Қаламы жүрдек жазушы

184

0

Жазушы Қуандық Түменбай өзінің прозалық шығармаларына көбіне қазіргі күннің оқиғаларын арқау етеді. Тарихты қопарып, қиыннан қиыстыруға аса әуес емес. Әлдеқандай бір идея айту үшін болмағанды болды қылуға әдеттенбеген. Кез келген шығармасынан әркімге жете таныс оқиғалар жандана өріліп көз алдыңа көлбеп келеді. Тыңнан тақырып іздеп тыраштану оның табиғатында жат. Тақырып деген, оқиға деген өзін қоршаған ортада жетіп артылады. Бәрі де жазуға тұрарлық жайттар. Жазушының оны тез тани қоятын қаламгерлік көзқарасы ұшқыр.

Шығармаларына арқау болған оқиғалардың дені өзі туып-өскен, өзі оқып, білім алған ортадан өрістейді. Кейіпкерлері де солай. Алыстан арбалап, қиялдан құрастырып жазатын жазушы емес. Өзі туып-өскен Шиелі ауданы, Ыбырай Жақаев ауылы (1997 жылға дейін «Қызыл ту») мен жоғары білім алған, кейінгі өмірі өтіп келе жатқан Алматы қаласы жазушы шығармаларындағы жағрафиялық мекендер.

Қай туындысынан да жәбірленген ұлттың мұңы аңғарылып тұрады. Оқырманын сол арқылы қайрайды. Отаншылдыққа, мемлекетшілдікке үндейді. Діттеген ойлары кейіпкер аузымен айтылады. Оқыған кісі оның жазу мәнерінің де өзіне ғана тән екенін аңғарармай қалмайды. Демек бұл да оның өзіндік бір ерекшелігі. Прозаның қалыптасып қалған классикалық шарттарына кейде бағына да бермейді. Сонысымен де ол өзінің соқпағын салуға ұмтылғандай әсер қалдырады. Осы жолда қаламын еркін сілтеп, түрлі мәнерге де салып көргені аңғарылады.

Кейіпкерлері де қарапайым адамдар. Кейде олар аңқылдап отырып, қоғамның кемшілігін бетің бар, жүзің бар демей, лақ еткізіп айтып, сынап тастайды. Кейбір кейіпкерлерінен жиынтық образды көресің. Қайсыбір кейіпкері өзіңнің өмірде бар танысың болып шығатыны қызық.

Мәселен, «Кітап қалашығындағы оқиға» әңгімесіндегі Жапардың бейнесінен Қайырбек атты өз сыныптасымды көргендей болам. Қайырбек мектеп бітірген соң оқу іздемей, қой бағып кеткен кітапқұмар жігіт. Әне бір жылы ауылға барғанымда сол сыныптасыма ұшырасып қалғаным бар. Сонда ол көрші ауылдың қойшысы боп жүргенін, өріске шыққанда жайылған қойдың соңынан салпақтап ере бермей, бұтаның көлеңкесінде отырып алып кітап оқитынын айтқан еді. Сол ауылдың кітапханасында бар прозалық кітаптарды түгелге жуық оқып тауысыпты. Қазақ қаламгерлерінің кейбірін мақтап, кейбірін тіпті аяусыз сынағаны қызық. Онжылдық мектептің өзін «үштікпен» зорға бітірген қойшының мүйіздері қарағайдай-қарағайдай жазушылардың роман-повестерінің кемшілігін дөп басып, дұрыс сынауы мені қайран қалдырды.

«Кітап қалашығындағы оқиға» әңгімесінің бас кейіпкері Жапар техникум бітірсе де мамандығына сай жұмыс таппай, көше сыпырушы болып, жан бағып жүрген жан. Әйтсе де оқымағаны жоқ. Кітапқұмар. Сондықтан көшені бірге сыпыратындардың оған қойған аты – «Оқыған азамат». Осы оқыған азаматтың аузымен қазақ, орыс, шетел жазушыларының аты-жөндері, шығармаларының атаулары аталады. Сол шығармалардағы ұмытылмас ұтымды сәттерді жанында жүрген істес-жұмыстастарына аузы жабылмай әңгімелеуден шаршамайды. «Кітап қалашығы» атты кітап дүкеніндегі қызметкер қызбен танысып, ғашық боп қалғанда Шал ақынның «Кеудең – ана, бөксең қыз, зайыбым-ай!» деген өлең жолы ойына сап ете қалады. Одан әрі Ақан серінің «Сенің мынау кеудеңе, шыбын қонса да қызғанам» деген сөзі есіне түседі.

Марина атты сол қызға:

…Әйел болдың амал жоқ,

Егер де еркек болғанда,

Болар ең тұтқа бір жұртқа, – деген Қобыландының сөзін айтқысы кеп кетеді. Бұдан оның көкейіне тоқып оқитын құймақұлақ оқушы екенін танисың. Ақыр аяғы қалың кітап арасында жүрсе де, ол қыздың кітап бетін ашпайтынын білгенде «Бұлар кейіпкерлермен сырласа алмайды», – деп, өкпелеп қалады. Әңгіменің де айтары осы. Кейіпкердің кейіпкерге айтқаны, жазушының кітап оқудан қала бастаған қазаққа ескерткені деп ұғамыз. Осы әңгіме оқушыны кітапқұмарлыққа құлшындырады. Жапардың көше сыпырушы болса да, рухани бай жігіт екенін ойлағанда қолына кітап алмайтындарды шын мүсіркейсің.

Кітапқа байланысты тағы бір әңгіме – «Әлем әдебиетімен қоштасу». Бар болғаны кітаптың жеті бетіне сыйып кеткен шап-шағын әңгіменің оқи­ғасы шымыр. Айтылмақ ой – жебірей мен қазақтың кітапқа деген көзқарасының қандай екендігі.

Аупарткомның бірінші хатшысы Омардың мамандығы мал дәрігері болғандықтан ба, әйтеуір көркем әдебиетке шорқақ. Алқалы жиындарда әдебиет жайлы сөз қозғалса, аудандағы бірінші кісі болса да іштен тынып, көсемдігін көрсете алмай, үнсіз қалуға мәжбүр.

Содан ол намыстанып, Алматыда тұратын ака­демик танысының мысқылынан соң «Всемирка» – «Библиотека всемирной ли­тературы» сериясымен шыққан 200 том кітапты бір жебірейден мың сомға сатып алады. Жебірейдің әйелі екеуі «Всемирка­мен» жылап қоштасатын тұсы шынайы суреттелген.

Ал барлығын қосқанда 163 келі тартатын 200 томды пойызға салып, үйіне тасып алған Омар қайтеді? 200 кітаптың бетін де ашпайды. Онымен қоймай, жалғыз ұлының Желтоқсан көтерілісіне қатысып, жеті жылға сотталып кеткенін, сол үшін қызметінен айырылғанын осы 200 том кітаптан көреді. «Еврейлер бар бәле-жаласын бізге тастап кетті-ау», – деген ойдан арыла алмайды. Сөйтіп оны сатып, құтылғанша асығады.

«Всемирка» өз уағында айтулы оқиға болған. Оқырман оған алдын ала жазылумен ғана қол жеткізе алыпты. Екі рет 300 мың данамен басылып шыққан осы топтаманы алдын ала тапсырыс беріп сатып алған қазақ көп. Енді сол «кітапқұмар» қазақтың ұрпағы өзіміздің қазынамыз – жүз томдық «Бабалар сөзі» қазақ ауыз әдебиеті жинағын немесе Күлтегін, Тоныкөк, Қорқыт ата жырларынан басталатын он томдық «Жыр маржаны» қазақ поэзиясының антологиясы мен «Ежелгі дәуір антологиясы» исламға дейінгі әдеби жәдігерлерін қастерлеп, үйінің төріне қояр ма екен десеңізші.

Осы әңгіме тағы бір таныс ағамызды еске түсіріп жіберді. Ол көп жыл Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының күріш егетін шаруашылықтарында деректір болған Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспанов. Ұзекең Омар сияқты емес, күріш егетін совхоздың деректірі болса да әдебиетке жетік еді. Өлең де жазатын. Онысы  бірнеше кітап болып басылып та шықты. Кез келген ұжым басқарушысы Ұзекең сынды көркем әдебиетке жетік болып, қарамағындағы кісілерді еңбекке құлшындыра алатын шешен болса, табысы да тасқындай түсетіні анық. Ал шешендік бастауы кітапта.

Еркек пен әйелдің жұп құрып, бірге өмір сүруі тіршіліктің мәні. Оның кілті адамды адамның құлай сүю сезімінде. Қаламгер Қуандық Түменбайдың махаббат тақырыбы мен еркек пен әйел арасындағы сарқылмас сырлар жайында жазған әңгімелері де баршылық. Солардың ішінде сәтті шыққаны – «Еркекті аңсау». «Еркекті аңсау» құрғақ баяндаудан ада, көз алдыңа нақты көріністі әкелетін артық-кемі жоқ жұп-жұмыр әңгіме. Нақты көрініс – әлдекімді күтіп жүретін екі әйел. Екеуі де елудің о жақ, бұ жағында. Екеуі де жиырма жылдай бұрын қуатты бір еркектің ыстық құшағына тұншығып, тәтті ләззатын татып көрген. Онда да жалғыз мәрте. Сол сезімді еш ұмыта алмайды. Әр күн сайын талмап қойып, әлгі еркекті тым болмаса сыртынан бір көруге ынтық. Кеңсесін алыстан аңдып жүретіні содан. Бір-бірімен сөйтіп жүріп танысады. Біреуінің білместікпен сырын ашып қоятыны, екіншісінің содан іші өрт болып, қызғанатыны әсерлі. Бірінің ақсақтығы, екіншісінің шолақтығы әңгіме мазмұнын күрделендіре түседі. Кәріп жандардың махаббат сезімі диалогтар арқылы оқырманды өзіне баурайды. «Біз, бас­қалардай емес, өмірдің анда-санда бір кездесетін қызығынан өліп қана айырылғымыз келеді. Бас­қалардай емес, ләззатты сәтті де ұзаққа созамыз, сосын бар жан-тәнімізбен берілеміз. Ол біз үшін қайтып келмейтін сәт» дейді Марина есімдісі.

Бұл екеуінің кім екені, кімді күтіп жүргені екеуінің өзара диалогы арқылы жақсы ашылады. Сөз саптастарынан мінездері дараланады. Өзара әңгімелері иланымды, одан екі әйелдің шынайы сезімдерін де, ыстық құмарлықтарын да, үзілмес үміттерін де, қоңыртөбел қанағаттарын да, ақыр аяғында әйелдік төзімділігі мен тайғанақ тағдырларын да аңғарамыз. Қыздың жолы жіңішке. Оның үстіне құдай қылған кемтарлық бақытқа барар жолын тұйықтап тастаған. Шағын әңгіменің көтерген жүгі салмақты.

Махаббат деген ғажайып сезім адамды өмір сүруге құлшындырып, кейін кеткен қадамын алға сүйрелеп, әлдеқашан үзілген үмітін қайта-қайта жалғай береді. Алайда осы үмітінің өзі көзсіз екенін екі әйел де мойындағысы жоқ. Жиырма жылдай бұрын кездескен еркек қазір бұларды тіпті танымайтын да. Есімдері де есінде қалмағаны анық. Иә екі әйел о жағын жақсы біледі. Біле тұра өздерін өздері алдаусыратып бағады. Өксіген өмірін осылай бір жұбатып әуре.

Осы әйелдердің сезіміне ұқсас сезімді мен бір қыздан байқағаным бар. Он тоғыз-жиырмалардағы жас қыз еді. Институтта бірге оқыдық. Сол қыз қырық жастағы ұстазымызға сыртынан ғашық боп қалса болар ма. Қайдан біліп алғанын қайдам, күн сайын оқытушы ағай тұратын бес қабатты үлкен үй жаққа барып, сол маңайды торауылдап қайтатын әдет тауыпты. Сол әдетінен ләззат ала ма, немене. Демек жазушының мына әйелдерінің де әрекеті шындыққа сай. Өмірде қилы-қилы адамдар кездеседі. Осынау қилы-қилы адамдарды жазушының өзге әңгімелерінен де ұшыратамыз. «Қырықтағы қыз», «Алаңдағы айқай», «Жапон құданың қалауы», «Хибаксуя», «Жұмыртқа жарған келіншек», «Әйел», «Бітеу дүние», «Бір елде», «Өмір», «Философия», «Адам», «Қобыздың мұңы», «Алматыда болған аңыз», «Мұражайдағы мұң», «Дойбы ойнаған екі әйел», «Адамның тууы», «Атуға бұйырылған адам», «Саябақтағы классикалық әуен», «Қырмандағы қара торғай»  және т.б. шығармаларында мінезі алуан-алуан кісілерді көреміз.

Жазушы қазақтың ежелгі дүниетанымдық түсініктердің ел-жұрттың санасынан өшірілмей, жадында қалып қойғанын кейіпкер сөзімен тағы бір еске салып, жаңғырта кетуді ұмытпайды. Мәселен «Төрт амал тіршілік» ыйқаятында «…ар­қасы ұстаған бақсыдай» деген сөйлем бар. Иә расында бақсының арқасы ұстайды. Мәселенің мәнісіне бойламағандар «жыны ұстаған бақсыдай» дер еді. «Жын» арап сөзі, түркі дүниесіне исламмен бірге кейін келген ұғым. Бақсы (дұрысы бақшы – Н.С.) исламнан әлдеқайда бұрын болған, ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның сөзімен айтсақ, Тәңірінің елшісі. 

Осы ыйқаятында Саттар атты қарт кісі: «Күн бейсенбі. Аруақтар келетін күн!» – дейді. «Ішкен-жегеніміздің бәрі аруаққа тие берсін», – депті тағы «Оқ» атты ыйқаятында. Жазушының меңзегені ежелгі бабаларымыздың дүниетанымы. Түпкі мәнін жадынан шығарып алса да, түйсігінде қалған осы сөз әр қа­зақ­тың жүрегіне жақын. Бейсенбі күні май­дың иісін шы­ғарып, аруақтарға арнап жеті күлше пісіреді. Ыстық майға қуы­рылған жеті күлше іле жеті үйге таратылады. Күлшені алған кісі: «Тәңірі тілеуіңді берсін!» деп, тілек айтады.

Жаны көк төріне самғап кеткен жақыны болса, қырық күндігіне дейін әр бейсенбі сайын еске алып, бейшенбілік жасайды. Оны «бейсенбілік» демей, әлдебір түйсікпен «бейшенбілік» деуіміз тарихының тым әріде екенін мегзейді. Ежелгі бабаларымыз «кісі» емес, «кіші», «бес» емес, «беш» деген. Бейшенбілік те содан қалған сілем, өтешағы тым әріде. Кейбір түркі жұртында әлі күнге дейін – бейшембі. Негізі бұл күннің одан да байырғы атауы – «Тәңірі күні». Бұл атауды кейін орныққан бейшембі сөзі ығыстырған. Қазақтың ежелгі түсінігі солай. Қазақ ежелгі бабаларының осы түсінігін ұмытпай құрметтейді, қадірлейді және бұлжытпай орындайды. Ежелгі түркі жұрты қазіргі біз сияқты аптаның бесінші күнін емес, осылайша аптаның төртінші күнін қастер тұтқан. Төртінші күн – аптаның кіндігі, алды-арты тең. Тепе-теңдік Тәңірінің тәртібі. Тәңірі ұғымынан бірнешелеген сөз туындайды. Соның бірі – «тең» сөзі. Біз Тәңірі деп қалыптастырғанбыз. Әйтпесе Күл­тегін тас жазба ескерткішінде – Теңр         тү­рін­де жа­зылған. «Тие берсін» жоралғысының өтешағы (тарихы) жыл санауымыздан да бұрынғы дәуір­лерде жатыр. Бұның бәрі дүние туралы ежелгі бабалар түсінігінің құрметі үшін жасалады.

«Философия» әңгімесінде: «…топырақтан тұмар ілді» деген сөйлем бар. Топырақ дегеніміз Тәңіріне аттанған ата-бабалардың аруағы. Яғни адам өлген соң топыраққа айналмақ. «Тәңірі кіші оғлының сүйегін қамыстан, денесін балшықтан жаратты» деген өте ежелгі сақ, ғұн дәуірінен қалған аңыз бар. Бұл «Алла сендерді топырақтан жаратты» деген Құраннан да бұрынғы түсінік. Біз – тірілер қайтыс болған жақынымызға бір уыс топырақ салуды міндет санаймыз. Бұл қайтқан кісіні ата-бабалар аруағымен табыстыру жоралғысы. Тағы да Күлтегін тасында «Өд теңрі йашар. Кіші оғлы қоп өлгелі төрүміш» – «Тағдырды Тәңірі жасар, кіші баласы түгел өлгелі жаратылған», – деп жазылған. Жерді (топырақты) қадірлеу, жерді сатпау осыдан кеп шығады. Ежелгі бабаларымыз жорыққа аттанғанда мойнындағы тұмарына туған жердің бір шөкім топырағын түйіп алатын болған. Мерт боп, жат жерде қалған жағдайда бабалар аруағымен оңай табысу үшін. Кейін ғой тұмардың ішіне жазу жазылған қағаз салып қоятын жат әдеттің жабысқаны.

Алматыда тұратын қазақтың көпшілігі-ақ ауылдан келгендер. Олардың ішінде біз де бармыз. Кей-кейде балалық шағымыз өткен қияндағы ауылымызды сағынамыз. Аңсаймыз. Реті келсе сонда тартып кеткіміз келеді. Жазушы да солай. Ол сомдаған кейіпкерлерінің бірқатары ауылдан қалаға қоныс аударғандар. «Төрт амал тіршілік» ыйқаятындағы Саттар, «Үпелек» әңгімесіндегі Оқап осы топтың адамдары. Ал енді бұлардың туған топыраққа деген сағыныштары сұмдық. Алматыға біржола көшіп келген соң үш ай өткенде ауылына барған Саттар мен орыс қатын алғалы туған жерге табаны тимеген, тек әйелі өліп, өзі жетпістің жалына жармасқанда ғана елге жеткен Оқаптың туған жердің әрбір бұтасы мен әрбір тасына есі кетіп, елжірей қарауын шебер суретте­ген. Бәрі де өз басынан өткен жағдай ғой. Осы та­қырыпты толғаған әңгімелерінде қалалық болған ауыл адамының психологиялық хал-ахуалына мән береді. Ауыл мен қаланы теңестіру деген бұрынғы идеяның бос сөз екенін оқушы санасына оқиғалар арқылы жеткізуі иланымды. Ыйқаяттың түйінін атауы айтып тұр. Тәңірі адамнан адамды айырады, адамды адамға қосады. Адамды адамнан бөледі, адамды адаммен көбейтеді. Осы төрт амалдың мәңгілік қайталанып келіп отыруын жүрім (өмір) дейміз. «Қосу, алу, бөлу, көбейтусіз өмір жоқ». «Төрт амалымыз түгел болса көштен қалмаймыз» дейді «Төрт амал тіршілік» ыйқаятындағы математик ғалым Жапал.

Қаламгер Қуандық Түменбайдың жиыр­машақты том болатын шығармалар жинағын оқу барысында осынау өмірдің дүрс-дүрс еткен жүрек соғысын сезініп отырасың.

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,

жазушы,

республикалық «Таң-Шолпан»

әдеби-көркем,

көпшілік журналының бас редакторы

ҚАРА СЫРНАЙ

Көріп пе едің қазақтың даласын ай,

Басқан бәрін бауырына баласындай,

Домбырам жалғызсырап

жүрмесін деп,

Қасына қосылыпты қара сырнай.

Қара сырнай?!

Айтыңдар егесі кім?

Ашқан кім сырлы сазға тор есігін.

Қара сырнай кей-кейде сыңсиды екен,

Сағынып саусақ ізін егесінің.

Сырлы саз жүрегіңе жетеді ме?

Біреу жүр жын-шайтанның  жетегінде.

Нартайдың аруағы жетпей тұр-ау,

Домбыра мен сырнайым екеуіне.

Қашаннан қас өнерім ортаймаған,

Бойыңда буынды би, балқаймақ ән.

Үкілі домбырама үрдей қылып,

Сырнайдай сұлу ерткен Нартай бабам.

Ақырын аруағының арыстаны,

Өнердің ерен туын сан ұстады.

Жүрегімде жаңғырып жүр әлі де

Мәскеуді дүр сілкінткен дауыстары.

Сахнада сән құрып өзге жерде,

Көктем келіп қонатын көздеріне.

Сиқырлы саз, жататын сырлы жұмбақ

Айтыстағы алапат сөздеріңде.

Сырнай тілі баурайтын сыртқа шығып,

Бусанатын бауырына бұлт та суық.

Бірде дауыл, ал бірде жауындатқан,

Нарекеңе қарайтын жұрт табынып.

Жыр шыға ма жүректен жан қысылмай,

Шалт қайырған мұртының

шалғысын-ай.

Бұрылмайды өлеңнен өзгеге енді,

Шырылдайды тіршілік – таң құсындай.

Арғы атаның тарихын жаттатады,

Бергі буын ғұмырын аттатады.

Кейде жүзі жігіт боп бал-бұл жанып,

Кейде шал боп береді ақ батаны.

Көкірегіне өрдің де талап қонып,

Отыратын бәріне жауап беріп.

Қанатына ұқсайтын қара сырнай,

Көрген кезде кетуші еді шанақ болып.

Ән қандай,

Көмей қандай,

Сырнай қандай!

Бусанып бар тіршілік бүр жарғандай.

Барлығын бір адамға бере салған

Болады кейде мырза бұл жалған бай.

Мен көрмей өссем-дағы Нарекемді,

Осылай елестеп ән-әкемді

Ән мен күй,

Талап пен бақ мекеніне

Жүрекке сіңіп қалған жол әкелді.

Көктем мен жазы, қысы, күз есінде

Екеуден-екеу қалған түз есінде.

Көрдіңдер ме мәңгілік ажырамай

Қара сырнай қоныпты тізесіне.

Қара сырнай,

Нарекеңнің бауырына баласындай.

Екеуінің жарасқан жұбы ғажап

Басынан бақ астынан тақ асырмай.

Екеуден-екеу қалып ой кешеді,

Екеуден-екеу қалып сөйлеседі.

Ел кешегі есіне түсе ме екен

Түсе ме екен думанды той кешегі?

Айналған аруақты елдің қымбатына,

Ән мен саздың тозбайтын дүр затына.

Табиғат туыстырған қасиеттім

Табынам екеуіңнің сымбатыңа.

Малынам маңындағы жырға тұма!

Оразәлі БАЙДІЛДА