Ат – түркінің қанаты. (Махмұд Қашқари)
Ұлы далам, тұңғиық тұнған керім,
Ер-тұрманын ерлердің жонған жерім,
Тумыштан тұлпар туған төскейінде:
Құмай-пора1, құс қанат дүлдүлдерім.
Төгілген жал-құйрығын самал тарап,
Тұяқтарын жаныған «Жеркіндігім».
Қазақтың жан серігі – жан теліген,
Асқар бел, өткел өткен жансебілім.
Танауыңды жел сүйіп, таң асырса,
Жанарыңды жебеген асыл ділім.
Қынабыңда құнданып ұрық-ұрпақ,
Көбігіңнен көбейген текті тінің.
Шашаңа шаң жұқтырмас сынақтарда,
Рухыңды жетелеп Қамбар пірің.
Ұлтымның абыройын асқақтатқан,
Тілге тиек үш дүлдүл-жауһар дүрім.
***
Біріншісі – қасжүйрік Сүлікқара,
Сырдағы Дәуқарадан2 «құмай-пора».
Екіншісі – Шөлқарсақ жәуміт тұқым,
Кене хан қырындағы «шекті-пора».
Үшіншісі – Бурыл ат жүз жылқы алған,
Байғабылдың асында келіп дара.
I. Шаһинның (Ұябайдың) жанпида
Сүлік қарасы …
Көкілташ сусындатқан Шаһин мырза,
Алшынның ардақтысы туған дара.
Хиуадан серіктермен «ұрын»3 келген,
Дария өтіп қанатты Сүлікқара.
Қалыңдығы қарсы алған салтанатпен,
Көк көлдің жағасына тігіп орда.
Құлымбай бидің кенжесі Қымбат ару,
Ескіше сауат ашқан Орынборда.
Мақсаттары келер жыл отау құрып,
Тойламақшы Мұғалжар, Әму-Сырда.
Бәйгені бір өзі алды Сүлікқара,
Қымбаттың еліндегі жарыстарда.
Сүлікпен қанаттасып, кісінесті,
Қалыңдық Паңжорғасы ерен-дара.
Қоштасарда мырзаның өн бойынан,
Дерт сезілді, тіл-көзден меңдеп жара.
Сұлу мезет, таңсәрі, қимас сәті,
Алыстап бара жатты тұл арманда.
Бесігінен айттырған қос ғашыққа,
Бақытты бұйыртпады бұл жалғанда.
Сүліктің шоқтығына шоқ айналды,
Иесі «Бекзаттым», – деп күй тартқанда.
Ақынның жан-дүниесін жаны орап,
Қайғы-мұң қайырлады жібек жалда.
Тұяғы тірсек қағып тыным таппай,
Бір түйіршік қыдырды қызу қанда.
Иесімен жаны бір жарықтық-ай,
Сезіп тұрды жай отын болар алда.
Оң аяғын көтеріп, тарпи-тарпи,
Сезімін жеткізгендей ұғынғанға.
Асықты енді, Шаһинді жеткізуге,
Әкесінің жайлауы – Қаражалға4.
Дарынды, дана жігіт жанып-сөнді,
Ғайыптың «жай отына» шара бар ма?!
***
… Сапардан ұрын барған оралғасын,
Тай сойдырып, берді әке қонақ асын.
Жайдары амандасып ел-жұртына,
Мәрт жігіт білдірмеді жан жарасын.
Тақым жазып, демалып серіктері,
Елдеріне бұрған-ды аттың басын.
Екі күнді өткізіп, ойын жинап,
Бүркітінің сыпырды томағасын.
Қанатынан сипатып Шаhин-шекше5,
Төспен қақты көргендей ұяласын.
Құмай тазы төрінен тағат таппай,
Іздегендей шарқ ұрды италасын6.
Сүлікқара жусамай үркіп тұрды,
Көрінгендей көзіне бір қара сын.
Төртінші түн меңдетіп жарақатын,
Кезек берді мезгілге таң ататын.
Хабарын періштенің күтіп жатты,
Құблаға әзиз басты қарататын.
Әке аялап, анасы сүтін кешіп,
Алласына тапсырды аманатын.
Жиырма бес, мүшел жасы ғайып етті,
Бір елдің ардақ тұтқан азаматын.
Жанарынан жас парлап Сүлікқара,
Мезгілге де жетпеді ай бататын.
Иесі мен қас тұлпар жан тапсырды,
Күттірместен кезегін тұлданатын.
Жал-құйрығы бақанда – қара жалау,
Шаңырақтан өткізіп байланатын.
Көз көріп, куә болған қариялар,
Осы сәтті әрдайым, еске алатын…
II. Кенесары ханнан бәйге
алған Шөлқарсақ…
«Шыбық белгі»7, бұрынғы
«Алтын сырық»,
Аялдаған Кене хан кеңес құрып,
Қырғызға аттанарда жылан жылы8,
Ас берді әспеттеліп ата ғұрып.
Сауын айтты Ұлытау, Торғай жаққа,
Қарақұм алабынан ат шаптырып.
Қасым сұлтан, Саржанның аруағына,
Хатым етті, Құраннан бағыштатып.
Шабандоз, атбегімен садаға-асқа,
«Рух келді» дүние қақ жарылып.
Ұран үні асқақтап рулардың,
Сый-сыбаға берілді, ас тартылып.
Сейіс сыны сыр тартып сәйгүліктен,
Арпалысты сезімдер бақ шаптырып.
Бәйге алдында бапкерлер тағат таппай,
Су береді жұтқанын санап тұрып.
Көзі жайнап жарау ат құлпырады,
Түйсігі қос өкпесін пырақ қылып.
Жұлдызшы, бақсы-балгер болжамдарын,
Топ талқылап, тастайды «баққа құрық».
***
Келді аттар бапталып-бапталмаған,
Күлік9 те бар күтімсіз, құрыш табан.
Сүріндірген жанарын атбегінің,
Ақбоз дүлдүл, ай тұяқ, қылаң, баран.
Жал-құйрығы төгіліп көз тартады,
Қылаң қасқа, Кеңқолтық алшаңдаған.
Балқожа би қоспады Кертаңдағын10,
Ас жайынан ай бұрын хабар алған.
Кене хан жинап алып сейістерді,
Бәйге аттардың қосынын аралаған.
Жағаласып жорамал айтып қалды,
Сығыр көз, сидаң бапкер ел ақтаған:
– «Жүлде менде» деп тұр ғой,
аймаңдайлы,
Назбедеуі Наурыздың сылаңдаған.
От көзді, томашадай атбегі шал,
Сынының сырын айтты алаңдаған:
– «Хан ием, ойлаушы едім, Шөлқарсақтың,
Жойылды-ау, деп тұқымы тектен қалған.
Бар екен ғой, бар екен, жарықтығым,
Таныдым тұқиянын тірсек, жалдан.
Ақтамақ арғымақтың ақауы жоқ,
Тасты жарып, құм кешіп, отты шалған.
Сіздің аттар қосатын бәрі дүлдүл,
«Бір-ақ қауіп, хан ием, Шөлқарсақтан».
Таңбаларын айқындап сапқа тұрды,
Керей, қыпшақ, жетіру, арғын, найман.
Кіші жүз-төртқарадан «Айыртаулап»11,
Шөлқарсағын қосқан-ды батыр Күлман12.
Інісі Қайырлаптай қамшыгердің,
Сарбазы Бөкенбайдың13 қалмақ қырған.
Көбесін күн көктеген Көкдомбақта14,
Бие сауып, мал баққан екі тарлан.
Ат айдау, мәре
Қоңырқырқа – секілді кілем жайған,
Cұлу мезет таңсәрі шолпан туған.
Жабуларын сыпырып бәйге аттардың,
Шабандоздар құнтиып белін буған.
Көтермеші, кіреші, ат айдаушы,
Қызметіне кірісіп дайын тұрған.
Ту көтеріп, бұйрық үн естілгенде,
Ат тұяғы серпілді аттап қадам.
Меженің бару-қайту ұзындығын,
Жүз шамалап бекітіп аршындаған.
Айтулы арғымақтар барады ағып,
Төсі тулап, шымырлап баба Тұран.
Екпіннен жер танабы жаңғырығып,
Қазақтар жеткізіпті әуеге ұран.
Кең қолтықта керіліп Мұзбел15 жатыр,
Арқа беті Бұланты, Қалмаққырған16.
Жіңішкеқұм, Қараүңгір-Тұздағымен17,
Торғайдың қолатына иек артқан.
Құлжұмыр, Қасқатөбе18 мұнартады,
Ту тігіліп, Үш жүзден бата қалған.
Кең алқаптың биіктеу төбесіне,
«Алтын сырық» орнатып, көмбе салған.
Қырқадағы қарақшы көзді тартып,
Бағыт беріп алыстан мұндалаған.
Батысында Бестөбе, Қоңыртөбе19,
Кіре тартқан керуендер Жабасақтан20.
Шатырлы, Тәуіп, Жайсаңбай21
қол-қанаты,
Қарақұм алқабының әлмисақтан.
Ұлытауы ұзатып Ырғыз жаққа,
Ұлы дала сусындап Торғай аққан.
Бір иірім қосақтап қос өзенді,
Жер ана құрсағына Құрдым тартқан.
Бұйырыпты кемді күн Кене ханға,
Ас беріп, ізі қалу Жаббар-Хақтан.
Қырағы көз бағдарлап кең алқапты,
Көңіл тасып қарайды атқа шапқан.
Ұлы бесін ауғанда қарақшыдан,
Шағын шоғыр көрінді озған топтан.
***
Ақтамақ, Қылаңқасқа құйрықтасып,
Шөлқарсақ, Кертөбелмен қанаттасып,
Ағып өтіп барады көтермеден,
Басы биік, маңдайдан нұры тасып.
Тағы бір топ келеді арттарынан,
Бір-бірінен оза алмай аяқтасып.
Ісіп-кепкен Тарланбоз тері шықпай,
Жан дәрменмен құлады омақасып.
Көмекші-көтермеші келгенінде,
Жатыр екен жанардан жасы тамып.
Бір қолында бәкісі шауып барад(ы)
«Дөйт»,22 – деп тұрған бір жігіт
жанталасып.
– «Жануарым, қанатым қателестім,
Ашутасты асатпай қара басып.
Бір қу тезек қалыпты ішегіңде,
Тер шығармай, пәтшағар, жағаласып».
Басын ұстап, таңдайын осып тілді,
Қамшысаппен кергілеп аузын ашып.
Қан саулады езуден, күрек тістен,
Тобылғы сап таспасын қоса басып.
Жәудіреген жанарға нұр құйғандай,
Пұшпақтап, жүре берді тері ағып.
Басын құшып жылаған иесінің,
Жарықтық-ай, исінді, жүзін танып.
Сілкініп, дене босап, жан үзілмей,
Ұшып тұрды тұяғы жерді қарпып.
***
Ат жарысының қорытындысы
Бұлт торлады аспанды найзағайлы,
Көтермеші қапталдап сыналайды,
Ең соңғы қарақшыдан белгі беріп,
Ту көтерді бір жігіт жадағайлы.
Қаны қызып зулаған арғымақтар,
Жан-жағына жалтаңдап қарамайды.
Алғашқы мәре кескен он шақтысы,
Тұсынан тежемесе тоқтамайды.
Сол ондықтың ішінде Күлік те бар,
Құйма тұяқ, апайтөс, омыраулы.
Алғашқысы Ақтамақ арындаған,
Екіншісі Шөлқарсақ «Айыртаулы»,
Үшіншісі Кертөбел сойы тұлпар,
Ұзынтұра, шоқтықты, өрме жалды.
Жүйріктерге тігілген бәйге сайлы,
Байлаулы тұр аруана қоңыраулы.
Көз тойдырар Жампоз нар кілем жапқан,
Мұрындығы күмістен, жібек баулы.
Ірілі-уақ інгендер қазықтарда,
Төрт табанын тең тастап бұйдалаулы.
Үйірімен ұйысып биелер тұр,
Айғыр бастап, құнанды, құлын-тайлы.
Тағат таппай сенделген жамағатқа,
Мезгіл жетті айтатын бәйге жайлы.
Қазылар кеңескенде келісе алмай,
Біраз жерге апарды дау-дамайды.
Соңғы шешім билігі Наурызбайда,
Қалғандары сөз тосып, түр байқайды.
***
Мінбеге Наурыз шықты бойын тіктеп,
Тобылғы сапты қамшысын екі бүктеп.
Бәйгенің орындарын жария етті,
Атын атап аттардың, түсін түстеп:
– «Он аттың мәртебелі бәйгесі бар,
Салатын сара тілік, құлақ ендеп.
Бас бәйге Ақтамақта ағып өткен,
Қазанат хаса сұлу, дүлдүл мен деп.
Қос атымның арасын өзге ат бөлмес,
Кертөбелді атаймын екінші деп.
Үшіншіні беремін Төртқараға,
Шөлқарсақ – «шекті жылқы»23
тектісі» деп.
Тілеулі батырдың наласы
Ей, төрелер үзеңгі тепкілеген,
Көбігіндей Көктеңіз көк тіреген,
Тиісті бәйгесін бер Шөлқарсақтың,
Әділдікке жанаспас ептілеген.
Көзім көрген құйтұрқы әрекеттер,
Сүйегіңе сыйыспас текті деген.
Құрастырған дәлелдің қисыны жоқ,
Төрелікке жараспас сенім берген.
Тумыштан тұлпар туған Шөлқарсақтың,
Арғы атасы – жылқыдан «шекті» деген.
Түп-тұқияны – тамырда ханы ойнаған,
Түрікпеннің Жәуміті, Текеменен.
Кешегі томашадай абыз-сейіс,
Қазына екен кеудесі асыл зерен.
Жабуын шешпесек де көзден қорғап,
Тілерсектен таныды қырағы ерен.
Ақтамақ арғымақтың жөні бөлек,
Шашасына шаң жұқпас, сұлу беден.
Сенсең де, сенбесеңде ар өзіңде,
Сөзімнің шындығы осы – алмас-берен.
Жоңғардан қаймықпаған жаужүрегім,
Уа, Кене хан, сескенем бүгін неден…
Кенесары ханның бәйгені өзгертуі,
суыт көшуі
– Ей, бауырым, жел өкпем,
Наланы жұтпа демеп пе ем,
Қайталап айтам батырым,
Басылмапты өр өкпең.
Бүгінгі мынау, қылығың,
Тағы да мені жер еткен.
Ойланбайтын оттысың,
Жау алғанда етектен.
Жаужүрек еді Кіші Жүз,
Айрылдық талай білектен.
Қарақ қылдың бәйгеге,
Өткізіп алмай електен.
Жария ет қайтадан,
Шешіміңді өзгерткен.
Ашуын бассын қара шал,
Қара сөзді селдеткен.
Көкірек көзің көрмеді,
Жалынын шыққан өзектен.
Төртқара-Шобан Тілеулі24 – ол,
Жоңғарды шауып, тұл еткен.
***
Бұлт сөгіліп, қара нөсер құйылды,
Жер кіндігі буырқанды, түйілді.
Хабарымен көк аттылы жаршының,
Бастырмаға қайтадан жұрт жиылды.
***
Уа, халайық:
Біраз уақыт өткіздік кемді күнмен,
Ұлықталып Ұлы жер кіндігінен.
Аруаққа ас беріп, ат шаптырдық,
Қалың елдің қолдауы, бірлігімен.
Ат бәйгенің орыны өзгертілді,
Хан иемнің қатепті Жарлығымен.
Екінші орын берілді Шөлқарсаққа,
Тумыштан тұлпар туған жүйрік-ерен.
Үшінші орын бұйырды Кертөбелге,
Ілесіп Шөлқарсақтың ізіне ерген.
Осымен аяқталды аруақ асы,
Он атқа сый-сияпат, бәйге берген.
***
Жазира,Ұлы дала шалқарында,
Қиыры ұшан Қарақұм алқабында,
Хан болып көтерілген Кенесары,
Хандықтың патша жойған заманында.
«Шыбық белгі» әлі бар сыр жасырған,
Торғайдың арқаға артқан жал-құмында.
Ауа көшкен керуендей алыстады,
Қан теңдеген қомына ғасырың да.
Қойнауыңда тұншығып тарих жатыр,
Мезгіл жетті, сен енді, жасырынба …
III. Қылаң бурыл кеудесі
көк тіреген…
Кеудесі көк тіреген паң бурыл-ды,
Бір ішек, жазық маңдай, кең сауырлы,
Құлақ түбі биязы, сүйріктей бас,
Жұмыр мойын, кең сағақ, омыраулы.
Жалғыз өзі тұратын биік жалда,
Танауында тоғытып жел, дауылды.
От көзге ой оратып, алыс шалса,
Жарқыраған ақ тіске күн шағылды.
Оттау-жусау қажеті тіпті ерекше,
Үйірінен бөлініп таңды асырды.
Тұмсығын көтергенде көкке қарай,
Шоқтыққа нұр аялдап, ай асылды.
«Менен жүйрік ат жоқ» деп көкірегі,
Сынайтын күнін күтті бақ-таланды.
Айнықтың бір асылы Кәлмен сейіс,
Жаратуға бел буды сол бурылды.
Өзіндік әдіс-айла мысы бөлек,
Санасынан сыналап сан туылды.
Бір ғажабы, бурылдың түйсігіне,
Ұран үнін сіңірді «Алдажарлы».
«Алдажар»25 деп алыстан шақырғанда,
Назданып, нұры тасып, жанар жанды.
Қатықтан бөліп алған сарысуға,
Жуынғанда керіліп, тарақтанды.
Аунағанда ауанмен ақ шағылға,
Жал-құйрығы төгіліп шашақтанды.
Терін алып, жарауы жетіскенде,
Жон-арқа, сауыр түгел жақұттанды.
Бабы келген шырайлы, сұлу мүсін,
«Жайран жүйрік менмін»
деп қанаттанды…
Байғабыл бидің асы
«Андызды», «Өтебастың»26 жал-құмдары,
Бозкемер жотасының алқымдары,
Биігінде «үй тамы» Байғабылдың –
Бек-белгі мұнартады «мен мұндалы».
Көгінен күн жаласа, жел тербетіп,
Жетектеген ғасырдың жалқындары.
Әйтекенің бесінші ұрпағы еді,
Өрелі би, өмірі – ел қамдары.
Қыдыр дарып, құт қонған қойнауына,
Қамқорлы ел ағасы, бетке ұстары.
Кенеттен дүние салды, «ақ» пен «қызыл»
Күшейгенде қаһарлы қырқыстары.
Жылына ат шаптырып, ас беруге,
Ұйғарды елі-халқы, туыстары.
Ас жүргізу тәртібі Құламаннан27,
Бекітіліп Былшық би28 ту ұстады.
Басшылықтың билігін Жүсіп29 шешен,
Айбатына ар тұтып тең ұстады.
Үзеңгілес серігі ол, Міржақыптың,
Ат байланған атажұрт – қазықтары.
Төсі тулап, түр берді жамағатқа,
Берекелі Ырғыздың жазықтары.
Киенің ғайыбын-ай, суға толды,
Шыбынды,Ұзынкөлдің арықтары.
Он қанатты төрт жүз үй, ат кермелер,
Өрелі өрнектелген істің бәрі.
Жүз жиырма ат қосылды аламанға,
Өрен жүйрік, елінің саңлақтары.
Жаманқала, Қазалы, Қарабұтақ,
Торғай келді, қамтылып жан-жақтары.
Кәделі асқа дәстүрмен дайындалды,
Сый-сияпат, жоралғы-жарақтары.
Бәйге беру, ас тарту, ұлықталу.
Жарасымды салтанат санаттары.
Рухты жігіттердің жорға үстінен,
Ерекше сый – тартылған табақтары.
Әр руға ту бие, бас тартқызған –
Сапақ бидің30 сұңғыла сабақтары …
Ат айдау, Кәлмен сейістің
жан толқыны…
Жұлдыз тарап, Шолпаннан нұр төгілді,
Қою түннен шетінеп түн сөгілді.
Ақ боз үйдің түндігі түрілгенде,
«Ақ сары бас» қос үйрек көтерілді.
Сабадағы саумалды қыдыр шайқап,
Туырлықты31 тоғайтып, сән берілді.
Дөдегеде32 ғажайып ұршық ширап,
Арайдың алдындағы таңға өрілді.
Киенің кереметі көп екен-ау,
Шыбындының шалқары тербетілді.
Ат айдайтын төбеге тұғыр орнап,
Айбынды астың ақ туы бекітілді.
Сейістер санасында бір-ақ тілек –
Қайталаған «Ей, Алла».., «Ой, Пірімді»..,
Бәйге аттар тізімделіп, сапқа тұрды,
Шабандоз қалт жібермес бұйрық үнді.
«Алға, алға, ал Құлым», – жаршы сөзі –
Ат тұяғын аттатып таңды тілді…
***
Таң атты қоңыр жазық мұнарланып,
Бәйге аттардың толқыны барады ағып.
Ат айдаушы, көмекші, көтермеші,
Көз ұшынан ұзады сағымданып.
Аттардың жер қайысқан дүбірінен,
Артында ауа қалды тұманданып.
Тіке айдау ұйғарылды келісіммен,
Жүз жиырма шақырым – аршынданып.
Жүз отыз ат қосылды алыс-жақын,
Қарасаң көз толатын, мейір қанып.
Күндіз талай дәстүрлі ойындардың,
Жүлделері берілді сараланып.
Күн еңкейе алыстан бозамық шаң,
Аттардан белгі берді буалданып.
Қылаң бурыл жарықтық, жайраңдаған,
Топтан озып келеді суырылып.
Болат тұяқ, шоқтығы түр байқатса,
Алшаң шапты, апайтөс айқарылып.
Қырағы Қылышбектің Кәлменінің,
Иығына құс қонды, аруақтанып.
Ең соңғы қарақшыдан қапталдады,
Қара жорға – қанаты көзі жанып.
Омырауын жас жуып иесінің,
Сүйек-еті еріді, жаны толқып.
Жабайдың Мәмитаны ұшып барад,
Мәре кескен мезетте қоса шауып.
Рудың жігіттері «Алдажарлап»,
Алақандар жайылды аспан қауып.
Шабандоз Төлепұлы Мелдебектің,
Рухын асқақтатты «Ерен ғайып».
Бас бәйгеге қосымша құндыз бөрік,
Құрметтелді жанаттан ішік жауып.
Биіктеді сейістің мәртебесі,
Байғабылдың асында жүз жылқы алып.
Уызынан жарыған Маман-Кәлмен,
Олжаларын таратты баталасып.
Сол астан қалғаны тек – бәйге қамшы,
Ұрпаққа мұраланып, ғасыр асып …
P.S.
Поэмада ойдан шығарылған жер-су атаулары, адам аттары жоқ. Бәрі атымен аталып, түсімен түстелген.
Түсініктеме:
1. «Құмай-пора» – құстың асылы. Құмай тазы «итала қаздан туады» дейді қазақ. «Құмай» сөзі алғыр дегенді білдіреді. Батырлар салтында «құмай-пора» атауы біртуар адамға, атқа таңылған айдар.
2. «Дәуқара» – Өзбекстанға қосылғанға дейін, яғни 1924-1930 жылдары Қазақ АКСР-ы құрамындағы Қарақалпақ автономиялық облысы кезеңіндегі, Қазалы уезіне қарасты болған Қарасақал руының «Қалыңбас» болыстығының орталығы.
3. «Ұрын» – күйеу жігіттің қалыңдығымен кездесуі.
4. «Қаражал» – Қазалы қаласының арқа тұсындағы биік жал.
5. «Шаhин-шекше» – Шаhинның (Ұябайдың) қыран бүркіті.
6. «Итала» – Италақаз, жұмыртқасынан бірнеше жылда бір рет құмай тазы туатын ерекше құс.
7. «Шыбық белгі» – Арал ауданының Атанши елді мекені (Торғай тұсы) мен Ұлытау облысы, Сатбаев ауданының қиылысқан қырқасындағы биіктеу төбеге, астын көмбе етіп, үстін төңкерілген алып қазанға ұқсатып қамкесектен қалап, төбесіне шыбық (сырық) орнатқан белгі. Аштық, зұлмат кезеңдерінде бірнеше рет өзгертіліп қаланған.
8. «Жылан жылы» – қазақша жыл қайыру кестесі бойынша 1845 жыл.
9. «Күлік» – (күлік-жүйрік) күй талғамайтын, әдейі жаратпаса да бәйгеден озып келетін жүйрік.
10. «Кертаңдақ» – Торғай өңірін жайлаған қыпшақ биі Балғожаның (Ыбырай Алтынсариннің атасы) дүлдүлі.
11. «Айыртау» – Кіші жүз, Қарамашақ-Төртқара руының ұраны.
12. «Күлман, Қайырлап» – Төртқара руының Сейтқұл тармағы, Кенже-Дүйсеней аталығынан шыққан, елін жаудан қорғаған алып денелі, ағайынды халық батырлары.
13. «Бөкенбай» – Кіші жүз, «Табын Бөкенбай батыр», би, жоңғар-қалмақ шапқыншылығына қарсы азаттық күресті ұйымдастырушылардың бірі, қазақ әскерінің бас қолбасшысы.
14. «Көкдомбақ» – Арал ауданы, Абай ауылынан 35-40 шақырымдағы, Асан қайғының баласы Абат батырдың жайын жұтып, ішінен жарып алған денесі жерленген дейтін жер, беріректе Жанқожа батыр жайлаған.
15. «Мұзбел» – Арал маңы Қарақұмының Жіңішкеқұм жотасына жақын орналасқан таулы қырат.
16. «Қалмаққырған» – «Бұланты, Қалмаққырған» Ұлытау өңіріндегі өзен, төбе. Жоңғар басқыншыларымен қырғын соғыс болған жер, өзен жағасы.
17. «Жіңішкеқұм», «Қараүңгір-Тұздақ» – Қызылорда облысы, Арал ауданы мен Ұлытау облысы, Сатбаев ауданының қиылысар тұсындағы жер атаулары. Бір ғажабы, Қараүңгірге күн көзі жақын маңдағы жерлерден жарты сағатқа кешігіп жетеді.
18. «Құлжұмыр, Қасқатөбе» – 1710 жылы Үш жүздің Туы тігіліп алғашқы Ұлы құрылтай өткен төбе.
19. «Бестөбе, Қоңыртөбе» – «Бестөбе, Қоңыртөбе» (Қараның құмы), Арал ауданы, Қарақұм елді мекенінен Ырғыз бағытына қарай тізбектеле орналасқан құм төбелер. Қара Жүргенұлының (Темірбек Жүргеновтің әкесі) жайлауы.
20. «Жабасақ» – Ақтөбе облысы, Әйтеке би (бұрынғы Комсомол) ауданы, Темірбек селосы (бұрынғы Комсомол селосы) маңындағы Қара Жүргенұлының қыстауы.
21. «Шатырлы, Тәуіп, Жайсаңбай» – Арал ауданы мен Ырғыз ауданының шектесер тұсындағы жер атаулары.
22. «Дөйт» – Кіші жүз, Шөмекей руының ұраны.
23. «Шекті жылқы» – Түркімен жылқысы мен қазақ тұқымының буданынан пайда болған, құйрық-жалы қалың, аяқтары жуан, бітімі көз тартар келісті жылқы.
24. «Тілеулі» – Кіші жүз, Шобан-Тілеулі батыр Мырзатайұлы, Жанқожа, Ақтан батырлармен бірге жоңғармен, Қоқан, Хиуа хандықтарымен шайқасқан хас батыр. Бейіті Ырғыз ауданындағы Мәні төбе қорымында жатыр.
25. «Алдажар» – Кіші жүз, Қарасақал руының ұраны.
26. «Андызды», «Өтебас» – Ырғыздың батысындағы жал құмдар. Əйтеке бидің бір баласы Өтебас жайлағандықтан «Өтебас құмы» деп аталып кеткен.
27. «Құламан» – Кіші жүз, Төртқара руының бір аталығы.
28. «Былшық би» – Кіші жүздің кенже биі, Төртқара-Құламан аталығынан.
29. «Жүсіп би» – Әлім-Шөменге беделді би Жүсіп Ақбайұлы, Сырдария қазақтарының Түркістан съезіне қатысқан Батыс Алашорда мүшесі, Міржақып Дулатұлының серігі.
30. «Сапақ би» – Батыс өңіріне беделді би.
31. «Туырлық» – киіз үй керегесін уық қарынан асырып үзікке дейін жабатын киіз жапқыш.
32. «Дөдеге» – үзіктің төменгі жиегіне сыртынан жиектеп тігілетін киіз қалақша.
Даража Балапан,
заңгер, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі,
Т.Айбергенов атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі





