Құдай қосқан (әңгіме)

420

0

Сурет ашық дереккөзден

Дария жағасы. Айнала шүйгінді аумақ. Өзен буған көктемде толып, күзде біразы тартылатын көлдер. Жағалауда малшы ауылы. Қатар тігілген бес-алты жұпынылау қараша үй. Қыр бетте қарақұрым жыңғыл. Қозыкөш жерден соң басталатын ала шабыр. Жыңғыл арагідік, жаппай майда шырпылы сексеуіл. Тағы ілгерілегесін алаңсыз сексеуіл. Адам ізі түспегендей қалың, бұталар жуандығы тал қалыңдығымен бәске түскендей, биіктігі құлаш жарымнан асатын ала-сұр, арасынан мал мен жан өте алмайтын жиі, тығыз өскен діңі қатты өсімдік. Қыста шаруалар біраз күн көрінбеген бойдақ малын іздегенде осы қалың, жапырақтары шала түскен майда бұтақтары ат құйрығынан аумай қалған сексеуіл арасынан табады. Айнала қалың қар, сексеуіл асты малдың оты, жер бетінде жылдар бойы түсіп, тапталып қалған, жатқан малға жылы, қураған шөп қабаты, биік, жиі бұта арасы қораға бергісіз ық. Содан болар жайылымнан келмей қалған мал екі-үш күн жатады осында, отын оттап, шөлдегенде қар жалап.

Қай жыл мезгілі болмасын өзінше мәнді, сәнді ғой. Әйткенмен, жаймашуақ жаздың орны ерек. Әсіресе, соғыс аяқталғанынан екі-үш жыл ғана өткен осы күндері. Елде қайбір жетіскен ахуал? Жұрт жағдайы мәлім. Киім жамаулы. Аяқта шұлық пен кебіс, қыста көбінесе керзі етік, жылыда біреулерінде брезент туфли көрініп қалар. Балалар киетіні қара сәтен шалбар, үстінде ол да аналары тігіп берген шәтләңке көйлек. Тойып тамақ ішу күнде емес. Көлтабанға қауын, қарбыз салады. Ұйымдасып тары себеді, жүгері өсіреді. Бидай баптауға дағдыланбаған. Күріш күтеді суы тілек жерде. Онымен күрмек бірге жүреді екен. Сөйтіп, сәл қышқыл, бірақ тәтті, қоңыр күрмек наны да жатады дастарқанда аппақ жүгері күлшесімен бірге. Бидай сары наны анда-санда.

Ауыл үлкені Қайырбек. Сәдібек екеуі совхоздың жүз шақты ірі қара малының қараушылары, иелері. Қалған үш-төрт үй соларды қара тұтып, жайлауда отыр. Қыс-қыстауы да бірге. Ол көш жерде. Темір пешті қақыра үйлер. Пешке бұталған жыңғыл толтырады. Үй іші аласа, от гүрілдеп жанысымен әп-сәтте-ақ жылып сала береді суықта. Жыңғылды балалар шауып, дестелеп жинап, жіппен байлап, ауыл шетінен арқалап, болмаса есекке артып әкеледі.

Балалар қозы-лақ пен бұзауға қарайды, жиде мәуесін тереді, қармақ салады. Көл мен өзекте торта мен қызылқанат мол. Жаңа ұсталған балықты тазалап, табаға салып, астына шоқ, үстіне от жағып пісіргенде дәмі бөлек. Мәуе тамыз ортасында піседі қоңыр-көк болып, үлкендері қойдың құмалағындай. Жаз ортасында жетілетін шырмауық собығының дәмі де тәтті. Бір жағы сүт татиды ма, қалай? Бұзау қуып, қозы-лақ аңдыған балалар собықты аршып жеп, қарнын көншітеді. Төбешікті құмшауытта өсетін кәренейді қазады. Оның тамыры саусақ қалыңдығына жете қаба, ұзындығы қарыстай, дәмі де келісті. Тәттінің қасында ащысы жүреді дегендей кәреней маңында қаптаған жабайы жуа. Кәренейге тойған бала жуа сабағымен қоса шынашақ басындай түбін де тазалап, ашшылайды. Жарытып киім кимейтін сол бала күз салқынына шыдамды, тұмауға төзімді. Болмаса сол кездегі тұмау қауқары нашар әлде бұл құмда өскен кәреней, жуа және шырмауық собығының күші ме екен?

Қайырбек әйелі Ырысжан екеуі мал жайлап жүр. Үйде бесіктегі нәресте, үйелмелі-сүйелмелі екі апасы, біреуі алтыда, екіншісі үште. Олар жас балаға жөнді қарай алсын ба, көрші үйден Әділбектің жылаған дауысы келді Күнімжан құлағына. Сол мезетте ол кішкентайын емізіп отыр еді. Аяп кетті. Өз балапаны тойып, маужырап ұйқыға бет ала бастады. Баппен үрпін аузынан суырып, бесік жапқышын аударды. Көрші үйге бет алды. Бала жылауын үдетіпті. Аузына емшегін салып еді, кенедей жабысып, суырып барады. Екпіні қатты. Мынауың жігерлі, мықты азамат болатын түрі бар ғой деп ойлады Күнімжан. Бала қоятын емес. Мейірлене екінші емшегін салды аузына. Оны да тауыса, тояттағаны болар және алдында біраз жылап шаршағаны бар, бұл да бірден ұйқыға ойысты. Күнімжан үйіне келді. Бұдан кейін де нәрестені емізгені есінде. Сол баланы емізгісі келіп тұрады.

Әділбек қазір үш жасар. Мысығымен киіз үй көлеңкесінде ойнап жүр. Ол алдына түсті. Бұл ере берді. Басын көтеріп еді, әріректен оның ала құйрығы бұлаң етті. Жүгіруге айналды. Бірақ, жеткізер емес. Мүлде көрінбей кетті. Бала да тоқтамады. Үйден шығып кеткеніне бие сауым уақыт болыпты. Күн зауалы ауса да шілде болған соң әлі қапырық. Бала қара тер боп дария жағасындағы жалғыз аяқ жолмен келеді. Өзен суы алаңсыз мол, қарқыны да қатты, лайлы толқыны иірімденіп, бұлқына сырылдайды. Жағалаудың тік жары екпінді ағысқа төтеп бере алмай шолп-шолп етіп суға қопарылып түсіп жатқаны.

Мысығын тауып алатынына сенімді. Алайда оны қорқыныш орай бастады жан жоқ далада. Сол-ақ екен, дәл алдында сұр-ала мысығы жатыр көлеңкеде көлденеңдеп. Қорқыныш ойысып қуанышқа ауыса бастады. Күндегі әдетімен қолын жылдам соза түсті. Қолы тиер-тиместе мысығы шар етіп қарғи зыта жөнелді. Мұның алақанында тырнағының ізі қалды. Қан тамшылаған саусағының ауырғандығынан емес, бұрын-соңды естімеген ала бөтен қатқыл дыбыстан шошып, бала қарсы жақты бетке ала зытты. Сол сәтте күмп еткен дыбыс та жетті. Ол оны қайдан түсінсін? Мәлін еді дарияға сүңгіген. Су бетіне көріне үстіне құлап келе жатқан жарды көрді. Қайта сүңгіді. Пісуі жеткен жар бөлігі мәлін салмағын көтере алмай құлағаны сол еді. Қас-қағым сәтте шамасы түйе аумағына орайлас жар бөлігі жағамен жігі ашылып, бір-екі борыққа ғана ілініп тұрған. Жаңа мәліннің Әділбектен үркіп шығысқа ұмтылған кез сонымен дәл кепті. Шықпа жаным шықпа деп үзілмекші болып тұрған борық мәлін екпініне төтеп бере алмады. Жыртқыш қайта су бетінен көрініп жағалауға жармасып, шетте өскен талдың сойдиып ашылып қалған тамырларына тырнағын батырып лезде жағалауға ытқып шықты. Мұның жаңа дария жаққа баладан қашып атылуы еді. Егер сол сәтте мәлін сырт жақтағы қалың құрақ ішіне ұмтылғанда бала қайда қашар еді?! Әлде мәлін дарияны бетке ұстап жатқан болды ма? Сол маңда жалаңаяқ жол дария ернеуінен бір-екі-ақ адым. Жер-жерден астын кеулеп, үңгіген қарқынды ағыстан суға күмп-күмп құлап жатқан жар топырағы қаншама? Шалт басқан бала аяғы салмағы түгіл, абайсызда қонған құс екпінінен омырылып суға құлаған жардың қатерлі кезеңі еді.

Ырысжан мал жайлап болып үйге кірді. Үйде біреуі тоғыз жасар, екіншісі алтыдағы екі қызы. Кенжесі Әділбек көрінбеді. Жылдам көрші үйлерге кіріп шықты. Бала жоқ. Жүрегі зу ете қалды! Апыл-тапыл калошының сіресін басып Күнімжанға да жетті. Ұлын сұрады. Ол да көрмепті. Көлеңкеде отырған кемпір мана мысығымен ойнап дария жаққа беттегенін айтты. Ырысжан одан сайын зәресі кетіп, зар иледі. Алла сақтай гөр балапанымды деп жалбарынды. Күнімжан екеуі дария жаққа жүгіріп келеді. Жағалаудағы жалғызаяқ жолға да түсті. Сәлден соң алдарынан бірдеңе қарауытты. Жақындай келе олар Әділбекті таныды. «Жаным» деп Ырысжан оны құшақтай көтеріп алды. Бала қара тер. Қолы қан. Түтігіп кеткен. Күндегі әдетіне басып, бірден ана омырауына жармасты. Ол да тартынған жоқ. Қайтсін, кенжесі ғой, осы күнге дейін емізеді. Жандарынан бір-екі адым жерде толқынды сырылмен ағып жатқан дарияның қарқынды екпіні сезіледі. «Оу, Жаратушы Ием, қарғама ұзақ өмір бере гөр, өмір жолын бақытты ете гөр» деп жалбарынып келеді баласын көтеріп Ырысжан. «Менің де тілегім сол Алладан» деп қосарланды Күнімжан.

Сансызбайдың он бір жасар ұлы кешқұрым бес-алты қой-ешкісін дария жағасында жайып жүр. Бір заматта тым-тырыс оттап жатқан малдың опыр-топыр жағалаудан үркіп зытқанын көрді. Шырмауық собығын жеп отырған орнынан жылдам тұрып жағалауға жақындады. Сөйтсе жар опырылыпты, сонымен бірге қой да құлапты дарияға. Анау жерде басы бір көрініп, бірде батып барады. Бала оған көзі жеткенше қарап тұрды. Еңсесі түсіп, малын айдап үйіне келді. Болған істі әкесі естіді. Ашуға мінді. Баланы шыбық астына алды. Ол өкіріп, бақырып жүр. Мұны Ырысжан естіді. Жаны тітіркенді. Мүсәпір баланы аяп кетті. Жүгіріп жетті. Сансызбайдың қолына жармасты.

– Бұл не сұмдық, екі кештің арасында? Қаршадай баланың не жазығы бар, сонша оны шырылдататындай? – деп, зекіді Ырысжан.

– Жазығы қойды суға кетіргені! – деп жауап қайырды Сансызбай.

– Сонда саған бір қой қымбат па, жоқ бала қымбат па?

– Енді қайтейін, сол қой ертең осылардың аузына түсу керек еді!

– Ешнәрсе етпейді, ел-жұрт аман болсын. Алла бұйыртқан күнімізді бірге көреміз, – деп Ырысжан оны тоқтатты.

Осыны байқап отырған, бәрін көргіш, білгіш, сезгіш көрші пысық қара кемпір: «Мына Ырысжанның жүрегі қандай мейірімді, жұмсақ еді-ә? Өзгенің баласын құдды өзінікіндей мүсіркегенін қарашы!» деп, ризашылықпен таңғалды.

Көршілерде бір сиыр, төрт-бес уақ мал ғана. Әрине, бұл олардың күнкөрісіне жетпейді. Содан олар совхоз малынан жаз бойы бір-екі сиыр сауады, оған қоса ешкі мен қой желінін де тартады. Содан болар айран бар, сары май да дастарқанда тұрады күнде болмаса да. Құрт пен ірімшік те жоқ емес.

Мал ішінен жылына он-он бес бас сиыр ғана бұзаулайды. Соны Қайырбек пен Сәдібек бірге отырған көршілерге сауынға береді. Кім білген, олардың да өзара келіспей қалатындары бар. Айтуынша, біреуіне Қайырбек сүттісін беріпті-мыс, екіншісіне жасамыс мосқал сиырды бөліпті. Сөйтіп, осы шағын ауыл ішінде анда-санда мұндай кикілжің әңгімелер туындап қалатын.

Кейде кісіден балалық мінез де көрініп қалады. Балада теріс пиғыл жоқ қой. Ойына не келсе соны айтады. Бұл да сондай болғанға ұқсайды. «Анаған сиыр, маған қашар берді, бізді сыйламағаны ғой Қайырбектің, шамасы» деді Сансызбай, үйінде шай ұрттап отырып. «Қойшы, қай-қайдағыны шығармай, бұйырғаны сол да!» деді әйелі келіспеген сыңаймен. «Құдайы көршіміз, бірге жайлауда отырмыз бірімізге біріміз пана болып, ешкім саған сауын сиыр беруге міндетті емес қой! Соны неге түсінбейсің сен?! Қайта, бергеніне разы болмайсың ба, сен бейбақ!» деп, реніш білдірді әйелі. Ол тоқтайтын емес. «Мен де оған өзге жұрт сияқты кез келген көмегімді аяп қалдым ба? Ендеше, мені неге кем тұтады бұл?» деп қоятын емес.

Дегенмен, Қайырбек оларға басу айтып, ұғындырып, ортақ мәмілеге келтіріп, қажет кезінде сол үйлер иелерін ортақ іске жұмылдырып та отыратын. Сондай әңгімелерден кейін шыққан шатақты басқан Қайырбектің тапқырлығы мен ымырашылдығын байқаған Күнімжан кешке үйінде шай ішіп отырып Сәдібекке былай деді: «Осы қайнағаның мұндай ірілік пен білгірлік көрсетуі жалғыз бұл емес. Мен таңғаламын! Шатаққа ұрынбай, байсалдылықпен барлық мәселені шешу жолдарын бұл кісі қайдан біледі осы?!..»

Кеше перме бастығы келіп кеткен. Отыздардан асқан, соғысқа қатысқан азамат екен. Қайырбекпен сөзге келіп қалды. Келісе алмағандары – малдың жаз жайлауы. Ол осы маңнан үш күндік жерге көшіңдер деп қинады. Қайырбек бұған қарсылық көрсетті. Сәдібек үндемей қалды. Алайда ол да іштей Қайырбек жағында болатын. Бастық мысы басты ма, шатаққа ұрынбай жымы ішінде. Қырға шығыңдар деп зорлағаны Сырдың жаздыкүнгі сона-шыбынынан қорғанғаны екен. Алайда бұған Қайырбек қарсы уәж айтып тоқтатты. «Осы Сыр бойында қаншама ел ірі тұяғы мен қой-ешкісін қолында ұстап күн көріп отыр. Түйе малы болса осы шешіміңе көнер едім, біздің алдымызда сиыр, оған сонаның анау айтқан залалы жоқ, одан қорғана да біледі. Ал кешкі маса болса, оның да дауасы бар. Кешқұрым шаңлаққа түтіндік салу. Осыны біз әріден үйреніп, дағдыланып келеміз. Ол жақтың кемшіні тұщы судың тарлығы, аздығы. Мына жаздың аптапты ыстық күндері ащы су ішкен малда не қоң, не маза болады?» деп, жас басшының бетін қайтарды Қайырбек.

Ойлағанын, түйгенін, бет-жүзің бар демей, сонша жігермен өзгені көндіру үшін Қайырбекке қаншалықты білім мен қайсарлық қажет екенін Сәдібек ептеп жобаласа керек. Ол іштей ризашылық сезімге бөленген екен Қайырбек турасында. «Қайнағаның істері мен айтқан сөздеріне қарап тегін кісі еместігін байқауға болатын шығар. Бұл қарапайым адамның қолынан келе бермейтіні анық. Ол кісі ертеде жұртты басқаруға араласқан адамның түріне ұқсайды. Осы уақытқа дейін қай жерде, қандай жұмыс атқарғаны туралы айтып жарытқан емес. Бірақ ол кісінің өзін ұстауы мен сөз қозғауы жөнінде ойлана бастасақ, біраз нәрсені аңғаруға болатын шығар» деді Күнімжан отағасына. Сәдібек құптағандай басын изеді.

Қыс соңындағы жылымықта жақын жердегі көлдерге бет бұрады ауылдың ересек балалары. Мақсаттары кәлима балық аулау. Мұны әкелері үйреткен. Қолдарында темір сүймен, болмаса балта. Көлдерде су онша терең емес. Мұз әлі әжептәуір қалың. Су таяз болғандықтан мұз астындағы балықтар айнадай анық көрінеді. Қозғалыстары баяу, құдды масаң адам жүрісіндей. Олардың тығыз жиналған тұсынан мұз ояды. Сол-ақ екен, шала-жансар балықтар ойыққа өздері ұмтылады. Балалар қиналмай-ақ, тыпырлауға шамасы аз жануарды, дайын тұрған қап ауызына ытқыта береді. Мұздың ойығына алдымен үлкен балықтар ұмтылады. Сонда әлімжеттік жасағаны ма? Әлде, олар да ұрпағым артымда қалсын деп адамзаттай кейінгілерді қорғаштағаны ма? Көлдің бес-алты бұрышынан мұз ойылып ашылғасын, балықтарға жан кіріп, ойық маңына жоламайды. Оның арты көктемге ұласып, мұздың еруімен тынады.

Жылымға ұрынып оншақты бас ірі қара суға кетті. Сол сәтте Қайырбек пен Сәдібек түк те істей алмады. Өйткені, судың қарқыны қатты, шеттегі мұз едәуір қалың, бұлар оны балталап, әуреленіп еді, болмады. Ағыстың қарқыны соншалықты суға кеткен сиырлар жаңа ғана су бетінде көрініп жатыр еді, сәлден соң олар тіпті көрінбей мұз су астына біржола сіңіп жоқ болды. Бұл қыстың аяғы болатын. Қайырбек пен Сәдібектің көңілдері пәс. Бұйырған қоян мен қырғауылдың етін жеп, отбасыларымен тірлік жасап отырған күйлері бар. Бірақ қызылсырағаны анық. Осыны байқаған Қайырбек шешімге келді.

– Оншақты бас сиыр суға кетті, Сәдібек. Оған жауап беретін екеуміз. Құдайына қараған перменің басшысы, шаруашылық мал дәрігері мүмкін оларды актілер. Өйткені, біз қолымыздан келгенді істедік, шамамыз жетпеді. Күнәнің азы не, көбі не, анау семіз өгізшені сойып алып, осы шағын ауыл азық қылып, қызылсырағанымызды басайық, – деді Қайырбек.

– Жаңа тоғыз бас сиыр суға кетті. Оған қалай жауап береміз? Енді мына өгізшені сойып алсақ, ол тамағымыздан өтер ме екен. Жоғары жаққа біреу жеткізсе қайтеміз? – деді Сәдібек.

– Айттым ғой, күнәнің азы не, көбі не деп. Қорықпа, өзім мойныма аламын! – деп жауап қайтарды Қайырбек.

Жаз ортасында ауылға түсі суық екі қызылжағалы келіп Қайырбекті алып кетті қалаға. Абақтыға жауыпты. Таққан кінәлары өкімет малын талан-таражға салғаны. Содан бері ауыл абыржулы. Кімнен келгені белгісіз. Ауылдан ба, әлде совхоз басшыларынан ба? Қыста суға кеткен сиырлар мұз ерігесін теңкиіп су бетіне шыққан. Соны мал дәрігерінің қатысуымен судан алып, барлығы жабылып көмген еді. Қажет болар деп тек бастарын сақтап қойған. Қайырбектің үстінен совхоздың малын жеп қойды деп қағаз түсіпті тергеу орындарына. Тергеу жүргеніне оншақты күн өткесін ертең сот болады деген хабар жетті ауылға. Қайырбекті сотта аталас қарындасы, білікті заңгер, атбекет Жамал қорғайды екен.

Сол сот кеше өтіпті. Заңгер Жамал ерлепті. «Дарияның алапат буған кезінде сұмдық оғаш мінез көрсеткен табиғаттың жойқын күшіне тап болған малды бар шамасынша құтқаруға ұмтылған бақташылардың қолынан келген шалт қимылдарынан хабарларыңыз бар болар, құрметті сот! Табиғаттың жойқын күшіне адам баласы қашан қарсы тұрып, оны жеңіп еді?! Ж-о-о-қ! Сонда сол суға кеткен сиырлар соңынан бақташылар да суға кетуі керек пе еді? Онда бүгін осы сот алдында кімдер отырар еді айыпталушы ретінде?! Ендеше, малшыны айыптау тіпті орынсыз. Онда бүгін дарияны да айыптап, үкім шығарыңыздар. Әйтпесе, малшылар қолынан бар келгенін жасапты. Олар сол шығын болған малдан өз міндеттерін дұрыс орындамағаннан айырылған жоқ!» деген. Соттың осы салмақты уәжге көнбеске лажы қалмапты.

Күн ыстығы басылып, көлеңке түскен шақта ауыл балалары ойын-асыр салуда. Қызық құшағына оранып, біреулері айқайласып, жұлысып, тартысып та қояды. Тек Әділбек қана өзінше болып жүр. Ойынға қосылмайды. Бұтында трусиі ғана. Төбешіктен асып жоқ болатын арба жолмен өрге дейін шауып барады да, кейін зымырайды. Жүзінде күлкі. Бет-аузынан тер моншақтайды. Үйлерге тақайды да, кері қарай жүгіреді. Арасында бұтын шапаттап қояды. Үй көлеңкесінде көрпеше үстінде шай сораптап отырған қария оларға сүйсіне қарап қояды. Сәлден соң ол өзінен-өзі сөйлеп кетті: «Ау, мына баланың істеп жүргені жақсы ырым ғой! Қуанышты мегзеп тұр ғой ол! Әнеукүні осы бала үлкен қатерден аман қалды. Бабадан жеткен сөз бар. Ертеден аңыз қалған. Адам өмірі – Алланың сыны деген. Жаратушы адамды ес біліп, балиғатқа жеткесін сынай бастайды екен. Егер Ұлы Құдіреттің сыны адамға бала кезінде, тіпті балдырған уақытында түсіп жатса, онда оған Алла ықыласы ауғанының белгісі депті бұрынғылар. Кешегідей зор қатерден аман қалған жанға Раббым ұзақ ғұмыр береді деген. Оларға Алланың мәнді болмыс сыйлағанын көріпті бабалар» деп сөзін тарқатты қария. Айтқандай, ертесіне Қайырбек абақтыдан босап, ақталып ауылға жетті.

Қыс қыстау. Күн ашық. Қаңтардың қытымыр аязы. Үйде жеті жасар Әділбек, қасында анасы. Пеште от гүрілдейді. Бала жалаңаяқ, жалаңбас. Әдетте біреу сырнайға үйір, екінші қобызын қалдырмайды, өзге домбырасын күмбірлетеді. Ал тас диірменді сөйлететін Әділбектің анасы. Ешкі тері сыпыраны жайып үстіне астыңғы бетін қойды. Жақсылап сүртіп алды. Үстіңгі бетін де тазалады. Оның бақалағын төменгі беттің шүлдігіне кигізді. Жоғары қалақ шетіндегі шұңқыршаға ағаш тұтқаны бекітті. Уысқа жақын сары бидайды диірмен алқымына құйып, жайлап айналдырды. Бастау қиын, әрине, дәннің шықыры анық естілді, тас қалақ сәл көтерілгендей ме, қалай, қинала, баяу айналады. Бірте-бірте сәл жеңілдеу қозғалғандай, астыңғы бет ернеуінен дән ұнтағы да көріне бастады. Ұнтақ дейтін емес-ау, жарма сияқты ма, ана сол жарманы уысына толтырып, қайтадан диірменге салады. Уыс жармаға жар уыс бидай тағы қосылады. Қалақтың айналуы жылдамдайды. Диірмен дыбысы да өзгеріп, кәдімгідей құлаққа жағымды жеңіл гүріл, тіпті әнге ұқсас үн шыға бастайды ғой екі тас қалақ ортасынан. Сыпыраға мөлдір, майда, ақ сеңке себіле түседі. Міне керемет, сол мәнді ән арқасында диірменнің айналуы да өзгеріп, ана қолынан шыққан үн молшылыққа бастады. Диірмен ән салады. Әр ән ұн сапасы өзгеше. Сол өнерді ана мықты меңгеріпті.

Содан бері қанша әуез құлақ құрышын қандырмады Әділбектің?! Әй, қайдам, ардақты жан ығында жатып, жарығы бар шағын терезеден түскен күн сәулесімен таласып, алтындай жылтылдаған ұн төккен, асыл ана қолынан шыққан диірмен әніне олар қайдан жете қойсын?! Бұрынғы қол диірмен мен казіргі зор диірмендер берекелі үнінен бүгінгі қай әншінің салған әні асып түсер екен? Ондай ән табыла қояр ма екен, сірә?

Бірде, шамасы он бір-он екідегі кезінде диірмен тартып отқан анасы қолындағы тұтқаға жармассын Әділбек. Анасына көмек тигізу ойы ма, әлде диірмен тартып үйренгісі келгені ме? Анасы қолдамады.

– Жан саям менің, қалқам Әділжан! Диірменді мен-ақ тартайын! Сен өскенде ақылыңмен, біліміңмен, өнегеңмен жұртты, жаныңдағыны өзіңе тартып тербет, тәрбиеле, көмектес, игілікке жетеле, балам! Солай болады деп ата-анам аян берген!.. Жаратушы Ием, тілеуімді бере гөр, – деп, жалбарынды анасы.

***

Әділбек жоғары оқу орнын бітіргесін осы мекемеде қызмет атқара бастағанына бес-алты жыл болды. Ұжымды өмірлік тәжірибесі кемшіндеу, көрген-түйгені шамалы, құйқа-терісі тарлау азамат басқарды. Алдына қашан барсаң да түнеріп, құдды бір жері сыздап жатқандай жиырылып отқаны. Өзіне сенімді, болмыс сырына толық жетіп қойғандай сезінетін сияқты. Кімді де болса қолдап, біліміне қарай бағалап, оның ұжымға берер үлесін биіктететіндей мықты қадам жасай алмады. Әділбек те жұрт қатарлы еңбектенді, анау айтқан биік жетістіктерге иелік етпесе де. Іштей өз ісіне риза емесі де анық. Реті келсе өзге жаққа кетіп қалу ниеті де жоқ емес еді. Ылғи қиял үстінде, істері ойдан шығып, сананы көншітуден аулақ. Бүгін де үйге жұмыстан қажыңқырап оралып, сәл тыныстап алайын деп қисайып жатқан. Көзіне өскен ауылы елес берді. Әкесі шықты алдынан.

– Балам, жүзің жабыңқы. Ойыңдағы болмай жүр ме?

– Жоқ, көке! Бәрі жақсы.

– Түріңнен айналайын, солай болсын! Мол игілік бірден өзі келе салмайды, балам! Сен жастайыңнан білімге құштар болдың. Терең білім алдың. Бабалар жолынан хабарың бар. Шаршамай, ерінбей, шалдықпай жұмыс атқар. Еңбекқорлық саған жат емес. Жұртқа көмектес, ешуақытта қиянат жасама! Мүмкін, адамыңа кезікпей жүрген шығарсың?

– Айтқаныңызды орындаймын, көке!

Әділбек оянып кетті. Жаңағының бәрі түсі екен.

Содан көп уақыт өтпей жаңа басшы келді. Жасы зейнетке жақындаған. Көпті көрген. Түйгені мол. Іскер, жұртпен сөз тапқыш. Ұжымды жұдырықтай айналдырып ширатты. Онымен жұғысып жақындағандар мол жылулық пен игілікті байқағандай. Не сиқыры бар екенін өзі біледі, сол кісімен шамалы тілдескен азамат оған бар сырын төгіп, көңілін айқара ашып, шешілуге алаңсыз дайын тұрады екен. Әділбек те бірнеше мәрте кезігіп пікірлесті. Бүгін басшы арнайы шақырыпты оны кабинетіне.

– Әділбек, сенімен біршама кезігіп, пікірлестім. Саған айтарым бар! Өмірдің бас сұрағы – оң мен теріс арасы. Адам өмірінде осы сұраққа жауап беруі тиіс. Жұрт көп аса жақсыны көргенмен, бұрылып кідірмей, басын төмен салбыратып, әрі қарай өте шығады. Маған не жоқ деп. Көреалмаушылығы да соған дем береді. Ал енді осы абзал емес, өйткені оңды қолдамаған адам теріске біртабан жақындай түседі. Қызғаныштың лас, сатқал шапанын мал қораның күнгей бетіндегі жұқа шомына іліп қойып, қараңғы түнде қойға түспекші келген қасқырды оның сасық, шірік иісінен үркіп, сол маңға жоламайтындай ету керек. Өйткені, жақсы, болымды азаматты қолдамай, оның игілікті істерін көпшіліктен алыстату – күнә, жұртқа жасалған қиянат.

– Аға, мына тұжырымыңызды мен бұрын-соңды естімеппін!

– Шырағым, өзгені сыртынан өсектемей, оның кемшілігін бетіне басып айту – нағыз ер азаматтың ісі. Әрине, алдында ол – өзіне шаң жұқтырмай одыраңдайды, бірақ шамалы ой-санасы бүтін адам содан кейін ойланады, өз ісін таразылайды, қатесін мойындайды. Осыдан баршасы ұтады.

– Институттағы қадірлі ұстаздарым айтқан сөздер әлі жадымда. Содан бері осындай құнды сөздерді естіп тұрғаным, аға!

– Мұның бәрін мен саған неге ақтарып жатырмын?! Өмірбаяныңа қанықпын. Сенің мықты ерекшелігің бар екен. Ол – мектеп, техникум, институтты тек кілең беске оқуың! Түсінген адамға бұл аз емес. Мұның аржағында алғырлығы мен жоғары қабілетімен қоса азаматтың ел мен жұрт, ағайын, туыс, дос пен өзгенің алдындағы мол жауапкершілігі жатыр. Осы жауапкершілік оны барлық істері мен жұмыстарын асқан ыждағаттылықпен, мол ынтамен атқаруға жұмылдырады, бұл – азаматтың оған жүктелген биік мақсатты барынша терең түсінгендігінің белгісі. Көптен ойымда жүргенді бүгін саған айттым. Бұрын өзгеге сөз етпегенім адамын кезіктірмегенім шығар. Көп адамда жоқ көзіңде ұшқын бар! Сәлемдесесің. Қолыңды алады, қолын береді. Көбі көздерінде ұшқын түгіл сәуле пәс. Кейбіреуі қолын ұсынғанмен көзін тайдырып әкетеді. Қолдары өлі балықтың денесіндей. Сен өзгешесің! Оларға ұқсамайсың!

– Аға, мені артық бағалап жіберген жоқсыз ба? Сеніміңізді ақтай алсам болар еді?!

– Ақтайсың! Білімің мен білігің, адалдығың мен ашықтығың, өзгеге жанашырлығың мен еңбекқорлығың қоярда-қоймай орындатады осыны саған.

Естігені төңірегінде Әділбектің өзі де бұрын ойланушы еді. Мұның да санасына жақсыға бас иіп, жаманнан жирену жастайынан сіңген. Бірақ дәл бүгінгідей осы маңызды мәселенің қанығына жеткен емес. Жаңағы айтылғандарға ой-зердесін сүңгітіп, қазбалай түсті. Егер жақсының жақсылығын айту мен оны жұртқа тарату биік мақсат болса, онда азамат бойындағы жарамды мінез бен қабілетті ашу, барынша дамыту не болғаны сонда?! Барын салып, осыған жауап іздеді Әділбек. Көп ойланды, толғанды, дамыл таппады. Ақыры, шешімі көрінгендей болды. Басшыға жолықты. Ойын жайып салды.

– Әділбек, сенімімді ақтадың! Саған түрткі салып едім. Оятайын деп. Солай болды да, Аллаға шүкір. Адам соңына жақсы іс пен із қалдыруға міндетті. Әйтпесе, дүние есігін ашып несі бар, тәйірі?! Осыныңнан таймасаң жұртқа мол жақсылық сыйлайсың! Сол игіліктің мысқалдайы болса да менің атыма құйылатын шығар, деп күлді… Әрдайым жолың оңынан тусын, Әділбек, – деді басшы.

***

Оншақты жыл артта қалды. Әділбекке ризашылығын білдіріп, рақмет айтқан азаматтардың қатары қалыңдай түсті. Жақсы сөз жерде жатпайды дегендей Әділбектің атағы жұртқа тарады. Сөйтіп, ел арасында мұның игілікті еңбегінің лайықты орын алып, биік бағаға ие болған кезі еді бұл.

Сәдібек ақсақал мен Күнімжан қария үлкендер көлігіне әлдеқашан мінген, соңындағыларға ақыл-кеңес беруге солайымен мойын бұрған келелі кісілер қазір. Олар кіші ұлы Бөрібайдың қолында. Бүгін қастарында Мейірбек отыр.

– Балам, есіңде болар сендердің бала кездеріңде Қайырбек ақсақалмен көршілес, қызметтес болғанымыз, көңіліміз жақын болған. Оған қазір қанша уақыт болды? Өтіп бара жатқан уақыт-ай! Саған тетелес Сағындық атты баласы бар еді. Кіші ұлы одан көп кіші болатын. Аты есімде жоқ. Олардан не хабарың бар, балам, – деді Сәдібек ақсақал.

– Көке, ол кісілерден хабарым бар. Аман-есен. Үлкен ұлымен анда-санда кезігіп қаламын. Кіші ұлының аты Әділбек, ол үлкен жерден білім алып, қаланың іргелі мекемесінің абыройлы, белді азаматы көрінеді. Жұрт айтуынша ол биік бедел мен абыройға ие. Қасында болып, біраз уақыт бірге қызмет жасаған адамдардың пікірінше одан өзгенің көріп, үйренері мол екен, – деді Мейірбек.

– Онда олармен неге қатыспайсың? Балаларың өсіп қалды. Қайырбек ақсақал текті тұқымнан, көргені мол азамат екенін талай сезіп, байқағанбыз. Балалары әкеге тартпай қайда барсын. Ендеше қолың аузыңа жетіп тұрғанда жақсы, болымды азаматтармен қатысып, жақын бол, балам, – деді әкесі. Күнімжан қарияның ойы осы жерде сонау артта қалған заман құшағына еніп те кетті. Қайырбектің кіші ұлын талай емізгені есіне дәл қазір сап ете қалмасы бар ма? Жаңа Әділбек деген атын естігенде жүрегі жылып сала бергенін қарашы! Құдды көп уақыт көрмеген өз баласының хабарын алғандай. Жаңа туғанда көтеріп алған көрші әйелге баланың мінезі ұқсайды екен. Ендеше, сол баланы талай емізген әйелдің еңбегі одан кем болмайтын шығар деп ойлады Күнімжан қария. Жақында бір жиында қарт молда былай деп еді: «Ау, халайық, өзгеге жақсылық жасауды Алла бұйырған! Адамға жақсылық істегенге Ұлы Құдіреттің рақымы жауады деген сөз бар. Осыны естеріңнен шығарма. Қандай жақсылық істеймін деп сұраңдар! Жақсылықтың көкесі – жетім-жесір мен жағдайы төмен, шамасы нашар адамға көрсеткен қайырың! Ананың бұл жалғанда жасайтын зор жақсылығы бар екен. Зәру болғанда өзгенің баласын емізу екен ол. Сол нәресте сүтін емген әйелдің баласы орнына жүреді екен! – деп, молда сөзін түйіндеді.

Мейірбек Сағындықтың үйіне келді. Қайырбек ақсақал осында екен. Шүйіркелесе әңгімелесті екеуі. Кешегіні әбден аңсаған, өткен-кеткенді молынан сұрастырды. Оның бала кезіндегі кейбір қызық қылықтарын есіне салып күліп те алды. «Сәдібек қалай, келін аман ба?» деп, ата-анасын да тәптіштеп сұрап жатыр көзкөрген ақсақал. Осы қарияның атын атамай «қайнаға» деп анасының атайтыны түсті Мейірбектің есіне.

– Әке, мен Әділбек жөнінде хабардармын. Ол інімнің жұртқа істеп жатқан еңбегін естігенмін. Сол ініме жолығып, кеңесер тірліктерім бар еді. Қалада тұрады ғой, көшесін айтасыз ба? – деді Мейірбек.

– Оу, айналайын, онда өзім-ақ сені Әділбектің үйіне ертіп барайын, – деп, жинала бастады. Екеуі тысқа беттеді. Мейірбек көше шетінде тұрған көлік есігін ашпақшы болып алда келе жатқан. Артына көз қиығын салды. Қайырбек баяу келеді. Дарбаза есігінен өте, оң қолымен кеудесін басып, үн шығармастан отыра қалды. Мейірбекті қасына ертіп, кіші ұлы Әділбектің үйіне қарай жасаған соңғы қадамы екен, бұл жалғанда.

Мейірбек ата-анасының үйіне келіп, Қайырбекпен қалай соңғы рет кезіккенін айтып берді. Екеуі де ол кісінің мәңгілікке аттанғанын естіп күйзелді.

– Балам, сенің алдыңнан шығып, кіші ұлын саған ілестіруге ақырғы қайратын салған екен-ау, жарықтық! Сендерді өз ұрпағымен қосып кетіпті ғой! Жақсы адам деген осы шығар. Ата-ананың арманы ұрпағының маңында болымды адамдардың болуы ғой, – деді Күнімжан.

Мейірбек балалары мен қыздарына Әділбек қолынан келген барша көмегін, бұрын-соңды іс-тәжірибесінде мол нәтиже берген игілікті жолдарын пайдалана отыра олардан биік ықпалды өнегесін аямады. Өзгелерге қарағанда өзінің туған бауырласындай болған іні-қарындастарына болмыстағы лайықты орнын табуына мол ықылас-ынтасын төгіп, аударды. Мейірбектің балалары қазір өздеріне лайықты кәсібі бар, жеке қабілетіне сай өмірден тиісті орын алған.

***

Кешелі бері күн ашық. Түнеукүнгі ызғары жоқ. Алдында бір жетідей бұлт басып, құдды шамалы жетістігін көтере алмай малданып, дүниенің төрт бұрышын көндіріп, оның бар сырына қанық болған данышпандай санап өзін, жан-жағына салқын шашып, үлкенді-кішіні сынап, мазасын қашырған пендедей, дүлейленіп, түнеріп тұрмасы бар ма?! Арасында қар жауып әжептәуір қаланы төрт-бес күн әбігерге түсіргенін қайтерсің! Бүгін жұмсақ, ақ көңіл жақсы көретін адамына кез болғандай, күн шуақты, жылы, жайдары екен. Шамасы, көктем жақын.

Өңірдің беделді, абыройлы азаматы, Мейірбектің ұлы Ақылбайдың үйінде жиналған көп ағайын. Ол әкесі мен анасына арнап дұға оқытып жатыр. Үлкен тамақ ортаға келгеніне біршама уақыт болды. Бүгінде Әділбек шау тартқан ақсақал. Жұрт елең етер өнегелі сөзі де бар. Тамағын кенеді.

– Маған Мейірбек аға туған болмаса да, туғанымнан бетер жақсылық жасады, қамқоршы болды, ешнәрсесін аяған емес, мен дегенде көңіліндегі жылы сөзі мен қолынан келген жақсылығын кідірткен жоқ. Мен де ағаның айтқанын екі етпедім, қолымнан келіп тұрғанда ол кісі тапсырған істерді бар ынтаммен орындадым. Шамасы, бұл сонау ертеде, біздің бала уақытымызда дос болған әкелеріміздің, аналарымыздың шынайы, қазақы, нағыз бабалар өнегесін ту етіп көтерген асыл азаматтардың пейілі мен рухын, ардақты арманы мен тілектерін жалғастырғанымыз шығар, – деді ол.

– Кәне, осыдан кейін мені Мейірбектің інісі, Сара мен Бөрібайдың ағасы емес деп қай жүрекжұтқан айтар екен?! – деді Әділбек күлімсіреп, әкесінен жұққан қуақы мінезіне бір сәт бой беріп.

 Ешкімде үн жоқ. Баршасы төмен қарап қапты, терең ойлы. Әкелерінің о дүниелік болғанына он жыл болса да аңсағандары басылмаған балалары, әсіресе қыздары, көздеріне жас алып, Әділбектің мына сөзіне жүрек түбіндегі ризашылығын білдіріп жатыр. Үлкен қызы: «Аға, әкемізді тірілтіп бергендей болдыңыз-ау! Жанымызды тебірентер сөз айттыңыз. Салмақты тәрбиеңіз бен мықты өнегеңізге мың рақмет! Баршамыз сіздің атқарған игілікті ісіңіз бен айтқан аталы сөздеріңізге дән ризамыз, Құдай қосқан аға!» деді. Төрде отырған екі-үш қарт: «Оу, заман-ай, мына сөз жақсы айтылды-ау, аруақтар бір аунап түскен шығар» деп, разы болып жатты.

 Серікбай ҚОШҚАРОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<