Этюд

744

0

«О-о-о, Туған жер, нажағайлы бұлттарың – тауларыңның көкпары…»

Тыныштықбек Әбдікәкімов

Жетегінде жегі бұлт, самал керім,

Тыншытар ма көңілді алаң небір?!.

Қараша ауыл басынан бұлт ауады,

Бұлттай көшер соңынан санам менің.

Еске түссе балаң шақ, балғын дәурен:

Ертегі айтқан анашым, алдында – мен.

«Жауынды күн аспаннан нұр жауады», –

дегенді естіп, отырам жаңбырда әрең.

Нұр қалқымақ ниетте, жайды ұстамақ,

Жүгіремін, содан соң «қай тұсталап».

Жалаңаяқ қыр кезіп ентігемін,

Жаңбыр жуған жүзімнен жалқын тарап.

Көрген адам киір ме, қоштар ма еді?

Айтары бар бәрінің қосқан мені:

«Боранды күн құтырар ит пен бала.

Болмашыға немене тасқан енді.

Бұл баланың әдеті қала ма екен,

Жаңбыр жауса, жүгірер алабөтен», –

деп күбірлер көрші қарт жарты дауыс

өз-өзінен айтатын шағымды әрең.

Есітсем де жөн-жөнсіз қаралай тым.

Шырмауы бір шешілмей шалағай күн.

Түсімде де көремін нұрды жауған,

Алақаным тиетін соған айқын.

Көрген нұрға бәрін де сендірмекке,

Сендірмекке, әлемді көндірмекке. 

Құлшынамын, келер күн қуана айтып

Жақсылықты, мейірді енді көпке.

Содан бері таусылып жиі тағат,

Уақыт өтті қаншама Ие қалап.

Арман қуып ауылдан алыс кеттім

Көрші қарт та кеткен-ді түйе қарап.

Бақыт қонған құт қоныс – көп тұрағы,

Туған ауыл, балалық өтті тағы.

Жөңкіген жалбыр бұлтты көрген сайын,

Жалаңаяқ жүгіргім кеп тұрады.

Ақтілек БІТІМБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<