп-төркіні дәл осы тұста да көрініс байқатады. Бұл жерде Мазендеран шаһарында тұратын саудагердің қызы бау-бақшаны аралап жүріп жолыққан бағбанға «Алғашқы түнімді саған арнаймын», – деп уәде береді. Уәде берген себебі, қыз бағбаннан «Мына әдемі гүлді жұлып бер», – деп өтінсе, ол: «Бұл гүлдің бағасы бар, соны өтесең аласың», – депті. Қыз: «Ол неғылған баға?» – деп сұраса, әлгіндей талап қойыпты. Содан қыз некесі қиылған соң күйеу жігіттен бағбанға барып келейін деп рұқсат алады. Жолда қасқырға жолығады. Оған бүкіл жағдайын айтып, әзер құтылған кезде қанжар ұстаған қарақшыға тап болады. Қыз оған да жалынады. Ақыры бағбанға келсе, ол қыздың адалдығына разы болып, нәпсісін тиғанын айтып, еліне қайтарады.

Антына адал арулар

Барлық халықтың әдебиетіне сіңген бұл сюжетте әлемнің бар жұртына ортақ «Уәде – құдай аты» деген халық даналығы айрықша дәріптеледі. Сертке беріктіктің құдіреті зұлымдықты тоқтатады. Теріс пиғылмен келген ұры-қарақшы мен жын-жыпырдың өзі адал ниеттің алдында бас иеді. Мәселен, үнді әдебиетінде кездесетін ракшас жақсылыққа жетелейтін жағымды кейіпкер ретінде суреттеле бермейді. Басты рухани құндылықтың бірі – сертке берік болуды идеалдандыру үшін ежелгі ескерткіштердің авторлары осындай тәсіл қолданған. Адамзат баласы сан ғасырдан бері армандағанымен, қиындықпен қол жеткізіп келе жатқан ізгі қасиет жамандықпен шарпысып, жеңіп шығады.

Мақаланың басында Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасында тұтқынға түскен қалмақ қызы өз әңгімесінің соңында қалың елге «Кептермен кездескен тау бүркіт, сұңқар, лашын, үш жапалақтың қайсысының ерлігі артық?», – деп сауал тастағанына тоқталдық. Шығармада мұндай сұрақтың қойылуы тегін емес-ті. Өйткені сол сюжетке негіз болған ежелгі үнді әдеби ескерткіштерінің түрлі нұсқаларының бәрі де осылайша түйінделеді. Яғни, сауалға нақты жауап беріледі. Осы жауаптың өзі сюжеттің даму барысына қарай әртүрлі нұсқада көрініс тапқан. Мәселен, «Веталаның жиырма бес әңгімесінің» Р.Шор аударған Шивадаса нұсқасында хикаяны баяндаушы Веталаның: «Айтыңызшы, осы үшеуінің қайсысы қайырымды?», – деген сұрағына Викрамасена патша: «Күйеу жігіт қызды досына барып келем деген соң жіберді. Ал екінші жігіт патшаның жазасынан қорыққаннан қоя берді. Бұл жерде еш себепсіз жақсылық жасаған қарақшының әрекеті бағалауға лайық», – деп жауап қайтарады. Ал сол «Веталаның жиырма бес әңгімесінің» И.Серебряков аударған Джамбхаладатта нұсқасында хикаяны айтушының: «Кандарпа, ұры, Брахмаракшас, Дхармадатта төртеуінің ішіндегі ең қайырымдысы қайсысы?», – деген сауалына орай оны арқалап келе жатқан раджа: «Бұлардың арасындағы ең қайырымдысы – Кандарпа. Себебі, ол қыздың уәдесіне беріктігін сыйлап, әрі құсаға батқан Дхармадаттаның өмірін сақтап қалу үшін қалыңдығын оған жіберді. Өзі сонша жақсы көретін бойжеткен Дхармаматтаға барып келген соң, «енді соған көңілі кетіп қалды, бағы ашылсын» деп басына бостандық сыйлады. Оны қасынан қуып шыққан себебі де сол», – деп өз пікірін айтады.

Әлемге әйгілі шығарманың бір-бірінен соншалықты айырмашылығы жоқ екі нұсқадағы сюжетінің шешімі әртүрлі. Алғашқысында тек жамандықпен көзін ашқан қандықол қарақшының қайырымдылығы үлгі етілсе, соңғысында некесі қиылып қойған Кандарпаның (Кандарпадатта) мырзалығы дәріптелген. Бірақ күйеу жігіттің бұл әрекеті қыздың адалдығынан айнымай келгеніне қарамастан, оны өзгеге бұйырды деп күдіктенуінен туындап отырғанын да ескерген жөн.

Ал «Тотынаманың» он бірінші әңгімесінде біраз өзгеріске түскен бұл сюжеттің соңында қыз меруертті ұрлады деген күдікке ілінген төрт жолаушыға мынадай сауал қояды: «Сіздер бұған не дейсіздер? Қалыңдықтың ері, қасқыр, қарақшы, бағбан төртеуінің істерін қалай бағалар едіңіздер? Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?». Бұл сюжеттегі сауал «Веталаның жиырма бес әңгімесіндегідей» патшаға неме раджаға арналмаған. Патша қызының сұрағына үй сыпырушының қазынасын жымқырды деген төрт жолаушы төрт түрлі жауабын айтады. Бірінші жолаушы қалыңдықтың күйеуін намыссыз деп сөгеді. Екіншісі тісі мен тырнағын көрсете алмаған қасқырдың жұмсақтығына қайран қалады. Үшіншісі алақанына түскен олжадан айырылған ұрыны ақымақ деп кінәлайды. Төртіншісі қолында тұрған қызды қоя берген бағбанды «ер емес, ез» деп қара жерге тығады.

Қыз төртеуінің әңгімесін тыңдаған соң патшаға барып, «Үй сыпырушының меруертін ұрлаған адам – қарақшыны ақымақ деп сөккен жолаушы. Әйтпесе ол ұры қызды тонап, киімдері мен әшекейлерін алуы керек демес еді. Ел аузында «Шыныға құйған нәрсе оның сыртынан көрініп тұрады» деген нақыл бар» дейді. Патша қарақшыдан меруертті өндіріп алып, қалған жолаушыларға берген жауаптарына қарай тиісті сый-сыбаға үлестіреді.

«Тотынама» сюжетінің алдыңғы сюжеттерден ерекшелігі – жұмбақтың шешімі ретіндегі «Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?» деген сауалдың ұрыны анықтау үшін қолданылуы. Үндінің ежелгі әдеби ескерткіштерінде «Кім қайырымды, кім жомарт, кім кеңпейіл?», – деген сауал тұрғысынан адами құндылықтарға баға берілсе, «Тотынамада» сертке адалдық туралы сюжетке тағы бір қосалқы сюжет жамалады. Бұл жерде алдыңғы хикая негізгі оқиғаның шешімін табудың тәсіліне айналады. Мұнда адам психологиясына терең бойлау арқылы тұжырым жасайтын логикалық қисын алға тартылады. Ал сюжет әрі қарай дамып, аясын кеңейтіп, көркемделе түседі.

Антқа адалдықты әспеттеумен басталып, ұрыны табумен аяқталатын тағы бір сюжет нұсқасын өткен ғасырдың басындағы қазақ поэзиясының үлгілерінен кездестіреміз. Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасына талдау жасаған академик Серік Қирабаев «ХХ ғасырдың басында әдебиетке араласып, жазушылық пен ағартушылық қызметті қабат жүргізген, орыс әдебиетінен бірқатар құнды аудармалар жасаған Бекет Өтетілеуовтің «Данышпан қазы» атты шығармасында осы тәріздес жұмбақ айтылатын еді», – деген дерек келтіреді. Ал, Бекет ақынның бұл туындысы 1914 жылы Орынборда шыққан «Жиған-терген» деген жинағында жарық көрген.  Яғни,  Сәкеннің «Көкшетау» поэмасынан он бес жыл бұрын жарияланған. Автор шығармасының басында «шығыс халықтарының ертегілерінен» деп нақты атап көрсеткен. Сюжеттің қысқаша мазмұны былайша өріледі. Бір патша өмірден өткелі жатып, үш ұлын қасына шақырады. «Пәлен жерге көмген алтыным бар, соны таласпай бөлісіп алып, тіршілік етіңдер», – дейді. Үш жігіт уәделі жерге келгенімен, ештеңе таппайды. Содан соң бір-біріне сенімсіздік танытып, қазыға барып жүгінеді. Қазы оларға бір хикаяны баян етеді. Бір байдың жалғыз қызы болыпты. Оның атастырып қойған адамы да, оған қоса сүйген жігіті де бар екен. Қыз күйеуге шығар алдында жігітіне «Алдымен саған жолығып кетем», – деп уәде береді. Сондықтан қыз күйеу жігіт келгенде жағдайын айтып, рұқсат сұрайды. Күйеуі: «Қанша жылдан бері ғашық болып жүрген жігітің болса, оның үстіне өзің серт берсең, орындауың керек», – деп жібере қояды. Әшекейге малынған қызға жолшыбай бір ұры кездеседі. Қыз бар әңгімесін айтып, әлгінің жүрегін елжіретіп, одан да құтылады. Ақыры сүйген жігітіне жетіп, бар әңгімесін айтады. «Онда қосағыңмен қоса ағар», – деп ол жігіт те мырзалық танытыпты. Осы сәтті Бекет ақын былайша бейнелейді: «Бұл сөзбен екі ғашық тоқтап қалды, Мақұлдық бір-бірінен сұрап алды. Ап-аман өгіз өлмей, арба сынбай, Қасына күйеуінің қайтып барды».

Одан әрі Бекет Өтетілеуовтің кейіпкері – данышпан қазы ағайынды үш жігітке «Бірі ұры, бірі күйеу, бірі жігіт – үшеуінің қайсысы жомарт?», – деп сауал тастады. Үлкені: «Әрине, күйеу жомарт, ол қыздың байсыбайлы иесі бола тұра өзгеге қиды», – дейді. Ортаншысы: «Өзі іздеп келген қызды жібере салған жігіт жомарт», – деп жауап қайтарады. Ал кішісі болса, «Жақсылап тонаудың реті келіп тұрғанда олжасын босатып қоя берген ұры жомарт емес пе?!», – деп тұжырымдайды. Сол кезде данышпан қазы кіші ұлды меңзеп, алтынды ұрлаған сол екенін айтады. Қазының шешімі шығармада былайша өрнектелген: «Ұрыға, – деді қазы, – ұры серік, Тығылған алтын сенде болса керек». Кіші ұл өз ісін мойындап, жасырған алтынын тауып беріп, оны ағайынды үшеуі әділ бөліп алады.

Бұл хикаяның «Тотынамадан» тікелей алынғаны дау тудырмайды. Тек оқиғаның өңі біраз өзгерген. Алғашқысында қазына жоғалтушы қарапайым ғана үй сыпырушы болса, кейінгісінде патшаның елге белгілі үш ұлы ұрланған алтынды іздейді. Сондықтан бұл шығармада «Тотынамадағы» төрт жолаушыны әңгімеге тартып, шешімін айтатын қыздың орнына данышпан қазының бейнесі көрініс тапқан. «Тотынамада» ұрланған алтынды өндіріп беру арқылы әділдік салтанат құрса, «Данышпан қазыда» оған қоса әулеттің әдебі, дәстүр жалғастығы, өсиеттің орындалуы, ағайынның татулығы сияқты мәселелер тұспалмен аңғартылған.

Кең пейілді кейіпкерлер

Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетауында» әйгілі үнді сюжетінің алғашқы бөлігі ғана қолданылған. Яғни, поэмада ескі сюжеттің ұрлыққа қатысты бөлігінің ізі де жоқ. Шынында да, ізгілікті мұрат еткен Сәкен шығармасына сюжеттің бастапқы жағы ғана әр бере алатыны анық еді.

Бір қызығы, тұтқынға түскен қалмақ қызының аузынан «Осылардың қайсысының ерлігі артық?», – деген сөз айтылғанымен, «Көкшетау» поэмасында ежелгі ескерткіштерден тамыр тартатын бұл сауалға тікелей жауап берілмейді. Сондықтан, тау бүркіт, сұңқар, лашын, үш жапалақтың қайсысының ісі артық екенінің басы ашылмай қалады. Қыздың тағдырына жаны ашыған елдің оны бағалауға да мұршасы болмайды. Олай болса, «Сәкен ақын бұл сауалды кейіпкерінің ойына неге салды?», – деген тағы бір сұрақ туындайтыны сөзсіз. Шынында, бұл мәселенің шешімі мынау еді. Дәл осы тұста қыздың аллегориялық әңгімесінің жұмбағын шешіп, оның бүкіл өмірін жиылған жұртқа баяндап беріп, босатуды өтініп, ханнан сауға сұраған Адақ батырдың ерлігі ілгері-кейінгі аңыз кейіпкерлерінің түрлі әрекеттерінің бәрінен артық екені белгілі. 

Академик С.Қасқабасов «Жанр жағынан бұл – ежелгі Үндістанның тәмсілі (притча). Ал осы сюжетті С.Сейфуллин қайдан алды, ол жеке мәселе. Біздің мақсат – басқа: аталмыш сюжетті ақын қалай пайдаланған? Ол өзінің идеялық-шығармашылық мақсатына қарай ескі фольклорлық сюжетке үлкен әлеуметтік жүк артқан, өмірдегі моральдық-этикалық қайшылықтарды ашу үшін қызды жаугершіліктің қызығына түсіп, қарапайым жұртқа зорлық-зомбылық жасағандарға қарсы қойған, ол үшін ақын фольклорлық шығармадағы кейіпкерлерді өзгертіп, оларға символдық мағына берген, сол себепті қалмақ қызы өзінің өмірін, ойын жұмбақтап айтады», – деп тұжырымдап, бұл сюжеттің қазақ әдебиетін ілгерілетуге қаншалықты үлес қосқанын зерделеуге ден қояды. 

Енді ежелгі сюжеттің уақыт бедерінде қалай дамығанына тоқталайық.

«Веталаның жиырма бес әңгімесінің» Шивадаса нұсқасындағы «Қайырымды қарақшыда» кейіпкер төртеу-ақ. Оның біреуі – көпестің қызы, қыздың жүрегін жаулаған жігіттердің екеуі де – ауқатты адамның перзенттері. Төртінші кейіпкер – қарақшы. Оның өзі бойжеткенмен жолыққан соң ниетін өзгертіп, бірден жағымды кейіпкердің кейпіне енеді. Тақырыбы «Қайырымды қарақшы» делінгеніне қарамастан, қызға жақсылық жасаған үшеудің қайсысының әрекеті айрықша бағалауға лайық деген сауал қойылады. Қызды өбектеп жүрген екі жігіттің қасында оған алғаш рет жолығып, еркіне қоя берген ұрының қайырымдылығы ерекше екені қисындылық жағынан дау тудырмайды.

Ал сол әдеби ескерткіштің Джамбхаладатта нұсқасында сюжет сәл-пәл өзгеріске ұшырайды. Бұл жерде екі көпестің ұлдарының арасында додаға түскен көпестің қызына ұрыдан бөлек зұлымдықтың бейнесі – ракшас жолығады. Оны қазақ ертегілеріндегі жын-пері немесе жезтырнақпен салыстыруға болар. Сюжеттегі бұрыннан белгілі төртеудің қатарына аңыз-ертегілердің жағымсыз кейіпкері қосылады. Өмірі жемтік іздеп жүретін ракшастың өзі бұл жолы ізгіліктің алдында бас иіп, қызды босатып жібереді. Солай бола тұра, жақсылық жасағандардың ең тәуірі ретінде оның емес, күйеу жігіт Кандарпаның аты аталады. Сондай-ақ күйеудің «мырзалығына» қызғаншақтығы себеп болғаны да тұспалданады.

Екі түрлі нұсқада баяндалған бұл сюжетте қыздың сертке берік болу қасиетін қадірлей білгендердің іс-әрекетіне баға берілсе, «Тотынама» мен «Данышпан қазыда» уәдеге беріктік турасында тұжырым жасалады әрі сол тәмсіл ұрлықтың сырын ашуға қолданылады. «Тотынамада» тәмсілдің кейіпкері төртеу – қыздың өзі, бағбан, қарақшы және қасқыр. Әйгілі әдеби ескерткіштің өзге әңгімелері секілді бұл хикаяда да адам мен жануар белгілі бір оқиғаның кейіпкеріне айналады. Адамзат баласы түгілі аң-құстар әлемі де адалдықтың алдында бас ұрады. Бекет Өтетілеуовтің «Данышпан қазысында» қыздың күйеуі мен жігітінің және ұрының жасаған жақсылығы бағаланады. Сюжеттің барлық нұсқасында да екі жігіт пен ұры-қарақшының бейнесі өзгермейді. Кей нұсқада ракшас пен қасқырдың қосылуы хикаяға аң-құстарды және тылсым дүние күштерін қатыстыру арқылы оқиғаның бояуын қалыңдатып, реңкін арттыру мақсатынан туса керек.

Ал Сәкен Сейфуллин «Көкшетау» поэмасында қолданған тәмсілдің кейіпкерлері өзге нұсқаларға қарағанда көбірек. Қыздың өзі айтқандай, тау бүркіт, сұңқар, лашын, үш жапалақтың қайсысының ерлігі артық екені сынға түседі. Ежелгі сюжеттегі қарақшының рөлінде бір емес, үш жапалақ бейнеленеді. Бұл жапалақтар тек қыздың өмірін сақтап қалған қайырымды қанаттылар ғана емес, оны жетелеп ертіп алып, барар жерін тауып берген қайратты қамқоршылар ретінде де көрініс тапқан. Тәмсілдің соңындағы сауалға орай осылардың іс-әрекеті ерекше бағаланатын шығар деп шамалайсың. Бірақ жоғарыда атап көрсеткеніміздей, шығарманың авторы жұмбақтың шешімін өзгеше жеткізеді. Сәкеннің сюжетінде тәмсілдің жеке кейіпкерінің іс-қимылы дараланып көрсетілмейді. Оның есесіне аңызда тау бүркіт деп тұлғаланған Абылайханның қалың әскерінің бір сарбазы, яғни, бүтіннің бөлшегі әрі тәмсіл сыртындағы кейіпкер – Адақ батырдың ерлігі мен ақыл-парасаты дәріптеледі. Шығарманың сюжеті сонысымен де ерекше.

Тәсілі бөлек тәмсілдер

Ежелгі сюжетті асқан шеберлікпен өңдеу арқылы өрілген «Көкшетау» поэмасы Сәкен Сейфуллиннің шығыс әдебиетінің үлгілерін жетік білгенін айқын аңғартады. Ол бұл хикаяның түпнұсқалық мысалдарына да жете қанық болған тәрізді. Мысалы, «Веталаның жиырма бес әңгімесінен» басталып, кейінгі көптеген әдеби ескерткіштерге ұласқан әйгілі аңыздың кейіпкерлері адамдар болса, Сәкен ақын бұл сюжетке аллегориялық сипат беріп, өңкей құстардың іс-әрекеті арқылы ой айтады. Мұның өзі адамзат баласының күнделікті тіршілігін, оның ішінде билік иелерінің пенделік болмысын жан-жануарлардың аузына сөз салу тұрғысынан кейіптейтін үндінің арғы тарихындағы ғаламат шығарманың бірі – «Панчатантраны» еске түсіреді. Демек, Сәкен Сейфуллин аталған рухани құндылықтардың бәрімен жақсы таныс болған.  Яғни, ол адамдардың өмір сүретін ортасы бейнеленген көне сюжетті өңдеп, осы тақылеттес хикаялардың бастапқы нұсқасына көшіріп, құстар патшалығының мысалына орайластырды. Адам жайын адамға айтқызғаннан гөрі, ежелгі шығыс дәстүрімен аң-құстың тілімен жеткізгенді жөн көрді. Сюжет пен суреттің үйлесімділігін танытқан «Көкшетау» поэмасы – бұл тәсілдің өзін-өзі ақтағанының дәлелі.

Сәкен Сейфуллин ежелгі үнді сюжетін әрлеп-әспеттеп, өзгертіп-өңдегенімен оның өзегіндегі ізгілік идеясын қапысыз жеткізген. Қан майданнан олжалы оралған әскер бір сәт әдеттегі шайқас психологиясынан арылып, сілтідей тынып, тәмсіл тыңдайды. Құралайды көзге атқан мінсіз мерген, байрақты батыр Адақ көз алдымызда сайыпқыран сарбаздан болмысы бөлек биге, сөзі салиқалы шешенге айналады. Ханмен тең дәрежеде сөйлесіп, сын-сынақтың арқасында өзінің иелігіне көшкен қалмақ қызына бостандық береді. Яғни, автор тәмсіл ішіндегі жұмбақтың шешімін оның сыртындағы кейіпкердің іс-әрекеті арқылы жеткізеді. Аңыздың басты сауалының жауабын әдепкі нұсқалардағы секілді шығарманың кейіпкерлеріне айтқызбайды, оны қалың оқырманның еншісіне қалдырады.

Санасы сергек, сезімі бөлек Сәкен ақын сан ғасырдан бері талай дүниеге арқау болып келе жатқан соғыс пен бейбітшілік идеясын осынау шағын шығармасының өзегіне сыйғызған. Өз поэмасы арқылы қатігездік пен жауыздықтың фонында адалдық пен әділдіктің сәулетті сарайын тұрғызған. Ақынның жаугершілік заманның жантүршігерлік кейпінен гөрі адами қарым-қатынасты тым айшықтап көрсетіп, декоративті сипат бергеніне қарап, бұл сюжет біздің болмысымызға жақын «Тотынамадан» ғана емес, арғы дәуірдегі үнді ескерткіштерінің өзінен де тікелей алынған болар деп топшылаймыз. Себебі, поэмадан аллегориялық үрдіске көбірек ден қоятын ежелгі үнді жәдігерліктеріндегі оқиғалардың кейіпкерлеріне тән іс-әрекеттерді анық аңғарамыз. Абылайханның мұздай қаруланған жасағының алдында жасқанбай тұрып, аңыз айтып, өз өмірін құтқарып қалған тұтқын қыздың арғымақ мініп еліне аттануы – Сәкеннің «Тотынамада» және оның түп-төркіні болып саналатын ежелгі ескерткіштерде, сондай-ақ кейінгі нұсқаларда түрліше баяндалған белгілі сюжетті өңдеп, өзгеше көркемдік шешім тапқанының көрінісі.   

Ақын берген сертке берік болу барша адамзатқа ортақ қасиет екенін, бұл құндылықты барлық жұрт қадірлеу керек екенін әркімнің санасына сіңіреді. Ол күнделікті өмірде көп кездесе бермейтін таным-түсінікті бұзып, жаңа ғана жорықтан оралған жауынгерлердің миында ұялаған майдан ахуалын екінші кезекке ығыстырып, бейбіт тіршіліктің жырын жырлайды. Еркіндік алған қалмақ қызын қан-жоса болып жатқан ел-жұртымен қауыштырады. Сөйтіп, ол көне дәуірден біздің заманымызға сан ғасырды аралап жеткен, Гималайдан Көкшетауға дейін жол тартқан сырлы сюжеттің бүкіл функциясын өзгертеді. Оның адалдықты ту етіп көтеретін байырғы идеясына қоса, адамды ұлықтау, жауыздықты жою, еркіндікті бағалау, тыныштықты қадірлеу сынды жаңа міндеттер жүктейді. Бекет Өтетілеуовтің «Данышпан қазысында» аса көп өзгеріске түспеген сюжет Сәкен Сейфуллин поэмасында мазмұны жағынан да, идеялық мұраты жағынан да өзгеше түрге енеді.

Қорыта айтқанда, «Көкшетау» поэмасы – көне құндылықтарда бірде аңыз, бірде тәмсіл, бірде шағын хикая түрінде баяндалатын сюжетті классикалық көркем әдебиеттің үлгісіне айналдырған шынайы шығарма. 

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

ҚР ҰҒА академигі,

филология ғылымдарының докторы, профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<